Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен арнайы кездесу өтті. Кездесуге Павлодар қаласындағы мешіттердің әйел жамағаттары, қоғамдық қызметттегі белсенді әйелдер, дін жанашырлары, қадірлі әжелер мен апалар көптеп қатысты.
Айнұр Әбдірасылқызы бұл кездесуде еліміздегі діни ахуалдың бүгінгі бағыты, діни салада мемлекетімізден ұстанып отырған саясаты, алдағы бағыты, дәстүрлі дінді ұстанудың маңызы мен жауапкершілігі, әртүрлі жат ағым секталар,оларды тани білу және олардан ұрпағымызды сақтандыру, бала тәрбиесіндегі дін мен дәстүрдің рөлі қатарлы ауқымды тақырыпта кең көлемде әңгіме өткізді.
Ол өз сөзінде: «Дәстүр – ұлттың мәдени коды» деген тұжырымды мәдениеттанушылар текке айтып жүрген жоқ. Код өзгерген жерде кілт ашылмайтыны сияқты, дәстүр өзгерген кезде оның бұрынғы келбеті өскелең буынға мүлде түсініксіз, жат болып кетеді. Өз мәдениетінен жаттанып, өз дәстүрінен жеріген қазақтың жаны қазақ болып қала алмайды. Оның жан дүниесі, дүниетанымы, көзқарасы, түйсігі мен қабылдау мәнері, рухани сезімдері толығымен өзгереді. Мәдениетпен бірге ұғымдар ауысады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді. Осыны жақсы түйсінгендіктен әлемдік державалар мәдениет арқылы жаулауды отарлаудың негізгі әдісіне айналдырғаны талайлы тарихтан белгілі.
Құндылықтардың құнсыздануы кейде сырт келбеттен де (қысқа балақ, ұзын сақал, қара жамылғы) көрініс береді. Ислам дінінің аясында ұлт болып қалыптасқан қазақтың киім үлгісі мен өмір салты ғасырлар бойы шариғаттан шалыс кетіп көрген жоқ. Оның қадіріне жетіп, тәлімін танымай жатсақ, мың жылдық мұсылмандық тәжірибемізді дұрыс игере алмай отырғанымыздан деп білген жөн.
Тарихымыздың тағылымына назар салсақ бір шындыққа көзіміз жетеді: Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Ұлттың рухын жаңғыртудың сара жолы сол құндылықтарды ғұмырлы етуден басталмақ»,-деді.
Келесі кезекте кездесуге қатысушылармен пікір алмасып, сұрақтарға жауап берді.
muftiyat.kz сайтынан