ҚАЖЫНЫҢ РУХАНИ КЕЛБЕТІ

Ислам діні бес негізден тұрса, соның бірі қажылық. Қасиетті жерлерге зиярат жасау, құлшылылық рәсімдерін атқару шамасы келген мұсылман баласына парыз саналады. Құранда Әли Имран сүресі 97 аятында:   فِيهِ آيَاتٌ بَيِّـنَاتٌ مَّقَامُ إِبْرَاهِيمَ وَمَن دَخَلَهُ كَانَ آمِنًا وَلِلّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلاً وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ الله غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ 

«Онда айқын дәлелдер және Ибраһимнің орны бар, кімде кім оған кірсе қамсыз балады. Шамасы жеткен адамдардың Алланың ризашылығы үшін Кағбаны хаж етуі парыз. Кімде кім қарсы келсе, Алла күллі әлемнен беймұқтаж» делінген. Қажылықтың шариғаттағы анықтамасы белгілі бір уақытта, белгілі бір жерде, тиісті амалдарды атқару арқылы өтелетін құлшылық. Яғни қасиетті Зул Хижжа айында, қасиетті Кағбаға зиярат жасап, пайғамбарымыз үйреткеніндей амалдармен құлшылық жасау рәсімі. Құлшылық үш түрге бөлінеді. Бірі дене құлшылығы болса, намаз, ораза сияқты, енді бірі қаржыға байланысты зекет, ұшыр, садақа сияқты мал- дүниені тиісті жерлерге сарып қылу арқылы атқарылады. Ал қажылық болса, мал дүние мен дене құлшылығын қоса атқарылатын құлшылық түрі. Қажылық, мұсылман болған балиғат жасына толған ер болсын, әйел адам болсын, ақыл есі дұрыс, азат болған, қажылық жасауға шамасы жеткілікті, бала шағасы қайтып оралғанға дейін таршылық көрмейтін адамға парыз болады. Өздігінен жүріп тұра алмайтын, жолды көтере алмайтын жасы егде тартқан қарияларға қажылық жасау парызы мойындарынан түседі. Пайғамбарымыз(а.с): «Шамасы келіп тұрып, қажылықты орындамаған адам, қаласа иаһуди болып, қаласа насрани болып өмірден өтсін» деген. Түсінген адамға бұл қатты ескерту. Қажылықтың үш парызы болса, соның бірі ихрамға кіру болып табылады. Ол дегеніміз денемізге екі бөлек матаны орау ғана емес, сонымен бірге жан дүниемізді дүниеуи болмысынан рухани болмысқа өту болып табылады. Махшар әлемінде Алла тағаланың құзырында тұрғандай сезімге өтіп, байы бар, кедейі бар, ақ пен қара барлығы атақ мансаптарын ұмытып, «Лабайка» деп, Алланы көріп тұрғандай «Ихсан» күйіне өтіп, Алланың ризашылығын қалап, күнәләрінің кешірілуін тілеп, қажылықтың тәртіптерін қаз қалпында орындауға ниет қылады. Алланы көрмесе де, Алла мені көріп тұр деп, ықыласын Аллаға қойып, қажылығын орындайды. Пайғамбарымыз(а.с): «Қажылық кезінде жаман сөз айтпаған, дұрыстықтан айырмаған адам анасынан туған күнгідей күнәсіз болады» деген. Абай атамыз айтқандай: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» дегендей, иманның парыздарын мойындап, жан дүниесімен сеніп, қабылдап қана қоймай, сол иманнан айырылып қалмайтындай білімді де игеру керек. Шал ақын атамыз:

«Иман қой, ақыл қойшы, нәпсі бөрі

Бөріге қой алдырмас ердің ері

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Ала алмас ешбір нәрсе шайтан, пері»

Бұл өлең шумақтарында «таяқты қатты ұстап тұрудағы» мақсат дінде мықты болуды меңзеп тұр. Дінде мықты болу үшін білімді болу шарт. Сол себепті қажылықты ниет қылған адам, жергілікті мешітке келіп, қажылықтың арнайы курстарын яғни дәрістерінен өту керек. Сондай ұлы сапарға ат үсті бару, қателіктерге ұрындырып, қажылықтың сауаптарынан құр қалуы мүмкін. Екінші рет қажылық жасау сәті түседі ме, түспейді ме бір Аллаға мәлім. Айтып өткеніміздей, қажылықта тән құлшылығы мен мал дүние құлшылығы қоса атқарылады. Мысалға қажылықта тауаф жасап болғаннан кейін,  екі бас нәпіл намаз оқу уәжіп делінген. Ал намаз оқу білмесе, қажылығында кемшілік болады. Қажылыққа адам өмір бойы дайындалу керек десек, артық айтқандық болмайды. Иманның жеті парызы білу, дұрыс ақидада болу, намазды он екі парызымен оқу, қажылық рәсімдерін жасағанда (ихрам киген соң, Қағбаны тауаф еткеннен кейін, Сафа мен Маруа арасындағы сағида) оқылатын арнайы дұғаларды арапшасын немесе қазақша мағынасында оқу. Қажылықты барлық қағидаттарына сай атқарып келгеннен кейінде, қажы атына сай өмір сүру керек. Халал мен харамды айыра білуі керек. Алла тағала харам қылғанды адал болады деп отырса несі жақсы. Барлық құлшылығы бекер болып, діннен шығып кетеді.

Ертеде бір мұнафиқ адам қажылық жасап, ел жұрттың алдында «қажы» деген құрметке ие болған екен. Арақ шарабы бар тойда харамнан дәм татпай отырған адамға, сен кімсің, көрмейсіңбе, қажылыққа барып келген менде ішіп отырмын ғой депті. Бұл барып тұрған надандық. Сондықтан қажы адам сауап пен күнәні жақсы білу керек. Алла харам деген нәрсе харам(арам), ал Алла халал(адал) деген нәрсе халал. Тіпті пайғамбарлардын да бір нәрсені адалдауға немесе харам деуге хаққысы жоқ. Қажылық міндетін орындауға дүние жүзі мұсылмандары бір жерге «Әл Харам» мешітіне жиналады. Миллондаған адамдар, тілдері басқа, түрлері басқа, түстері басқа адамдар «Алла» деп келеді. Барлықтары Алла тағаланың қадірлі қонақтары. Ешкімді ренжітпей, ұрыс жанжал шығармай, дауыс көтермей, тәртіп сақтау ол да құлшылық. Топ басшысына бағыну уәжіп. Пайғамбарымыз(а.с): « Үш адам сапарға шыққан кезде араларынан біреуін басшы етіп тағайындасын» деп бұйырған. Қажылықты ниет қылып, үйдің табалдырығын аттағаннан бастап, қажылық құлшылығы басталады. Сондықтан қажылық құлшылығына мұқият болу керек. Мысалға намазда намазды қабыл қылмайтын істі байқамай істеп қойса, қазасын өтейді. Ал қажылықта қате жіберсе, қайтіп келгеннен кейін оны қалай өтейді. Пайғамбарымыз (а.с): «Менің мешітімде оқылған намаз мың намазға тең, ал «Әл Харам» мешітінде оқылған бір намаз басқа жерде оқылған  жүз мың намаздан артық» деген. Сол сияқты жаман қылықтардың да күнәсі сан есе артып шыға келеді. Қажылықты ниет қылып, ықыласын салып барған адам сабырлы, кешірімді, салмақты, байсалды, әдепті болу керек. Риякершіліктен сақтану керек. Пайғамбарымыз(а.с): «Үмбетім қатты алаңдайтын нәрсе кіші серік келтіру» деген, ол дінді өзінің дүниеуи мақсаттарына пайдалану. Мысалға қажылыққа барған адамның ниеті «қажы» деген атаққа бола барса, Алланың ризашылығын іздемесе, Алла ондай қажылықты қабыл қылмайды. Ол қажылықтың қадыр қасиетін ұғыну керек.

Ертеде керуенге ілесіп, бір әйел адам қажылыққа барады. Құтты жер, қасиетті жер деген сөздерден, алтыннан салынған, қымбат тастармен көмкерілген бір ғажап жер деп ойласа керек. Барса төрт бұрышты кішкентай, қара тастан қаланған үйді көріп, көңілі суып қалады. Жан жағын айналып, төбесіне дейін шығып көріп, сонау жерден осыған бола келдім бе?- деп, Қағбаның қасиетінің қадіріне жетпепті. Қазір көріп отырғанымыздай көптеген адамдар сол жердің қасиетінің бабына жете алмай отырған жәйттар бар. Азғантай қиыншылыққа шыдай алмай, «ойбай» салып жатқандар баршылық. Қажылыққа рахат іздеп бармайды. Ол жер құлшылықтың жері. Пайғамбарымыз (а.с): «Қажылық ол машақат» деген. Сондықтан бізде шаршаған адамды қажыған деп айтады ғой. Қажы атанған адам сол атқа сай болуы керек. Жұрт сыйлап, төрге шығарса, өнегелі, ғибратты, тәрбиелі өсиеттер айтып, туралыққа, жақсылыққа, ізгілікке шақыра білуі керек. «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам қайырлы нәрсе айтсын немесе үндемесін»(Бұхари). Бейәдеп сөздер, өсек аяң, ғайбат сөздер айтып отырса, оның жасаған құлшылығынан не пайда, барлығы бекер болып кетуі бек мүмкін. Қорыта айтқанда мұсылман адам Алламен кездесуге әрдайым дайындық үстінде. Қаһф сүресінде соңғы аятында да Алла тағала:  فَمَن كَانَ يَرْجُو لِقَاء رَبِّهِ فَلْيَعْمَلْ عَمَلًا صَالِحًا وَلَا يُشْرِكْ بِعِبَادَةِ رَبِّهِ أَحَدًا    

«Кім Раббысына жолығуды үміт етсе, онда жақсы істер істесін, Раббысына ғибадат құлшылық жасауда оған ешкімді серік қоспасын!» делінген. Қажылық жасамағандар қажылық жасауды нәсіп етсін, ал қажылық жасағандар қажы атына лайықты болуға тырысайық.

Абылай Құрмашұлы

 «Мухсин» мешітінің бас имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲