ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Таяуда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан халқына «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жариялаған болатын. Бұл Жолдауда Ұлт көшбасшысы жарқын болашақтың кепіліне айналатын ұлттық идея туралы салиқалы ой өрбітті.

 

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазақ елі 22 жылда қыруар іс тындырылғаны жайында сөз қозғаған еді. «Бүгінгі  Отанымыздың жетістіктері әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы.  Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!» деген Елбасымыздың тың ойлары барша қазақстандықтарды жігерлендіріп, осы идеяны іске асыру үшін барынша талпыныс жасауға серпін береді.

 

Осы орайда, Солтүстік Қазақстан облысындағы дін саласының қызметкерлері де Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдайтынымызды айта кету қажет.  Ұлт көшбасшысының аталмыш саяси маңызы зор құжатта халыққа жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында біздің белсене атсалысатынымызға сенім мол. Бүгінде өңіріміздегі мешіттерде ислам дінін ұстанатын сан алуан ұлт өкілдері Құдайға құлшылық етуде. Айта кетерлік жайт, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесулер, шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде облысымыздағы сан алуан ұлт өкілдері арасында діни толеранттылық пен ынтымақтастық орнаған.

 

Елбасымыздың биылғы Жолдауында 10 жаңашыл идеяны атап көрсеткені белгілі. Осы биік белестерді бағындырудың арқасында Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттары іске асырылатын болады. Аталмыш Стратегия халқымыз үшін темірқазық тәрізді. Себебі, ол барша қазақстандықтарға келешектің кемел жолында айқын бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп тұрады.

 

Елін сүйген, елі сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстанда 140 ұлт татулық пен бірлікті паш етіп, игілікті өмір сүруде. Қазақстан халқы Ассамблеясы да осының бірден-бір дәлелі ғой. Қазақстан Республикасының Президентінің бастамасымен бірнеше жылдан бері  елордамызда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп тұрады. Мұның өзі Ұлт көшбасшымыздың ұстанған сындарлы саясатының толағай табыстары болып саналады.

                                                     ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы

              бойынша өкіл имамы,

«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы

                      Кенжетай қажы Дүйсенбай

 

Return to Top ▲Return to Top ▲