МӘУЛІТ КЕШІНДЕ 7 АДАМҒА ҰМРА ҚАЖЫЛЫҒЫНА ЖОЛДАМА БЕРІЛДІ

ҚМДБ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Көркем мінездердің кемелі» тақырыбында рухани мәуліт кеші өтті. Аталған кешті айтыскер, ақын, жазушы, саясаттанушы Арман Бердалин жүргізді.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өткен кешке өңірдің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы, аудан имамдары, зиялы қауым өкілдері, дін жанашырлары, жастар қатысты. Сондай-ақ Астанадан арнайы қонақ болып келген ҚМДБ республикалық ақпарат насихат тобының мүшесі, Астана қалалық «Әл-ғани» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахметов жамағатқа Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолы жөнінде рухани насихат айтты. 

Мәуліт кешіне қызылжарлықтарды құттықтау үшін арнайы келген атақты ақын Арман Бердалин болса, «Арақ пен қазақ» термесін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Рухани кеште ғибратты жыр-термелер орындалып, тәрбиелік мәні мол сахналық қойылымдар көрсетілді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ өнегелі өмірі жайлы бейнероликтер халық назарына ұсынылды. Пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ салауаттар оқылып, сәлемдер айтылды. Сонымен қатар облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің шәкірттері сахна төрінде хадисті жатқа айтты.

Кеш соңында дінімізге қызмет етіп жүрген және мешітке келуші жамағатқа 7 адамға Ұмра қажылығына жолдама берілді.

Return to Top ▲Return to Top ▲