«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлының Солтүстік Қазақстан облысына іс-сапары барысында «Северный бройлер» құсфабрикасы мен «СевЕсиль Зерно» ұн зауытында ааудит жұмыстары жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларына жергілікті өкіл Мақсат Аманжолұлы да қатысты.
Аудит барысында кәсіпорындардың халал стандарттарға сәйкестігі жан-жақты тексерілді. Атап айтқанда, өндіріс процесіндегі шикізаттардың тазалығы, өнімнің құрамындағы қоспалар, сақтау және тасымалдау талаптары мұқият қаралды. Сондай-ақ, жұмысшылардың санитарлық-гигиеналық жағдайы мен технологиялық жабдықтардың халал талаптарға сай болуы басты назарда болды.
Айбек Асқарбекұлы екі кәсіпорын басшыларымен жеке кездесіп, халал индустриясының маңыздылығы мен оның тұтынушылар сеніміне тигізер әсері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, іс-сапар барысында «Халал Даму» ұжымы жергілікті өкілдермен бірге өңірдегі басқа да кәсіпорындармен жұмыс жүргізу бағытындағы жоспарларын нақтылап, Солтүстік Қазақстан облысында халал өнімдерге деген сұранысты арттыру жолдарын талқылады.





