БАС МҮФТИ: БІЗ УАҚЫТҚА ТӘУЕЛДІМІЗ

Елордада өтіп жатқан «Жалынды жастар ынтымағы» республикалық жастар форумында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді.

«Кез келген нәрсе белгілі бір уақытпен жаратылған. Әрбір іс белгілі бір өлшеммен белгіленеді. Сол өлшемдердің бірі – адамның өмірге келуі, ер жетуі, қартайып, дүниеден озуы. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының құзырындағы мәселе. Уақыт алдында мұсылманның екі міндеті бар.

Біріншісі – уақытты жүйелеу. Мұсылманның міндеті – әрбір амалының ішінен маңыздысын таңдап алу. Әрбір істің дүниелік немесе ақыреттік пайдасы бар ма, жоқ па? Әуелі соған мән беру керек.

Екіншісі – бос уақытты тиімді пайдалану. Бос уақыт – Алланың бізге берген ұлы нығметі. Біз тиісінше шүкір етуіміз керек. Біздің шүкіріміз – бос уақытымызды жоғары бағалап, пайдалы істерге жұмсау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген. Сондықтан уақытты қателікке, өкінішке, пайдасыз әңгіме-дүкенге емес, керісінше өзімізге де, өзгеге де пайдасы тиетін істерге жұмсағанымыз абзал» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ Бас мүфти кімде-кім өзінің бір күніне есеп беріп отырса, жүріс-тұрысына, өмір тіршілігіне жаңаша қарауына жол ашатынын алға тартты. «Бұл – бұрынғы ізгі, тақуа кісілердің салып кеткен сара жолы» деді ҚМДБ Төрағасы.

Return to Top ▲Return to Top ▲