ҰЛЫҚ АЙДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ?

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мадақ! Оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедке, оның сахабаларына Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Ақиқатында Рамазан айы берекеге толы, мүмкіншілік ай. Әрбір мұсылман үшін ізгі амалдарды істеу арқылы Жаратушысына жақындай түсетін, Раббысының мейірімін үміт ететін ай. Барлық жамандық атаулыдан тыйылып, өмірін жаңа парақтан бастауға мүмкіндік алатын ай.

Уа, мұсылман бауыр!

Бұл қасиетті айдың әрбір күнін босқа жіберіп алмауға тырыс. Игі амалдарға бірінші болып ұмтыл, Алладан зор сауапты күт, өйткені бұл ай риясыз жақсылық жасайтын ай. Алланың сүйікті елшісі пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

إِذَا دَخَلَ رَمَضَانُ فُتِّحَتْ أَبْوَابُ الجَنَّةِ ، وَغُلِّقَتْ أَبْوَابُ جَهَنَّمَ ، وَسُلْسِلَتِ الشَّيَاطِينُ 

«Рамазан айының алғашқы түні келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді»[1] деді.

Уа, мұсылман бауыр!

Сен бұл қасиетті айды аса ыжтаһадтылықпен қарсы ал! Ақыретің үшін салихалы амалдарды көбірек жасауға тырыс, өйткені өміріміз қамшының сабындай тым қысқа.

Өмір бекет болса, осы қысқа уақытта дүниенің қызықтарына алданбай, ақыреттік азығымызды жинайық! Бұл айда сен үшін барлық жақсылықтың есігі ашық.

Бұл ай мұсылман үшін науқан айы. Сенің Құран оқуың, Алланы еске алуың, тасбих тартуың, дұға жасап садақа беруің, жақсылыққа шақырып, тіліңнен бастап, бүкіл денеңмен жасалатын жамандықтан тыйылуың, ілімді талап етуің, айналаңа пайдаңды тигізуің, Рамазан айында жасалатын ізгі амалдардың бір тізбегі ғана.

Уа, мұсылман бауыр!

Сен бұл айда өзіңе есеп беру арқылы ұлы есепке дайындығыңды саралап пысықтайтын ай. Омар (Алла одан разы болсын) былай деп айтқан:

حَاسِبُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُحَاسَبُوا ، وَزِنُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُوزَنُوا ، فَإِنَّهُ أَهْوَنُ عَلَيْكُمْ فِي الْحِسَابِ غَدًا ، أَنْ تُحَاسِبُوا أَنْفُسَكُمُ الْيَوْمَ ، وَتَزَيَّنُوا لِلْعَرْضِ الأَكْبَرِ ، يَوْمَئِذٍ تُعْرَضُونَ لا تَخْفَى مِنْكُمْ خَافِيَةٌ

«Ұлы есепке түспей тұрып, өздеріңе есеп беріңдер, қияметтегі таразыға тартылмай тұрып, нәпсілеріңді бұл дүниеде таразылаңдар, барлық құпиялар әшкере болатын ұлы күнге қамданыңдар!»[2].

Уа, мұсылман бауыр!

Бұл қасиетті ай ізгі амалдарға ұмтылатын ай! Ал ізгі амалдардың алғашқы баспалдағы күнәларыңа шынайы тәубе етуің. Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحًا عَسَىٰ رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ

«Уа, иман келтіргендер! Шынайы түрде тәубе етіп, Аллаға бет бұрыңдар. Міне, сонда Раббыларың күнә қателіктеріңді өшіреді һәм бәріңді түбінен өзендер ағатын жәннат бақшаларына кіргізеді»[3] деді.

Шынайы түрде күнәларына өкініп, тәубе еткен адамдардың күнәсін Алла кең мейірімімен кешіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

التَّائِبُ مِنْ الذَّنْبِ كَمَنْ لَا ذَنْبَ لَهُ

«Күнәсінен шынайы түрде тәубе еткен адам, күнәсі жоқ адамдай тазарады»[4], деген.

Ей, мұсылман бауыр!

Бұл қасиетті айдың кіруімен сен жаңаша оянуың қажет, күніңді жаңа парақтан бастап, өміріңді жақсы арнаға өзгерт, Алланың азабынан құтылып, уәде еткен жәннатына кірудің қамын жаса. Өмірге ақыл көзімен қарап үйрен, сол кезде өмірдің мәнін түсініп, қызылды-жасылды дүниенің қызықтарына алданбайсың! Алла Тағала Құранда:

وَمَا الحياة الدنيآ إِلاَّ مَتَاعُ الغرور

«Бұл дүниенің тіршілігі алдамшы әрі өткінші қызықтан басқа ештеңе емес»[5] деген.

Рамазан – ерекше ай. Ол Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадамдай әр күнінде береке бар.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Игі істер молаятын маусым. Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы, пенде өзін Алланың қаһарынан, тозақ отынан, қабір азабынан, әзәзілдің арбауынан, екіжүзділіктен алыс болады. Бұл ай жанды балқытатын, жүректі жұмсартатын, рухты азықтандыратын ай.

Рамазан айы қарсаңында не жасауымыз қажет:

Біріншіден: Ең алдымен мұсылман үшін осы айға жетудің өзі үлкен нығмет екенін сезіну қажет. Сол себепті Раббысынан осы айға аман-есен жеткізуін, ораза ұстап, құлшылық ғибадат жасауға мүмкіндік беретін денсаулық беруін сұрайды. Әнәс ибн Мәлик риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ражаб айы кіргенде былай дейтін:

اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبلغنا رَمَضَانَ

«Уа, Алла! Біздер үшін ережеп,шағбан айын берекелі ет және рамазан айына қауыштыр»[6].

Сахабалар рамазанға жақын қалғанда: «Қасиетті рамазанға жеткізе көр» деп, рамазаннан кейін: «Уа, Раббым! Оразамызды қабыл ете көр» деп, дұға жасайтын.

Екіншіден: Рамазан айына кірген адам міндетті түрде Раббысына лайықты түрде шүкір айту керек. Өйткені адамның бұл қасиетті науқан айына жетуі сансыз сауапқа кенелуге мүмкіндік алуы – Алланың адам баласына берген шексіз сыйы және бұл сенің соңғы рамазаның болмасына да кім кепіл! Сол себепті рамазан айына аман-есен жетсең, бұл ұлы нығметті Раббыңның саған берген мұрсаты деп біл.

Үшіншіден: Бұл қуаныш шаттық айы. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хабарда Алланың елшісі сахабаларын рамазан айының келуімен сүйіншілейтін. Оның (с.ғ.с.) осы турасында мынандай айтқан сөзі бар: «Сендерге Рамазан айы келді, бұл берекеге толы ай. Алла осы айда оразасын парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады»[7]. Сол себепті рамазан айында шөліркеп, аптап ыстықтың қиындығын сезген кезде, еңсең түсіп, қобалжыма керісінше әрдайым жүзіңнен күлкі кетпесін. Өйткені,  Алланың нығметін сезіп, риза болудың өзі құлшылық амалдан болып табылады.

Төртіншіден: Оразаға арнайы жоспар құр. Көпшілігіміз рамазанға қатысты лайықты жоспар құра алмағандықтан бұл айдың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Рамазан айындағы әр күнін, әр сағатын босқа өткізіп алмауымыз қажет. Жоспарыңызда намазға, Құран оқуға, білім алуға, ізгі амалдар жасауға, үзіліп кеткен байланыстарды қайта қосуға тиісінше еңбек етуге орын болған дұрыс. Сонымен қатар әр оразада ерекше ізгі амал жасау арқылы бұл оразаң өмір бақи сенің және сенің жанұяңның есінде қаларлықтай болу қажет.

Бесіншіден: Бұл қасиетті ай басталмай тұрып, оразаға қатысты фиқһ үкімдерін, парыздарын, сүннеттерін, оразаны бұзатын, бұзбайтын амалдарды, оразадағы жеңілдіктерді білген жөн. Білмесең білім иелерінен сұрап, ораза жайында толық мәлімет ал!

Алтыншыдан: Бұл ай басталмас бұрын барлық күнәларымызға шынайы түрде тәубе еткен жөн. Өйткені бұл ай күнәларымыз үшін шынайы түрде кешірім сұрап тәубе жасайтын ай. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعاً أَيُّهَا الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Бәрің бір ауыздан Аллаға тәубе етіңдер сонда ғана (азаптан құтылып) мақсат мұраттарыңа жетесіңдер»[8] деген.

Жетіншіден: Бұл айдың келуімен мұсылман адам жақындарына хабарласып, оларды құттықтап, құттықтау қағаздарын әзірлеп, үйді тазартып, маңызды болған істерін рамазанға дейін аяқтап, үйге қажетті заттарды алып ерекше дайындалуы қажет.

Сегізіншіден: Өткен жылғы ораза айында жеткен жетістігімен шектеліп қалмай сол игі істерді одан ары дамытып кемеліне келтіруі қажет. Өткен жылы ораза барысында жіберген қателіктері болса, оны осы айда қайталамауға тырысады. Ораза мұсылман үшін жаңа парақ іспеттес өміріне көз жүгіртіп, сол таза жаңа параққа тек сауапты амалдар жазылуына бар күш жігерін жұмсауы тиіс.

Баршаларыңыздың мүбарак айдағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін.

[1] Ахмад хадистер жинағы.

[1] «Нұр» сүресі,


[1] Бұхари хадистер жинағы.

[2] Тирмизи жинағы.

[3] «Тахрим» сүресі, 8-аят.

[4] Ибн Мәжә хадистер жинағы.

[5] «Фурқан» сүресі, 20-аят.

[6] Ахмад хадистер жинағы.

Хамзат Қажымұратұлы

Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы

 

 

Return to Top ▲Return to Top ▲