МЕШІТ ЖАНАШЫРЛАРЫНА ДАСТАРХАН ЖАЙЫЛДЫ

«Қызылжар» орталық мешітінде Халықаралық қарттар күніне орай жайылған дастархан басына өңіріміздің экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына әр жылдары өздерінің еселі еңбектерімен сүбелі үлес қосқан, бұл күндері өмірлік бай тәжірибелері мен білімдерін жастар тәрбиесіне арнап жүрген аға ұрпақ өкілдері жиналды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы ақсақалдарды төл мерекелерімен құттықтай келе, оларға мешіттің жұмысымен белсене араласып, өңірімізде Ислам дінін дамыта түсуде, жастардың бойына имандылық сезім дарытуда атқарып жүрген игі істері үшін алғысын білдіріп, мықты денсаулық, Алла тағала өнегелі де мәнді өмір, ғибратта ғұмыр нәсіп етсін деген тілегін білдірді.

Облыстың құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов,  ақсақалдар алқасының мүшесі Зейнолла қажы Олжабаев, мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Жантеміро және басқаларына жиналғандарды даналық пен тағылым мейрамымен құттықтай отырып, «Қызылжар» орталық мешітінде соңғы  кездегі оң өзгерістерге тоқталды. Ата-бабаларының жолын қуып Ислам дініне ден қойған Кенжетай қажы Байкемелұлының халық арасында имандылықты насихаттаумен бірге мешіттің материалдық-техникалық базасын нығайту жолында қыруар істер атқарып жатқандығын да атап көрсетті.

Бас имам ақ дастарханнан дәм тата отырып, емін-еркін әңгіме дүкен құрған қарияларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының және өз атынан алда келе жатқан құрбан айтына орай құттықтауларын табыс етті. Онда  «…Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндеген мереке мүбәрәк болғай. Алла тағаладан отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, жұмысыңызға береке тілеймін! Еңселі елдің болашағы, тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!» – делінген Бас мүфтидің құттықтауында.

 «Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі.

Return to Top ▲Return to Top ▲