СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Су – тіршілік көзі, күнделікті тұрмысымыздың, құлшылығымыздың ажырамас бөлігі. Алла Тағала «Әнбия» сүресінің 30-аятында:

وَجَعَلْنَا مِنَ الْمَاءِ كُلَّ شَيْءٍ حَيٍّ أَفَلا يُؤْمِنُونَ

«Тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық. Олар сонда да иманға келмей ме?» – деп айтқан. 

Тәпсір ғалымдары: «Бұл аятта су жер бетіндегі барлық жаратылыстың тіршілік көзі екені айтылуда», – деген. Расымен де жер бетіндегі барлық тіршілік иесі үшін су қажет. Жер бетінің 77,5 пайызын су алып жатыр. Қаншама тіршілік иесі судың себебімен өмір сүріп, тепе-теңдігін жоғалтпай келеді. Мысалы, судың булануының салдарынан аспанға бұлт түзіліп, жаңбыр жауады. Жер бетінде егістік, өсімдіктер шығады. Су күннің жылуын жерге қарағанда көбірек тартатын болғандықтан, суық аймақтардың бірден жылып кетпеуіне, ыстық аймақтардың салқын болып тұруына су ықпал жасайды. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Зұмар» сүресінің 21-аятында:

أَلَمۡ تَرَ أَنَّ ٱللَّهَ أَنزَلَ مِنَ ٱلسَّمَآءِ مَآءٗ فَسَلَكَهُۥ يَنَٰبِيعَ فِي ٱلۡأَرۡضِ ثُمَّ يُخۡرِجُ بِهِۦ زَرۡعٗا مُّخۡتَلِفًا أَلۡوَٰنُهُۥ ثُمَّ يَهِيجُ فَتَرَىٰهُ مُصۡفَرّٗا ثُمَّ يَجۡعَلُهُۥ حُطَٰمًاۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَذِكۡرَىٰ لِأُوْلِي ٱلۡأَلۡبَٰبِ

«Көрмеймісің, Алла аспаннан жауын жаудырып, оны жердегі қайнарларға қарай ағызуда. Кейін сол арқылы алуан түсті егін шығаруда. Содан соң сол егіннің сарғайып, солып қалғанын өз көзіңмен көресің. Ол содан кейін оны қу сабан мен қиқымға айналдыруда. Шүбәсіз, осының өзінде ақыл иелері үшін талай ғибрат бар», – деп айтқан.

Ата-бабаларымыз: «Су – өмір нәрі», «Су – ырыстың көзі, Еңбек – кірістің көзі», «Су бар жерде ырыс бар» деу арқылы судың маңызын насихаттаған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ أوَّلَ ما يُسألُ عنهُ العَبدُ يومَ القيامةِ مِنَ النَّعِيمِ أنْ يُقالَ له: أَلَمْ نُصَحِّ لَكَ بَدنَكَ ونُرْوِكَ مِنَ الماءِ البارد

«Қиямет күні пенденің ең әуелгі жазғырылып сұралатын сұрағы: Біз сенің тұла-бойынды суық сумен сергітіп, шөліңді қандырып жүрмедік па?!» – деген (имам Термизи).

Сонымен қатар Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне суды ысырап етпеуді, оны үнемдеуді, ағын суды ластамауды насихаттаған. Бүгінгі жұма уағызымызда суға қатысты негізгі үш әдепке тоқталатын боламыз:

Бірінші: Шариғаттағы судың үкімдерін білу

Ислам құқығы кітаптарында суға арналған арнайы баптар, бөлімдер бар. Онда судың адам өміріндегі қадірі мен қасиеті, құлшылық үшін маңызы, оның тазалыққа арналған қызметі егжей-тегжейлі баяндалады. Мысалы, тазалануға жарамды судың жаңбыр суы, теңіз суы, өзен суы, құдық суы, қар мен бұршақ суы және бұлақ суы дейтін түрлері болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

اللَّهُمَّ طَهِّرْنِي بالثَّلْجِ والْبَرَدِ، والْماءِ البارِدِ اللَّهُمَّ طَهِّرْنِي مِنَ الذُّنُوبِ والْخَطايا، كما يُنَقَّى الثَّوْبُ الأبْيَضُ مِنَ الوَسَخِ.

«Уа, Аллам! Мені қармен, бұршақпен және салқын сумен тазалашы. Уа, Аллам! Ақ киімді кірден тазалағаныңдай мені де күнәларымнан және қателіктерімнен тазалашы», – деп дұға еткен (имам Мүслим).

Жалпы шариғаттың сипаттауында дәретке жарамды не жарамсыздығына байланысты су бес түрге бөлінеді:

  1. Таза және тазалаушы су. Бұл – шүбәсіз таза су. Дәретсіздіктен тазартады және нәжісті кетіреді.
  2. Таза және тазалаушы, бірақ пайдалануы мәкруһ су. Бұл қоқыс аралаған тауықтар, жыртқыш құстар және мысық секілді жануарлар ішкен су.
  3. Таза, бірақ тазалаушы емес су. Бұған қолданылған су жатады. Қолданылған су дегеніміз – кіші немесе үлкен дәретсіздіктен тазару үшін, немесе дәрет үстіне дәрет жаңарту үшін аяқ немесе дене толық тиген су. Оны басқа адам дәрет пен ғұсыл үшін қолдана алмайды.

Кіші немесе үлкен (ғұсыл) дәреті жоқ адам жуынбай тұрып, ыдыстағы немесе ваннадағы суға қолын малса, су «қолданылған» болып саналмайды. Бұған Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) мына сөзі дәлел: «Мен де, Алланың Елшісі де (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ортамызға қойылған бір ыдыстағы сумен бірге жуынатынбыз. Су алғанда қолдарымыз соғылысып қалатын. Менен озып кететіні соншалықты, тіпті: «Маған да қалдырыңыз, маған да қалдырсаңызшы» – деуімнен басқа амалым қалмайтын. Екеуміз де жүніп күйде болатынбыз», – дейді (имам Бұхари, Мүслим).

Дәрет алу үшін немесе тамақтанудан бұрын яки кейін қол жууға немесе ауыз, мұрынды шаюға ыдыс бетінен алақан уысымен қалқып алынған су «қолданылған» болып саналмайды.

Сол сияқты ағаш пен жеміс суы таза болғанымен «тазалаушы» бола алмайды. Қайнау нәтижесінде ішіне оны мөлдірлігінен айыратын бір нәрсе түсіп кеткен су «тазалаушы» үкімін жоғалтады. Оған араласқан таза әрі қатты зат оны «су» атауынан «тұнба» атауына айналдырса, ол «тазалаушы» үкімін жоғалтады. Мысалы, мия тамыры ерітілген су мия тұнбасына айналып, «тазалаушы» болмайды.

  1. Нәжістенген су. Судың нәжістенген, нәжістенбегенін білу үшін, алдымен судың төмендегі екі түрімен танысуымыз қажет:

а) Ағынды су. Сипаттарының (дәмі, иісі, түсі) бірі өзгермейінше ағынды су мүлде нәжістенбейді. Бассейндегі судың ағып шығарылатын жолы мен краны бір мезгілде ашық болса, ағынды судың үкіміне кіреді.  

ә) Ақпайтын тоспа су. Бұл судың көлемі аз да, көп те болуы мүмкін.

Көлемі аз суға нәжіс түссе, нәжістенеді. Тіпті еш өзгермесе де. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тоспа су жайында:

لَا يَبُولَنَّ أَحَدُكُمْ فِي المَاءِ الدَّائِمِ الَّذِي لَا يَجْرِي، ثُمَّ يَغْتَسِلُ فِيهِ

«Сендерден ешкім ақпайтын тоспа суға дәрет сындырмасын, сосын оның ішінде (қалай) жуынады», – деген (имам Бұхари).

Нәжістенген көлемі аз суды тазарту үшін, орнынан ағып кететіндей көлемде үстіне таза су құяды. Ал көлемі үлкен су деп – бір жағын қозғағанда екінші жағы қозғалмайтын көлемдегі су. Ханафи ғұламаларының пәтуәсінда көлемі 49м2 су «көлемі үлкен» суға жатады. Ал тереңдігіне келсек, суды қалқып алғанда түбі көрінбеуі қажет. «Көлемі үлкен су» сипаттарының бірі өзгермейінше нәжістенбейді. Көлемі үлкен судың бір жерінен нәжіс көрінсе, дәрет судың басқа жерінен алынады.

  1. Таза, бірақ тазалығы күмәнды су. Бұл судан есек пен қашыр секілді жануарлар ішкен су. Бұл су өзінен көп мөлшердегі таза сумен араласса, тазалығы күмәнсіз суға айналады. Өзінен басқа таза су бар болса, оны ғұсыл мен дәретке қолдануға болмайды. Бұл сумен өзінен басқа таза су жоқ болған жағдайда ғана дәрет алуға болады. Тазалығы күмәнді болғандықтан, одан кейін тайаммум алу мустахаб. Бұл сумен дене мен киімдегі нәжісті кетіруге болады.

Осылайша фиқһ кітаптарында судың өзі кең түрде талданады. Суға осыншалықты көңіл бөлу арқылы асыл дініміз судың қадірі мен қасиетін насихаттайды.

Екінші: Суды ысырап етпеу

Су – Алла Тағаланың адамзат баласын берген үлкен нығметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Такасур» сүресі, 8-аятында.

ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

«Сосын сендер сол күні нығмет атаулыдан міндетті түрде сұраласындар», – деп ескерткен.

Мұсылман адам әрбір ішіп-жеген және басқа да қажеттіліктері үшін қолданатын су нығметі үшін Раббысына шексіз шүкірлік білдіруі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақтанғаннан кейін: «Бізді тойдырып, сусын берген әрі мұсылман еткен Аллаға мадақ болғай!» – деп дұға етуді үйреткен (имам Әбу Дәуід).

Халық даналығында: «Судың да сұрауы бар», «Су бергеннің – сауабы бар. Су төккеннің жауабы бар» деген сынды керемет нақыл сөздер айтылған. Мұның астарында суды үнемдеу, суды ысырап етпеу, суға ұқыпты қарау деген көптеген мағына жатыр. Судың нығметі үшін шүкіршілік ету құр тілмен айтумен жүзеге аспайды. Оны дұрыс, тиімді, үнемдеп және ұтымды пайдалана алған жайғдайда ғана шүкіршілігіміз өз мәресіне жетеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 3-ші аятында:

وَكُلُوا وَاشْرَبُوا وَلَا تُسْرِفُوا إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«… жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді әсте ұнатпайды», – деп айтқан.

Егер суды ішкеннің өзінде Алла Тағала бізге шамадан тыс қолдануды тыйып, оны ысыраптың қатарына жатқызса, басқа мақсатта оны қолданған кезімізде тіпті сақ болуымызды аңғартады.

Дұрыс, дәрет алу – құлшылық әрі тазалық деп танылады. Бірақ оның өзінде суды шамадан тыс шашып-төгуге болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّهُ سَيَكُونُ فِي هَذِهِ الأُمَّةِ قَوْمٌ يَعْتَدُونَ فِي الطُّهُورِ وَالدُّعَاءِ

«Бұл үмбеттің ішінде дәрет пен дұғада шектен шығатын бір топ болады», – деген. Имам Айни (Алла оны рақымына алсын): «Дәреттен шектен шығу дегені көп құйып (төгіп) және мөлшерін арттырумен суды ысырап етуі», – деп түсіндірген. Имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын): «Суды (дәретте) аз қолдану кісінің білімін көрсетеді», – деген екен. Ғалымның шәкірті Мәруәзи: «Әскери тұрақта Әбу Абдулланың (имам Ахмед) суын әзірлеп бердім. Оның аз сумен жуынғанын көрген жұрт дәрет алуды білмейді екен деп айтпауы үшін көлегейлеп тұрдым», – деп айтқаны бар.

Қисса

Бір кісі Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәретті қалай алу керек?» – деп сұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір құмған су алдырды. Екі қолын үш рет жуды. Сосын жүзін үш рет жуды. Кейін қос білетін жуды. Басына масих тартып, екі сұқ саусағын құлағына кіргізді, бас бармағымен құлағының сыртына масих тартты. Сосын екі аяғын жуды. Мұнан кейін:

كَذَا الْوُضُوءُ فَمَنْ زَادَ عَلَى هَذَا فَقَدْ أَسَاءَ وَتَعَدَّى وَظَلَمَ       

«Дәрет осылай алынады. Кімде-кім бұдан арттырса, жаман етіп, шектен шықты, зұлымдық жасады», – деген екен.

Сол себепті мешіт дәретханаларындағы «Суды ысырап етпеңіз» деп арнайы жазылған ескертпелер бекер емес. Бұған әрбір мешітке келіп, дәрет алушы үлкен мән беруі қажет. Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Барлық ғалымдар бірауыздан теңіз жағасында болса да, суды ысырап етпеу керектігін айтқан», – дейді.

Олай болса, барлығымыз бір адамдай өзен, теңіз, құдық, арық сияқты су көздерін қарашыдай сақтап, таза әрі табиғи күйін кейінгі ұрпаққа қалдыруға күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Судың барлық адамға пәк күйінде жетуі, деніміздің саулығына, құлшылығымыздың бүтіндігіне, тіршілік жасауымызға тікелей байланысты. Сондықтан суды сақтау дініміздің міндеті әрі талабы.

Қисса

Бір күні Сағд атты сахаба дәрет алып жатқанда, қасынан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өтіп бара жатып: «Уа Сағд! Андағы не деген ысырап!» – деп сұрайды. Сол кезде Сағд: «Дәрет алғанда да ысырап бола ма?» – деп таңғалады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрине, болады. Өзеннің жағасында болсаң да, ысырап етуші болма», – деп ескертіп, барлық адамзат баласы ұстанатын қағиданы бекітіп берді (имам Ахмад).

Үшінші: Су көздерін ластамау

Мұсылман баласы тәнімен қатар жанын, үйін, қоршаған ортасын таза ұстап, су көздерін де ластамауы тиіс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің тәні мен жанының тазалығына көңіл бөлгені сияқты қоршаған ортаның тазалығына да ерекше көңіл бөлген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ағаштың түбіне, көлеңке, сая жерлерге, бұлақ көздеріне, көлдерге, жолға, жан-жануарлардың ұясы мен ініне дәрет сындыруға тыйым салған. Мысалы, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жолы: «Лағынетке ұшырағандардың қатарында болудан сақтаныңдар», – деп айтады. Сонда сахабалар: «Олар қандай адамдар?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көпшілік жүретін жолға, саялы көлеңкеге, суға және ағаштардың түбіне дәрет сындырып былғайтындар»,  – деп жауап береді.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөздері қоршаған ортаның экологиялық тазалығы, қоғамдық демалыс орындары мен табиғат аясындағы өзен, көл, арық және бұлақ сияқты су көздерін таза ұстау жайлы. Ауыз судың және су қорларының ластануы табиғаттағы тепе-теңдікті бұзады. Көптеген аурулардың таралуына әкеліп соғады.

Халқымызда да «суға түкірме», «суға дәрет сындырма», «суға қоқыс төкпе», «суды былғама» деген сынды тыйым сөздерді жиі айтып, тәлім-тәрбие берген. Суға түкіру қазақ халқының адамгершілік құндылықтарына теріс, ол діни-этикалық нормаларға да қайшы. Сол үшін «суға түкіру», «суға дәрет сындыру» немесе «адамның жолына үлкен немесе кіші дәретке отыру» іспетті тыйымдар тек дәстүрден немесе діннен ғана бастау алады деп бөлген дұрыс емес. Мұның астарында дінді қазақ мәдениетінен, дәстүрінен бөліп жару мақсаты жатыр. Біз керісінше дін мен дәстүрді, мәдениетті біріктіріп қарағанда ғана көптеген құндылықтарға қол жеткіземіз. Дінді ұлт мәдениеті мен тарихынан немесе дәстүрден сылып тастауға болмайды. Діні мен дәстүрін ардақтап, қатар ұстаған қазақ опасыздық қылған адамға: «Ішкен құдығыңа түкірме» деп айтады. Демек су, өзен, құдық болсын жалпы су табиғаты құрметті әрі қадірлі дүние.

Қадірменді жамағат!

«Қолдағы алтынның қадірі жоқ» демекші, күнделікті көріп жүрген нығметтерге үйреніп, оның қадір қасиетін ұмытамыз. Судың да көп жағдайда қадір қасиетін лайықты дәрежеде түсінбей жатамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік сүресі, 30-аятында:

قُلْ أَرَأَيْتُمْ إِنْ أَصْبَحَ مَاؤُكُمْ غَوْرًا فَمَنْ يَأْتِيكُمْ بِمَاءٍ مَعِينٍ

«Қане, айтыңдаршы, бар суларың жер түбіне тартылып ізім-қайым жоғалып кетсе, сендерге қайтадан тұщы қайнар суды кім шығарып бере алады?!» – деп ойлануға шақырады.

Бұдан түйетініміз, суды, жалпы табиғатты ежелгі болмысында сақтау – мойнымыздағы аманат. Осыған кері әрекет еткен кісі тек өзіне емес, қоғамға, барлық адамзатқа үлкен зиян тигізбек. Қазіргі күні тұрмыста қолданылатын қарапайым үнемдеу әдістері арқылы судың қорғалуына үлкен үлес қосқан боламыз. Суды қорғау – өмірді қорғау деген сөз. Ендеше, суды үнемдеуді өзімізден бастайық!

Алла Тағала баршамызға амандық, жұртымызға молшылық нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Return to Top ▲Return to Top ▲