Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Маямеров екі күндік жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келіп кетті.
Бас мүфти өңірімізге сапары барысында бірнеше жоспарлы шараларға қатысты. Атап айтар болсақ, алғашқы күні Айыртау ауданындағы Қарасай батыр ауылында бой көтергелі отырған жаңа мешіттің қазығын қақты.
Екі жүз жыл тарихы бар Қарасай батыр ауылында бүгінде төрт жүзден астам адам түтін түтетіп отыр. Осы уақытқа дейін мұнда мешіт болмаған. Аллаға құлшылық жасайтын намазхана да жоқ еді. Ауылда тұрғызылатын жаңа мешіт толығымен демеушілердің қаражатына салынбақ. Оған Қарасай батырдың есімі берілетін болды.
– Айтулы оқиғаның куәсі болу мен үшін үлкен мәртебе. Еліміз егемендік алғалы бері еліміздегі құлшылық орындарының саны артып келеді. Ол – имандылыққа бет бұрған мұсылмандар қатарының қалыңдағанының айғағы, – деді Ержан қажы Малғажыұлы. Салтанатты түрде мешіт іргетасына капсула салған Бас мүфти жиылған жұртшылыққа ақ батасын берді.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлын жұмыс сапарының екінші күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов қабылдады.
Кедесуде өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев этносаралық, дінаралық келісімге айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі күні облысымызда тұрақты түрде халық игілігі үшін жұмыс істеп тұрған жүз алпыс екі діни ғимараттың 65-і – мешіт. Осының арқасында өңіріміздің мұсылмандары рухани дәстүрлерінің дамуына мүмкіндік алып отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Қай дінді алып қарасақ та, олардың барлығы халықты ауызбіршілікке, татулыққа шақырады, – деді.
Кездесуде Бас мүфти: «Қызылжар өңіріне бірінші рет келуім, Сіздердің өңірлеріңіз – танымал тұлғалардың Отаны. Халқымыз сан ғасырлар бойы ислам дінін салт-дәстүрімен үйлестіре білді. Исламның шынайы құндылықтары егемендігімізді алған соң қайта оралды, өркендеу жолына түсті. Олар халқымыздың рухани дамуы үшін өте маңызды. Бұл ретте сіздердің өңірлеріңізде де атқарылып жатқан істер аз емес. Жаратушымыз әрдайым игі бастамаларыңыздың жүзеге аса беруіне нәсіп етсін!» – деді. Сондай-ақ, бүгінде ислам атын жамылып, әлемді түрлі лаңкестік әрекеттермен дүрліктіргендердің біздің дінімізге еш қатысы жоқтығын да тілге тиек етті.
Бұдан кейін Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров Петропавл қаласында салынғалы отырған тағы бір мешіттің іргетасын қалады. Мешіт құрылысына бөлінген жер аумағы 1,3 гектарды құрайды. Ал қажетті қаражат “Ақ тілек” қоры арқылы жиналмақ. Аталмыш қордың қамқорлық кеңесінің жетекшісі Құдайберген Қалиев 500 орынға шақталған жаңа мешіт құрылысын 1-2 жылдың аясында аяқтау жоспарланып отырғанын айтты.
Бас мүфти Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға да қатысты. Сонымен қатар облыс әкімі Ерік Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин және университет ұстаздары мен студенттері, басқа дін өкілдері бас қосқан жиын “Қазіргі қазақстандық қоғамның руханилығын қалыптастырудағы діннің рөлі” тақырыбына арналды.
Конференцияда мінбеге көтерілген Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров: “Бүгінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында Қазақстан бүкіл әлемде конфессияаралық және этносаралық келісімнің бірегей үлгісі болып отыр. Діннің қазақстандық патриотизмді, шыдамдылық, бейбітшілік пен келісімді нығайтуда маңызы зор. Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендеткен жөн. Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді”, – деді.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы конференциядан соң «Қызылжар» орталық мешітіне ат басын бұрды. Дінбасының облысымызға сапары қасиетті жұма күніне тұспа-тұс келгенін де айта кеткен жөн. Ержан қажы Малғажыұлы арнайы жиналған жамағатқа уағызында ислам діні бейбітшілікті, адами қасиеттер секілді құндылықтарды дәріптейтінін сөз етті. Жастардың арасында мұсылманшылыққа бет бұру жақсы үрдіске айналып келе жатқаны да әңгіме арқауына айналды. Биылғы «Дін мен дәстүр» жылы еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығына сүбелі үлес қосатындығына да сенім білдірді.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеровтің облысымызға келуі осылайша игі істерге бастама болды.
«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі.