Пайғамбарымыз дүниеге келген уақытты «мәуліт» деп атайды. «Мәуліт» туылған күн дегенді білдіреді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан Рабиғул әууәл айының 12-жұлдызы биыл қаңтардың 3-не сәйкес келді. Мәуліт мерекесін әлемнің көптеген мұсылман елдері бір ай бойы атап өтуді үрдіске айналдырған. Теріскейде де адамзаттың ардақтысы бір ай бойы ұлықталып жатыр. Әрине, Пайғамбарымыздың туылған күнінде көп-көп салауат айтып, сол күнде болған оқиғаларды еске түсіру керек. Ғабит Мүсірепов ауданында өткен Мәуліт мерекесінде бұл ізгі дәстүрлер бұлжытылмай орындалды.
«Қызылжар» орталық мешітінің найб имамы Аян Алыпқашев жергілікті тұрғындарға пайғамбарымыздың көркем мінезі, салиқалы өмірі, ғибратты қиссалары жайында уағыз айтты. Ғабит Мүсірепов ауданының бас имамы Сейфолла Байсенбаев та Мәуліт мейрамымен жамағатты құттықтады. Кейін жиналғандарға дастарқан жайылып, мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі.