Оразаның артықшылығы

Аса мейірімді Мейірбан Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің Иесі Аллаға тән. Салауат пен сәлем елшілердің төресіне, оның әулеті мен сахабаларына болсын.

Аллаға шүкір қасиетті рамазан айына да аман–сау жеттік. Осынау айтулы қасиетті айға жеткеннің өзі үлкен ғанибет. Алла Тағала әрқайсысымызға дұға-мінәжәттарымызды лайықты түрде жасауға медет берсін деп тілейік.

Ардақты саңлақ сахабалар қасиетті мүбарак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылғы келетін рамазанды сағына күтетін. Себебі бұл ай шынында да әрбір жанға Жаратқанның мейірімі сан есе артық болатын қасиетті ай.  Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе гөр!» деп тілеген екен. Сол себептен исі мұсылман жан Жаратқаннан  рамазан айының берекесін тілеуі керек-ақ.

Алла Тағала Құран кәрімде айтады: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды.  Әрине сақтанарсыңдар»[1].  Бұл  аяттан ораза құлшылығы біздерге парыз қылынғандай, бізден  бұрынғы  қауымдарға  да парыз болғандығын білеміз.

Оразаның парыз болып бекітілген мерзімі бір-ақ ай. Бұл да Алланың жұмыр басты пенделерге берген бір айырықша жеңілдігі екенін ұмытпайық! Үш жүз алпыс бес күннің  отыз күнін ғана Жаратқаннан жарылқау тілеп, таң атқаннан кеш батқанға дейін ішіп–жеуден тыйылып өткізу әрқайсымыздың қолымыздан келетін іс. Сондай-ақ Алла Тағаланың нуқас адамдарға, сапарда болғандарға дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуға рұқсат беруі – ол да үлкен жеңілдік. Ал ораза тұтуға шамасы жетпейтін қарт немесе созылмалы дерті бар кісі әрбір күнге бір міскінді тойдыруы тиіс.

Рамазан айы басқа айлардан ерекеше сауабы мол екенін тілге тиек еткен болатынбыз. Сондықтан денсаулығы жарамды, шамасы жететін адам оразаны толық ұстауы керек. Өйткені Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кімнің шамасы жете тұра, ешбір себепсіз бір күн оразасын қаза қылатын болса, ораза біткеннен соң ғұмырының  барлығын ораза тұтып өткізсе де әлгі бір күннің сауабын толтыра алмайды», деп ескерткен.

Расында да, жаратылыстың барлығы қыстың қамын жаз ойлап, яғни  қыс азығын жаз бойы жинайды.  Сол сияқты Ұлы Рахманның  пенделері де осы ораза айында бір жылдық  рухани азығын жинайды десек артық айтқан болмаймыз.

Қасиетті айдың тағы бір артықшылығы – бұл айда Алланың сөзі Құран кәрімнің түсуі. Адамазаттың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с) Хира үңгірінде Жаратқанға ғибадат етіп жатқан түндердің бірінде Жәбрәиіл (а.с) періште келіп, Құранның алғашқы аяттарын уахи етті. Сол түн мың айдан да қайырлы Қадір түні еді. Хақ Тағала  Өз сөзін құранды жіберу үшін он екі айдың ішінен осынау қасиетті рамазанды таңдаған екен. Алла Тағала пенденің істеген құлшылықтарының ішінде тек оразаға қатысты: «Пенденің бұл құлшылығы Мен үшін», – деді. Бұл – оразаның ерекше құрметке лайық құлшылық түрі екенін көрсетеді. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға  дейін ауыз бекітіп, тіпті оңашаланып, сырт көзден тыс қалған сәттің өзінде де ішіп-жеуден тыйылады. Бұл – пенде мен Жаратушы Иенің арасындағы сыр болып табылады. Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.): «Рамазан айында шын иман келтіріп және сауабынан үміттеніп ораза ұстаған адамның бұрын iстеген күнәлары кешiрiледi»[2] деген.Басқа бір хадисінде  Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: «Адам баласының әрбір игі  ісі еселенеді, ал игі іс үшін берілетін ең аз сый он есе болады, бірақ жеті жүз есеге дейін де көбеюі мүмкін. Аллаһ Тағала: «Оразадан басқасына. Өйткені, шынында, ораза Мен үшін ұсталады, және оның сыйын Мен өзім беремін. Өйткені адам өз қалауларын қанағаттандырудан  және өз тамағынан Мен үшін бас тартады!» Ауыз бекітушіні екі қуаныш күтіп тұр: бірі – ауызашарда, екіншісі – өзінің Раббысымен кездескенде. Әрі ораза тұтушының ауызынан шығатын иіс Аллаһ үшін мисктің (әтірдің) хош иісінен де жағымдырақ»[3]. Міне, сауабы ерекше мол амалдар тек осы ұлық айда ғана болмақ.

Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тағы былай деді: «Ораза мен Құран Аллаһтың құлына Қиямет күні шапағатшы болады. Ораза: «Уа, Раббым! Мен оны күндіз тағам мен сусыннан құр қалдырдым, ендеше оған шапағат етуіме рұқсат бере гөр!», — дейді. Ал Құран: «Уа, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым, ендеше оған шапағат етуіме рұқсат бере гөр!», — дейді. Сонда олардың шапағаттары қанағаттандырылады». 

Осынау ұлы нығметтерді Жаратқан Иеміз бізге сый етіп берді.Расында қасиетті рамазан айы момын пенде үшін бір айлық медресе тәрізді. Себебі бір ай бойы адам өз-өзін тәрбиелеп, нәпсісін тыйып, Алланың разылығын іздейді.Күні бойы аштық пен шөлдің қиындықтарына төзе білген, тіпті, жаздың  аптап ыстықтарында да ауыз бекітуге шыдаған жандар ендігі жерде өмірде кездесетін небір қиындықтарға мойымай, сабырлылық танытары сөзсіз.

Бұл айда күндіз ораза тұтқаннан кейін, кешкісін құптан намазынан соң 20 ракат тарауих намазы оқылады. Тарауих сөзі «дем алу, демалыс» дегенді білдіреді. Оны барлық мұсылмандар жамағат болып, біркелкі оқиды. Тарауих намазы – мубарак  Рамазан айының ең маңызды ғибадаттарының  бірі. Пайғамбарымыз(с.ғ.с):  «Кім рамазан айында тарауих намазын иманымен, ықыласымен оқыса оның өткен күнәлары кешіріледі» деген.

Сонымен қатар рамазан айы мұқтаж жандарғажәрдемдесіп, адамдардың мейірімі ерекше арта түсетін ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүміннің аузын аштырса, жасаған бұл  ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылауына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады.

Иә, осындай нығметтерге толы қасиетті  айдың  қадірін біліп, әрбір сәтінен мақрұм қалмай  өткізу мүмін адамның міндеті болып саналады.Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ рамазан болуын қалар еді», — деген.  Және бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Шынында, Жәннатта «Райян» деп аталатын қақпа бар. Қиямет Күні одан ораза тұтушылар кіреді және олардан басқа ол қақпадан ешкім кірмейді. «Ораза тұтушылар қайда?» – деп айтылады, сонда олар алдыға шығады және олардан басқа ол қақпадан ешкім өтпейді. Олар кіргеннен соң ол қақпа жабылады да, одан басқа ешкім кірмейді». Және ораза ұстайтын жандарға, Имам Ахмад және Имам Әл-Баззар  Әбу Һурайрадан  риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с былай айтқанын жеткізеді: «Судағы балықтар ауыз ашатын уақытқа дейін ораза ұстағандардың күнәлары кешірілуін тілейді»,-деген. 

Сондай-ақ оразаның басқа құлшылық ғибадаттардан артықшылығы – ол адамды рия, яғни көзбояушылықтан сақтайды. Ғибадаттың басқа түрлерін орындаған сәтте шайтанның азғыруымен адамның ойына, не болмаса амалдарына рия араласуы әбден мүмкін. Ал ораза  – ол жасырын ғибадаттың түрі. Алла мен пенденің арасындағы көптеген сауапқа кенелетін сыр болып табылады. Олай болса сол ұлы нығметке толы айдың қадірін түсініп, лайықты түрде оразамызды тұтуға Жаратқан Иеміз нәсіп еткей. Қасиетті айдың осынау ұлы нығметтерінен құр қалмайық, ағайын!

 

Қайыргелді Руслан,

Тайынша ауданының бас имамы

 

[1] Бақара сүресі, 183-аят

[2] Бухари хадистер жинағынан

[3] Муслим хадистер жинағынан

Return to Top ▲Return to Top ▲