Қасиетті Рамазан айының қарсаңында облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы мешіт ұжымымен арнайы жиналыс өткізіп, алдағы айда атқарылатын жұмыстардың бағытын нақтылады. Жиында Рамазан айының маңыздылығы, жамағатқа сапалы қызмет көрсету, рухани іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Бас имам өз сөзінде қасиетті айда мешіт қызметкерлеріне жүктелер жауапкершіліктің ерекше екенін атап өтті. Ауызашар рәсімдерін ұйымдастыру, тарауық намаздарын жүйелі өткізу, қайырымдылық шараларын үйлестіру және тазалық талаптарын сақтау – басты назарда болатынын жеткізді.
Сонымен қатар жамағатпен сыпайы қарым-қатынас орнату, түсіндіру жұмыстарын күшейту және жастардың мешітке деген қызығушылығын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берілді. Жиын барысында тәртіп пен ұйымшылдықты сақтау, қауіпсіздік шараларын қадағалау, ақпараттық насихат жұмыстарын жандандыру мәселелері де қозғалды. Әр қызметкерге өз міндетін жауапкершілікпен атқару жүктелді.
Кейін бас имам аудан имамдарымен Zoom платформасы арқылы онлайн жиналыс өткізді. Онлайн кездесуде Рамазан айына дайындық барысы пысықталып, өңірдегі мешіттерде атқарылатын ортақ іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ, діни рәсімдерді бірізділікпен өткізу, қайырымдылық жұмыстарын үйлестіру және жамағатпен байланыс орнату бағытында нақты нұсқаулар берілді.
Жиналыс соңында бас имам барша имамдарды қасиетті айды жоғары деңгейде өткізуге, халыққа сапалы рухани қызмет көрсетуге және бірлік пен татулықты нығайтуға шақырды. Рамазан айының әр күні игі істерге толы болып, ел тыныштығы мен амандығына себепші болсын деген тілектер айтылды.





