ОРАЗАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАСЫ

Алла Тағала адамзатқа не нәрсені парыз етсе, оның терең хикметі, адам үшін орасан пайдасы бар. Соның бірегейі – ораза құлшылығы. Жылына бір мәрте келетін аталған ұлы ғибадат адам денсаулығы үшін аса пайдалы.

Отыз күн бойы ұстаған ораза арқылы нәпсіңізді тәрбиелеп, Алланың рақымына қол жеткізсеңіз, тәніңіз де бір ай бойы демалып, қайта түлейді екен. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَأَنْ تَصُومُوا خَيْرٌ لَكُمْ إِنْ كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ

«Біле білсеңдер ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы»[1].

Кейбір мұсылмандар өрескел қателікке барып, оразаны тек арықтау үшін немесе денсаулығым жақсарсын деп ұстауы дұрыс емес. Әу баста ниеті дұрыс болғанда тән саулығына да,  Алланың разылығына да кенелер еді.

Оразаның денсаулыққа пайдасына тоқталсақ[2]:

1. Жасушалар жаңарып, ескісі жойылады

Ораза  адам организміндегі қажетінен артық және ескі жасушаларды жоюшы қызметін атқарады. Оразаның тәртібі бойынша адам жылына бір ай толығымен ауыз бекітеді. Күніне кем дегенде 14 сағат жеп-ішуден тыйылып, одан кейін бірнеше сағатқа ауызын ашып, әл жинап алу қажет. Бұл  адам ағзасындағы жасушаларды жандандырып, керек еместерін жою процесіне қажет уақытқа дәлме-дәл келеді. Адам қарны ашқан кезде әлсіз жасушалар өздігінен жойылып, аштыққа қарсы тұру үшін адамның ішкі ағзалары белсенділікпен жұмыс істейді.

2. Қант диабетінің алдын алады

Ораза тұту  қандағы қант үлесін барынша төмен мөлшерге түсіруге үлкен септігін тигізеді. Себебі ораза ұстаған кезде адамның ұйқы безі дем алады. Ұйқы безі қантты крахмалды заттар мен майларға айналдыратын инсулин бөледі. Егер адам ұйқы безінің шығаратын инсулиннен артық мөлшерде тамақ жейтін болса, онда бұл ұйқы безіне ауыр тиіп, оның жұмыс істеу белсенділігін төмендетеді. Осылай жалғаса берсе, ұйқы безі өз функциясын атқарудан қалады. Осы уақытта адам бойындағы қант қанға тарай бастайды да оның қандағы құрамы бірте-бірте көбейіп, адам қант ауруына шалдығады. Қазіргі әлемнің біраз жерінде қант диабетіне шалдыққан адамдарды ораза тұту арқылы емдеу етек алуда. Бұл химиялық дәрі-дәрмектерді қолданбай қант ауруын емдеудегі өте ұтымды жол екенін медицина дәлелдеп отыр…

3. Артық салмақтан арылуға әсерін тигізеді

Егер ораза ұстаушы ауыз ашқаннан кейін жейтін тамақ мөлшеріне шектеу қойып, дұрыс режиммен жүрсе бойдағы артық салмақтан арылуға ораза таптырмайтын әдіс. Яғни адам ұзақ уақыт аш жүріп, ауыз ашқан кезде бірден тамақ пен сусындарға тойып алмағаны жөн. Себебі бұл, керісінше, салмақтың көбеюіне әкеп соғады. Алла елшісі (с.а.с) ауыз ашар кезде тек бірнеше құрмадан дәм тартып, аз ғана су ішіп, ақшам намазына тұратын.

4. Тері ауруларына пайдасы

Ауыз бекітудің тері ауруларымен күресуде пайдалы әсері бар. Себебі адам ораза тұтқан кезде қандағы су мөлшері азаяды, яғни терідегі су құрамы да кемиді деген сөз. Бұл  — терінің қуаттылығын арттырып, зиянды микробтар мен бактерияларға қарсы тұруға көмектеседі. Сондай-ақ, қышыма аурының адам денесіне әрі қарай таралуын тоқтатып, терінің майлануы мен аллергиядан жазылуға да оң әсерін тигізеді.

5. Тұз байлану ауруына пайдасы

Ағзада тұздың жиналуы көп тамақтанудан, әсіресе, еттен жасалған өнімдермен көп қоректенуден пайда болады. Сондай-ақ, адам шамасынан тыс тамақ жегенде бұлшықеттердегі протеин мөлшері көбейіп, бұзыла бастайды. Бұл адам буындарына, әсіресе, аяқтағы үлкен бармаққа несеп қышқылының жиналуына әкеп соғады.

6. Қан қоюлануының алдын алады

Көптеген мұсылман және мұсылман емес ғалымдар ауыз бекітудің денедегі майдың құрамын азайтумен қатар, холестерин мөлшерін де бәсеңдететінін жарыса айтады. Холестерин дегеніміз ол — қан тамырларына тұнатын зат. Денедегі майдың құрамы көбейген сайын холестерин мөлшері де артады. Бұның арты атеросклероз дертіне және жүрек пен мидағы қанның қоюлануына әкеп соғады.    

7. Адам ағзасын улы заттардан тазартады

Қазіргі кезде тағам өнімдерін ұзақ мерзімге сақтау үшін құрамына химиялық қоспалар қосылатынын баршамыз білеміз. Бұл өнімдер адам асқазанына түскен кезде улы заттарға айналып денедегі май құрамында сақталып қалады. Адам ұзақ уақыт тамақтан тыйылуы әлгі майдағы улы заттардың еруіне әкеледі.

8. Ас қорыту жүйесі дем алады

Ауыз бекіту – ас қорыту жүйесінің демалуына мүмкіндік береді. Бірақ бір ескерте кететін жайт ораза ұстаған кезде асқазан қышқылдық бөлуді тоқтатпайды. Яғни асқазанында жарасы бар адам ауыз бекіту кезінде абай болуы қажет.

9. Жағымсыз тәуелділіктерден арылу

Рамазан айы — арам әдеттен арылуға таптырмайтын кезең.

10. Қан қысымын түсіру мен бас ауруына пайдасы

Адам ұзақ уақытқа тамақтан тыйылған кезде бойға қажетті энергияны жеткізу үшін организм денедегі маймен қоса глюкозаны жаға бастайды. Бұның бәрі қан қысымының түсуіне әкеледі.

Ағайын, қарап отырсақ Алла Тағала бізге ораза ұстауға әмір беру арқылы тек Ақыретімізді емес, осы дүниеде де деніміз сау болып жүрумізді қалаған екен. Алла ұстаған оразаларыңызды қабыл қылсын!


[1] «Бақара» сүресі, 184-аят.

[2] Муслим.кз сайтынан ықшамдалып алынды.

Return to Top ▲Return to Top ▲