ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

СҚО: «Сайев» ЖК ет дүкені және «Happy Cake» көндитерлік өнімдері сертификатталды

СҚО: «Сайев» ЖК ет дүкені және «Happy Cake» көндитерлік өнімдері сертификатталды
Петропавл қаласы, Интернациональное көшесі, 67де орналасқан «Сайев» ЖК ет дүкені және Е.Букетов 12 көшесінде орналасқан «Happy Cake» көндитерлік өнімдері сертификатталды. Сертификаттарды табыстаған СҚО Бас имамы Хамзат Қажымұратұлы. Тексеріс жұмыстарын орындаған «Халал Дамудың» жергілікті өкілі Мақсат Аманжолов.

Аталмыш кәсіпорындар өнімдері ҚМДБ жанындағы «Халал Даму» ЖШС-ның тексеруінен өту барысында 2:2016 «Тамақтандыру қызметтері» және 3:2016 «Халал» өнімдерді өндіруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар» стандарттарының талаптарына сай екендігі расталды.

Сонымен қатар, жұма намазынан кейін «Happy Cake» қайырымдылық жасап 90 тортты жамағатқа таратты.

ШЫНАЙЫ ТӘУБЕ

Бір күні хазірет Омар (р.а.) Мәдина көшелерінің бірінде келе жатып, қойнына шиша тығып алған бір жас жігітті кезіктіреді. Әлгі жігіттен: «Қойныңдағы не?» – деп сұрайды. Хазірет Омармен ұшырасам деп ойламаған әлгі жігіт қатты қысылғаннан: «Уа, Аллам, мені хазірет Омардың алдында масқара ете гөрме! Күнәмді жасыра гөр, сөз берем, ендігәрі шарап ішпеймін» – деп, ішінен тәубе етіп, жалбарынады. Сөйтіп: «Уа, мүміндердің әміршісі! Қойнымдағы сірке суы», – деп қалай айтқанын өзі де аңдамай қалады. Хазірет Омар: «Қане, көрсетші», – деп, қойнындағы шишаны алып қарағанда, ішіндегісі шынымен де сірке суы болып шығады.

Расында мейірімі шексіз Алла құлының шын ниетімен жасаған тәубесін қабыл алып, харам шарапты адал сірке суына айналдырды. Ал күнәға белшесінен батқан күнәһар құлдары күнәлары үшін шынымен өкініп, тәубеге келсе, Алла олардың да күнә шарабын құлшылық сіркесіне айналдырары сөзсіз (Имам Ғазали «Мукашафатул-қулуб», 46 б.).

Екінші қисса:

Бір ақсақал ғұлама шәкірттерімен әңгіме барысында: «30 жыл бұрын «Әлхамдулиллаһ» (Аллаға мақтау болсын) дегенім үшін 30 жыл бойы тәубе сұрап келемін» дейді. Шәкірттері таң қалып, мұның мәнін сұрағанда, әлгі ақсақал былай деп түсіндіреді: Сауда орнында үлкен өрт шығып, көптеген саудагерлердің дүкендері өртеніп, иелері үлкен шығынға ұшырады. «Сенің дүкеніңе ештеңе болмапты» деген хабар маған жеткенде мен оған абайсыздан «Әлхамдулиллаһ» деп қалдым. 

Кейін осы әрекетіме қатты өкіндім. Мұсылман бауырларымның мал-мүлкі жанып кеткен кезде, өзімдікі аман қалды деп шүкір еткенім шынайы мұсылмандыққа жараспады, қатты қиналдым, еңіреп тәубе еттім. Кейін өрттен зиян көрген мұсылман бауырларыма ортақтас болайын деген мақсатпен, дүкенімдегі барлық заттарды кедейлерге таратып берсем де, сол күннен бері, яғни 30 жыл бойы тәубе етсем де, әлі де жаным тыныштық таппады. Мен өлген кезде, ешкім білмейтін, адам жүрмейтін бір жерге апарып жерлеулеріңді сұраймын. Топырақ мені қабылдамай, достарымның алдында ұят болып қала ма деп қорқамын» деген екен.

Үшінші қисса:

Бірде Мұса (а.с.) пайғамбарға үмметінен бір кісі келіп: «Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жаман адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамнан алыс жүрейік», – деп өтінеді.

Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам менің құзырымда ең жаман адам», – деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткеннен соң баласын жетектеген бір адам теңізге қарай бет алады. «Мына адам Алланың құзырында нендей жаман күнә жасады екен» деп Мұса пайғамбарға ой келеді.

Ертесіне кешегі үмметі тағы келіп: «Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жақсы адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамға құрмет көрсетіп, жақын жүрейік», – деп өтінеді.

Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала: «Қазір өтетін адам Менің құзырымда ең жақсы адам», – деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткен соң тағы да кешегі баласын жетектеген адам өтеді.

Бұл кеше ғана Алланың құзырында ең жаман адам болған еді, бүгін қалайша ең жақсы адамға айналды екен деген ой еріксіз мазалайды.

Мұса (а.с.) пайғамбар Раббысына: «Уа, Раббым! Кеше Сенің құзырыңда ең жаман адам кім екен, бізге көрсетші» деп дұға еткенде ең жаман адамды көрсеттің. Бүгін «Сенің құзырыңда ең жақсы адам кім, бізге көрсетші дегенімізде тағы да кешегі ең жаман деген адамды көрсеттің. Қалайша бір күнде ең жаман адам, ең жақсы адамға айналды?» – деп сұрайды.

Сонда Алла Тағала: «Кеше ол адам баласын жетектеп теңіз жағасына барды.

Сонда баласы әкесіне қарап: Әке, мынау не? – деп сұрады.

Әкесі: Балам, бұл теңіз, – деді.

Баласы: Әке, теңізден үлкен не бар? – деп сұрағанда

Әкесі: Балам, теңізден үлкен мұхит бар, – деп жауап берді.

Баласы: Әке, мұхиттан үлкен не бар? – деді.

Сонда әкесі: Балам, мұхиттан үлкен жер шары бар, – дегенде,

Баласы: Әке, жер шарынан үлкен не бар? – деп тағы сұрады.

Әкесі: Балам, жер шарынан да үлкен мына бейбақ әкеңнің күнәсі, – деді.

Баласы: Әке, әкемнің күнәсінан да үлкен не бар? – дегенде,

Әкесі: Балам, бейбақ әкеңнің күнәсынан да үлкен Алланың шексіз рахымы, мейірімі бар, – деп жауап берді. Міне сол үшін Мен оның күнәсін кештім», – деп бұйырады.

Төртінші қисса:

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбә есімді сахабаны бір шаруаға жұмсайды. Сәғләба жұмсаған жеріне бара жатып, жол бойында есігі ашық қалған үйдің ішіне көзі түседі. Үйде «ансарлық» бір әйел жалаңаш шешініп тастап жуынып жатыр екен. Сәғләба әлгі әйелден бір сәтке көзін ала алмай қалады. Кейін өз-өзіне келіп, қатты ұялып кетеді. Бір жағынан, «Пайғамбарымызға Алла Тағаладан осы күнәм жайында уахи түссе, қайтемін?» деп қатты қорқады. Екінші жағынан, «харамға қараған көзіммен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак жүзіне қалай қараймын?» деп Мәдина қаласын тастап, тауға қашып кетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбәні ұзақ уақыт бойы күтеді. Келмеген соң кісі жіберіп іздетеді. Алайда, таппайды. Арада қырық күн өтеді. Сол кезде Жәбірейіл (а.с.) періште: «Уа, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Раббыңның саған сәлемі бар. Алла Тағала: «Үмбетіңнен қашып кеткен жан мына таудың арасында, Менің отымнан Маған сыйынуда!» деген Алла Тағаланың сәлемін жеткізеді. Бұл хабарды алған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хазіреті Омар (р.а.) мен Сәлманды (р.а.) шақырып, Сәғләбаны алып келу үшін Жәбірейіл (а.с.) айтқан жерге жібереді. Екі сахаба жолға шығып, айтылған жерге жетеді. Сол жерде қой бағып отырған Зәфәфә есімді бір шопанға жолығады. Шопанға бір жас жігітті іздеп жүргендерін айтып, суреттеп береді. Шопан:

– Сендер тауға шығып алып айқайлап жүрген бір жасты іздеп жүрген боларсыңдар. Ол тозақ отынан қашып жүр, – дейді. Сонда Хазіреті Омар:

– Оның тозақ отынан қашып жүргенін қайдан білдің? – деп сұрайды.

– Айқайынан білдім. Күнде түннің ортасында таудың басына шығып «Уа, Раббым! Мен Сенен ұяламын, жасаған күнәмнан ұяламын! Жанымды ал, тәнімді шіріт!» деп дұға етіп айқайлайды, – дейді.

Хазіреті Омар мен Сәлман қойшы айтқан таудың қасына барып, түн ортасына дейін күтеді. Түн ортасында қойшы айтқандай Сәғләба таудың басына шығып Аллаға жалбарына айқайлайды. Сол кезде Омар мен Сәлман Сәғләбаны ұстап алады. Сәғләба Хазіреті Омардан:

– Ей, Омар! Алланың Елшісі (с.ғ.с.) күнәмнан хабардар болды ма? – деп сұрайды. Омар:

– Күнәңды біліп-білмегенінен хабарым жоқ. Бізге тек сені алып келуді бұйырды, – дейді. Сонда Сәғләба тұрып:

– Омар, онда саған бір өтінішім бар. Мені Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намазда тұрғанында апаршы, – дейді.

Себебі, Сәғләба харамға қараған көз­дерімен Пайғамбарымыздың жүзіне қарауға қатты ұялады. Омар Сәғлә­баның өтінішін жерге қалдырмай, Сәғләбаны мешітке Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имамдыққа шыққанда кіргізеді. Сәғләба да сапқа тұрады. Намаз біткен соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) артына бұрылып:

– Уа, Омар! Сәғләба қайда? – деп сұрайды. Мұны естіген Сәғләбаның буыны ұстамай, отыра кетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаға жақындап келіп:

– Уа, Сәғләба қайда жоғалып кеттің? – дейді.

– Уа, Алланың елшісі! Жоғалып кетуіме күнәм себеп болды!

– Қателік пен күнәні өшіретін Алланың аятын айтайын ба? – дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Айтыңыз, Расулім! – дейді Сәғләба. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Раббана әәтинәә фид дуния хасанатан уа фил әхирати хасанатан уа қинә ғәзәбәннар» деген дұғаны оқы! – дейді. Сәғләба:

– Уа, Алланың Елшісі! Менің күнәм үлкен ғой! – дейді. Пайғамбарымыз:

– Жоқ, Алланың сөзі одан да үлкен, одан да ұлы! – деп жауап береді.

Осыдан соң Сәғләба үйіне қайтады. Арадан сегіз күн өткеннен кейін Сәл­ман Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, Сәғләбаның қатты ауырып, өлім аузында жатқанын жеткізеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) орнынан тұрып, сахабаларын ертіп, Сәғләбаның үйіне барады. Барса, сахаба қатты науқастанған, тіпті, басын көтеруге шамасы жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаның қасына келіп, басын көтеріп, өзінің тізесінің үстіне қояды. Сәғләба болса, басын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тізесінен ақырын сырғытып, қайта жерге қояды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Уа, Сәғләба, басыңды неге тіземнен алып кеттің? – дейді.

– Уа, Алланың Елшісі! Бұл – күнәға толған бас. Сіздің мүбәрак тізеңіздің үстінде жатуға лайық емес! – дейді. Пайғамбарымыз Сәғләбадан қай жерінің ауырып жатқанын сұрайды. Сәғләба:

– Етім мен сүйегімнің арасында құрт жүргендей, – деп жауап береді. Пайғамбарымыз одан не қалайтынын сұрайды. Сахаба:

– Алланың кешірімін тілеймін! – дейді.

Сол кезде, сол жерде көктен Жәбірейіл періште түсіп келеді де Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Алланың сәлемін жеткізеді:

– Уа, Алланың елшісі! Алланың саған сәлемі бар! Құлымның Жер шарындай күнәсі болса, ол күнәсы үшін дәл сондай кешірім бар! деп айтты, – дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаға бұл сүйіншіні жеткізеді, сахаба бұл қуанышты хабарды ести салып, сол жерде көз жасы ішінде жан тапсырады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаны кебіндеп, жаназа намазын оқиды. Жаназа намазында Алла елшісі (с.ғ.с.) аяғының ұшымен тұрады. Мұны байқаған сахабалар жерлеп келген соң Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) не себепті олай тұрғанын сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз:

Сәғләбаның жаназасына қатысқан періштелердің көптігінен аяқ басар жер таппадым, сол себепті аяғымның ұшымен тұрдым, – деп жауап береді.

СҚО/// ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУҒА КЕЛДІ

ҚМДБ-ның оқу ағарту бойынша жолдамасымен «Имамдардың тәжірибе алмасу» мақсатында Жетісу облысы Қаратал аудандық орталық мешітінің бас имамы  Нұқтарұлы Бердібек апталық іс-сапармен СҚО Қызылжар орталық мешітіне келді. Тәжірибе алмасу барысында мешіттің ішкі және сыртқы атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Одан басқа бес бағыт бойынша жасалған бағдарламамен және оны жүзеге асыру жұмыстарымен танысты. Шам намазына жиналған жамағатқа уағыз айтып, кейбір рәсімдердің өтуіне куә болды.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

#СҚО:  Қызылжар орталық мешітінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарына Құран бағышталды

31 мамыр – Қазақстан тарихындағы ең қасіретті беттердің бірі – миллиондаған адамдардың өліміне әкелген жаппай саяси қуғын-сүргін мен алапат ашаршылықты еске алу күні.

Өткенсіз болашақ жоқ, сондықтан да атаулы күні қазақ халқының қорғаны болған Алаштың ұлы тұлғаларын, зиялыларын, қазақтың белгілі марғасқа азаматтарын аштық кезінде қырылған ата-бабаларымызды еске алып, олардың рухына құран бағыштау бүгінгі буынның қарызы һәм парызы.

Бұл даталы күннің ішінде қаншама қайғы-қасірет жатыр. Әр қазақтың баласы мұны білуі және ұмытпауы керек.

Осыған орай Қызылжар орталық мешітінде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналып Құран бағышталды. Имамдар мен жамағат марқұмдар үшін дұға жасады.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

ИМАМДАР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУДА

ҚМДБ-ның оқу ағарту бойынша жолдамасымен «Имамдардың тәжірибе алмасу» мақсатында Ғ.Мүсірепов ауданы «Жұман қожа» мешітінің наиб имамы Кулмешов Руслан апталық іс-сапарға Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласына барды. Мұнда «Нұр ғасыр» орталық мешітінде атқарып жатқан жұмыстарымен және бағдарламаларымен танысты.

Іссапарда жүрген наиб имам Руслан Күлмешовпен телефон арқылы хабарласып іссапардағы жұмыс барысы туралы сұрап білдік:

500 мың тұрғыны бар Ақтөбе қаласында төрт қабатты «Нұр ғасыр» орталық мешіті 2000 адамға шақталып салынған. Бірақ мешітке келуші жамағат саны одан көп екен. Мешітте 40 –тан астам адам  санитарлық, техникалық қызметтер көрсетеді. Қалада жалпы 10 мешіт бар. Білікті, тәжірибелі имамдар саны жеткілікті. Халқы таза қазақ тілінде сөйлейді. Сондықтан болар, имамдарға түрлі сұрақтармен жүгінетін адамдар саны көп.

Орталық мешіттің іс басқарушысының атқарып жатқан жұмыстарымен жұмыс жоспарларымен таныстым. Мешіттің барлық имамдарымен сұқбаттастым. Тәжірибе алмастым. ҚМДБ-ның оқу-ағарту жұмыстары бойынша берген бұл жолдамасы менің алдағы жұмысыма үлкен серпін береді,-деп ойлаймын дейді, наиб имам Руслан Күлмешов.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

V РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИМАМДАР ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында V республикалық имамдар форумы басталды.

Форумға Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғұламалар, Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж бен қарилар орталығының директорлары, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан келген 350 имам қатысуда.

Игі іс-шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимнімен басталып, қасиетті Құран аятымен ашылды. Одан кейін мүфтияттың жыл басынан бері атқарған іс-шаралары туралы бейнеролик көрсетілді.

Форум бағдарламасына сәйкес «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» және «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы құжаттары қаралып, қабылданбақ. Басқосу соңында форум Үндеуі жарияланады.

Аллаға серік қосу

Адам баласы әлсіз жаратылыс иесі. Бет қарата соққан дауылдың екпініне шыдас бермей ығына кетіп қалатын кездері жиі болады. Ондай қиыншылықтарда  Раббысына жалбарынып, амал етіп, жемісін Алладан күтудің орнына жалған құдайлардан медет сұрап, қабірлерді жағалап кететін адамдар аз емес. Ондай серік қосушы қай заманда да, қоғамда да кездеседі. Жалған, жасанды құдайға сенуші адам – Жаратушы Аллаға серік қосқан болады.

            Серік қосу – Алла кешірмейтін ең үлкен күнә. Жаратушы жалғыз Аллаға тән сипаттарды Одан басқаға таңу, басқаны құдай деп сену, Алладан емес өзгеден сұрау, ауруына шипа дәм ету, ісіне береке тілеу және т.б әрекеттерді атауға болады[1]. Құран Кәрімде бұл амалдың үлкен, зор күнә екенін Лұқман хакімнің  баласына айтқан насихаты арқылы біздерге ескерткен:

وَإِذْ قَالَ لُقْمَانُ لِابْنِهِ وَهُوَ يَعِظُهُ يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ ۖ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ

            «Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа!   Расында, серік қосу өте зор күнә»[2], – деді.

            Жаратушы Алла шексіз рақым иесі дегенмен, Өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді. Ол жайында Құранда:

          إِنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاءُ وَمَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلاً بَعِيداً

          «Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады»[3], деген.

Алладан басқадан жәрдем сұрап, оған мінажат ету жайында кәләм шарифінде былайша ескерткен:

فَلَا تَدْعُ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ فَتَكُونَ مِنَ الْمُعَذَّبِينَ

«(Уа Мұхаммед!) Олай болса Алламен қатар өзгеге де құдай деп жалбарынба, әйтпесе азапқа душар болатындардың қатарына қосыласың» [4].

Және бір аятта:

وَلاَ تَدْعُ مِن دُونِ اللّهِ مَا لاَ يَنفَعُكَ وَلاَ يَضُرُّكَ فَإِن فَعَلْتَ فَإِنَّكَ إِذاً مِّنَ الظَّالِمِينَ

«Және де Алладан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боласың»[5], – деді.

Ардақты пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне дұға, медет тілеудің жай-жапсарын толық түсіндіріп өткен. Солардың ең бірегейі, төмендегі өсиет-хадисі:

 عَنِ بْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ كُنْتُ خَلْفَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمًا، فَقَالَ: «يَا غُلَامَ، إِنِّي أُعَلِّمُكَ كَلِمَاتٍ اِحْفَظِ اللهَ يَحْفَظُكَ، اِحْفَظِ اللهَ تَجِدْهُ تِجَاهَكَ، إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلِ اللهَ، وَإِذَا اسْتَعَنْتَ فَاسْتَعِنْ بِاللهِ، وَاعْلَمْ أَنَّ الْأُمَّةَ لَوِ اجْتَمَعَتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعُوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَنْفَعُوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ لَكَ وَلَوِ اجْتَمَعُواْ عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ عَلَيْكَ، رُفِعَتِ الأَقْلَامُ وَجَفَّتِ الصُّحُفُ».

 Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Пайғамбардың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  артында келе жатқанымда Ол (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы сақта (яғни, жадыңнан шығарма), сонда Ол сені сақтайды. Алланы сақта, сонда оны алдыңнан табасың. Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып саған бір пайда келтірмек болса, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатындығын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатындығын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни, тағдыр тақтасына бәрі жазылды)»[6], – деді.

Дегенмен, көп адам тіліне ие болмай әр нәрсені айтып қоятын кездері болады. Ешбір негізге сүйенбестен бір затқа болжап, ырымдап, жорып «Қара мысық кесіп өтсе, жолың болмайды», «Бос бесікті тербетпе балалы болмайсың», «Байғыз құс шақырса, жамандық болады» деген секілді сөздерге иланады. Бұл әрекет серік қосу амалына жатпаса да, тілді осыған дағдыландырудың ақыры орны толмас өкінішке апарары сөзсіз.  Ырымның жолы мен түрлері де көп. Мысалы, шешен болсын деп аузына түкіру, батыр болсын деп батырдың сарқытын жегізу немесе оның атын қою сияқты ырымдар бар. Қуаныш пен тойға барғанда перзентім осындай қуанышқа жетсін деп нан, бауырсақ, кәмпитті жақсылыққа ырымдап алып жатады. Әрине, бұл жерде  жақсылықты үміт етіп, орындалуын Алладан күту қажет. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бұл турасында: «Жаман ырым исламда жоқ. Бірақ маған «әлфәл» (жақсы ырым, жақсы сөз) ұнайды» деген екен. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мәтелі де осы хадиске орай айтылса керек.

Тілмен серік қосудың  басты себебі – діни сауатсыздықта жатыр. «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың?» – деп Абай айтқандай біздің тілегіміз бен дұғамызды қабыл ететін  бір Алла және бізге ең жақын да Алла. Құран Кәрімде:

وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ الْوَرِيدِ 

«Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз»[7], – дейді.

Басқа бір аятта:

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ

«Мен оларға ақиқатында жақынмын. Менен тілек тілесе, қабыл аламын»[8], –деп, дұға, тілек, мінәжаттың қабыл болуы адамның серік қосудан аулақ болуына байланысты екенін меңзейді.

Әлі  орын алмаған, қашан болатыны белгісіз істер ғайып хабарларына жатады. Олардың қалай болатыны жайлы сәуегейлік жасап, бал ашу мұсылман танымына керағар келетін теріс әрекет. Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ғайып істер жайлы болжам жасаудың үлкен күнә екендігі ескертілген. Алла Тағала:

 قُلْ لا يَعْلَمُ مَنْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ الْغَيْبَ إِلَّا اللَّهُ وَمَا يَشْعُرُونَ أَيَّانَ يُبْعَثُونَ 

 «(Уа, Мұхаммед) Алладан өзге көктер мен жердегілердің ешбірі ғайыпты білмейді. Олар өздерінің қашан тірілетіндерін де сезбейді деп айт»[9], деу арқылы ғайыпты білуші тек Алла екенін ескертеді. Мәшһур бір хадисте былай деп келеді:

عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ أَتَى عَرَّافاً أَوْ كَاهِناً فَصَدَّقَهُ بِمَا يَقُولُ فَقَدْ كَفَرَ بِمَا أُنزِلَ عَلَى مُحَمَّدٍ».

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім балгерге не бақсыға барып, оның айтқанын растаса, ол Мұхаммедке түсірілгенге (Ислам дініне) күпірлік келтіреді,[10] – деп ескерткен. Ғайып істерді болжауға жұлдыз-жорамалдар да жатады. Бүгінгі күні мына жұлдыздың ықпалы күшті, мынадай жұлдыз астында туылғандардың жолы болады, аналардікі болмайды деген секілді сандырақтар исі мұсылманның сеніміне селкеу түсіретін күнәлі істер.

 عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَلَمْ تَرَوْا إِلَى مَا قَالَ رَبُّكُمْ؟ قَالَ: مَا أَنْعَمْتُ عَلَى عِبَادِي مِنْ نِعْمَةٍ إِلاَّ أَصْبَحَ فَرِيقٌ مِنْهُمْ كَافِرِينَ، يَقُولُونَ: اَلْكَوَاكِبُ، وَبِالْكَوَاكِبِ».

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  былай деген: «Сендер Раббыларыңның не дегенін естідіңдер ме? Ол былай дейді: «Мен құлдарыма қандай да бір нығметті сыйласам, олардың бір бөлігі оны теріске шығарады. Олар: «Жұлдыздар, жұлдыздар арқылы ғана болды», – деседі»[11].

Кейбір жандар «аруақ қолдасын», «ата-бабамыздың аруағы демеп жүрсін», «аруақтар разылығы үшін» деген сөздерді жиі қолданады. Бұлай сөйлеуге дағдылану тілдің қателігі. Шындығында ата-бабамыз ешуақытта аруаққа табынбаған. Абай, Шәкәрім секілдің ұлыларының туындыларына көз жүгіртер болсақ, ешбірінде аруаққа табыну жайында сөз қозғалмайды. Қай өлеңін алып қарасаңыз да Алланы ғана ауызға алып отырады. Мәселен: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Патша құдай, сыйындым», «Алла мінсіз әуелден пайғамбар хақ» деп келеді. Сондай-ақ, «Арғы атасы қажы еді, пейіштен татқай шәрбатты» деп келетін бір өлеңі де бар. Бұл жерде Абай өз әкесінің батырлығын, аға сұлтан болғанын айтқан жоқ, діндарлығын ғана тілге тиек етіп отыр.

Дана Абайдың таухид ілімін берік ұстанған, бір Алладан басқаға сиынбаған жан екенін қалдырған мұраларынан білуге болады. Ешбір өлеңінде аталарының әруағынан жәрдем тілеге тиек етпеген. Мұның өзі хакімнің шариғат талаптарын аса жетік білгенін аңғартады.

Серік қосу – тілден келер апаттың бірі. Адамды діннен шығарып, мәңгі азабқа ұшыратуы мүмкін. Тілімізді мұндай жаман әдеттен мейлінше тия білейік!

(жалғасы бар) Хамзат Қажымұратұлы

Image result for узоры для ворда

[1] http://fatua.kz/kz/post/view?id=463

[2] «Лұқман» сүресі, 13-аят.

[3] «Нисә» сүресі, 116-аят.

[4] «Шұғара» сүресі, 213-аят

[5] «Юнус» сүресі, 106-аят.

[6] Тирмизи хадистер жинағы

[7] «Қаф» сүресі, 16-аят

[8] «Бақара» сүресі, 186-аят

[9] «Нәміл» сүресі, 65-аят

[10] Хаким риуаят еткен

[11] Муслим хадистер жинағы

СҚО БАС ИМАМЫ – БЕСКӨЛ АУЫЛЫНДА

Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы Хамзат Қажымұратұлы Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы «Кәусар» мешітінде жұма намазына қатысты. Мешітке жиналған жамағат бас имамның  «Тағдыр» туралы уағызын тыңдады. 

Жуырда мешіттің жанынан  демеушілердің көмегімен кішігірім ғимарат салынған болатын. Бүгін осы ғимаратта мешітке келушілерге дәрет алуға және  кісі өлімі болғанда арулап беру үшін салынған бөлмелері пайдалануға берілді.

БАСҚА ПӘЛЕ – ТІЛДЕН

Хамзат Қажымұратұлы

Алғы сөз

«Aқыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз»
Ж. Баласағұн

            Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында, кемел ғұмыр кешуінде орнымен, дәмді, дәйекті сөйлей білу, тауып айтатын тапқырлығы үлкен рөл атқарады. Өйткені ақылы кемел, кісілігі зор, білімі мол, адам ғана солай сөйлей алады. Ондай дәмді, қисынды, қысқа қайыратын қызықты, айшықты да әділ сөзді халық ұйып тыңдап тура сөз құдайы сөз деп тоқтаған.

«Өнер алды – қызыл тіл», «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады» деп тілді аспандата дәріптесе, енді бірде – «Басқа пәле – тілден», «Көнектей басыңа шүмектей тілің жау», «Айтылған сөз – атылған оқ», деп тірнектеп жиған абырой-беделіңді орынсыз айтылған сөздің айрандай қылып төгіп жіберетінін де айтқан. «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деген халық «Құлаққа кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп, сөз семсерін оңды-солды серпи берудің көңіл жаралайтынын, сондықтан, әрбір сөзге абай болуды меңзейді, сөзбен жұбатуға да, жылатуға да болады.

  Жаратушы Иеміз Алла Тағала адам баласын сансыз нығметтерге бөлеген. қасиетті Құран Кәрімде:

وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا

            «Егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар санына әсте жете алмайсыңдар»[1], дейді.Сол сансыз ұлы нығметтердің бірі – сөйлеу нығметі. Сөйлей алу ұлы нығмет болса, тіл оның құралы.

            Тілдің құдіреті жайында бір ақын ағамыз былай деп жырлаған:

Тіл деген – алып мұхит түбі терең,

Піспегі толқын шашқан күбі ерен.

Қадірін тілдің сұра сақаулардан,

Көзіне жас алып бір күбірлеген.

Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы,

Арманның қиял жетпес баспалдағы.

Қадірін тілдің сұра мылқаулардан,

Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.

Тіл деген – адастырмас темірқазық,

Өрісі магнитінің өмірге азық.

Қадірін тілдің сұра кереңдерден,

Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып

Шындығында сөйлей алу, көкейіңдегі бүткіл сезімдер мен ойыңды екінші бір адамға жеткізу, Алланың адам баласына берген шексіз нығметтерің бір ғана көрінісі. Алла Тағала осы тілмен пайғамбарларды жіберіп, осы тілмен дінді жеткізген, осы тілмен біз иманға келеміз. Құран Кәрімде:

            وَمَا أَرْسَلْنَا مِن رَّسُولٍ إِلاَّ بِلِسَانِ قَوْمِهِ لِيُبَيِّنَ لَهُمْ

            «Біз әр пайғамбардың қауымына ақиқатты ашып түсіндірсін деп, тек өз қауымының тілінде сөйлейтін етіп жібердік»,[2] – дейді.

            Тіл Алла Тағаланың ерекше жаратылысы екені жайында:

            أَلَمْ نَجْعَلْ لَهُ عَيْنَيْنِ، وَلِسَاناً وَشَفَتَيْنِ

            «Біз оған (көрсін деп) екі бірдей көз бермедік пе? (сөйлесін деп) бір тіл, қос ерін (бермедік пе)?»[3], дейді.

            Тіл адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін негізгі белгі. Адамның ең басты ерекшелігінің бірі, төлқұжаты. Бұл жайында қасиетті Құранда:

الرَّحْمَنُ، عَلَّمَ الْقُرْآنَ، خَلَقَ الْأِنْسَانَ، عَلَّمَهُ الْبَيَانَ

«Рахман, (Алла)! (Адамдар мен жындарға) Құранды үйретті. Адамды (жоқтан) жаратты. Оған сөйлеуді үйретті»[4], деп келеді. 

            Бұл дүниеде біз тілге үкім етіп, иелік етсек қияметте ол біздің иелігімізден сусып шығып, Алланың әмірімен ғана сөйлейді. Бұл дүниедегі жаман-жақсы сөздерімізді  жіпке тізгендей етіп, алдымыздан шығарады, солайша біздің барар мәңгі мекенімізді айқындайды.  Бұған қатысты аятта:

 يَوْمَ تَشْهَدُ عَلَيْهِمْ أَلْسِنَتُهُمْ وَأَيْدِيهِمْ وَأَرْجُلُهُم بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ  

            «Қиямет күні олардың тілдері һәм қол-аяқтары дүниеде не істеп не қойғанын жіпке тізгендей етіп айтып беріп, өздеріне қарсы куә болады»,[5] –делінген.

            Адам баласы үшін тілдің өткірлігін жете түсінген бабаларымыз: «Ащы тілдің захары жылан уынанда күшті», «Адамды төрге де, көрге де сүйрейтін сол байлаусыз тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Он күнəнің тоғызы тілден екен» – деп, бекер айтпаса керек.

Айтылған сөз атылған оқ демекші айтқан сөзіңізді қайтарып ала алмайсыз. Отыз тістен шыққан сөз, отыз елге әп-сәтте-ақ тарап кетеді. Сол себепті тілін құрықтай білген, оған иелік еткен адам бұл өмірдің ұятынан, ақыреттің азабынан құтылары хақ. 

Сөйлеу барысында мұсылман адам келесі нұсқауларды ескергені абзал:

Бірінші: Сөздің ең жақсысын таңдау

Адамдармен сөйлескеніңде сөздің ең жақсысын таңдап, әсемдеп айтуың Алланың құзырында садақа бергенмен бірдей. Сол себепті екінші адамға айтар сөзіңді  сыйлық ретінде сана. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

اِتَّقُوا النَّارَ وَلَوْ بِشَقِّ تَمْرَةٍ، فَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَبِكَلِمَةٍ طَيِّبَةٍ

«Тозақ отынан жарты құрма болсын садақа беріп сақтаныңдар, ол болмаса, жақсы сөз айтыңдар»[6] – деген болатын.

Екінші: Сөздердің анық, ұғынықты шығуы.

Сөйлеу барысында асықпай, аптықпай ойдың екінші адамға анық жетуі – сөйлеу әдебінен. Айтқан сөзің екінші адамға ой салатындай мағыналы да болу қажет. Айша анамыздан жеткен риуаятта Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сөйлеу мәнері жайында былай деген:

        ما كانَ رَسُول اللهِ يَسْرُدُ الْحَديثَ كَسَرْدِكُمْ هَذا، يُحَدِّثُ حَدِيثًا لَوْ عَدَّهُ الْعَادّ لَأَحْصَاه.

          «Алланың Елшісі сөйлегенде сендер секілді сөйлемейтін, соңынан қайталаған адам жатап алатындай (сөзі ұғынықты, мағыналы) еді»[7].

            Үшінші: Тыңдаушының деңгейіне сай сөйлеу.

            Адам екінші бір адамға жауап бермес бұрын оның ойлау деңгейін, жасын, білімін, көңіл күйін, оған қатысты ұстанымын ескеруі тиіс. Бұл жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

أُمِرْنا أن نُكلِّمَ الناسَ على قدْر عقولِهم.

«Адамдармен ақыл деңгейлеріне сай сөйлеуге әмір етілдік»[8].

Төртінші: Айтылар мәліметтің дұрыстығына көз жеткізу.

Айтылар сөзі болжамға,  негіз артпайды. Мұсылман алып-қашпа әңгімелерден, дұрыстығында күмән туғызатын мәліметтерден аулақ болған жөн. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде қоғам алдында пасықтығымен танымал болған адамдардың жеткізген хабарына мұқият болу керетігі жайында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءَكُمْ فَاسِقُ بِنَبَأٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ

«Әй мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер»[9].

Бесінші әділетті халифа деген атпен танымал Омар ибн Абдулазизге бір кісі келіп, әлде бір адам жөнінде жаман сөздерді айта бастайды.  Сонда Омар: «Бұл айтқан сөздеріңді тексеріп көрелік. Егер өтірік айтқан болсаң: «Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар», – деген аятта айтылғанындай пасық адам болғаның. Егер сөзің рас болса: «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да (бой ұсынба)»[10], – делінген адамдардансың. Ал егер сөзімді қайтарып алдым десең, айтқаныңа кешіріммен қарауға әзірміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Мені кешіріңіз мүміндердің әміршісі! Енді бұндай іске бармаймын» – дейді[11].

Бесінші: Аз сөз  алтын, көп сөз – көмір.

Алла жолына шақыру, жақсылыққа үндеу, ілім беру секілді игі амалдардан өзге жағдайларда адам көп сөзден қашық болғаны жөн. Сөз көбейген кезде мейлі ол інжу-мәржанмен көмкерілсе де оның қадірі кетеді, көп сөзде өтіріктің орын алуы ықтимал. Ас тілді үйірерлік дәмді болса да шамадан тыс асыра желінсе, дәмі кетеді. Сол  секілді сөз де көбейсе берекесі жойылады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде көп сөйлеуден қашық болу керектігі жайында:

قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ (1) الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ (2) وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ (3) المؤمنون.

«Ақиқатында мүміндер тілегеніне жетті, олар намаздарында именіп тұратындар. Олар бос сөздер мен ойын сауықтан аулақ»[12],– деп мұсылман адамның бос сөзден аулақ болатынын меңзейді.

Алтыншы: Айтар сөзді ой елегінен өткізу.

Айтқан сөзің біреуге тікен болып қадалмау керек. Екінші бір адамның арына, намысына, рухани жарасын ашатын сөздерден аулақ болғаныңыз абзал. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Мұсылман басқа бір мұсылманға қолымен тілімен зиян келтірменген»[13], – деген.

Жетінші: Мәжілістегі ізеттілік.

Отырыста сенен жасы үлкен, ілімді, құрметті адам отырса, рұқсатпен сөйлегенің дұрыс болады. Ондай адамдар сөйлеген кезде сөзін бөлу, немқұрайлық таныту әдепсіз амалдардан. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үлкендерді құрметтеу турасында:

لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيُوَقِّرْ كَبِيرَنَا

«Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес»[14], – дейді. Қазақ нақылдарында бұл турасыда: «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без», – деген.

Сегізінші: Сөйлегенде күлімдеу.

Күлімдеудің сиқырлы күші бар. Күлімдеу – адам баласына материалдық та физикалық та қиындығы жоқ дүние. Күлімдеу – ішкі дүниеміздің сыртқа көрініс беруі. Күлімдеп жүрген адам ешқандай шығынға ұшырамайды. Күлімдеу аз ғана уақытты алады, бірақ кейде мәңгілікке есте қалуы мүмкін. Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Дін бауырыңның жүзіне күлімсіреуің, сен үшін садақа»[15],– деген хадисі бар.

Тоғызыншы: Тілдің тазалығы.

Тіл арқылы адам иманға келіп, кәлимә шәһәдәт айтып, мұсылман болса, сол тіл арқылы оның ластығы себепті күнәға батады. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  мүбарак хадисінде:

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ، فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ

        «Кімдекім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда қайырлы сөз айтсын яки үндемесін»[16], – деген. Сол себепті әр мұсылман екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоя білген абзал. Өйткені, адамның сөйлеу мәнері оның қаншалықты мәдениетті адам екенін көрсетеді.

            Бұл кішігірім еңбегімізде тілдің үлкенді, кішілі  кесапаттарына тоқталып, адамның өміріне, жалпы  қоғамға  қаншалықты қауіпті екені жайында сөз етеміз. Тілдің негізгі кесапаттарына, қателіктеріне тоқталар болсақ:

            Бірінші кесапат: Аллаға серік қосу;

               Екінші кесапат: Күпірлікпен айыптау;

            Үшінші кесапат: Білімсіз адамның дін атынан сөйлеуі;

            Төртінші кесапат: Өзіне қатысы жоқ сөзге араласу;

            Бесінші кесапат: Сөзді көбейту;

            Алтыншы кесапат: Күнә амалдармен мақтану;

            Жетінші кесапат: Орынсыз сөз таластыру;

            Сегізінші кесапат: Балағат сөз;

            Тоғызынша кесапат: Қарғыс;

            Оныншы кесапат: Өлең, жыр тыңдаудың шегі;

            Он бірінші кесапат: Әзілдің шегін білмеу;

            Он екінші кесапат: Құпияны жария ету;

            Он үшінші кесапат: Уәдені орындамау;

            Он төртінші кесапат: Өтірік айту;

            Он бесінші кесапат: Ғайбат;

            Он алтыншы кесапат: Өсек;

Он жетінші кесапат: Мақтаудың шеңбері;


[1] «Нәхл» сүресі, 18-аят.

[2] «Ибраһим» сүресі, 4-аят

[3] «Бәләд» сүресі, 8-9 аяттар.

[4] «Рахман» сүресі, 1-4 аяттар.

[5]«Нұр» сүресі, 24-аят.

[6] Бұхари хадистер жинағы

[7] Муслим хадистер жинағы

[8] Дәйләмидің хадистер жинағында келген

[9] «Хужурат» сүресі, 6-аят;

[10] «Қалам» сүресі, 11-аят;

[11] Доктур Мухаммад Мансур, «Әл-мухтасару әл-муфиду фи тәрбияти ән-нәфс», 27-бет;

[12] Мүминун сүресі, 1-3 аяттар.

[13] Муслим хадистер жинағы

[14] Сүнән ат-Тирмизи.

[15] Тирмизи хадистер жинағы

[16] Бұхари хадистер жинағы

(жалғасы бар)

УӘДЕДЕ ТҰРМАУ

Уәдеде тұру ол адамгершіліктің белгісі. Уәде дегеніміз келіскен ортақ шешімнен таймай, оны бұзбауды айтамыз. Бұл әлемге келместен алдын Алла тағала Адам атамыздың ұрпақтарының жандарын болмысқа шығарып, оларға ақыл беріп, кейін: «Сендердің құдайларын мен емеспін бе?» деп, сонда барлықтарымыз: «Иа, сіз біздің Раббымызсыз(құдай,тәңір,жаратушы)деп, Алла тағалаға ақтық сөзімізді айтып, оған ғана сиынып, одан ғана жәрдем сұраймыз деп, уәдемізді, сөзімізді бергенбіз. Бұл уәделескен сәтті дінімізде «ал мисақ» деп атайды. Бірде Каабатулланы айналып, тауаф жасап жүрген Омар(р.а) қара тасты қолына алып, дауыстап былай деген екен: Сен бір жәй ғана қара тассың, егер сені Пайғамбар(алаһи сәлам) сүймегенде, сені сүймеуші едік деп айтады. Бірге тауаф жасап жүрген Әли(р.а) олай деп айтпа, бұл қара тас жәй ғана тас емес, бәлкім бұл тастың ішінде жаратушы мен жаратылғандардың келісім шарты жазылған қасиетті, құрметті тас болар деді. Ал мисақ күні барлықтарымыз бір Аллаға ғана сиынып, оған серік қоспай, оған қарсы келмей өмір жасайтынымызға уәде бергенбіз. Сол уәдемізді періштелер жібек матаға жазып, осы тастың ішіне жасырған. Қиямет күні тас жарылып, ішінен сол келісім шартты алып шығып, бізге айғақ болады. Сонда Омар (р.а) ағынан жарылып: Әли болмаса, Омар құрып кетер еді, деп, Әлиге дән риза болады.

Адам баласында ұмыту деген бір кемшілігіміз бар, алайда Алла тағала пайғамбарларын жіберіп, кітаптарын түсіріп, біздердің есімізге әрдайым салып тұрады. Уәдеде тұру ол үлкен жауапкершілікті, ерлікті, табандылықты, күш жігерді талап етеді. Қазақта «Ердің екі сөйлегені өлгені» деп, уәде беру үлкен жауапкершілікті арқалау болған. Дінде де уәдеге тұрмаған адамды екіжүзді, қарабет деп, оған мунафиқ деп ат берген. Пайғамбарымыз алаһи саламның хадистерінде мунафиқтің төрт белгісі бар, олар: сөйлесе жалған айтады, аманатқа қиянат жасайды, уәдесінде тұрмайды, келісім шарт жасасса, тайып кетеді, деп анықтап берген. Уәдесінде тұрмауы, уәделескенде жалған уәде беруі жатады. Уәдесін ұмытып кетуі ол басқа. Құранда жалған айтудан, өтірік уәде беруден тиған аяттар баршылық. Тәуба сүресінің 119 аятында: «Уа, иман кетіргендер Алладан қорқындар да, шыншылдармен бірге болыңдар» деген. Пайғамбарымыздан(алайһи салам) қандай амалмен жаннатқа кіруге болады дегенде: «Шыншылдықпен, шындықты сөйлеген жақсы адам, жақсы болған иманды, ал иманды адам жаннатта деп  жауап береді. Сұрақ қойған адам тозаққа түсіретін қандай амал, деп сұрағанда, пайғамбарымыз (алайһи салам): Жалған сөйлеу, жалғаншы күнәкәр, ал күнәкәр адам тозақта, деп жауап берген. Иа, сөз беріп, сол сөзден таймай, өзіне зиян болса да, сөзінде тұрған нағыз иманды адамның ісі. «Уәде алланың үйі» деген сөз, уәде беріп жатқанда адам Алла тағаланы ортаға қойып, сөз байласады. Пайғамбарымыздың(алайһи салам) хадисінде: «Аманатқа қиянат жасағанның иманы жоқ, уәдесінде тұрмағанның діні жоқ» деген. Уәдеде тұру көркем мінездердің бірі. Пайғамбарымыз(алайһи салам) екі үлкен мақсатпен жіберілсе, соның бірі көркем мінезімізді жетілдіру үшін келгенін айтқан. Өзі де(алаһи салам) берген сөзін бұзбай, уәдесінде тұрған. Бірде бір кісімен белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта кездесуге  уағдаласып, үш күн қатарынан сол жерде күткен екен. үшінші күні келіскен адамы келіп, ұмытып кеткенің айтып, кешірім сұрайды. Пайғамбарымыз(алаһи салам): көп күттіріп, әуреге салып қойдың ғой, деп сабыр сақтаған. Алла тағалада біздерге уәде берді. Алланың адамзатқа қатысты екі хаққысын өтесек, ондай адамдардан риза болып, жаннатына кіргізетініне уәде берген. Сол себепті уәделескен болсақ, сөз байласқан болсақ, келісім шарт тағы осы сияқты жағдайларда тура болып, сол уәделерді бұзбау керек. Егерде күнәлі, күмәнді істер, амалдар сезілсе, ондай жағдайларда сақтанып, сөз беруден, уәделесуден қашу керек. Артынан уәделескен адамның арам пиғылын білсе, келісімді бұзуда күнә жоқ. Өйткені Алланың сөзі барлығынан жоғары тұрады. Алланың сөзінен ешкім аттап кете алмайды.А

 
  Абылай Құрмашұлы

Мухсин мешітінің бас имамы

БАС МҮФТИ БАТА БЕРУ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы Бас мешітте ақсақалдар арасында өткен І республикалық бата беру байқауының марапаттау рәсіміне қатысты.

Облыстық іріктеу кезеңінен оза шауып келген дуалы ауыз 20 ақсақал зәулім мешіт ішін батамен жаңғыртты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жолдың алыстығына, өздерінің қарттығына қарамай елорда төрінен табылып, қазақтың бата беру салтын қайта жаңғыртқан ақсақалдарға айрықша алғысын білдірді. Сондай-ақ осы байқауды республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырып отырған Діни басқарма ұжымына және тағылымды сайысқа демеушілік жасаған жомарт азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Қазылар алқасының шешімімен шариғат пен дәстүрге сай мағыналы бата беру, дауыс ырғағы, киім үлгісі, қосымша сұрақтарға жауап беру талаптары бойынша үздік деп танылған ақсақал Балтабай Сыздықов (Павлодар облысы) 1-орынды жеңіп алды. 2-орын Серікбек Балқыбекұлына (Жетісу облысы) және 3-орын Шахан Тұрсынханов (Абай облысы) ақсақалға бұйырды. Сонымен қатар Жұмабай Тәжібаев (Алматы қаласы), Самиғолла Машаев (Атырау облысы) пен Дәріқұл Махамбетовке (Қызылорда облысы) ынталандыру сыйлығы және барлық қатысушы ақсақалдарға қаржылай сыйлық берілді.

Ақсақалдардың бата беру өнерін ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимов, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы мен елордалағы «Шейх Кунта қажы» мешітінің бас имамы Өмірзақ Бекқожа бағалап, төрелік жасады.

Айта кетейік, батагөй ақсақалдар арасында алғаш рет ұйымдастырылған республикалық байқау «Munara TV» телеарнасы мен «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасында, сондай-ақ Діни басқарманың Инстаграм желісіндегі ресми парақшасынан тікелей эфирде көрсетілді.

Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы

Хамзат Қажымұратұлы Әлібеков

Құрметті бауырлар!

Сіздерді 7 мамыр-Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!

Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Біздің ата-бабамыз аса отаншыл, елжанды, ұлтжанды болған. Егер Алаш жұртының бірлігі болмаса, отансүйгіштік жанқиярлығы болмаса, бұл жер, қазақ деген халық, Қазақстан деген кең-байтақ тәуелсіз ел де болмас еді. Оның арғы жағында қолдарына найза  ұстап, елін-жерін, яғни,  ұлан-ғайыр атырапты қорғаған батырларымыздың есімдері де баршамызға мәлім. Әуелі Жаратқанның, одан кейін осындай батырларымыздың арқасында Тәуелсіздіктің тұғыры орнатылды. Міне сол, ата-бабамыз аманат еткен ел мен жерге ие болу, оның амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық  борышы.

«Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөздің мағынасы өте терең. Иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлейді.  Ана тілін, дінін, салт-дәстүрін, қалыптасқан мәдениетін, мемлекеттік рәміздерін, шекара аумағын, атамекенін, ұлттық құндылықтарын құрметтейді, сақтайды.

Әрбір сүйем жер үшін, ата-баба қонысын жаудан көздің қарашығындай қорғап жүрген еңсегей бойлы ерлерді, жаужүрек, қайсар мінезді сардарларымыз бен сарбаздарымызды бүгінгі мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат, жанұяларына баянды бақыт тілеймін!

Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Return to Top ▲Return to Top ▲