Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы бойынша, ақпан айы бойы мүгедек жандарға көңіл бөлініп, оларға қайырымдылық жасау жоспарға енген болатын. Осыған орай, Солтүстік Қазақстан облысы мешіттерінде қайырымдылық шаралар жүргізіліп келеді. Ізгі іс жасау адамның бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі болып саналады. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.): «Әрбір игі іс-садақа»,-деп айтқаны белгілі. Кеше «Қызылжар» орталық мешіті Мақсутовтар отбасымен бірлесіп, «Тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған» Петропавл интернат үйінде, мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық іс-шара ұйымдастырды. «Қызылжар» орталық мешіті бойынша, қайырымдылық іс-шараларға жауапты наиб имам Исаев Қасымхан Абдуллаұлы интернатқа арнайы барып, тәрбиеленушілермен кездесті. «Біреу, біреуге сүйеу» дегендей, имамдар әрқашан мұқтаж жандардан, қолдарынан келген көмектерін аяған емес. Осы жолы да интернаттағы тәрбиеленушілерге өздерімен алып келген сыйлықтарын ұсынды. Мекеме басшылығы имамдардың осындай игі істер жасап жүргендеріне алғыстарын айтты.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі