Ағымдағы жылдың 26 каңтар күні СҚО-ның орталығы Петропавл қаласында Мәуліт мерекесіне орай кеш ұйымдастырылды. Аталмыш игі іс-шара облыстык Н.Погодин атындағы драмалық театрда өткізіліп, оған қала, аудан имамдары, Дін істері басқармасының жетекшісі Зейнуллин М.Б., Ресей Федерациясы Азия бөлігінің Сібір өңірі бойынша наиб мүфтиі Әміржанов М.Н., зиялы қауым және жергілікті тұрғындар қатысты.
Кеш шымылдығы Құран аяттарын оқумен ашылып, екі дүниенің сардары, Аллаһ Тағаланың сүйікті құлы Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) арнап салауат-шарифтер айтылды.
ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталык мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы жиналған қауымды Мәуліт мерекесімен құттықтап, айтулы мерекенің мәні мен маңызын атап өтті. Сонымен қатар өңір имамының Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен сыр шерткен ғибратты мысалдары жұртшылыққа рухани нәр берді.
Бұдан соң көрермендер ғасырлар бойы халқымыздың иманын күшейтіп, рухын биіктете түсуге өлшеусіз үлесін қосып келген тәрбие құралы, қазақы пәлсапа мен данышпандықтың көзі болған айтыс өнерін тамашалады. Асыл дініміздің кұндылыктары мен Аллаһ елшісінің өмірбаянын акындык шеберлікпен жеткізе білген айтыскер ақындарға халық риза болды. Мерекелік шара барысында сондай-ак діни жыр-термелер орындалып, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драмалық театрының әртістерінің арнайы дайындаған қойылымы көрермендердің көңілінен шықты. Сондай-ақ жас бүлдіршіндер пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистерін оқып, мадақ өлеңдерді айтып берді. Олар кішігірім сыйлықтармен марапатталды.
Мәуліт мерекесіне жиналған қауымға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Дін мен дәстүр» кітабы және арнайы жасалған буклеттер таратылды. Мереке соңында орталық мешіттің асханасында барша мұсылмандарға және арнайы шақыртылған ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға мерекелік дастархан жайылып, ас берілді.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі