ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

ҚМДБ РАНТ МҮШЕСІ МАҚСАТ АМАНЖОЛҰЛЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНА БАРДЫ

ҚМДБ Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Мақсат Жұмажанов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды.

Сапар барысында Мақсат Аманжолұлы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттерімен кездесті. Жас буынға «Білім алудың маңызы және жат ағымнан сақтану» тақырыптарында дәріс өткізді.

Бұдан кейін Мақсат Аманжолұлы Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде «Жамағаттың ауызбіршілігі» тақырыбында РАНТ мүшесі Мақсат Аманжолұлы уағыз-насихат айтты.Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде : «Ауызбіршілікте – Алланың мейірімі, бөлінуде – қаһары бар» (Имам Ахмад)  – деп ауызбіршілікті сақтаудың маңызын көрсетеді.

Асыл дініміз барша адамзатты бірлік пен бейбітшілікте өмір сүруге шақырады. Имам қоғамдағы кейбір діни көзқарастар мен талас-тартысқа қарамастан ауызбіршілікті сақтаудың маңызы жайлы насихат айтты.

ИМАМ ДЕГЕН КІМ?

Имамды мешітте қызмет ететін діни қызметкер ретінде ғана танып, бағалап жатамыз. Дегенмен елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауға өлшеусіз үлес қосып жүрген патриот азамат, халықтың діни сауатын ашқан рухани ұстаз, қоғамның тұтастығын сақтауға атсалысып жүрген жан сияқты көзге көріне қоймайтын қаншама еңбегін елемей жатанымыз рас. Расында имам деген кім? Қал-қадірімізше жауап беріп көрейік.

Имам – мешіттің ішіне ғана жауапты емес, тұтас бір ұлттың, мәдениеттің, елдің бірлігіне тікелей жауапты тұлға. Имам – мұсылман қауымының ең бірінші тұлғасы, ұстазы, айнасы. «Имам» сөзі араб тілінде «қоғам айнасы, жетекші, көшбасшы» деген мағыналарды білдіреді. Алла мен адамдар арасындағы құлшылық парызын өтету арқылы басталған имам қызметі Ислам тарихында көптеген белестен өтті. Кешегі атеистік кеңестік режим кезінде Алласыз қоғам құру, ұлтсыздандыру саясатына негізделген идеология имам атауының өңін айналдырып жағымсыз етіп көрсетті.

Имам – тұлға. Имам – ісі мен білімінің, амалы мен хәлінің тұтастығынан нәр алып, дінге, қоғамның ішкі тұрақтылығы мен баяндылығына өз өмірін арнайтын, Хаққа қызметін халыққа қызмет ету деп білетін саналы, жан-жақты білімді азамат.

Имам – дінге шақырушы. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай дәрежедегі имам болғанын барша мұсылман біледі. Өз қарамағындағы жамағаттың адал ас жеуін, құлшылығының мығым болуын, әділетсіздік жасамауын қадағалап, мейіріммен қарай біліп, зор сенімге ие болды. Соған сай жамағат та өз имамын барынша қорғаштап, оған зиян келтіргісі келгендерге қарсы тұрып, айтқан өсиеттерін жерге тастамады. Демек имам ең алдымен тақуа, әділ әрі жанашыр бола білсе, жамағатының құрметіне бөленбек. Жалпы жамағат пен имамның арасында сенім, құрмет болған жерде діннің өркендейтіні ақиқат. 

Имамдық қызмет, әрине құлшылыққа шақырумен, дінді уағыздаумен, Құран оқумен ғана шектелмейтініне біраз мысалдар келтіруге болады. Мысалы, қаншама қайырымдылық шаралары, мекеме, кәсіпорын, оқу орындарындағы насихат жұмыстары, келіссөздер, сауат ашу жұмыстары, ата-анамен жұмыс, мәдени шаралар, жат ағымдармен күресті үйлестіру жұмыстары үлкен күшпен, жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Одан бөлек мешіт қызметін жүргізу, шәкірт дайындау, жамағат бірлігін сақтау, діни рәсімдерді өткізу өз алдына маңызы зор еңбек.

Имам – пайғамбарлардың мұрагерлері. Ал пайғамбарлар артына мал-мүлік емес, адамдарды ізгілікке бастайтын шариғат пен жәннатқа апаратын сара жол тастап кетті. Сол жолды жалғастыру, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю – имам-молдалардың басты ұстанымы. Оларға бойұсыну мен жақсылықта жәрдем көрсету – біздің міндет. Ардақты сахабалардың бірі Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бойұсынса – Аллаға бойұсынғаны. Кім маған бойұсынбаса – Аллаға бойұсынбағаны. Кім басшыға бағынса – маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса – маған бағынбағаны», – дейді. Бұл халықтың өз басшысына бойұсынуы қажет екенін дәлелдейтін хадис.

Имам – Аллаға иман еткендердің барлығы үшін басшы. Алайда басшының салиқалы, әділ болуы оның артынан ергендерге де байланысты. Адамдар иманды, салиқалы бола бастаса, Алла оларға да адал басшы нәсіп етеді. Ал адам баласы иманы әлсіз, алдап күн көруші болса, оларды алдап өмір сүретін басшы басқарады. Яғни басшылар бағынушылардың амалдарының айнасы іспеттес. Ол туралы атамыз қазақ «Халық соқыр болса, патша қыли болады» деген. Ендеше имамдарымыздың иманды болу мен адамдардың ізгі жолға түсуі бір-біріне тығыз байланысты.

Бүгінгі заманда түрлі мінезді, түрлі ойлы жамағатты біріктіріп, бір арнаға тоғыстыру имам үшін оңай қызмет емес. Олардың әрбірінің пікірімен санасып, бейтіт түрде, мейірімділікпен мәселесін әділ шешу имамға байланысты. Сол себепті де имамдық – жауапкершілігі зор қызмет.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде кім адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады. Және олардың да сауабынан еш кемімейді», – деп айтқан. Осы хадистен-ақ имамдық қызметтің жүгін аңғаруға болады.

Имамның бес уақыт намаз өткізуі, насихатқа шақыруы ең алдымен жамағат алдында өтеді. Жамағат деген – халық, мұсылман бауырлар. Бұл екеуінің қатынасы жақсы болса, қоғамда түсіністік пен сенім болары сөзсіз. Жамағат қатары көбейсе – имам еңбегінің нәтижесі. Олай болса, Ислам діні үшін тер төгіп, татулықты сақтауда, адамгершілікті үндеуде, мейірімге шақыруда, тақуалықтың үлгісін көрсетіп жүрген имамның қадірін біле жүрейік.

Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №10, 2024 жыл

СҚО-ДА ИМАМДАР ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Облыс орталығында өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлының қатысуымен аймақ имамдарының жылдық есептік жиналысы өтті.

2024 жылы атқарған жұмыстарды қорытындылауға барлық қалалық, аудандық мешіт имамдары және алқа мүшелері қатысты. Жиын барысында ҚМДБ тарапынан бекітілген 5 бағыт бойынша атқарылған істердің қорытындысы шығарылды. Яғни, «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту», «Жат діни ағымдардан сақтандыру» сынды жұмыс бағыттары және аудандардағы мешіттердің жағдайы бойынша жалпы мәлімет берілді.

Жиын барысында СҚО бас имамы Хамзат Қажымұратұлы «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген «Дін мен дәстүр», «Бабалар ізімен» және «Ислам энциклопедиясы» кітаптарын таныстырып өтті. Оқырман қауымға жол тартқан кітаптарда дін мен қазақ халқының салт-дәстүрі, исламның қазақ даласына келу тарихы, халқымыздың әдет-ғұрпы, шариғат парыздары мен иман негіздері қамтылған.

Қала және аудан имамдарының жылдық есебін тыңдаған өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы аталған жұмыстарға оң баға беріп, алдағы қызмет барысында сәттілік тілеп, келер жылға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

СҚО БАС ИМАМЫ РЕСЕЙДЕ АЙМАҚТЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырысымен Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Қажымұратұлы жұмыс сапарымен Ресей Федерациясы Омбы қаласына барды.

Іссапар барысында өңірдің бас имамы «Сібір мұсылмандарының рухани құндылықтары: конфессияаралық ұлтаралық сүйіспеншілік негізіндегі қарым-қатынас» атты аймақтық конференцияға қатысты. Алқалы жиында қатысушылар дәстүрлі құндылықтарды, отбасында балаларға патриоттық тәрбие берудің рөлін, Ислам құндылықтарын талқыға салды.

Айта кетейік, аталған маңызды іс-шараны Омбыдағы Бірінші қалалық орталық мешіті Омбы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Осылайша конференцияда маңызды тақырыптар көтеріліп, бірқатар ұсыныстар берілді.

ДАНИЯР АЙТБАЙҰЛЫ – СҚО-ДА

Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен ҚМДБ республикалық насихат тобының мүшесі, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Данияр Кенжалин болды.

Данияр Айтбайұлының өңірге сапары «Қызылжар» орталық мешітінен басталды. Жамағатқа жайылған дастархан басында ол «Жат ағымның зардабы» тақырыбында уағыз насихат айтып, азаматтардың толғандырған сауалдарына жауап берді.

Сонымен қатар Данияр Айтбайұлы ақшам, құптан намазы алдында да қала, аудан, ауылдан жиналған ағайынға аталған тақырып төңірегінде уағыз жүргізді.

Сондай-ақ ол түзету мекемесіне арнайы барып, жазасын өтеп жатқандарға жат ағым туралы уағыз насихат айтты.

ЕЛІМІЗДЕ «ЖЫЛУ СЫЙЛА» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Елімізде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «Жылу сыйла» акциясы бастау алды. Бұл акцияға Солтүстік Қазақстан облысы да үн қосты. СҚО-дағы «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілі Қасымхан Абдуллаұлының бастамасымен өңірде әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, көмекке мұқтаж 13 отбасыға 24 тонна көмір және 5 текше метр отын алынды.

Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев ауданында орналасқан «Береке» мешітіне демеушілердің көмегімен 35 тонна көмір сатып алынды.

Сондай-ақ көп балалы, көмекке зәру отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Үй жағдайына қажетті кілемдер де табысталды. Сонымен бірге «Отбасылық үлгідегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде арнайы балалардың қолданысына 5 кілем берілді.

ЖАҢА КІТАПТАРДЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Петропавл қалалық «Қызылжар» мешітінде «Дән мен дәстүр», «Бабалар ізімен» және «Ислам энциклопедиясы» кітаптарының таныстырылымы өтті. «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген жаңа туындыларды жамағатқа өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы арнайы таныстырды.

Оқырман қауымға жол тартқан кітаптарда дін мен қазақ халқының салт-дәстүрі, исламның қазақ даласына келу тарихы, халқымыздың әдет-ғұрпы, шариғат парыздары мен иман негіздері қамтылған.

Айта кетейік жаңа кітаптар жалпы оқырман қауымға арналған.

РАББЫМЫЗДАН НЕГЕ  АЛЫСТАП  КЕТТІК?

         Өткенде бір намазхан бауырым маған мынандай сұрақ қойды:

«Имам  мен соңғы кезде құлшылықтарымның ләззатін сезіне алмай жүрмін, бойымды бір ауырлық басып тұрғандай, бұрын әр нәрсеге позетивпен қараушы едім, көңіл-күйім де жақсы болушы еді. Өмірімде қуаныш азайып, қайғы көбейгендей. Алладан алыстап кеткендеймін..Себебі не? Айтып бере аласыз ба?!»

         Жауап:

         Адам болып өмірге келгеннен кейін өмірдің ыстығы да, суығы да бар, сол секілді  жақсылық пен жамандық та қатар жүреді. Өмірдің қиындықтары мен сынақтарына нағыз мұсылман күшейсе, әлсізі жеңіліс тауып орта жолда қалып жатады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шүбәсіз, Біз адам баласын  құрама тамшыдан жараттық. Сөйтіп, оны сынау үшін еститін һәм көретін саналы тіршілік иесі қылдық»[1], деген.

Адам баласының Раббысынан алыстауының себептеріне тоқталатын болсақ бауырым:

  1. Жан азығының азаюы;

Алла Тағала адамды жаратқанда тәнін жаратқан және онымен бірге жанын жаратқан. Тәннің азығы болғандай, жанның да азығы бар. Тәнің қажеттілігін біз тоқтаусыз, үзбей беріп жатырмыз. Қалаған сусын-шәрбәтін, «жеймін» деген неше алуан азық түрлерін, көңілі не нәрсеге ауса, соны алдына әкеп бересіз. Тіпті соңғы кезде тән қалауларыңыз тізгінсіз кетті. Осы іспен әлек болған тәніңіз, құлшылықтарға мән беруді қойды, соның себебінен  зікір  етуіңіз азайды. Намазды да немқұрайлы оқисыз. Ораза ұстап нәпсіні сындырушы едіңіз, оны да қойып кеттіңіз. Есесіне бос әңгіме, орынсыз күлкіге тартатын отырыстардан қалмайсыз! Алланы еске алмаған адам біртіндеп өлі адамға айналады. Алла елшісі оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын Алланы еске алушылар мен Оны еске алмаушылардың мысалын былай деп келтіреді: «Алланы зікір етушілер мен Оны зікір етпейтіндердің мысалы тірі мен өліге ұқсайды», деген. Алланы зікір ету  жайында Құранда:  «Естеріңде болсын,  Алланы еске алумен жүректер жай табады»[2]делінген.

 Бауырым жүрегіңнің жай тауып, бақытты сезінгенін қаласаң Алланы жиі еске алып тұр.

  • Дінді тануға талпынбау, білімге ұмтылмау:

Алла елшісі: «Алла тағала кімге жақсылық қаласа дін ілімінің білгірі етеді»[3] деген. Адамның күнделікті күйбең тіршілігінде білімге де уақытын бөлгені абзал. Білім алуын тоқтатқан адам, күн сәулесі түспеген өсімдік секілді, немесе су құйылмаған гүл көшеті іспеттес. Сусыз гүл қалай қураса, білім, ғылымға талпынбаған адам да қурайды. Өмір арпалыс алаңы, сол арпалыс ішінде Алла Тағаланы тануға, асыл дінін зерттеуге уақыт бөлгені абзал. Дінді дұрыс тани алмағандықтан Алламен, адамдармен қарым-қатынасында қателіктерге ұшырап жатады. Ал қателіктен тиісті сабақ алмаған адам шайтанның құрған қақпандарына оңай олжа болады. Сол себепті бауырым дініңді терең таны, әрбір құлшылықтың хикіметін сез, сонда елден ерекше Алла тағаланың сүйікті құлы боласың!

  • Қасыңдағы жолдасыңа мән бер;

Әр адамның өзінің жолы бар, Алланың бекіткен тағдыры бар, әр амалы үшін қияметте жауап беретін Алланың құзырында есебі бар. Екінші бір адам үшін жауап бермейді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

 Әркім – өз тапқанының (өз ісінің) тұтқыны  (яғни, жұмаққа кірген әрбір жан дүниеде тапқан  сауабына  һәм иманының дәрежесіне қарай нығметке бөленеді, сондай-ақ тозаққа түскен әрбір күнәһар да өз қолымен тапқан күнәлары мен күпірлігінің деңгейіне қарай азап тартады)[4] делінген.

«Адамның күні адаммен» демекші. Мұсылман араласатын адамына мән бергені дұрыс. Егер оны бос әңгімеге, күнә амалдарға  тартатын достардан болса, қияметте оның зардабын шегеді. Жаман жолдасқа кездесіп өкінетін жандар жайында қасиетті Құранында: «Қап, әттеген-ай, өзіме обал жоқ! Пәленшені дос тұтпай-ақ қойсамшы!». «Маған жеткен тағылым-насихатқа толы Кітаптан мені алыстатып, адастырған сол», – деп аһ ұрып, бармағын шайнайды. Шүбәсіз, шәйтан адамды (азғырып, күнәға белшесінен батырады да) қысылтаяң күн туғанда, (өлмесең өрем қап деп) тастап кете барады[5].

Басқа бір аятта жақсыны жолдас тұту жайында: Уа, иман келтіргендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәделеріне берік) шыншыл жандармен бірге болыңдар[6]!, деген.

Сол себепті бауырым жолдасыңа мән бер!

  • Өз-өзіңе есеп бермеуің;

Дана Абай өзінің он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың», деген екен. Саналы түрде өзінің өміріне есеп жасап тұрған адамның өмірі жүйелі болады.

Әр күніңе есеп беруің жүріс-тұрысыңа жаңаша қарауыңа, тиісінше бағалауыңа жол ашады. Бұл ілгерідегі салихалылар мен тақуалардың салып кеткен сара жолы. Осы орайда халифа  Омар: «Есепке түспей тұрып өздеріңе есеп беріңдер», – дейді. Яғни, адам өзінің амалдарына сырттай бір сәт көз жүгіртіп мынандай ойға келу керек: «Егер тап бүгін Алланың алдында есепке түссем жағдайым қалай болар еді, осы күйімде Алланың құзырына бара аламын ба?! Бұл сұрақтың жауабы өте қиын!

  • Өлім хақында ұмыту;

Кеше бала еңкелдің ғой талай жасқа,

          Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа

Адамды сүй, Алланың хикметін сез, 

Не қызық бар өмірде онан басқа?! – деп, Абай атамыз айтқандай бір қалыпта тұра алмасымызды айналамыз әртүрлі қисындармен, мысалдармен паш етуде. Өміріңіздің бір бөлігі болған жылдар, айлар, күндер, сағаттар жылжып өтіп жатыр. Сен танитын адамдардың да қарасы күннен күнге сейіліп, кеше сұхбаттас, дәмдес болған бауырларың, қазір қасыңнан табылмауда.  Әр адам ерте ме кеш пе түбінде өліммен бетпе-бет келеді. Мейлі сіз әлемді басқарыңыз, жайпаңыз шайқаңыз, ешкімнің қолы жетпейтін жерге сарайлар салып паналаңыз, бәрібір күндердің бір күнінде өлім періштесі жетіп,  жаныңызды алары ақиқат. Алла Тағала Құран Кәрімде:

 «Қай жерде болсаңдар да тіпті ең биік қамалдардың ішінде (немесе көктегі жұлдыздарды паналасаңдар да) болсаңдар да өлім сендерге жетеді»[7],–деген.

Басқа бір аятта:

      «Әр жан иесі өлімнің дәмін татушы,»[8] – дейді.

      Адам екеш адам әр нәрсенің қадірін ол жоқ кезде немесе түгесілер шақта түсінеді. Жарқыраған күннің қадірін түнде, денсаулықтың қадірін ауырғанда, жастық шақтың қадірін қартайғанда, байлықтың қадірін кедей болғанда түсінген секілді өмірдің қадірін өлім таяр кезде бірақ түсінеміз. Сол себепті өлімді, өлімнен кейінгі жағдайыңды ойлап тұр.

  • Өткеннен үміт үзу;

Кей адамдар өмірдегі сәтсіздіктерін Алладан, ата-анасынан, мемлекеттен кейде өзінен көріп жатады. Ол ой оның санасын жаулап, орнынан қозғалтпайды, өмір бақи қарғысқа ұшыраған адам секілді жігерсіздік танытады, Алланың рақымынан үмітін үзгендей күй кешеді. Өзін басқа адамдардан төмен санайды. Осы ойлары оны бұл дүниеде жоғары мақсаттар қоюға, барша адамзатпен терезесі тең әрекет етуіне кедергі. Алла Тағала:

 «(Мұхаммед Ғ.С.): «Уа өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла баршаларыңның  күнәларыңды кешіреді. Өйткені Ол ерекше жарылқаушы, мейірімді» де,»[9] – деген. Өткен өміріміздің қателіктері мен сәтсіздіктері біз үшін дәріс, ол – тарих, ал келер шақ біз үшін беймәлім. Сол себепті өміріңді тап кәзіргі сәттен өзгертуге мүмкіндігің бар екенін ұмытпа!

Қорыта келе бауырым адам жанының құлазып кетуі – Жаратушысымен байланысының әлсіздігі, Оған жақындайтын жолдардың тарылуы, тән қалауларын есепсіз беруі, өлім жайында аз ойлауы, білім-ғылымға талпынбауынан.  


[1] Инсән сүресі, 2-3 аяттар

[2] Рағд сүресі, 18-аят.

[3] Бұхари хадистер жинағы

[4] Муддәссир сүресі 38-аят

[5] Фурқан сүресі, 28-29 аяттар

[6] Тәубе сүресі 119-аят.

[7] «Ниса» сүресі, 78-аят.

[8] «Әли Имран» 185-аят.

[9] «Зумар» сүресі, 53-аят.

МӘУЛІТ КЕШІНДЕ 7 АДАМҒА ҰМРА ҚАЖЫЛЫҒЫНА ЖОЛДАМА БЕРІЛДІ

ҚМДБ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Көркем мінездердің кемелі» тақырыбында рухани мәуліт кеші өтті. Аталған кешті айтыскер, ақын, жазушы, саясаттанушы Арман Бердалин жүргізді.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өткен кешке өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы, аудан имамдары, зиялы қауым өкілдері, дін жанашырлары, жастар қатысты. Сондай-ақ Астанадан арнайы қонақ болып келген ҚМДБ республикалық ақпарат насихат тобының мүшесі, Астана қалалық «Әл-ғани» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахметов жамағатқа Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолы жөнінде рухани насихат айтты. 

Мәуліт кешіне қызылжарлықтарды құттықтау үшін арнайы келген атақты ақын Арман Бердалин болса, «Арақ пен қазақ» термесін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Рухани кеште ғибратты жыр-термелер орындалып, тәрбиелік мәні мол сахналық қойылымдар көрсетілді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ өнегелі өмірі жайлы бейнероликтер халық назарына ұсынылды. Пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ салауаттар оқылып, сәлемдер айтылды. Сонымен қатар облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің шәкірттері сахна төрінде хадисті жатқа айтты.

Кеш соңында дінімізге қызмет етіп жүрген және мешітке келуші жамағатқа 7 адамға Ұмра қажылығына жолдама берілді.

БАЛАЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – ЕЛ ЕРТЕҢІНЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша “Зекет және қайырымдылық” қорының өкілі Қасымхан Абдуллаұлы «Балабақша – мектеп-интернат» арнайы кешеніне арнайы барды.

Сапар барысында Қасымхан Абдуллаұлы балалармен тілдесіп, олардың қал-жағдайларын сұрап, тәттілер сыйлады. Сондай-ақ, бұл күні ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнайы дастархан жайылды.

Тәрбиелік мәні зор кеш ұйымдастырған  «Зекет және қайырымдылық» қорына кешен басшылығы мен балалар алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

ҚАРТТАР ҮЙІНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ДАСТАРХАНЫ ЖАЙЫЛДЫ

СҚО бойынша «Зекет және қайырымдылық» қоры Қарттар күніне байланысты жүйелі іс-шаралар ұйымдастырады. Мәселен, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы Мухаммадсолих Мирзаев пен Аққайың ауданының бас имамы Ақылбек Бердібеков Аққайың ауданындағы Смирново ауылындағы қарттар үйіне арнайы барып, ақ дастархан жайды.

Қариялар мешіт қызметкерлерінің уағыздарын тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Қарттар үйінің тұрғындары мен басшылығы бұл кездесуге дән риза болып, өз алғыстарын білдірді.

Қазіргі таңда қарттар үйінде 232 қария тұрып жатыр. Ұлт қазынасы қарияларымыздың көңілін жұбатып, көңілдеріне медеу, жандарына жылу сөз арнаған қайырымдылық шарасы алдағы уақытта та жалғасын таба бермек.

«БЕРЕКЕ» ШАҒЫН АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

Ұлттық мереке – Республика күніне орай облыс орталығының «Береке» шағын ауданында көптен күткен жаңа мешіт ашылды. Дін жанашырларының көмегімен тұрғызылған құлшылық үйі 250 адамға арналған. Жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп қатысты.

Салтанатты іс-шара ең алдымен қасиетті Құран оқумен басталды. Кейін  Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау сөз сөйлеп, асыл дініміздің насихатталуына үлес қосқан демеуші азаматтарға алғысын білдірді.

«Алланың үйі «Береке» ықшам ауданына берекелі болсын! Дінімізде сауабы үзілмейтін ізгі амалдың бірі – мешіт салу. Сондықтан Аллаға иман келтірген мұсылмандар мүмкіндігінше мешіт салуға ерекше ден қойған. Және бұл сауапты істі айрықша ықылас пен орындауға тырысқан. Осы мешітке ат салысқан барша ағаларымызға ҚМДБ атынан өз атымнан риясыз ризашылығымды білдіремін. Алла сіздерге разы болсын! Мешіт құтты болсын ағайын!»,- деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Алла үйінің лентасы қиылған соң, қонақтар мешіт ішін аралап, жаңа құлшылық ордасында алғаш рет намаз оқып шықты. Еңселі ғимарат 250 адамға шақталған. Жаңа құлшылық ордасы ерлерге және әйелдерге арналған намаз оқу залдарынан, Құран оқу бөлмесінен және шағын кітапханадан тұрады. Мешіт жанында сонымен бірге, асхана, имам бөлмесі, дәретхана бар.

Мешіттің салтанатты ашылуына орай Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Солтанхан, Жұмабек Рахимов, Қабдолла Бейісхан секілді елге белгілі айтыскерлер С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өз өнерлерін ортаға салып, арнау айтып, айтыстан үзінді көрсетті. Сондай-ақ, бұл күні мейрамханада жамағатқа ас берілді.

Return to Top ▲Return to Top ▲