ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

ЖАСТАРДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ

Қоғам деп –  мәдениеті ортақ, белгілі бір аумақта тұратын және өздерін біртұтас деп білетін адамдар тобын айтамыз. Мұсылман адам қоғамда өмір сүргендіктен өзге адамдардың алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін білуі қажет.

Жастарымыздың өмірінде Ислам діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اَلْمُؤْمِنُ اَلَّذِي يُخَالِطُ اَلنَّاسَ, وَيَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ خَيْرٌ مِنْ اَلَّذِي لَا يُخَالِطُ اَلنَّاسَ وَلَا يَصْبِرُ عَلَى أَذَاهُمْ

«Адамдармен араласып, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр еткен мумин адам, адамдармен араласпайтын, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр сақтамайтын мумин адамға қарағанда қайырлы», – деген (имам ибн Мәжә).

Қазақ халқында: «Кекшіл болма, көпшіл бол», «Туысы бірдің уысы бір», «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген көптеген мақал-мәтелдерінде қоғаммен бірге жүретін көпшіл болуға, ағайынның қадірін білуге, сыйлап-құрметтеуге шақырған. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені, дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек.

Жастар қашан да әр халықтың әр қоғамның ең құнды қазынасы болған, солай бола береді де. Себебі, жастар – елдің тірегі, болашағы. Елдің ертеңі болған жастар тәрбиесі бүгінгі күнге дейін маңызды болған, әрі қашанда басты мәселелердің бірі бола беретіні анық. Халқымызда «Ағашты шыбық кезінде түзуле» деген жақсы сөз бар. Өйткені, жат ағыммен жарға жығылып, қоғамның санасын улап, тығырыққа тіреліп жатқандардың көпшілігі жастар.

Ислам діні қашанда жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін көрсетіп, оның тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуге шақырып келген. Себебі, дұрыс бағыт алған жастар елдің үмітін ақтайды. Қазіргі қоғамда дінді бұрыс бұрмалаудың нәтижесінде, оның ішкі мазмұнына дұрыс үңілместен қарайтын жағдайларда кездеседі. Ислам діні адамзат баласын тазалыққа, ілім-білімге, талапты болуға шақыратын дін. Ислам тәрбиесінің біздің қоғамымыз үшін пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ. Өйткені ата-бабаларымыз дін мен дәстүрді қатар алып жүрген.

Жастық шақ деп аталатын осы бір өмірлік кезеңді қоғамға пайдалы істермен өткізуге тырысу қажет. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында да жас сахабалар өте көп болды. Атап айтар болсақ,  Әли ибн Абу Тәлиб, Абдулла ибн Аббас, Әнас ибн Малик, Мусғаб ибн Умайр, Муаз ибн Жабал сынды жас сахабалар (Алла оларға разы болсын). Олар Алла Елшісіне бар ықыласымен жәрдемдесіп, өздерінің жастық шақтарынан қоғамға пайдалы әрі ізгі істермен өткізген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَيْرُ شَبَابِكُمْ مَنْ تَشَبَّهَ بِكُهُولِكُمْ وَ شَرُّ كُهُولِكُمْ مَنْ تَشَبَّهَ بِشَبَابِكُمْ

«Жастардың ең абзалы үлкендерге ұқсағандары, сондай-ақ үлкендердің ең жаманы (ғапылдыққа салынып) жастарға ұқсағандары», – деген.

Бүгінгі жас ұрпақ жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет. Жастар заманауи техникалық байланыс құралдарының барлық түрін игеріп шығуы тиіс. Діни тұрғыдан алғанда әркімнің өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал.

ИСЛАМНАН БҰРЫНҒЫ ҚАЗАҚ ЖЕРІ

Ислам діні қазақ даласына VII-VIII ғасырларда тарала бастады, ал оған дейінгі кезеңдегі қазақ даласының жағдайын зерттеу көшпелі түркі халықтарының тарихымен тығыз байланысты. Бұл кезеңде қазақ даласының тұрғындары негізінен түркі тілдес тайпалар болды. Олардың әлеуметтік, мәдени және діни өмірі өзіндік ерекшеліктерге ие еді.

 Исламға дейінгі кезеңде қазақ даласында көшпелі мал шаруашылығы басты өмір салты болды. Түркі тайпалары (сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, т.б.) жергілікті дала өркениетінің негізін қалады. Олар ру-тайпалық құрылымда өмір сүрді, яғни қоғамда рулар мен тайпалардың маңызы зор болды. Тайпаларды хандар, қағандар немесе көсемдер басқарды. Ерте ортағасырларда түркілер Түрік қағанаты сияқты қуатты мемлекеттер құрды.

 Көшпелі мал шаруашылығы негізгі шаруашылық түрі болды. Қазақ даласының табиғи-климаттық жағдайы жылқы, қой, түйе сияқты үй жануарларын өсіруге қолайлы еді. Көшпенділер жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп жүріп өмір сүрді. Сонымен қатар, отырықшы егіншілікпен айналысатын тайпалар да болды.   Мәдениет көбіне ауызша дәстүрлерге сүйенді. Түркілер батырлық жырларды, аңыздарды, эпостарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырды. «Алтын адам» сияқты археологиялық олжалар сақтар мен түркілердің мәдени деңгейінің жоғары болғанын көрсетеді. Олар зергерлік өнер, қару-жарақ жасау, киім тігу салаларында жоғары шеберлікке ие болды.

 Ислам дініне дейін қазақ даласында түркі халықтары арасында бірнеше наным-сенімдер мен діндер таралған. Олардың ішінде ең бастысы:

1. Тәңіршілдік (Тәңірге табыну)

Тәңіршілдік – түркілердің негізгі наным-сенімі болды. Бұл монотеистік сипатқа ие діни жүйе табиғат пен аспан культіне негізделді.

  • Тәңір: Көк аспан Құдайы ретінде ең жоғарғы күш болып саналды. Тәңір адамдардың өмірін, тағдырын басқаратын күш ретінде құрметтелді.
  • Жер-Су: Жер мен суды (қоршаған табиғатты) қасиетті деп санады. Адамдар табиғатқа зиян келтірмей, оның гармониясын сақтауға тырысты.
  • Рухтар: Ата-баба рухына табыну, олардың рухынан қорғау мен көмек сұрау кең тараған.
  •  

2. Шаманизм

Шаманизм Тәңіршілдікпен тығыз байланыста болды. Шаман (бақсы) табиғаттың, жануарлардың және рухтардың әлемімен байланыстырушы ретінде қызмет атқарды. Олар түрлі рәсімдер жасап, науқастарды емдеп, болашақты болжау сияқты рәсімдермен айналысқан.

3. Зороастризм

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймақтарында сақтар мен массагеттер арасында зороастризм элементтері болған. Бұл діни жүйе отқа табынуды, жақсылық пен жамандықтың мәңгі күресін насихаттады. Зороастризмнің басты символы қасиетті от деп есептеліп, отқа табынушылық сипат алған.

4. Буддизм және манихейлік

Ерте түркілердің кейбір тайпалары арасында буддизм мен манихейлік таралған. Бұл әсіресе Жібек жолы бойындағы отырықшы аймақтарда байқалды. Түркі қағанаттарының кейбір билеушілері буддизмді қолдаған.

5. Анимизм және тотемизм

Табиғаттың жанды деп саналуы (анимизм) және белгілі бір жануарлар мен табиғат объектілерін қасиетті деп тану (тотемизм) да кең тараған. Мысалы, түркі халықтары қасқырды тотемдік жануар деп есептеді.

6. Ата-баба культі

Ата-бабаның рухына табыну – рухани өмірдің маңызды бөлігі болды. Олар ата-баба рухын өз әулетін қорғаушы деп есептеді.

 Ислам діні келгеннен кейін көшпелі түркілердің мәдениеті мен қоғамдық өмірінде елеулі өзгерістер пайда болып, жергілікті дәстүрлермен үндесе отырып, жаңа өркениеттік деңгейге жол ашты. Асыл дініміз қазақ жеріне бірнеше кезеңде және әртүрлі жолдармен келді. Ол негізінен сауда, мәдени алмасу, әскери жорықтар мен саяси ықпал арқылы тарады. Сол жолдарға түсінікті болу үшін жік-жіктеп қысқаша тоқталып өтелік.

 1. Сауда жолдары арқылы таралуы

Қазақ жері Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, араб, парсы және түркі көпестері Ислам мәдениетін таратуда маңызды рөл атқарды. Саудагерлер тек тауар ғана емес, жаңа діни идеялар мен мәдениетті де жеткізді. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймақтарында (Сайрам, Тараз, Түркістан) орналасқан қалаларда мешіттер мен медреселер салынып, Исламның таралуына ықпал етті.

2. Арабтардың әскери жорықтары (VII-VIII ғ.)

Ислам алғаш рет қазақ жеріне арабтардың Орта Азияға жасаған жорықтары кезінде келе бастады. VIII ғасырда араб қолбасшысы Құтайба ибн Муслим қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан жерлерін бағындырып, ислам дінін тарата бастады. Алайда, қазақ даласының көшпелі тайпаларына бұл таңсық дін бірден сіңе қойған жоқ.

3. Қарахан мемлекеті тұсында (X-XII ғ.)

Исламның кең таралуы Қарахан мемлекетінің (942-1212 жж.) кезінде күшейді. Қарахан билеушісі Сатұқ Боғра хан Исламды мемлекеттік дін ретінде қабылдап, оны өз билігі астындағы тайпаларға тарата бастады. Осы кезеңде мешіттер мен медреселер салынып, Ислам діні қазақ даласында тереңірек орнықты.

4. Алтын Орда кезеңінде (XIII-XV ғ.) XIII ғасырда Шыңғыс ханның ұрпақтары Исламмен таныса бастады. Өзбек хан(1312-1342 жж.) мен Жәнібек хан Ислам дінін Алтын Орданың ресми діні ретінде жариялап, көшпелі түркі тайпаларының арасында кең таралуына ықпал етті. Бұл кезеңде Ислам дінінің танымы мен түркілік мәдениет бірігіп, жаңа рухани және мәдени дәстүрлер қалыптасты.

5. Қазақ хандығы тұсында (XV-XVIII ғ.)

Қазақ хандығы кезінде Ислам діні одан әрі нығая түсті. Хандар өз биліктерін шариғат заңдарымен байланыстырып, діни қайраткерлерді қолдады. Қожа Ахмет Ясауи сияқты сопылық жолын мығым ұстанған халқымыздан шыққан ғұламаларымыз асыл дінімізді насихаттап, оның рухани мәнін күшейтті. Қазақ билеушілері Исламды қабылдағанымен, көшпелі өмір салтына тән дәстүрлер мен тәңіршілдік әдеттері мен белгілері ұзақ уақыт сақталды. Дегенмен Ислам діні қазақ жеріне келгеннен кейін елдің рухани, мәдени және саяси өмірінде үлкен өзгерістер болды. Алайда бұл процесс бірден емес, бірнеше ғасыр бойы біртіндеп жүрді.

1. Діни және рухани өзгерістер ықпал етті.

  • Ислам діні қазақ халқының дүниетанымына, әдет-ғұрыптарына, заңдарына әсер етті.
  • Қазақ қоғамы Тәңіршілдік, шаманизм сияқты ескі нанымдарын біртіндеп дәстүрлі дініміз насихаттаған түсініктерге алмастыра бастады, бірақ кейбір дәстүрлер жаңа дінмен үндесіп, қайшы келмеген соң сақталып қалды.
  • Қожа Ахмет Ясауи сопылық ілімнің көрнекті өкілі ретінде халық арасында танымал болып, Ислам дінін жергілікті халыққа түсінікті етіп насихаттады. Ол жазған «Диуани Хикмет» қазақ даласында исламның кең таралуына ықпал етті.
  • Халық арасында қожалар мен ишандар діни білім беріп, исламды нығайтуға көмектесті.

2. Білім мен мәдениеттің дамуы белең алды.

  • Исламның таралуымен қазақ даласында мешіттер, медреселер салынып, халық діни және зайырлы білім ала бастады.
  • Араб жазуы кең таралып, қазақтар араб-парсы мәдениеті мен ғылымына жақындай түсті.
  • Діни әдебиеттер, қолжазбалар пайда болып, қазақ халқының әдебиеті мен ауызша дәстүрі жаңа бағытта дамыды.

3. Құқықтық жүйеге ықпалы тиді.

  • Қазақтардың әдет-ғұрып заңдары (Жеті жарғы, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы) шариғат заңдарымен толықтырылды.
  • Некелесу, мұрагерлік, қылмыстық істерде Ислам қағидалары ене бастады.

4. Қазақ хандығының саяси дамуына да әсері болды.

  • Ислам Қазақ хандығының саяси тұрақтылығын күшейтті. Қазақ хандары Ислам дінін мемлекеттің бірлігін нығайту құралы ретінде пайдаланды.
  • Мұсылман елдерімен, әсіресе Бұхара, Хиуа, Осман империясымен байланыс артты.
  • Қазақ билеушілері Исламды қабылдағанымен дінімізге қайшы болмаған көшпелі дәстүрлерін де сақтады.

5. Дәстүрлер мен тұрмысқа ықпалы сіңді.

  • Мәселен діни мерекелер (Ораза, Құрбан айт) кеңінен тойлана бастады.
  • Халық күнделікті өмірінде Ислам қағидаларын ұстана бастады (намаз оқу, ораза ұстау, қажылық сапарына шығу, адал тамақ жеу және тағы басқа).

Дегенмен, қазақ халқы Ислам дінін өз дәстүрлерімен үйлестіріп қабылдады: мысалы, бата беру, ас беру сияқты дәстүрлер діни реңк алды.

 Ислам діні қазақ жерінде орныққаннан кейін көптеген діни ғалымдар, ақындар және ағартушылар шықты. Олар ғылым, әдебиет, дін және ағартушылық салаларында үлкен үлес қосты. Қазақтың осы ғұламалар жөнінде сөз қозғамай кету мүмкін емес.

 Орта ғасырлық ғалымдар мен ойшылдарың бірі мен бірегейлерінің бірі:

  • Қожа Ахмет Ясауи (1103-1167) – әйгілі сопы, ақын, ағартушы. Ол Ислам дінінің түркі халықтары арасында кең таралуына ықпал етті. Оның «Диуани Хикмет» еңбегі түркілік Ислам мәдениетінің маңызды мұрасы.
  • Махмұд Қашқари (XI ғ.) – түркі тілдерінің тұңғыш сөздігін жасаған ғалым. Оның «Диуан луғат ат-түрік» еңбегі түркі халықтарының тілі мен мәдениетін зерттеуде маңызды рөл атқарды.
  • Әл-Фараби (870-950) – «Шығыстың екінші ұстазы» атанған ұлы философ, математик, музыка зерттеушісі. Ол Ислам философиясын дамытып, Аристотель мен Платон еңбектерін түсіндірді.
  • Жүсіп Баласұғұни (XI ғ.) – «Құтадғу білік» еңбегін жазған, Исламдық басқару жүйесін сипаттаған ойшыл.
  • Ахмет Иүгінеки (XII ғ.) – «Ақиқат сыйы» атты шығармасы арқылы Исламдық дүниетанымды насихаттаған.

Қазақ хандығы дәуіріндегі ғұламалар мен жыраулардың жауһарлары:

  • Асан Қайғы (XIV-XV ғ.) – жырау, философ, қазақ мемлекеттілігінің дамуына қатысты ой айтқан тұлға.
  • Бұқар жырау (XVII-XVIII ғ.) – Абылай ханның кеңесшісі болған, Ислам құндылықтары мен қазақ мемлекеттілігін жырлаған жырау.

XIX-XX ғасырдағы ағартушылар мен ақындардың асылдары:

  • Шоқан Уәлиханов (1835-1865) – қазақтың алғашқы ағартушы ғалымы, шығыстанушы. Ол Исламның Орталық Азия халықтарына әсерін зерттеген.
  • Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) – қазақ даласында мектеп ашқан алғашқы ағартушы, балаларға арналған Исламдық-әлеуметтік бағыттағы әдебиеттер жазған.
  • Абай Құнанбайұлы (1845-1904) – Ислам философиясын терең түсінген ойшыл ақын. Оның шығармаларында Алланы тану, рухани тазалық және адамгершілік қағидалары маңызды орын алады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931) – діни ағартушы, Ислам құндылықтарын насихаттаған, тарихи және әдеби еңбектер жазған.

 Мінекей, Ислам дінінің келуімен қазақ даласы тың әлеуметтік-қоғамдық өзгерістерге ұшырап, ғылым, әдебиет және ағартушылық дамыды. Бұл ғалымдар мен ойшылдар ислами дүниетанымды қазақтың ұлттық ерекшеліктерімен ұштастырып, халқымыздың мәдени және рухани өміріне зор үлес қосты.

 Көңілге түрлі ой салар, сөз маржанын сезінсең дегендей, жіпке тізілген асыл тастардай тізіп өткен қысқаша тарихымызды біліп жүрсек нұр үстіне нұр болады.

Қалалық «Қызылжар» мешітінің наиб имамы Адай Жылқайдаров

БАС МҮФТИ РАМАЗАН АЙЫНА ОРАЙ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫН ӨТКІЗДІ

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді.

ҚМДБ Төрағасы мұсылман үмметі үшін қасиетті саналған Рамазан айы жайлы баяндап, журналистердің сұрағына жауап берді.

«Біз Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесінің және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – ораза айт мерекесі. Биыл Рамазан айында 29 күн ораза ұстаймыз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҰЛЫҚ АЙДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ?

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мадақ! Оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедке, оның сахабаларына Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Ақиқатында Рамазан айы берекеге толы, мүмкіншілік ай. Әрбір мұсылман үшін ізгі амалдарды істеу арқылы Жаратушысына жақындай түсетін, Раббысының мейірімін үміт ететін ай. Барлық жамандық атаулыдан тыйылып, өмірін жаңа парақтан бастауға мүмкіндік алатын ай.

Уа, мұсылман бауыр!

Бұл қасиетті айдың әрбір күнін босқа жіберіп алмауға тырыс. Игі амалдарға бірінші болып ұмтыл, Алладан зор сауапты күт, өйткені бұл ай риясыз жақсылық жасайтын ай. Алланың сүйікті елшісі пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан айының алғашқы түні келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді»[1] деді.

Уа, мұсылман бауыр!

Сен бұл қасиетті айды аса ыжтаһадтылықпен қарсы ал! Ақыретің үшін салихалы амалдарды көбірек жасауға тырыс, өйткені өміріміз қамшының сабындай тым қысқа.

Өмір бекет болса, осы қысқа уақытта дүниенің қызықтарына алданбай, ақыреттік азығымызды жинайық! Бұл айда сен үшін барлық жақсылықтың есігі ашық.

Бұл ай мұсылман үшін науқан айы. Сенің Құран оқуың, Алланы еске алуың, дұға жасап садақа беруің, жақсылыққа шақырып, тіліңнен бастап, бүкіл денеңмен жасалатын жамандықтан тыйылуың, ілімді ізденуің, айналаңа пайдаңды тигізуің, Рамазан айында жасалатын ізгі амалдардың бір тізбегі ғана.

Уа, мұсылман бауыр!

Сен бұл айда өзіңе есеп беру арқылы ұлы есепке дайындығыңды саралап пысықтайтын ай. Омар (Алла одан разы болсын) былай деп айтқан:«Ұлы есепке түспей тұрып, өздеріңе есеп беріңдер, қияметтегі таразыға тартылмай тұрып, нәпсілеріңді бұл дүниеде таразылаңдар, барлық құпиялар әшкере болатын ұлы күнге қамданыңдар!»[2].

Уа, мұсылман бауыр!

Бұл қасиетті ай ізгі амалдарға ұмтылатын ай! Ал ізгі амалдардың алғашқы баспалдағы күнәларыңа шынайы тәубе етуің. Алла Тағала Құран Кәрімде:«Уа, иман келтіргендер! Шынайы түрде тәубе етіп, Аллаға бет бұрыңдар. Міне, сонда Раббыларың күнә қателіктеріңді өшіреді һәм бәріңді түбінен өзендер ағатын жәннат бақшаларына кіргізеді»[3] деді.

Шынайы түрде күнәларына өкініп, тәубе еткен адамдардың күнәсін Алла кең мейірімімен кешіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

 «Күнәсінен шынайы түрде тәубе еткен адам, күнәсі жоқ адамдай тазарады»[4], деген.

Ей, мұсылман бауыр!

Бұл қасиетті айдың кіруімен сен жаңаша оянуың қажет, күніңді жаңа парақтан бастап, өміріңді жақсы арнаға өзгерт, Алланың азабынан құтылып, уәде еткен жәннатына кірудің қамын жаса. Өмірге ақыл көзімен қарап үйрен, сол кезде өмірдің мәнін түсініп, қызылды-жасылды дүниенің қызықтарына алданбайсың! Алла Тағала Құранда:«Бұл дүниенің тіршілігі алдамшы әрі өткінші қызықтан басқа ештеңе емес»[5] деген.

Рамазан – ерекше ай. Ол Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадамдай әр күнінде береке бар.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Игі істер молаятын маусым. Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы, пенде өзін Алланың қаһарынан, тозақ отынан, қабір азабынан, әзәзілдің арбауынан, екіжүзділіктен алыс болады. Бұл ай жанды балқытатын, жүректі жұмсартатын, рухты азықтандыратын ай.

Рамазан айы қарсаңында не жасауымыз қажет:

Біріншіден: Ең алдымен мұсылман үшін осы айға жетудің өзі үлкен нығмет екенін сезіну қажет. Сол себепті Раббысынан осы айға аман-есен жеткізуін, ораза ұстап, құлшылық ғибадат жасауға мүмкіндік беретін денсаулық беруін сұрайды. Әнәс ибн Мәлик риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ражаб айы кіргенде былай дейтін:«Уа, Алла! Біздер үшін ережеп,шағбан айын берекелі ет және рамазан айына қауыштыр»[6].

Сахабалар рамазанға жақын қалғанда: «Қасиетті рамазанға жеткізе көр» деп, рамазаннан кейін: «Уа, Раббым! Оразамызды қабыл ете көр» деп, дұға жасайтын.

Екіншіден: Рамазан айына кірген адам міндетті түрде Раббысына лайықты түрде шүкір айту керек. Өйткені адамның бұл қасиетті науқан айына жетуі сансыз сауапқа кенелуге мүмкіндік алуы – Алланың адам баласына берген шексіз сыйы және бұл сенің соңғы рамазаның болмасына да кім кепіл! Сол себепті рамазан айына аман-есен жетсең, бұл ұлы нығметті Раббыңның саған берген мұрсаты деп біл.

Үшіншіден: Бұл қуаныш шаттық айы. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хабарда Алланың елшісі сахабаларын рамазан айының келуімен сүйіншілейтін. Оның (с.ғ.с.) осы турасында мынандай айтқан сөзі бар: «Сендерге Рамазан айы келді, бұл берекеге толы ай. Алла осы айда оразасын парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады»[7]. Сол себепті рамазан айында шөліркеп, аптап ыстықтың қиындығын сезген кезде, еңсең түсіп, қобалжыма керісінше әрдайым жүзіңнен күлкі кетпесін. Өйткені,  Алланың нығметін сезіп, риза болудың өзі құлшылық амалдан болып табылады.

Төртіншіден: Оразаға арнайы жоспар құр. Көпшілігіміз рамазанға қатысты лайықты жоспар құра алмағандықтан бұл айдың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Рамазан айындағы әр күнін, әр сағатын босқа өткізіп алмауымыз қажет. Жоспарыңызда намазға, Құран оқуға, білім алуға, ізгі амалдар жасауға, үзіліп кеткен байланыстарды қайта қосуға тиісінше еңбек етуге орын болған дұрыс. Сонымен қатар әр оразада ерекше ізгі амал жасау арқылы бұл оразаң өмір бақи сенің және сенің жанұяңның есінде қаларлықтай болу қажет.

Бесіншіден: Бұл қасиетті ай басталмай тұрып, оразаға қатысты фиқһ үкімдерін, парыздарын, сүннеттерін, оразаны бұзатын, бұзбайтын амалдарды, оразадағы жеңілдіктерді білген жөн. Білмесең білім иелерінен сұрап, ораза жайында толық мәлімет ал!

Алтыншыдан: Бұл ай басталмас бұрын барлық күнәларымызға шынайы түрде тәубе еткен жөн. Өйткені бұл ай күнәларымыз үшін шынайы түрде кешірім сұрап тәубе жасайтын ай.

Жетіншіден: Бұл айдың келуімен мұсылман адам жақындарына хабарласып, оларды құттықтап, құттықтау қағаздарын әзірлеп, үйді тазартып, маңызды болған істерін рамазанға дейін аяқтап, үйге қажетті заттарды алып ерекше дайындалуы қажет.

Сегізіншіден: Өткен жылғы ораза айында жеткен жетістігімен шектеліп қалмай сол игі істерді одан ары дамытып кемеліне келтіруі қажет. Өткен жылы ораза барысында жіберген қателіктері болса, оны осы айда қайталамауға тырысады. Ораза мұсылман үшін жаңа парақ іспеттес өміріне көз жүгіртіп, сол таза жаңа параққа тек сауапты амалдар жазылуына бар күш жігерін жұмсауы тиіс.

Баршаларыңыздың мүбарак айдағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті.

Пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.

Сондай-ақ өзіңізге қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан https://www.muftyat.kz/kk/page/web/ramadan/ сілтемесі бойынша жүктеп алуға болады.

СҚО БАС ИМАМЫ

 ӘДІЛБЕКОВ ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ


[1] Бұхари хадистер жинағы.

[2] Тирмизи жинағы.

[3] «Тахрим» сүресі, 8-аят.

[4] Ибн Мәжә хадистер жинағы.

[5] «Фурқан» сүресі, 20-аят.

[6] Ахмад хадистер жинағы.

[7] Ахмад хадистер жинағы.

ЖЫЛҚЫНЫҢ ЗЕКЕТІ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлемдер болсын.Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз.

«Намазды толық орындаңдар және зекетті беріңдер», – деп айтылған.
Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
зекетті бес парыздың ішінде атап:

 Зекет –Ислам дінінің негізгі бес тіректерінің бірі. Зекет тілдік тұрғыда:  тазару, өсу, өну, арту және береке деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда зекет деп- нисап көлеміне жететін дәулетті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылында бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады.
  Алла Тағала Қасиетті Құранның көптеген аяттарына зекетті намаз құлшылығымен  бірге бұйырған. Бұл да бізге зекеттің қаншалықты маңызды іс екенін көрсетуде.Мысалы:Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 43-ші аятында:
«Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.ғ.с) оның Елшісі екендігіне куәлік беру, намазды орындау, зекет беру, рамазан оразасын ұстау, шамасы келген кісіге Алланың үйіне қажылық ету»,-деген.

Зекеттің түрлері адамның иелігіндегі мал-мүлікке байланысты бөлінеді. Мысалы: төрт түлік малға, алтын-күміске, егінге және сауда заттарына. Осыған орай жылқы зекетінің үкіміне кеңірек тоқталғым келеді.
Жылқы зекетінің үкімі: меншіктегі жылқы екі түрлі үкімде қарастырылады. Ол не қолда күтілген жылқы, не өрістегі жылқы. Қолда күтілген не өрістегі жылқылар көлік, жүк тасу, соқа жегу мақсаттарын көздесе, зекет төленбейді. Өйткені бұл жағдайда олар қалыптағы тіршілік қажеттіліктерін ғана жабады. Ал зекет болса, тіршілік қажеттіліктерінен артылған әрі өсіп-өніп тұрған мүліктен ғана төленеді.
Қолда күтілген не өрістегі жылқыдан сауда мақсаты көзделсе, ижмағ (ислам ғұламарының белгілі бір мәселелнің үкімінде ортақ көзқараста болуы) бойынша сауда тауарларына тән зекеті төленеді. Өйткені саудаға әзірленуі жылқы малының негізгі қажеттіліктерден артылып,өсіп-өніп тұрғанын білдіреді.
Жылқының нисабы-85 грамм алттынның құнымен есептеледі.
Жылқылар тек байтал немесе айғыр-байтал болып аралас болуы және оларды қосып бағасын есептегенде, құны нисап мөлшеріне жетуі шарт. . Жылқылардың бағасы ақшалай есептеліп, оның 2,5%-ы (40/1) зекетке бөлінеді.
Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: Жылқы үш түрлі болады: Кей адамның соры, кей адамның қорғаны және кей адам үшін сауап көзі болады. Иесінің соры болар жылқыға келсек, иесі оларды өзгелердің алдында мақтану әрі көкірек керу мақсатында немесе мұсылмандарға қарсы соғыста қолдану үшін баптайды. Бұндай жылқы иесінің соры. Иесінің қорғаны болар жылқыға келсек, иесі оларды дін жолында ұстап, сол жылқыларының арқасында тапқан таянғанынан Аллаһ разылығы үшін кедейлердің ақысын да беруді ұмытпайды. Бұндай жылқы иесінің (дүниеде пақырлықтан, ақыретте тозақ отынан) қорғаны болады. Ал, иесіне мол сауап әкелетін жылқы болса, иесі оларды Аллаһ жолында ұстап, мұсылмандардың игілігіне пайдалану үшін жайылымда немесе кең бақшада бағады. Оған жылқыларының әлгі жайылымда немесе бақшада жайылып жүріп жеген шөбінің мөлшерінде, сол жерде қалдырған тезегі мен төккен зәрінің мөлшеріндей сауап жазылып отырады. Әрі жылқы жібінен босап кетіп жайылымды бір-екі айнала шабатын болса, қалдырған әрбір ізі және тастаған тезегі мөлшерінде Аллаһ тағала оған сауап жазады. Сондай-ақ, иесі оларды өзінің жағалауымен айдап өткенде суғарғысы келмесе де жылқылары өздігінен су ішсе, Аллаһ тағала оған жылқыларының ішкен суының мөлшеріндей сауап жазады-деп айтты.

                                  «Qyzyljar qalalyq meshiti-нің бас имамы: Исаев Қ.А.

ИМАНДЫ ҰРПАҚ ЕЛІН ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕГЕ ТАНЫТАДЫ

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» дегеніндей қазақ жастарына бағыт-бағдар көрсету – аға буынның еншісінде. Бүгінгі жастар ертең ел тізгінін ұстайды. Ұлттық құндылығымыз бен бабалар мұрасын арқалау – солардың міндеті. Тарихтың тағылымын бүгінгі біліммен сабақтастыру заманның озық ғылымын меңгерумен жүзеге асады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ana tili» газетіне берген сұхба­тында: «Еліміздің тағдыры – жас­тар­дың қолында. Біз отаншыл­дығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні. Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін. Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуге тиіс. Жастарымыз халқы­мыз­дың болмысына жат идея­лар­дың жетегінде кетпесе, күйзе­ліске түспесе, нигилизмге бой ал­дыр­маса екен деп тілеймін», деген еді.

Сұхбатта Президент жастардың ұлттық болмысымызға жат идея­лар­дың жетегінде кетпеуіне баса мән беру қажеттігін айрықша атап өтті. Жастар – қоғамның бола­шағы. Академик Ахмет Жұбанов «Жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болуы шарт» деге­ндей, олардың тәрбиесі ұлт­тың, діннің және мәдениеттің сабақтастығы үшін өте өзекті. Жас­тарды дұрыс тәрбиелеуде кешенді тәсіл­дер қолдану қажет.

Ең алдымен, отбасылық тәрбиеге назар аударған дұрыс. Отбасы – алғашқы тәрбие ошағы. Тәрбиедегі ата-ананың үлесі – үлгі бола білуі. Жастар ата-анаға қарап бой түзейді. Осылайша, олардың дүниетанымы мен көз­қарасы қалыптаса бастайды. Жү­сіп­бек Аймауытұлының  әйгілі «Тәрбие» мақаласындағы: «Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектікті, шын­шылдықты, өтірікшілікті бе­ре­тін кім? Ол, әрине, ата-ана­ның тәрбиесі. Баланың бойына басынан сіңірген мінезді қайта түзету қиын. «Сүтпен сіңген мінез сүйек­пен кетеді» деген сөз ата-ана тәр­биесінің күштілігін көрсетеді…».

Екіншіден, жастардың білім мен интеллектуалдық тәрбиесіне назар аудару. «Жастардың тәрбиесі түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деп Алаш зиялылар айтқандай, білім жастардың бас­ты жұмысы мен ажырамас бол­мысына айналуы қажет. Жас буын­ның білімге құштарлығын ояту мақ­са­тында танымдық іс-шара­лар ұйым­дастыруды, отбасы­лық кітап оқу сағатын бекітуді, дебат, интел­лектуалдық жарысқа қа­тыс­тыруды жүйелі түрде қолға алған дұрыс. Білім тек пайда табу көзі емес, тұлғалық дамудың басты құ­ра­лы екенін санасына сіңірген жөн.

Үшіншіден, жастардың рухани және мәдени тәрбиесіне көңіл бөлу. Өскелең ұрпақтың өз мәдениетін, тілін құрметтеуі, ұлттық құндылықты дәріптеуі, қазақтың дәстүрін, тарихын білуі, Әл-Фараби, Абай, Шәкәрім секілді тұлғалардың өмірі мен еңбегін білуі маңызды деп атар едік.

Төртіншіден, психологиялық тәрбие жастардың жан тыныштығы мен жеке тұлғалық дамуына, өзіне сенім артуына, пікірін ашық айтуына, қиындықты жеңуіне, эмоциясын басқаруға, шыдамдылық танытуға, өзін-өзі бағалауға әсер етеді. Жастарды тәуелсіз ойлау дағдысына баулу, өз бетінше шешім қабылдауға үйрету қиын жағдайға түскен кезде пайдасын береді. Сондықтан жастарға психологиялық қолдау көрсете білуіміз керек.

Бесінші, әлеуметтік тәрбие – қоғамда жастардың жауапкер­шілігі мен азаматтық белсенділігін дамытуға тікелей әсер етеді. Олар­ды бұл ретте қоғамдық жұмыс­тарға, яғни волонтерлік, қайырым­дылық іс-шараларға тарту өте өзекті.

Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіндегі сұхбатында: «Жұмыс­шы мамандықтар мол әрі тез табыс та­бу тұрғысынан қызықтыра қой­­мауы мүмкін. Бірақ бұл ма­ман­дықтардың еңбек нарығын­да сұранысқа ие болатынына да, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорындарды аралаған кезде жастарды жиі жолықтырамын. Олардың арасында жұмысшы әулеттерінің өкілдері көп екені көңіл қуантады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға мате­риалдық және моральдық жағынан көмектесу», деген еді.

Алтыншы, денсаулық және спорт тәрбиесі де – күн тәртібіндегі мәселе. Дені сау ұрпақ – мықты ұлттың кепілі. Жастардың физика­лық және моральдық тұрғыдан шынығуы – заман талабы. Баланы футбол, күрес, жүзу сияқты спорт түрлеріне қызықтыру қажет-ақ. Дұрыс тамақтануды үйрету де бала­­ның өмірі мен денсаулығына оң әсер етеді. Зиянды әдеттерден қор­­ғауға, мысалы темекі, ішім­дік, есірт­кіден сақтандыруға міндет­тіміз.

Жетінші, оларға дұрыс діни тәрбие беру. Діни тәрбие жастарды рухани дамуға, имандылыққа, адамгершілікке жетелейді. Жас буын өкілдерін сабырлы болу, шүкірлік ету, адалдық таныту, әділдікті ұстану, мейірімділікті ту ету секілді көркем мінездер мен адамгершілік қасиеттерге баулу аса маңызды. Ата-анаға, ұстазға құрмет көрсету, үлкендерді сыйлау, кішіге қамқор болу сынды діни тәрбие олардың жалпы өмірінде айрықша рөл атқарады.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарлық баяндамасында: «Жастар қай кезде де қоғамның негізгі қозғаушы күші болған. Егер жас буын өкілдерінің қайраты мен қажырын, білімі мен жігерін жақсы істерге бағыттай білсек, оларға жасаған жақсылығымыздың бірі болар еді. Өкінішке қарай қазір кейбір жастар тұла бойындағы күш пен жігерді еңбек етуге, білім алуға жұмсаудың орнына оңай жолмен табыс табуға ұрынып қалуда. Олардың лотереяға, букмекерлік агенттіктерге әуестенуінің, онлайн ойындарға қызығуының себебі осында жатыр. Демек, біз, баршамыз бірігіп, жастардың бойын­да көрініс тапқан осындай жаман әрекеттерді жоюға атсалысуымыз қажет. Өскелең ұрпақты ізгілікке баулу мақсатында ұйым­дас­тырылып келе жатқан іс-шара­ларды тоқтатпауымыз тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, кезекті Жастар форумын өткізген дұрыс. Басқосуда «Жастардың әдебі мен мәдениеті» құжатын қабылдап, оны барынша жас буын өкілдері арасында насихаттау қажет», деп атап өтті.

Бүгінде Қазақстан мұсыл­ман­­дары діни басқармасы жанындағы Жастар кеңесі қоғам­дық мәселелер бойынша жас буын өкілдерінің үнін жеткізіп, белсенділік танытып келеді. Түрлі саланың білікті мамандарының басын біріктір­ген Жастар кеңесі тек сөз жүзінде емес, нақты қадам жасап, ізгі іс-шаралардың белортасында жүр­гені қуантады.

Өскелең ұрпақты ізгі істерге бағыттап, өмірлік ақыл-кеңесімен бөлісіп, жөн сілтеп отыру – өмір­де көргені көп үлкендердің асыл борышы. Бұл міндетті атқару­да аға буын өкілдері, ата-аналар мен мұғалімдер барынша ыж­дағатты болғаны абзал. Жастар­дың тәуекелшіл қасиетін жақсы бағытқа бұру – даналықтың көріні­сі. Сондықтан қоғам болып жаста­рымыздың толыққанды білім алуы­на, саламатты өмір салтын ұста­нуына, өзін жан-жақты жетілді­руге, имани тәлім-тәрбие алуына барынша жағдай жасауға тырысайық.

Төлеби ОСПАН,

Алматы қаласының бас имамы 

«Egemen Qazaqstan» газеті, №30, 2025 жыл

ПАЙҒАМБАРЛАР ЖӘНЕ ЕГІНШІЛІК

Адал еңбек арқылы несібе табу – пайғамбарлардың жолы. Ешбір пайғамбар кәсіпсіз болмаған. Пайғамбарлар тура жолды көрсетіп қана қоймай, өмірде түрлі кәсіппен де айналысқан. Пайғамбарлар айналысқан сондай кәсіптің бірі – егіншілік.

Алла Тағала адамзаттың атасы Адамды (оған Алланың сәлемі болсын) топырақтан жаратты. Кейін Адам атаның өмірлік серігі етіп Хауа анамызды жаратты. Адам ата мен Хауа ана Ібілістің азғырғанына алданып, тыйым салынған ағаш жемісін жегеннен соң, Алла Тағала оларды жерге түсірді. Ол жайында Алла Тағала Құранда: (Алла Тағала Адам мен Хауаға және Ібліске): «Бір-біріңе дұшпан болған күйде жерге түсіңдер. Сендерге жер бетінде бір мерзімге (Қиямет күніне) дейін тұрақ әрі (дүние игіліктерін) пайдалану болады», – деді.

Адам ата (оған Алланың сәлемі болсын) жер бетіне Хауа анамызбен бірге түскен соң адал ризығын табу үшін егіншілікпен айналысты. Адам ата жер өңдеуді жетік меңгерді. Имам Қуртуби: «Адам егіншілікпен айналысты», – деген. Адам ата балаларына да егін шаруашылығы және осыған ұқсас басқа да көптеген ризық табу жолдарын үйретті. Мысалы, Қабыл – егiншiлiкпен, ал Әбіл мал шаруашылығымен айналысты.

Егіншілік – адам өмір сүре бастаған кезден бастау алған, пайғамбарлардың сүннеті болған істердің бірі. Ибраһим, Лұт, Аюб (оларға Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлар егіншілікпен айналысқан. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Ибраһим мен Лұт пайғамбарлар егіншілікпен айналысқан еді», – деген. Аюб (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар жомарттығымен де танылған. Күн сайын үйіне кедейлерді шақырып, тамақтандыратын болған.

Егін егу – сауапты іс. Жақсы ниетпен егін еккен мүмин мол сауапқа кенеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) егін, ағаш егуге қызықтырып, оның сауабы бұл дүниеде ғана емес, өмірден өткеннен кейін де барып тұратынын айтқан.

Әнас ибн Мәліктен (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе, одан адам, жануар не құс жесе, ол үшін садақа болып жазылады», – деген. Бұл хадис ағаш пен егін егудің қаншалықты маңызды сауапты іс екенін көрсетеді. Бұл амал адамға тірі кезінде ғана емес, өлгеннен кейін де пайда әкеледі. Әнас ибн Мәліктен (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті түрлі амалдың сауабы пенде дүниеден өткеннен кейін де қабіріне барып тұрады. Біреуге ілім үйретсе, құдық қазса, құрма немесе басқа да ағаштар ексе, мешіт салса, Құран кітабын мирас етіп қалдырса және қайтыс болғаннан кейін артынан оған жарылқау тілейтін ұрпақ қалдырса», – деген. Осы хадисте жеті амалдың, оның ішінде ағаш еккен адамға сауабы дүниеден өткеннен кейін де барып тұратынын ерекше атап өткен.

Егіншілік – тәуекелді талап ететін кәсіп. Дихан күн ыстықта ала жаздай далада тер төгіп, ауа райының қолайлы болуын, жаңбыр жауып, егінінің мол өнім беруін, дер кезінде жинап алуын Алладан тілейді. Алла Тағаланың дәнді қалай өсіріп жатқанына куә болып, Оның құдіретін жүрегімен сезінеді. Бұл жайында Алла Тағала «Уақиға» сүресінде: «Еккен нәрселеріңді көрдіңдер ме? Соны сендер өсіресіңдер ме, әлде Біз өсірушіміз бе?» – деген. Сондай-ақ егінші адал еңбек етіп, нәпақасын тауып, өзіне, қоршаған ортаның жақсаруына, адамзатты түрлі өніммен, жемісжидекпен қамтамасыз етуіне, табиғатты аялауына үлес қосады. Өйткені дініміз жерді өңдеп, қоршаған ортаны қорғап, көркейтуге бұйырады әрі мұсылман адамның барлық жағдайда өзіне және басқаларға пайдалы болуын қалайды.

Қараусыз қалған, құнарсыз жерлерді игеріп, егін мен ағаш егуге үндейді. Ағаш пен егін егудің табиғатқа, адамзатқа тигізер пайдасы өте мол. Имам Мауарди: «Адамның күнкөрісі үш нәрсе арқылы болады: егіншілік, сауда-саттық және қолөнер. Мен үшін егіншілік – ең абзалы әрі ең жақсысы. Өйткені егіншілікте Аллаға тәуекел ету бар. Егін егу арқылы адамдар мен жер бетіндегі барлық жаратылыстардың ризығына себепші болады. Осылайша сауапқа кенеледі», – деген. 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсылыққа, қайырымдылыққа, тіпті сол еңбегінің жемісін көрмесе де басқаларға пайда әкелуге шақырған. Хадисте: «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, Қиямет басталып кетсе де қолындағы көшеттi (үлгеретiн шама болса) дереу отырғызсын», – деп бұйырған.

Қорыта айтқанда, егін, ағаш егу, жерді игеріп-өңдеу, қоршаған ортаны қорғап-көркейту, оған зиян тигізбеу – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті әрі әрбіріміздің міндетіміз. Пайғамбарлар айналысқан егіншілік кәсібін жандандырып, адал еңбегіміз арқылы несібе табуымызды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін!

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №1, 2025 жыл 

ЖҰМЫСШЫҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАП – ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН СЕНІМ

Бірде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар әйгілі Ніл өзенін артқа тастап, шөл далада жаяу келе жатты. Аяқ киімі жыртылып, жарамай қалғандықтан, жалаңаяқ жүруіне тура келеді. Жолай ішіп-жемге ештеңе таппай, нәр тартпай, ағаштың жапырағын жеуге мәжбүр болады. Осылайша Шұғайып (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың елі Мәдиян қаласына жетеді.

Мәдиянға жетіп, суат басында отырғанда қойлары мен түйелерін айдап келген малшыларды көреді. Суат қала сыртында орналасқан. Онда адамдар мен малшыларға арналған құдықтарды қоршай салынған бірнеше науа болатын. Жергілікті малшылар малын суару үшін құдықтан су тартып, науаға су толтыратын. Осы сәтте Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар қойларын суатқа жібермей қайта-қайта кері иіріп тұрған екі қызды көреді. Бұл туралы Құранның «Қасас» сүресінің 23-аятында былай баяндалады: «Мәдиянның суатына келіп жеткенде суат басында малын суарып жатқан бір топ адамды көрді. Сондай-ақ олардан әудем жерде малын суатқа жібермей қайырып тұрған екі бойжеткенді көзі шалды. Олардан: «Екеуің неге бұлай тұрсыңдар? (неліктен елмен бірге малдарыңды суармайсыңдар?)» деп сұрады. Екеуі: «Малшылар малын суарып болып, сауат басынан кетпейінше малымызды суармаймыз. Әкеміз қарт адам еді (сондықтан малға бізден басқа қарайтын ешкім жоқ)» деп жауап берді».

Деректерде қыздардың әкесі егде жасқа келген Шұғайып екені айтылады. Қыздардың жауабын естіп, жағдайға қаныққан Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар бірнеше кісінің жұмысын жалғыз өзі атқарып, шаруаны тиянақты әрі жауапкершілікпен орындайды. Осылайша қыздардың қойларын жалғыз өзі суарып береді. Өйткені бұл жұмыс үлкен күшті қажет ететін еді. 

Осыдан кейінгі оқиға Құранда былай баяндалады: «Сөйтіп ол екі бойжеткеннің малын суарып берді де (екеуі кеткеннен кейін) көлеңкені саялап: «Уа, Раббым! Шүбәсіз, маған берер қандай жақсылығыңа, нендей нығметіңе болса да зәрумін!» деді» («Қасас» сүресі, 24-аят). Ғалымдардың айтуынша, Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Мәдиянға барған кезде көп жаяу жүргендіктен табанының терісі сыпырылып, орнына шор су жиналып, сүйелге айналған еді. Қарнының ашқаны сондай, қарны қабысып, тіпті аузынан ағаш жапырағының табы білінетін. Оның бұл күйін көрген және Аллаға жасаған дұғасын естіген әлгі екі қыз болған жағдайдың бәрін әкесіне баяндап береді.

Шұғайып қыздарына көмектескен Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға алғыс айту ниетімен бойжеткеннің бірін жіберіп, үйіне шақырады. Бұл жайтты Алла Тағала: «Сонда екі бойжеткеннің бірі оған ұялған түрде келіп: «Сізді әкем шақырып жатыр. Бізге қол ұшын беріп, малымызды суарып бергеніңіз үшін ақыңызды бермек» деді…» («Қасас» сүресі, 25-аят) деп баяндайды.

Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Шұғайыптың шақыртуын қабыл алып, бойжеткенмен бірге оның үйіне қарай беттемек болғанда қыз жігіттің алдына түсуге ұялады. Мұны бірден сезген Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар оған: «Сен менің соңымда жүре бер. Мен де шамалап жүре беремін. Егер басқа жолға түсіп бара жатсам, тас лақтырып ишара жасап қой», – дейді. Мұсаның (оған Алланың сәлемі болсын) бұл сөзі мен әрекеті пайғамбарларға тән әдептердің бірі еді. Шұғайыптың осы қызы кейін оған тұрмысқа шығады.

Сонымен Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар мен Шұғайып біраз әңгімелеседі. «Сонда қыздардың біреуі: «Әкетай, оны жалдап алыңыз. Расында жалдайтын ең жақсы адамың, осындай күшті де сенімді болсын» деді» («Қасас» сүресі, 26-аят). Демек қыз әкесіне оны жалдап алу туралы осындай ұсыныс тастайды. Әкесі одан бұл жігіттің күшті әрі сенімді екенін қайдан білгенін сұрағанда
қызы оның мал суару кезінде бірнеше кісі атқаратын жұмысты жалғыз өзі істегенін және үйге келерде артына түспей, алдында жүргенін әңгімелеп береді. «Сонда әкелері Мұсаға: «Сені мына екі қызымның біреуіне қосқым келеді. Соның қарымы ретінде қолымда сегіз жыл жұмыс істейсің. Егер он жылға толтырамын десең, оның (бізге жасаған) жақсылығың болады. Саған ауыртпалық артқым келмейді. Алла қаласа, менің ешкімге қиянаты жоқ ізгі жан екенімді әлі-ақ көресің», – деді» («Қасас» сүресі, 27-аят). «Мұса оған: «(Мақұл!) Екеуіміздің арамыздағы келісім осы (болсын). Аталған екі мерзімнің қайсыбірін өтесем де, маған одан артық талап қойылмаса (әрі кінә тағылмаса) керек. Байласқан сөзімізге бір Алла куә әрі кепіл!» – деді» («Қасас» сүресі, 28-аят). Сонымен келісім бойынша Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Шұғайыптың қызының біріне үйленіп, қалың малы ретінде он жыл қойын бағып береді.

Біз осы ой салар оқиғадан көптеген сабақ аламыз. Физикалық тұрғыдан әлсіз адамдарға, яғни қойын суара алмай тұрған екі қызға жақсылық жасап, көмектескен Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар сауапты амалының қарымтасын адамнан емес, тек Алладан сұрап, нығметке бөлеуін тілеп, жалбарынды. Бір өзі бірнеше адамның жұмысын атқарған Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың еңбекқорлығын көреміз. Алла Тағала еңбек еткен адамның сыйын, нәпақасын береді. 

Ерекше назар аударатын жайт: жұмысшы адамға қойылатын басты талап – жауапкершілік пен сенім. Жауапкершілік пен сенімді, бәрінен бұрын тақуалықты бойына жиған адам қай жерде болса да жетістікке, мол нығметке бөленеді.

Жүсіп (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың оқиғасы да біз үшін үлкен ғибратқа толы. Қаншама сынақтар мен қиындықтарды бастан кешкен, білімді әрі дана, өз ісінің білікті маманы екенін көрген патша оны кеңесші етіп алады. Осылайша Жүсіп (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар мемлекет істеріне басшылық жасайды. Патша оған билікті түгел тапсырады. Молшылық жылдардың түсімінен Жүсіп (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар мүмкіндігінше пайдаланып, дәнді дақылдар мен азық-түліктерден қор жинап қоятыны Ислам тарихынан белгілі. Оның билікте отырғанына жеті жыл толған кезде құрғақшылық басталады. Ашаршылық Мысыр елінен басқа барлық жерлерді қамтып, тіпті Палестинаға да жетеді. Ашаршылықтан әбден қиналған халық Мысырға бет алып, азық-түлік сатып алады. Палестинадан Мысырға азық-түлік алуға ағылған керуендердің ішінде бір кездері Жүсіп (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарды қызғанышпен құдыққа тастап, одан құтылғысы келген бауырлары да болады. Жүсіп (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар оларға да кеңшілік танытып, керуенін азық-түлікке толтырып жібереді. Осылайша ол жамандыққа жақсылықпен жауап беріп, пайғамбарлыққа тән әдеп танытады. 

Жүсіп пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) жайлы баяндалған Құранның мына аяттарына назар аудару маңызды екенін айтқымыз келеді. Құранда былай жазылған: «Патша: «Оны дереу дәргейіме алып келіңдер. Өзіме арнайы кеңесшім етейін», – деп бұйырды. Сөйтіп Жүсіппен сөйлескеннен кейін: «Сен бүгіннен бастап біздің алдымызда жоғары мәртебелі, сенімді тұлға боласың», – деді. Сонда Жүсіп оған: «Ендеше мені бұл жердің (Мысыр елінің) қазыналарын басқарушы етіп тағайында. Өйткені мен қазынаны ұстай алатын сенімді әрі қазына ісін жүргізуді жақсы білетін адаммын», – деді. Міне Біз осылайша Жүсіпке Мысыр жерінде қалаған жеріне отырып, қалаған ісін істей алатындай (қай жерде болса да сөзі жүретіндей) етіп жақсылап орын тептірдік. Біз қалаған құлымызды осылай ерекше рақымымызға бөлейміз, әрі Алланы көріп тұрғандай, ең болмаса, Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын қаперінде ұстап, игі істер істейтін ізгі жандардың сауабын (еңбегін) зая етпейміз» («Жүсіп» сүресі, 54-56 аяттар).

Жүсіп (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың патшаға: «Ендеше мені бұл жердің (Мысыр елінің) қазыналарын басқарушы етіп тағайында. Өйткені мен қазынаны ұстай алатын сенімді әрі қазына ісін жүргізуді жақсы білетін адаммын», – деген сөзінен алар ғибрат мынадай: бойында бір іске деген қабілет, сенімділік, аманатшылдық, яғни жауапкершілік қасиет болған адамның сол жұмыстың өзіне жүктелуін сұрауға болатынын байқаймыз. Көпшілігіміз ұжымда түрлі салада жұмыс істейміз. Кейде ақсап тұрған саланы дамыту үшін жауапкершілік алу қажет сәттер болады. Сондықтан өзінің қабілеті мен біліміне сенген адамның сол саланы жауапкершілігіне алуында үлкен сауап бар. Себебі жауапкершілік пен сенім – істің әшекейі.

«Алланы көріп тұрғандай, ең болмаса, Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын қаперлерінде ұстап, игі істер істейтін ізгі жандардың сауабын (еңбегін) зая етпейміз» деген аяттан алар ғибрат: Алла Тағала сауапты іс жасаған адамның еңбегін ешқашан зая етпейді. Жаратушы Иеміз адал жұмыс істеген адамды нығметіне бөлейді. Өйткені дініміз әр мұсылманды адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге үйретеді. Ардақты Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз көптеген хадисінде маңдай терімен еңбектеніп жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған. Өзінің өсиеттерінде: «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеумен келеді» десе, тағы бір хадисінде: «Кейбір күнәлар бар, оларға намаз, ораза, қажылық та кәффарат бола алмайды. Тек күнкөріс қамымен қажымай жұмыс істеу ғана оны жуып-шая алады», – делінген. Алла Тағала баршамызға адал еңбек етіп, айналамызға пайдалы болған мұсылман болуды жазғай! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №1, 2025 жыл

РАМАЗАН АЙЫНА ОРАЙ @MUFTYATBOT ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен @MuftyatBot Telegram-боты іске қосылды.

Бот жұмысын Бас мүфти төрағалығымен Рамазан айына орай өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Орынхан таныстырды.

Оның айтуынша, жаңа Telegram бот Рамазан айында пайдаланушылардың діни сұрақтарына жауап беру үшін арнайы әзірленді, ол шариғат мәселелері бойынша ақпарат беруге және кеңес ұсынуға арналған. Одан бөлек қолданушылар бот арқылы Рамазан кестесін жүктей алады. 

Жаңа Telegram боттың қосылу сілтемесі: https://t.me/muftyatbot

ҚМДБ: БИЫЛ РАМАЗАН АЙЫ 1 НАУРЫЗДА БАСТАЛАДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті.

Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі.

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.

Сондай-ақ өзіңізге қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан https://www.muftyat.kz/kk/page/web/ramadan/ сілтемесі бойынша жүктеп алуға болады.

РАМАЗАН АЙЫНА ОРАЙ ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен қасиетті Рамазан айына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісі өтті.

«Алдағы күндері күллі мұсылман үмбеті асыға күтетін айлардың сұлтаны – Рамазанға қадам басамыз. Бұл ай – береке мен мейірімнің, сабыр мен сауаптың кезеңі. Сондықтан, дайындық жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарауымыз керек. Біз мешіттерімізде жамағаттың құлшылықтарын ыңғайлы әрі жүйелі ұйымдастыру, ауызашарлар өткізу, қайырымдылық шараларын жандандыру, тарауық намазын дұрыс жүйелеу секілді мәселелерді талқылап, тиісті шараларды пысықтауымыз керек. Сондай-ақ, халыққа діни ақпаратты кеңінен тарату, оразаға қатысты сұрақтарға жауап беру, пәтуаларды дер кезінде ұсыну – біздің басты міндетіміз» деді Бас мүфти.

Жиналыс барысында бөлім меңгерушілері өздерінің жұмыс бағыттары бойынша Рамазан айында атқарылатын іс-шаралар жоспарын бөлісті. Жиын соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ қызметкерлері мен облыс бас имамдарына нақты тапсырмалар берді.

БАС ИМАМ ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕСІНДЕГІ АЗАМАТТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

«Ислам және отбасы құндылығы »жылы аясында облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №48 мекемесінде жазасын өтеуші азаматтармен   кездесу өткізді.

Кездесу барысында бас имам жазасын өтеушілермен сұхбат жүргізіп, «Мұсылман адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі» тақырыбында насихат айтты. Сондай-ақ, азаматтардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді.

Жалпы СҚО бойынша осындай 5 түзету мекемесінде дін қызметкерлері бекітіліп, әр апта сайын азаматтармен жеке және топтық кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар жазасын өтеушілер мешіт тарапынан арнайы діни оқулықтармен қамтамасыз етіледі.

Return to Top ▲Return to Top ▲