ӘЛИХАНҒА ИМАМДАР ТІЛЕКШІ

Петропавл қаласының кішкентай тұрғыны Әлихан Таласпай эпилепсия ауруына шалдыққан. Оған қажетті ота құны неміс клиникаларының бірінде 72 мың еуро тұрады. Қарапайым отбасы, мұндай ауқымды соманы өз күшімен жинауға қауқарсыз. Жапаровтар әулетіне және ең алдымен Әлиханға көмектесу мақсатында өңірімізге Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері келіп, «Өмірге деген құштарлық» атты қайырымдылық концерт ұйымдастырды. Қайырымыдылық кешіне «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлының бастамасымен имам молдалар да Әлиханға тілекші болып, барып қайтты. Сондай-ақ, мешіт шәкірттері де концертті тамашалап қайтты.

Бес жасар Әлихан Таласпай қатарластарымен бірге аулаға шығып ойнамайды. Ұстамасы жиі бола бергендіктен балабақшаға да баруды қойыпты. Үш жасқа келгенде қазақша әндер айтып, әнұранды жатқа біліп жүрген бүлдіршін бір мезетте сөйлей алмай қалады. Бір сөзбен айтқанда, Әлихан балалық шақтың қызығынан айырылып, төрт қабырғада қамалып отыруға мәжбүр.

Ата-анасының айтуынша, Әлиханға қазақстандық та, ресейлік те дәрігерлер көмектесе алмайды. Ал, неміс клиникаларының бірінде осы жылдың тамыз айында жасалуы тиіс ота құны 72 мың еуро. Ота жасалса, баланың 100 пайыз айығып кету мүмкіндігі бар екен. Қомақты қаражатты тез арада жинап алу қарапайым отбасының қолынан келмесі анық. Сондықтан, отағасы Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Майра Ілиясова мен Нұрлан Өнербаевқа хабарласып, көмек сұрапты.

Аталмыш кештен түскен қаражат толығымен Әлиханның отасына жұмсалады.

«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі.

Return to Top ▲Return to Top ▲