Адам баласы өзі өмірге келгеннен бастап жаратушы Раббымыз Алла берген нығметтерді санайтын болса, оған ешқандай компьютер де, есептегіш құрал да төтеп бере алмайтын шығар. Он екі мүшеміз, алпыс екі тамырымыздан басқа күн, жер, ай, жұлдыздар табиғаттың мың сан тамаша құбылысы – құдыреті күшті Құдай Тағаланың бізге берген ғажайып сыйы екеніне дау жоқ. Мәселен, ағзамыздағы бір көздің ағын өтеу үшін жылдар бойы күні-түні құлшылық етудің өзі аз.
Екінші көздің ағы, екі көздің қарасы, жүрек, қол, аяқ, мұрын, ауыз басқа да мүшелердің өтеуі не болмақ? Осының барлығына шүкіршілік етпеу, разы болмау әділетке жата ма? Әрине, жоқ! Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) Аллаға ешқашан толық шүкіршілік ете алмайтынын, өйткені шүкіршілік еткені үшін де шүкіршілік ету қажеттігін бекер айтпаса керек. Мұнда үлкен хикмет, зор ескерту бар. Рамазан тек ашығу мен шөлдеудің айы емес. Бұл – жүректі тәрбиелейтін, жанды тазартатын, пендені Раббысына жақындататын қасиетті ай. Осы айдың ең терең рухани өзектерінің бірі – шүкіршілік. Шүкір тілмен айтылатын сөз ғана емес, ол жүректің халi, өмірге деген көзқарас, Аллаға деген сенім мен сүйіспеншіліктің көрінісі.
Құран Кәрімде шүкір ету ерекше атап өтіледі. Алла Тағала былай дейді: «Егер шүкір етсеңдер, әлбетте, нығметімді арттырамын» («Ибраһим» сүресі, 7-аят).
Бұл аятта шүкір нығметтің кілті екені анық көрсетілген. Адам баласы барға разы болып, Алланың бергеніне шынайы алғыс білдірсе, жүрегі тыныштық табады. Ал тыныш жүрек – нағыз байлық. Және шүкіршілік еткен адам бейне бір жаңбырдан кейін қаулап шыққан егістік даласының жемісін терген жанмен тең. Өйткені барыңызға шүкіршілік ету арқылы, жоғыңызды да Раббымыздың мейірімі мен рақымы арқылы түгендеп аласыз.
Рамазан айында біз күн сайын ауызашар сәтін күтеміз. Бір жұтым су, бір түйір құрма сол сәтте қандай қадірлі! Күнделікті өмірде байқалмайтын қарапайым нығметтер дәл осы айда ерекше сезіледі. Бұл – Рамазанның бізге шүкіршілікті қайта үйретуі. Алла елшісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шүкіршіліктің ең көркем үлгісін көрсеткен. Айша (оған Алла разы болсын) анамыздан жеткен хадисте былай делінеді: «Пайғамбар түнде ұзақ намаз оқып, аяқтары ісіп кеткенше құлшылық ететін. Сонда Айша (оған Алла разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Алла сіздің өткен және келешек күнәларыңызды кешірген емес пе?» дегенде, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шүкір етуші құлдан болмаймын ма?» – деп жауап берген (Бұхари, Мүслим).
Осы хадис шүкіршіліктің тек қиындықта емес, ең үлкен нығметке ие болған сәтте де қажет екенін көрсетеді. Шүкіршілік – құлшылықтың ең биік көрінісі. Және ол сабыр ету, мейірімділік көрсету, қайырымдылық жасау сияқты ізге амалдарға жол ашатын жарық сияқты.
Қазіргі заманда адамда бәрі бар сияқты: мүмкіндік, білім, техника. Бірақ жүректер тыныш емес. Себебі шүкір азайған жерде қанағат та жоғалады. Құранда: «Алла берген нығметті ұмытқан елдің
мысалы…» («Нахл» сүресі, 112-аят) деп, шүкірсіздіктің ақыры рухани күйреуге апаратыны ескертіледі.
Рамазан бізге тоқтауды, ойлануды үйретеді. «Менде не жоқ?», – емес, «Маған не берілді?» – деген сұрақты қоюға шақырады. Денсаулық, иман, отбасы, бір күндік ризық бұлар шүкірге лайық ұлы нығметтер. Оның үстіне еліміздегі тыныштық пен береке, халықтың бірлігі де Раббымыздың керемет сыйы екенін ұмытпау керек! Әйтпесе, әлемде қаншама мемлекетте қантөгіс пен қырғын соғыстар орын алып, атқан таңын кешке батыра аларына сенімі жоқ пенделер қаншама?!
Шүкір еткен адам үмітсіздікке берілмейді. Қиындықта да «Бұл да бір сынақ, мұнда да хикмет бар» деп сенеді. Алла Тағала Құранда: «Құлдарымның аз ғана бөлігі шүкір етеді» («Сәба» сүресі, 13-аят), – деп, шүкір етушілердің дәрежесінің биік екенін меңзейді.
Рамазан – сол азшылықтың қатарында болуға берілген мүмкіндік. Әр сәресі, әр ауызашар, әр сәжде – шүкірмен көркемделсе, бұл ай адам өмірін түбегейлі өзгерте алады.
Рамазан бізді аштықпен сынап, тоқшылықтың қадірін түсіндіреді. Жүректі тәкаппарлықтан тазартып, Аллаға жақындатады. Шүкір еткен жүрек – тірі жүрек. Ал тірі жүрек қашанда Раббысына жол табады. Шүкір ету – берілген нығметке разылық таныту ғана емес, сол нығметті адал жолда пайдалану. Оразада мүмін адам тілін өсектен, жүрегін көреалмаушылықтан, ісін ысыраптан сақтайды. Бұл – шүкіршіліктің амалмен көрінуі. Шүкіршілікті арттыру үшін мынадай әрекеттерді орындау қажет:
- Оразаны міндет, парыз және Жаратқанның сыйы деп қабылдау;
- Мұқтаж жандарға көмектесу арқылы қолындағы барына қанағат ету;
- Аста-төк дастарханнан тыйылып, ысырапқа бармау.
- Алла Тағала баршамызды Рамазан айын шынайы шүкіршілікпен өткізетін, «шүкір етуші құлдардың» қатарынан етсін. Әмин.
Болат КӨКЕНАЙҰЛЫ,
«Мұнара» телеарнасының директоры
«Иман» журналы, №2, 2026 жыл

