ДІН МЕН ДӘСТҮР ЕГІЗ ҰҒЫМ

Петропавл қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Дін мен дәстүр» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жақында жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабының тұсаукесері жасалды.

Бас мүфти биылғы жылды «дін мен дәстүр» жылы деп атағаны белгілі. Осыған орайластыра өткізіліп отырған дөңгелек үстел басына «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Қасымхан қажы Исаев пен аталмыш мешіттің ұстазы, дінтанушы Хамзат Әділбеков, «Нұр» мешітінің бас имамы Әбілхан қажы Жәпішев пен наиб имам Зиятбек Наржігітов, Дін істері басқармасының өкілі Нұрислам Ғабдуллин және Манаш Қозыбаев атындағы Сотүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Ділбар Бегалина шақырылыпты. Сондай-ақ қаладағы Мағжан Жұмабаев атындағы колледж бен лицейдің тәрбиеленушілері мен классикалық гимназияның жоғары сынып оқушылары қатысты.

Кездесу үлкен экраннан «Дін мен дәстүр» деген тақырыпта түсірілген деректі фильмді көруден басталды. Жат ағымдардан жапа шегіп, ақиқатты мешіт имамдарынан сұрап білген жас жігіттің өмірі туралы бейнекөрсетілім жиналған жастардың көңілінен шықты. Одан кейін  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жақында жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабының тұсауы кесілді. «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Қасымхан қажы Абдуллаұлы ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлының атынан аталмыш кітаптың тұсаукесерімен құттықтап, игі тілегін білдірді. Қалалық  «Нұр» мешітінің бас имамы Әбілхан қажы Балтаұлы сиясы кеуіп үлгермеген бұл туындының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ҚМДБ ұйымдастырып отырған «Ислам және дәстүр» атты шығарма бәйгесі туралы мағлұмат беріп өтті.

Соңғы жылдары мысықтілеу жат ағымдар қазақ халқының сан ғасырлардан бері ата дініміз исламмен біте қайнасып келе жатқан дәстүрлерін жоққа шығарып, кейбірін тіпті Аллаға серік қосу деп жұртты дүрліктіріп жүргені белгілі. Оған әріресе оңы мен солын танып үлгермеген жастардың еріп кетуі мүмкін. Ежелден исламды ұстанған ата-бабаларымыздың әрбір ісі, әр салты мен дәстүрі шариғаттан шет кеткен емес. Демек, осы жағдай егжей-тегжейлі жазылған «Дін мен дәстүр» кітабының оқырман үшін ерекше қызығушылық тудырғаны аян. Енді бұл құны жоғары туындыны Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының оқырмандары да оқи алатын болды.

Мешіт ұстазы әрі дінтанушы Хамзат Әділбеков мен «Нұр» мешітінің наиб имамы Зиятбек Наржігітов те ислам діні мен қазақ ұлтының салт дәстүрлерінде бір-біріне қарама-қайшылық жоқ, керісінше екеуі егіз ұғымдай болып кеткенін ғылыми тұрғыда дәлелдеген баяндамаларын оқыды.

Дөңгелек үстелге келген жастар да аталмыш тақырыпқа қызығушылық танытып, өз сауалдарын қойды. Мысалы, дәстүрдің діндегі орны, қазақ халқының имани дәстүрлері және өзара қарым-қатынастағы дін мен дәстүрдің байланысы жөнінде пікір алмасылды.

 

Ербақыт Амантайұлы, журналист.

 

Return to Top ▲Return to Top ▲