Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді…

         Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсап өткен егемендікке қол жеткізгелі елімізде мәдениетімізбен қатар дініміз дамып көркеюде. Бұл жетістіктерге жетелеген тарихымыз бен оның асыл тұлғалары жайында білу – әр азаматтың борышы. Осы орайда өскелең ұрпаққа үлгі тұтарлық тұлға, қиын-қыстау кезеңде дін жолында басын түрлі қатерге тігіп, асыл дініміз жойылуға шақ қалған сәтте үлкен үлес қосып, халықтың ауызбіршілігін сақтап қалған ел азаматтарының бірі Хасен Шамсутдинұлы болғанын атап көрсеткен абзал.

         Кеңес өкіметі билік құрған жылдары ислам дініне қатысты қатаң саясат жүргізілгені баршаға аян. Діни қызметкерлердің аяусыз қатыгездікпен қудалануы, мешіттердің жаппай жабылуы, мұсылмандар қауымдастықтарының таратылуындағы басты мақсат дінді жою еді. Тек Ұлы Отан соғысынан кейін ғана бұл мақсаттарына жете алмайтынын түсінген Үкімет дінге деген саясатын өзгертті.

Осындай аласапыран  уақытта халқының болашағы үшін өмірін қатерге тігіп, халықты рухани азықпен сусындатқан жандардың бірі – 1890 жылы қазіргі Ақмола облысы Ерейментау ауданында туған Хасен Шамсутдинов еді.

Тағдырдың жазуымен Хасен Шамсутдинов сол кездегі бүкіл Орта Азия мұсылмандарының діни орталығы болған, әркімнің-ақ қолы жете бермейтін діни оқу ордасы – Бұхарада ілім алу бақытына ие болды. Оған себепкер болған  әкесі –  Шамсутдин. 1898 жылы Бұхара қаласындағы Көкалдаш медресесінің ұстазы, Бұхараның соңғы әмірі Әмір-Әлімханның кеңсесінің хатшысы Сағындық қажы  Шамсутдиннің үйінде қонақ болады. Сағындық қажы мен үй иесі екеуі келіскеннен кейін Шамсутдиннің ұлы Хасенді Бұхараға медресеге оқуға жіберетін болды. Сөйтіп, 1898 жылы Сағындық қажы 8 жасар Хасенді атақты Көкалдаш медресесіне оқуға береді. Хасен медресенің үздік шәкірттерінің бірі болып оқиды. Аз уақытта араб тілін меңгеріп шығады. Көкалдаш медресесін 1905 жылы тәмамдап, Бұхараның жоғары діни оқу орны – «Мир-Араб» медресесіне түседі. Медресені 1915 жылы аяқтап, Сағындық қажымен бірге ұстаздық қызмет атқарады. Сондай-ақ тарихи деректерге сүйенсек, Хасен Шамсутдиновтың тағдыр тауқыметімен басқа да қызметтер атқарғанын білеміз. Бұл кісінің имамдық жолы 1945 жылдан басталады. Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағат деректері бойынша Хасен Шамсутдинов 1945 жылдың 7-наурызында Петропавл қаласында К.Маркс көшесі, 85-үй мекенжайы бойынша ашылған облыстық мұсылмандар діни қауымының мүшесі болды. Аталған мекенжай орта жастағы қызылжарлықтардың көбіне мәлім: онда сол кезде «көк мешіт» аталып кеткен мешіт орналасқан еді. Сол көк мешітте Хасен Шамсутдинов он жеті жылын имандылық жолына жұмсаған. Сол кездегі бір жылы көп жылға татитын сондай қиын жылдарда діни салада қызмет істеу әркімнің-ақ қолынан келе бермейтіні айдан анық еді. Діни ахуалдың, соның ішінде Қызылжар өңірінің мұсылмандары қандай ауыр халде болғаны  баршаға мәлім.

  Қақаған қыстың қаһарынан да қатты сталиндік жүйеде діни рәсімдерді өткізу былай тұрсын, өзінің наным-сенімін ашық жариялаудың өзі қауіпті еді. Соған қарамастан ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымыз мешіттің ішінде, оған сыймағандар мешіт ауласында діни рәсімдерін өткізіп отырған. Сол кезде түскен суреттері бұған нақты дәлел бола алады.

Жоғарыда біз келтірген мысалдар қайсар тұлғаның өмірі мен қызметінің кейбір сәттері ғана.  Осының өзінен-ақ Хасен атамыздың дін жолындағы жанқиярлығын, туған еліне, қазақ халқына деген жанашырлығын аңғаруға болады. Сондықтан халыққа имандылық пен мейірімділік нұрын ұялатып, тілімізді, ділімізді сақтау үшін ерен еңбек еткен ата-бабаларымызды ұмытпай, өскелең ұрпаққа асыл тұлғалардың есімдері мен еңбектерін жеткізейік, ағайын!

 

ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан

                                                                  облысы бойынша өкіл имамы,

                                                                      «Қызылжар» орталық мешітінің

бас имамы

                                                            Дүйсенбай Кенжетай қажы

                                     Байкемелұлы

 

 

Return to Top ▲Return to Top ▲