Атырауда өтіп жатқан халықаралық деңгейдегі имамдардың біліктілігін арттыру семинары аясында «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы талқыланды (ФОТО)

Орталық «Иманғали» мешіті мен Атырау облысы Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық талдау орталығы мекемесінің ұйытқы болуымен жергілікті имамдар үшін дүйсенбі күні басталған семинар бүгін қорытындылануда. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған семинардың басты ерекшелігі сол, шараға әлемдік деңгейдегі білікті ұстаздар, теолог-ғалымдар, психологтар дәріс оқыды. Және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының  Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы Атырауға арнайы жұмыс сапарымен келіп, жергілікті мешіт жамағатымен жүздесіп, тағылымды ойларымен бөлісті.

Кеше атыраулық мешіт имамдары, молдалар және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Атырау қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйінің мәжіліс залында мүфтияттың бастамасымен жақында ғана жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы талқыланды. Облыстың бас имамы Батыржан қажы Берденұлы модераторлық еткен шарада елімізге белгілі ұстаз, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының  Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы жаназа шығару, жерлеу рәсімі төңірегіндегі көптеген мәселелерге жан-жақты түсінік беріп отырды.

Ұстаз Сансызбай Құрбанұлы садақадағы ысырапшылдық мәселесіне ерекше назар аударды. «Қонақасының өзі ретімен берілуі керек. Қазалы үйде аста төк дастархан жаюды шариғатымыз құптамайды. Қаралы үйге негізінен ағайын-туыстары, көршілері көмек бергені абзал. Кісісі қайтқан үй ең алдымен марқұмды дінімізге сай арулап жерлеуді ұйымдастыруы керек. Құрбан шалатын мал немесе садақа өтетін мейрамхана іздеп, марқұмды жерлемей күттіріп қоятын әдет исламға сай келмейді» деп атап өтті ұстаз Сансызбай Құрбанұлы.

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров қазалы үй жайған дастарханда, марқұмның қадесі кезінде сағаттап сөз сөйлеудің әбес қылық екендігіне тоқталды. «Өмірден өткен кісінің жақсылығын бір-екі сөзбен жеткізсек болады. Бастысы, марқұмның рухына бағыштап оқылған дұға әлдеқайда сауап амал екенін ескергеніміз жөн» деді облыстың бас имамы Батыржан қажы Берденұлы.

Зиялы қауым атынан пікір білдірген Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев, садақа кезіндегі адамдардың әдепке сай келмейтін әрекеттерін сынға алды. «Бір бұрышта туысы қайтқан адам жылап, жоқтау айтып отырады. Екінші бұрышта езуіне шылым қыстырған жігіттер дүниелік әңгімелер, тіпті, әзіл айтып, күліп тұрады. Кейде дауыстары жарқын шығатыны сонша, амал жоқ ескерту жасауға тура келеді. Бауырларымыз қазалы үйде өзін-өзі ұстау тәртібіне де назар аударса екен» деді Абат Кенжеғалиев.

Дөңгелек үстел барысында жаназа және жерлеу рәсімдерін біріздендіру мәселесі кеңінен талқыланып, имам-молдалар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

Орталық «Иманғали» мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲