Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаназа рәсімдеріне байланысты берген пәтуасына сүйене отырып Солтүстік Қазақстан облысының мешіттері кісі жөнелткенде көйлек таратып, жыртыс жыртуды дініміз парыз қылып, міндеттемейтінін халық арасында ылғи түсіндіріп отырады. Жамағаттың әлеуметтік тұрмысын ескеріп, осындай кәде жоралғыларды тоқтату үшін уағыз-насихат жүргізіледі. Имамдардың айтқанына құлақ түріп, көйлек пен жыртысқа кететін қаражатты мұқтаж жандарға беріп жатқандар да бар.
Жақында Раиса Қасымова жұбайы облысқа белгілі қоғам қайраткері марқұм Қуандық Қасымовтың жаназасында көйлек пен жыртысқа кететін шығынның ақшасын көмекке мұқтаж Калиндер отбасына апарып берді. Тоғыз айлық Нұрталас науқас, ол шетелдік дәрігерлердің көмегіне мұқтаж. Бүгінгі күні қайырымды жандарға үміт артып отырған отбасына 100 мың теңге шынымен өте қажет-тін. Дін адамдарының араласуымен орын алған игі іске көмек беруші де, көмекке мұқтаж отбасы да ризашылықтарын білдірді.
СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі.