РАМАЗАН – ОН ЕКІ АЙДЫҢ СҰЛТАНЫ, БЕРЕКЕЛІ ДЕ КЕШІРІМІ МОЛ АЙ!

Рамазан – үйіңе екі дүниенің берекесін әкелген ұлы қонақ. Бұл айда сауаптың бақшасында барлық жемістен терілуге мүмкіндік беріледі. Биылғы жылы Рамазан айы наурыздың 11- нен бастау алады. Осы орайда халықтың көкейінде жүрген сан сауалға Тайынша аудандық мешітінің Бас имамы Зиятбек Ахметұлы жауап береді.

–  Зиятбек Ахметұлы, Оразаны кімдерге ұстау парыз? Белгілі бір жас мөлшері бола ма?

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Ең бірінші, баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарапазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарханы рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.

Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.Алғашқы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым. Алла Тағала оразамызды қабыл алып, елімізге тыныштық, отбасымызға амандық берсін! Аумин!

 – Иә, алғашқы сауалға жауап  айтар болсақ, әрбір балиғат жасына жеткен ақыл-есі дұрыс адамға ораза ұстау парыз болып саналады. Балиғат жасы қыз балалар 9 жастан, ұл балалар 12 жастан болып саналады.

– Оразаның дұрыс болу шарттары

– Оразаның дұрыс болуының шарттарына Рамазан айында таң атқаннан күн батқанға дейін су ішуден, тамақ ішуден және жыныстық қатынастан тыйылу жатады. Бірақ пайғамбарымыз (с.ғ.с) Өтірік айту мен жұртты алдауын қойма­ған адам­ның ішіп-жеуді до­ға­руына Алла зәру емес»

Оразаны қабыл болған оразалардың қатарына енуіне септігін тигізетін амалдарға бір-бірлеріне зиян келтірмеу, өтірік, ғайбат сөйлемеу жатады. Біреуді ұру былай тұрсын, адамға азар беретін сөздердің барлығынан аулақ болғаны дұрыс.

–  Ораза ұстаушыларға сүннет болған амалдар қандай?

  1. Бір жұтым су болса да сәресіде ішу. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Сәресіге тұрыңдар, сәресін жеуде берекет бар», – деген.
  2. Күн батқан кезде намаздан бұрын дереу ауызды ашу. Ауызды құрмамен, яки тәтті бір нәрсемен немесе сумен ашу – мұстахап. Намаздан бұрын ауызды ашып алу абзалырақ. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аузын ашпай тұрып намаз оқымайтын. Ал тамақты намаздан кейін жеуге болады.
  3. Ауыз ашар кезде дұға жасау. Пайғамбарымыз бұл жайлы: «Ауыз ашар кезінде жасалған дұға кері қайтарылмайды», – деген. Ауыз ашар­да мы­на дұ­ға­ны оқу – сүн­нет: Оқылуы: «Аллаһум­мә лә­кә сум­ту уә би­кә әә­мән­ту уә ‛аләйкә тәуәк­кәл­ту уә ‛ала риз­қи­кә әф­тар­ту уә сау­мәл-ға­ди мин шәһ­ри Ра­ма­да­на нәуәйту, фәғ­фир­лии мәә қад­дам­ту уә мәә ах­хар­ту». Мағынасы: «Алла тағалам! Се­нің ра­зы­лы­ғың үшін ора­за ұс­та­дым. Бер­ген ри­зы­ғың­мен ау­зым­ды аш­тым. Са­ған иман етіп, са­ған тәуе­кел жа­са­дым. Ра­ма­зан айы­ның ер­тең­гі кү­ні­не де ауыз бе­кі­ту­ге ниет ет­тім. Сен ме­нің өт­кен жә­не ке­ле­шек кү­нә­ла­рым­ды ке­шір».
  4. Ораза ұстағандарға бір құрмамен немесе сумен болса да ауыз аштыру. Жағдайы көтерсе тамақ берген әрине абзал. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аузы бе­рік жан­ды ауыза­шар­ға ша­қы­рып та­мақ бер­ген – ора­за ұс­та­ған адам­ның ала­ты­нын­дай сауап ала­ды. Аузы бе­рік адам­ның сауабы­нан да еш нәр­се ке­мі­мейді», – деген.
  5. Таң намазы кірмей тұрып жүніптік, хайыз бен нифастан тазарыну. Бұл жердегі мақсат – оразаға таза күйде бастау. Оның екінші себебі аузы берік кезде жуынған жағдайда ауызға су кетіп қалып, ораза бұзылуы мүмкін. Әйел адамның түнде хайыз бен нифас қаны тоқтап, жуынбастан ертеңгі күннің оразасына ниет етіп ораза ұстауға бастаса, оразасы жарамды. Сол секілді жүніп болған кісі жуынбай тұрып ораза ұстаса, ораза жарамды. Бірақ ораза бастамастан бұрын жуынып, тазарыну мұстахап болып табылады

  6. Тіл мен басқа ағзаларды күнәдан сақтау. Өсек-аяң, өтірік, ғайбат сөздерді айтпау. Негізінен, жайшылық кездердің өзінде мұсылман кісі мұндай жағымсыз істерден бойын аулақ ұстауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Өтірік айту мен жұртты алдауын қойма­ған адам­ның ішіп-жеуді до­ға­руына Алла зәру емес»
  7. Ілім үйрену, Құран кәрім оқу, көп салауат айту, дұға оқу және құлшылықты арттыра түсу.
  8. Сәресі мен ауыз ашарда қомағайланбау. Ораза кезінде қомағайланып, тыңқиып тойып алмаған жақсы.
  9. Иғтикафқа кіру. (мешіттен шықпай құлшылық жасау)

–  Қандай жағдайда ораза бұзылады?

– Ораза әдейілеп тамақ, су ішіп қойған жағдайда бұзылады.

–  Қандай жағдайларда ораза ұстамауға рұқсат етіледі?

– Кімде-кім денсаулығы көтермейтін, науқас (созылмалы ауыру) және жолаушы болатын болса, сол кісілерге ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Бұл туралы Құранда нақтырақ баяндалған. Аяғы ауыр, бала емізетін әйелдердің ораза ұстауы баласына зиян келетін болса, сүт шықпай қалған жағдайда ораза ұстамауына болады.

Хайыз (етеккір) бен нифас; (бір әйел ораза кезінде етеккір көрсе немесе босанса ораза бұзылады. Мұндай жағдайда тоқтаған соң қазасын өтейді).  

–Рамазан айының оразасын басында үш күн, ортасында үш күн және аяғында үш күн ұстауға бола ма?

– Рамазан айының оразасын басында үш күн, ортасында үш күн және аяғында үш күн ұстауға болмайды. Ораза толық 30- күн ұсталады.

–  Бір ай ораза үшін бір рет ниет ету жеткілікті ме? Әлде әр сәресінде ниет ету керек пе?

– Ораза дұрыс болуының басты шарты – ниет ету. Оразаға күн батқаннан бастап, таң атқанға дейінгі уақыттарда ниет ету абзал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:   Кім оразаға түннен бастап ниет етпесе, оның оразасы жоқ» десе, тағы бір хадисінде «Кім оразаға таң атпай тұрып ниет етпесе, оның оразасы жоқ» деп, ораза ұстаушыға ниет етудің қаншалықты маңызды екенін ұқтырып, әрі түннен таң атқанға дейінгі уақыттарда ниет ету керектігін меңзейді.

–  Ұмытып ішіп-жеп қойғандардың оразасы бұзыла ма?

– Ұмытып ішіп-жеп қойған жағдайда оразасы бұзылмайды. Сахих хадистерде пайғамбарымыз ( с.ғ.с) : «Кімде-кім өзі ораза болып,ұмытып ішіп-жеп қоятын болса, оразасын толықтырсын. Себебі Алла тағала оларды тағамдандырды және оны сусындандырды», – деп айтқан.

–  Ораза кезінде душқа түсуге және моншаға шомылуға бола ма?

–  Ораза кезінде душқа түсуге, өзен-көлге, бассейнге және моншаға шомылуға болады. Алайда өзен-көлге шомылған адам сол суға сүңгіген кезде мұрны арқылы асқазанға су түсіп кетуі мүмкін. Немесе байқаусызда су жұтып қоюы мүмкін. Ораза екені есінде болып, бірақ байқамай су жұтып қойды. Ол кезде бір күнге, бір күн ораза тұтып беруі керек. Сондықтан ораза тұтқан адам ораза кезінде   ауыз ашып болғасын суға немесе моншаға түскені абзал.

– Ораза ұстаған адамға тіс пастасын пайдалануға рұқсат па?

–  Ораза ұстаған адамға тіс пастасын пайдалануға рұқсат. Бұл жайлы нақты хадис жоқ. Бірақ пайғамбарымыз (с.ғ.с) кезінде тіс пастасы мен тіс щеткасы болған жоқ. Бірақ мисуак (тіс күтіміне арналған табиғи, әрі пайдалы құрал) болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мисуакпен тісін тазалап жүретін болған. Мисуак адамға ешқандай қуат бермейтін болғандықтан, ешқандай тиым салынбаған. Алайда тіс пастасын пайдаланғанда ауызды шайып жатып, байқаусызда асқазанға су кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан тісіңізді ауыз бекітіп алғанға дейін және ауызашардан кейін тазалап алғаныңыз дұрыс болады.

–  Әйелдер көпшілік жерге баратын болса, бетіне опа-далап, крем жағады. Бұл оразаны бұзбай ма?

– Бұлардың барлығы оразаны бұзбайды. Және жалпы опа-далап, крем жағу асқазанға түспейтін болғаннан кейін, оның бетіне майларды жағу да оразаны бұзбайды. Сондықтан иіс су және басқа да бетті әрлегіш кремдерді пайдалануға болады.

– Ораза ұстауға шын мәнінде шамасы жетпейтіндер болады. Олар не істейді?

– Мысалы жасы үлкен кісілер қартайып қалдық. Бұдан кейін ораза ұстай алмаймыз. Бірақ оразаның сауабын алғымыз келеді деп ниет білдіріп жатады. Ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі ер мен әйелге ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ ұстамаған оразаның әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға (підия беруге) бұйырылды . Оның ақшасы азық-түліктің бағасына байланысты әр уақытта әр түрлі болады. Ол сол уақыттың бағасымен қаралады.

–  Ораза кезінде тіс жұлдыруға, емдетуге және екпе салдыруға рұқсат па?

– Ораза кезінде тіс жұлдыруға болады. Тіс емдету үшін жергілікті анестезия (жансыздандыру) уколын салдыру да сол үкімде. Тек, тіс емдету кезінде ішке қан, дәрі немесе судың кетіп қалмауын қадағалауы тиіс. Кетіп қалған жағдайда сол күннің қазасын ғана өтейді. Ибн Абидин: «Рамазан айында тіс жұлдырып, ішке қан кетсе, мейлі ұйқыда болса да, сол күннің қазасы міндет болады. Сондықтан да, зәрулік жағдай туындамаса, оразаның бұзылып кету қауіпі болғандықтан Рамазан айынан кейін тіс емдеткен жөн болады.
Екпе салдыру Негізінде шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. 
Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды.  

Түйіндеме:Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, биыл Рамазан айы 30 күнге созылады. 11 наурыз алғашқы күні болса, 9 сәуір – соңғы күні. 10 сәуірде ораза айты басталады. Сәуірдің 5-сінен 6-сына қараған түні – Қадір түні. Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді.                    

Ораза ниеті: Алла Тағаланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім.

Ауызашар дұғасы: Уа, Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризықпен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешір!

–  Әңгімеңізге рахмет! Сұхбатты жүргізген Гүл Жамашқызы.

Return to Top ▲Return to Top ▲