عَنْ عَبْدِ اللهِ بنِ مَسْعُوْدْ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: حَدَّثَنَا رَسُوْلُ اللهِ صلى الله عليه وسلم وَهُوَ الصَّادِقُ المَصْدُوْقُ: إِنَّ أَحَدَكُمْ يُجْمَعُ خَلْقُهُ فِيْ بَطْنِ أُمِّهِ أَرْبَعِيْنَ يَوْمَاً نُطْفَةً، ثُمَّ يَكُوْنُ عَلَقَةً مِثْلَ ذَلِكَ،ثُمَّ يَكُوْنُ مُضْغَةً مِثْلَ ذَلِكَ،ثُمَّ يُرْسَلُ إِلَيْهِ المَلَكُ فَيَنفُخُ فِيْهِ الرٌّوْحَ،وَيَؤْمَرُ بِأَرْبَعِ كَلِمَاتٍ: بِكَتْبِ رِزْقِهِ وَأَجَلِهِ وَعَمَلِهِ وَشَقِيٌّ أَوْ سَعِيْدٌ. فَوَالله الَّذِي لاَ إِلَهَ غَيْرُهُ إِنَّ أَحَدَكُمْ لَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ الجَنَّةِ حَتَّى مَا يَكُوْنُ بَيْنَهُ وَبَيْنَهَا إلاذِرَاعٌ فَيَسْبِقُ عَلَيْهِ الكِتَابُ فَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ النَّارِ فَيَدْخُلُهَا، وَإِنَّ أَحَدَكُمْ لَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ النَّارِ حَتَّى مَايَكُونُ بَيْنَهُ
وَبَيْنَهَا إلا ذِرَاعٌ فَيَسْبِقُ عَلَيْهِ الكِتَابُ فَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ الجَنَّةِ فَيَدْخُلُهَا
Хадистің тілдік мағынасы
Арабша | Аудармасы | Арабша | Аудармасы |
عَنْ عَبْدِ اللهِ | Абдолладан | بنِ مَسْعُوْدْ | Масғұдтың ұлы |
رَضِيَ اللهُ عَنْهُ | Алла одан разы болсы | حَدَّثَنَا | бізге жеткізді |
رَسُوْلُ اللهِ | Алланың елшісі | صلى الله | Алланың оғана салауаты |
عليه وسلم | Сәлемі оған | وَ | және |
هُوَ | ол | الصَّادِقُ | шыншыл |
المَصْدُوْقُ | айтқаны шын | إِنَّ | шынында |
أَحَدَكُمْ | сендердің бірің | يُجْمَعُ | жиналады |
خَلْقُهُ | жаратылысы | فِيْ بَطْنِ | ішінде |
أُمِّهِ | анасының | أَرْبَعِيْنَ | Қырық |
يَوْمَاً | күн | نُطْفَةً | Тамшы |
ثُمَّ | сосын | يَكُوْنُ | Болады |
عَلَقَةً | ұйыған қан | مِثْلَ ذَلِكَ | сол секілді |
مُضْغَةً | шайналған ет | يُرْسَلُ | жіберіледі |
إِلَيْهِ | оған | المَلَكُ | періште |
فَيَنفُخُ | үрленеді | فِيْهِ | оған |
الرٌّوْحَ | жан | يَؤْمَرُ | әмір етіледі |
بِأَرْبَعِ | төрт | كَلِمَاتٍ | сөз |
بِكَتْبِ | жазылуы | رِزْقِهِ | ризығы |
أَجَلِهِ | ажалы | عَمَلِهِ | амалы |
شَقِيٌّ | бақытсыз | أَوْ | немесе |
سَعِيْدٌ | бақытты | فَوَالله | Алламен ант етемін |
الَّذِي لاَ إِلَهَ غَيْرُهُ | Одан басқа тәңір болмаған | لَيَعْمَلُ | жасайлы |
بِعَمَلِ | амалды | أَهْلِ الجَنَّةِ | жәннәт иесінің |
حَتَّى | дейін | مَا يَكُوْنُ | болғанға |
بَيْنَهُ | оның арасында | بَيْنَهَا | оның арасында |
إلا | тек | ذِرَاعٌ | шынтақ |
فَيَسْبِقُ | жетеді | عَلَيْهِ | оған |
الكِتَابُ | тағдыры | فَيَعْمَلُ | жасайды |
بِعَمَلِ | амалды | أَهْلِ النَّارِ | тозақ иесінің |
فَيَدْخُلُهَا | оған кіреді |
Абдулла ибн Масғуд былай деген: “Бізге, шындық айтқан, әрі шынайы хабар қабылдаған, Алланың елшісі (с.а.у): «Шын мәнінде, әрқайсың анасының құрсағында қырық күн бойы ұрық тамшы түрінде қалыптасады, содан соң ол сонша уақыт ұйыған қан түрінде және сонша уақыт бір тістем ет тәрізді болады, содан кейін бір періште жіберіледі де, оған үрлеп жан ендіреді. Және ол төрт нәрсені – оның ризық-несібесін, ажалын, амалдарын, және оның бақытты не бақытсыз болатынын жазуға бұйрық алады. Одан басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ Алламен ант етемін, шын мәнінде, сендердің біреуің жаннатқа қолдың қарындай қалғанша жаннаттықтардың амалын істеп барады, содан кейін (тағдырда) жазылған нәрсе алдынан шығады да, тозақтықтардың амалын істеп (тозаққа) кіреді. Сондай-ақ, , шын мәнінде, сендердің біреуің тозаққа қолдың қарындай қалғанша тозақтықтардың амалын істеп барады, содан кейін (тағдырда) жазылған нәрсе алдынан шығады да, жаннаттықтардың амалын істеп (жаннатқа) кіреді», – деп хабарлады”[1] .
Хадис жеткізушісі
Абдулла ибн Масғуд ибн Ғафил ибн Хабиб әл-Һазәлий (оған Алла разы болсын) Ислам қабылдаған алтыншы адам еді. Ол екі рет һижра жасаған. Бірінші рет, Эфиопия еліне, ал екінші рет, Медина қаласына қоныс аударды. Пайғамбарымыз (с.а.у) ол туралы былай деген: «Кімде-кім Құранды Алладан қалай түскен болса, дәл солай оқығысы келсе, оны Ибн Умми `Абд (Ибн Масғуд) сияқты оқысын».[2] Абдулла пайғамбарымызға (с.а.у) қызмет етіп жүрген. Ол Алла елшісінің (с.а.у) тіс тазалағышы (сиуәк), аяқ киіміне жауапты болған. Хузәйфа (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарымызға (с.а.у) ұстанған жолы жағынан Ибн Масғудтан артық жақынырақ болған ешкімді білмеймін», – деді. Ол Бәдр шайқасына да, одан кейінгі соғыстарға да қытысқан. Діннің ең ұлы жауларының бірі болған Әбу Жәһлді өлтірген де сол.
Бір күні Абдулла пайғамбарымызға мия ағашынан мисуак алмақшы болып мінген кезде жел тұрып, киімі ашылып кетеді. Сонда оның ап-арық аяқтары көрініп қалады. Сахабалар оны көріп, арықтығына қатты күледі. Бұған куә болған пайғамбарымыз (с.а.у) былай айтады: «Неге күлесіңдер?! Жаным Оның қолында болған (Аллаһпен) ант етемін, оның аяқтары таразыларда Ухуд тауынан да ауыр болады»[3].
`Умар халифа болған уақытта, Ибн Масғуд Куфа қаласындағы сот пен бәйтул-мәлды басқарды. Ал `Усмәнның кезінде Мәдинаға қайта оралады. Ол Һижра бойынша 32-ші жылы қайтыс болды.
Аталған хадистің ғалымдар арасында бір ауыздан сахих екенідігіне келіскен. Ибн Масғуд хадистің кіріспесінде «حدثنا رسول الله -صلى الله عليه وسلم-» – пайғамбарымыз (с.а.у) бізге айтты. «Бізге айтты» деп баяндауы ол жалғыз емес онымен басқа адамдардың болғанын білдіреді. Егер кім болғанына күмән келтірген болса, «маған айтты» деп келер еді.
وهو الصادق المصدوق»
«Бізге, шындық айтқан, әрі шынайы хабар қабылдаған» – пайғамбарымыздың (с.а.у) бізге жеткізген әрбір нақылында шынайылық, ақиқат бар. Ол құран арқылы жеткен уахи немесе сүннеті арқылы жеткен амалдары болуы мүмкін. Алла тағала Құран кәрімде :
وَمَا يَنطِقُ عَنِ الْهَوَى * إِنْ هُوَ إِلَّا وَحْيٌ يُوحَى
Ол өз ойынан сөйлемейді.(4) Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана.[4]
Пайғамбарымыздың ұлық сахабаларының бірі – Әбу Бәкір «сыддық» шыншыл деп аталған еді, өйткені ол пайғамбарымыздың (с.а.у) әрбір айтқан сөзіне еш күмәнсіз иланушы еді. Ибн Масғуд бұл сөйлемді не себеппен айтты?
Жауабы: Өйткені, хадисте адамдарға жасырын болған “ғойб” (көмес) істер туралы баяндалған. Ал ол заманда медицина ананың құрсағында не болатынын анықтай алатындай дәрежеде дамымағаны бәрімізге мәлім. Сонда да, хадисте медицина ешқашан біле алмайтын нәрселер де хабарланған. Мысалы: ризық, ажал, амалдар, бақыт пен бақытсыздық. Сондықтан, Ибн Масғуд өз сөзінің растығын күшейту үшін, осы сөйлемді айтқан.
إن أحدكم يجمع خلقه في بط أمه أربعين يوماً نطفة
Шын мәнінде, әрқайсың анасының құрсағында қырық күн бойы ұрық тамшы түрінде қалыптасады» – әрқайсың барлық адам баласы әйелің, еркегің, мұсылманың, кәпірің.
ثُمَّ يَكُوْنُ عَلَقَةً مِثْلَ ذَلِكَ،ثُمَّ يَكُوْنُ مُضْغَةً مِثْلَ ذَلِكَ،ثُمَّ يُرْسَلُ إِلَيْهِ المَلَكُ فَيَنفُخُ فِيْهِ الرٌّوْحَ
«Қырық күннің ішінде ұрық тамшысы түрінде содан соң ұйыған қан түрінде одан кейін бір тістем ет тәрізді болады».
Адамның жаратылу сатылары – Алланың ұлы аяттарының, ғажайыптарының бірі. Ол бізді сатылап, бір түрден басқа түрге ауыстырып жаратты. Ол былай деді:
«Расында, Біз сендерді түр-түрмен жараттық»[5]. Яғни, ұрық тамшысы түрі, ұйыған қан түрі, тістем ет түрі, сүйектерді қаптаған ет түрі. Осылай адам жаратылады екен. Алла Тағала былай деген: «Расында адамды нағыз балшықтан жараттық», – бұл Адам атамыз жайында айтылған. «Сосын Алла былай жалғастырады:
وَلَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ مِن سُلَالَةٍ مِّن طِينٍ ﴿١٢﴾ ثُمَّ جَعَلْنَاهُ نُطْفَةً فِي قَرَارٍ مَّكِينٍ ﴿١٣﴾ ثُمَّ خَلَقْنَا النُّطْفَةَ عَلَقَةً فَخَلَقْنَا الْعَلَقَةَ مُضْغَةً فَخَلَقْنَا الْمُضْغَةَ عِظَامًا فَكَسَوْنَا الْعِظَامَ لَحْمًا ثُمَّ أَنشَأْنَاهُ خَلْقًا آخَرَ ۚ فَتَبَارَكَ اللَّهُ أَحْسَنُ الْخَالِقِينَ
«Содан кейін оны жатырда тұратын тамшы қылдық. Сосын тамшыны ұйыған қан еттік. Ұйыған қаннан тістем ет жасап, тістем еттен сүйек қылдық та, сүйектерге ет қаптадық. Содан кейін оны басқа жаратылыс етіп, жан салдық. Жаратушылардың ең жақсысы – Алла ұлы!»[6].
Алла Тағаланың адамды қас қағым сәтте жарату құдыретіне Ие бола тұра осындай жүйелілікпен, жоғарыда айтылған тәртіпке сәйкес бір сатыдан екіншісіне өткізу арқылы жаратуының мән-мағынасы, бұл – себеп-салдарға, алғышарттарға және нәтижелерге сәйкес адам жаратылысының бүкіл әлем жаратылысымен үйлесуі. Сондай-ақ, бұл Алла Тағаланың аса құдыреттілігіне бәрінен де жақсы айғақ болады. Алла Тағала мұндай жүйелілікті пайдалану арқылы Өз құлдарын іс-амалдарында асығып-үсугіден аулақ болуға үйретеді. Бұл жүйелілік пен тәртіпті адам баласы барлық іс-әрекетінде басшылыққа алуы керек, олай етпеген жағдайда ол соқыр тәуекелге барып, жарға ұрынады.
ثُمَّ يُرْسَلُ إِلَيْهِ المَلَكُ فَيَنفُخُ فِيْهِ الرٌّوْحَ
«Бір періште жіберіледі де, оған үрлеп жан ендіреді»
Періштені жіберетін әлемдердің Раббысы Алла. Рух арқылы жатырдағы эмбрион тіріледі, қимылдай бастайды.
Орташа алғанда адам денесінде жүректің соға бастауы 5-6 жұмада. Ал хадисте келгендей рухтың кіруі қырық күннен кейін. Бұл орайда кейбір хадис талқылаушы ғалымдар хадистің тікелей мағынасын алып, қырық күн тамшы, одан кейін қырық күн ұйыған қан одан кейін қырық күн шайналған ет болады деп талқылайды. Дегенмен бұл үш жаратылыстың барлығы қырық күннің ішінде жүзеге асады бұған келесі хадис дәлел болады:
إذا مر بالنطفة ثنتان وأربعون ليلة،بعث الله إليها ملكا، فصورها وخلق سمعها وبصرها وجلدها ولحمها وعظامها، ثم قال: يا رب أذكر أم أنثى؟ فيقضي ربك ما شاء ويكتب الملك
Егер ұрықтың пайда болғанына қырық екі күн өтсе, Алла оған періште жіберіп, оның кескін келбеті түзіледі, құлағы, көзі, терісі, еті, сүйегі жаратылады. Сосын періште сұрайды: « Ия, Раббым ер ме? Әйел ме? дейді. Тағдыры бекітіледі, періште оны жазады. [7]
1-сурет. 6-апталық нәресте
Баланың дамуы
Сәбиге алты апта толған кезде дене мүшелерері айқындалып ерекшелене бастайды. Көзінің орнына қара дақ пайда болып, құлақ, мұрын орындары байқалуда. Қолы, аяғы кішкене өсін іспетті пайда болады.
Жүрек соғысы жүзден жүз алпысқа шейін өсуі мүмкін.
Жоғарыдағы екі хадисте айтылған мәселелерге сүйене отырып, үшінші пікір қалыптасуы мүмкін. Ол нәрістенің қырық күннен кейін өсімдік секілді тірі болуы , дамуы жүрек соғуы, ал адами қалыпта жан берілуі жүз жиырма күннен кейін деген пікір бар.
Құрсақ ана (суррогаттық ана) болудың шариғи үкімі
Суррогаттық ана немесе құрсақ ана қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналды. Таратып айтар болсақ, ерлi-зайыптылардан алынған аталық ұрық пен аналық клетканы арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, құрсақ ана (суррогат) қызметiн ақылы немесе ақысыз түрде атқаруға ризашылығын бiлдiрген бөтен әйелдiң жатырына салу. Мұндай жолмен бала табуға шариғатта рұқсат жоқ. Бұған төмендегі мына дәйектер нақты дәлел болады:
- Ер кісі мен құрсақ ананың арасында некенің жоқтығы.
Ислам шариғатында некелі туылған бала деген мәртебеге ие болу үшін оның ата-анасы болып табылатын ер мен әйелдің арасында шариғи тұрғыдан некенің рүкіндері мен шарттары толық орындалуы тиіс. Шариғатта текті ұрпақтың некелі ерлі-зайыптылардан дүниеге келетіндігі айтылған. Мұны Алла Тағала Құран Кәрімде былай баяндайды:
وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلا مِنْ قَبْلِكَ وَجَعَلْنَا لَهُمْ أَزْوَاجًا وَذُرِّيَّةً.
«Расында сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз»[8].
وَاللَّهُ جَعَلَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا وَجَعَلَ لَكُمْ مِنْ أَزْوَاجِكُمْ بَنِينَ وَحَفَدَةً وَرَزَقَكُمْ مِنَ الطَّيِّبَاتِ أَفَبِالْبَاطِلِ يُؤْمِنُونَ وَبِنِعْمَةِ اللَّهِ هُمْ يَكْفُرُونَ (٧٢)
«Алла Тағала өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратты. Жұбайларыңнан сендерге балалар, немерелер нәсіп етті. Сондай-ақ сендерді тап-таза нәрселерден ризықтандырды. Осылай бола тұра олар жалғанға сеніп, Алланың нығметіне шүкірсіздік ете ме?»[9].
- Әйел жатыры сауда-саттыққа, алыс-беріске жарамды мүбах заттардың санатына жатпайды.
Шариғатта кейбір заттар сауда-саттыққа, алыс-беріске жарамды болып табылады. Мәселен, тағам түрлері, сусындар, киім, көлік, баспана, кітап, бау-бақша, т.б. Міне осы заттарды сатуға, жалға беруге, садақа етуге, сыйға тартуға болады. Ал кейбір дүниелер сауда-саттыққа, алыс-беріске жарамсыз болып табылады. Мәселен, әйелдің жыныстық мұқтаждығын тек некелі күйеуі ғана қанағаттандыруы тиіс. Бұл іс тек күйеуімен ғана шектеледі. Демек, күйеуі өзіне шектелген істерді өзге ер кісіге беруіне болмайды. Сондай-ақ әйелдің де күйеуінен өзге ер кісіге осы істерді (яғни күйеуіне ғана шектелген істерді) садақа етуіне, жалға беруіне, сатуына болмайды. Ендеше әйелдің бүкіл денесі, оның ішінде аналық мүшесі күйеуінен басқа ер кісіге харам екен. Демек әйелдің жатырын да жалға беруге, сатуға болмайды.
Міне осы тыйым шариғатта әйел затының жатырына күйеуінен өзге ер кісінің ұрығын ендіруге тыйым салынғандығын көрсетеді. Егер әйел жатырын сатуға немесе жалға беруге рұқсат етілсе, ешбір бала өз тегін дөп басып айта алмас еді. Ешбір әке де «мынау менің балам» деп турасын айта алмас еді. Бұл өз кезегінде тексіздікке алап барады. Ал шариғатымыз мұндай ерсі, сөкет істі құптамайды.
Үкім:
- Ерлi-зайыптылардың аталық ұрығы пен аналық клеткасын арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, құрсақ ана қызметін атқаруға ризашылығын білдірген бөтен әйелдің жатырына егуге тыйым салынады.
وَيَؤْمَرُ بِأَرْبَعِ كَلِمَاتٍ
«Және ол төрт нәрсені жазуға бұйрық алады»
Жан үрлеп ендірген соң періштеге төрт нәрсе жазу әмір етіледі.
Бұл жерде адамдардың осы мәселеге орай жиі көтеретін сұрағы Құрандағы Лұқман сүресіндегі мына аят:
إِنَّ اللَّهَ عِندَهُ عِلْمُ السَّاعَةِ وَيُنَزِّلُ الْغَيْثَ وَيَعْلَمُ مَا فِي الْأَرْحَامِ
Әрине қиямет мерзімінің мәліметі Алланың қасында. Жаңбырды Ол жаудырады, Ол жатырлардағыны біледі. Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз Алла (Т.) толық білуші, хабар алушы.[10]
Кейбір адамдар осы аятқа байланысты қазіргі ғылыми жетістіктің нәтижесінде жатырдағы ұрықтың ұл-қызын заманауи құрылғылар арқылы білінеді ғой деген сауал туындайды. Біріншіден ол заманауи құрылғылардың өзі нақты басып айтпайды тек болжам түрінде ғана айтады. Сол себепті кейде ер бала болады деген нәресте қыз бала болып шығып жатады. Бұған қатысты айтар дәйек нәрестегі қырық күннен кейін жан беріліп, оның ризығы, ажалы, бақытты, бақытсыздығы бекітілгеннен кейін ғайып шеңберінен шығып, жария түрге ауысады. Ал алғашқы төрт айында медициналық құрылғылар нәрестенің жынысын айыра алмайды.
Ол жатырдағы балаға жеке тағдырын жазады. Бірақ бүкіл жаратылысқа арналған жалпы тағдыр бар. Ол Ләухул-Махфузда (Сақтаулы Тақтада) жазылған. Ал мынау жеке жатырдағы балаға арналған нәрсе. Сонда да, ол Сақтаулы Тақтадан көшірілген тағдыр, яғни жаңа, бөлек бір тағдыр болып саналмайды.
بِكَتْبِ رِزْقِهِ
«Оның ризық-несібесін»
Ризық дегеніміз – бұл адамға пайда әкелетін нәрсе. Оның екі түрі бар:
1) Дене өмірін қамтамасыз ететін ризық: тамақ, су, киім, баспана, көлік және с.с.
2) Дін өмірін қамтамасыз ететін ризық: білім мен иман.
وَأَجَلِهِ
«Ажалын»
Адамдар бұл дүниедегі өмір сүру мерзімдерінде бір-бірінен өзгеше. Олардың ішінде туыла салып шетінейтіндері бар, сондай-ақ үмметімізден жүз жыл, ал алдыңғы үмметтерден бұдан көп жасағандары болған. Нұх пайғамбар өз халқымен бірге 950 жыл болған.
Өмір мерзімінің ұзақтылығын не қысқаруын адам таңдамайды. Ол дененің саулығы мен күш-қуатына да байланысты емес. Кейде бір оқиғаның салдарынан ең мықты деген адамның өзі қайтыс болып жатады. Алайда, ажал Ұлы да, Құдыретті Алланың құзырында!
Бұл ажал бір сәтке де ерте немесе кеш келмейді. Мерзімі аяқталса болғаны, өлімі жетіп келеді. Алла Тағала былай деген: «Қашан біреудің ажалы келсе, Алла оны әсте кешіктірмейді» [11]. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Адамның ризығы толық таусылмайынша адам өлмейді»[12], – деген.
وَعَمَلِهِ
«Амалдарын»
Адамның жүрекпен, тілмен, дене-мүшелерімен жасаған амалдары тағдырда жазылады.
وَشَقِيٌّ أَوْ سَعِيْدٌ.
«Оның бақытты не бақытсыз болатынын жазуға»
Бақытты адам – қуаныш пен шаттыққа бөленген кісі. Ал бақытсыз адам керісінше. Алла Тағала былай деді:
يَوْمَ يَأْتِ لَا تَكَلَّمُ نَفْسٌ إِلَّا بِإِذْنِهِ ۚ فَمِنْهُمْ شَقِيٌّ وَسَعِيدٌ فَأَمَّا الَّذِينَ شَقُوا فَفِي النَّارِ لَهُمْ فِيهَا زَفِيرٌ وَشَهِيقٌ﴿١٠٦﴾ خَالِدِينَ فِيهَا مَا دَامَتِ السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ إِلَّا مَا شَاءَ رَبُّكَ ۚ إِنَّ رَبَّكَ فَعَّالٌ لِّمَا يُرِيدُ ﴿١٠٧﴾ وَأَمَّا الَّذِينَ سُعِدُوا فَفِي الْجَنَّةِ خَالِدِينَ فِيهَا مَا دَامَتِ السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ إِلَّا مَا شَاءَ رَبُّكَ ۖ عَطَاءً غَيْرَ مَجْذُوذٍ
«Ол күн келсе, Алланың рұқсатынсыз ешкім сөйлемейді. Олардың бақытсызы да, бақыттысы да бар. Ал енді бақытсыздар тозақта ыңыранып, шыңғырады. Олар тозақта көктер мен жердің тұрунша мәңгі қалады. Бірақ Раббың қаласа басқа. Шынында, Раббың қалағанын орындаушы. Ал енді бақытты болғандар, жаннаттық болады. Олар жаннатта көктер мен жердің тұруынша мәңгі қалады. Бірақ Раббың қаласы басқа. Бұл үздіксіз бір сыйлық» [13]. Соңында, не бақыт, не бақытсыздық болады екен!
فَوَالله الَّذِي لاَ إِلَهَ غَيْرُهُ إِنَّ أَحَدَكُمْ لَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ الجَنَّةِ حَتَّى مَا يَكُوْنُ بَيْنَهُ وَبَيْنَهَا إلاذِرَاعٌ فَيَسْبِقُ عَلَيْهِ الكِتَابُ فَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ النَّارِ فَيَدْخُلُهَا،
«Cендердің біреуің жаннатқа қолдың қарындай қалғанша жаннаттықтардың амалын істеп барады, содан кейін (тағдырда) жазылған нәрсе алдынан шығады да, тозақтықтардың амалын істеп (тозаққа) кіреді».
«Қолдың қарындай қалғанша» деген сөздің мағынасы: ажалы жетіп келуіне аз-ақ уақыт қалғанша. Ол «адам мен жаннаттың арасында амалының дәрежесі жағынан қолдың қарындай қалғанша» деген сөз емес. Өйткені, хадисте айтылған кісінің амалы ізгі амал емес еді. Негізінде, басқа хадисте былай айтылғандай болған: «Расында, сендерден біреу адамдарға жаннаттықтардың амалы болып көрінген амалдарды істейді, бірақ негізінде ол тозақылардан»[14]. Кейбір адамдарда мынандай бір түсінбеушілік пайда болған екен: қалайша адам жаннаттықтардың амалын істеп келеді де, сосын жаннатқа жетуге қолдың қарындай қалғанда, тағдырда жазылғаны алдынан шығып тозаққа кіреді?
Жауап: ол адамдарға жаннаттықтардың амалы болып көрінген амалдар істеген. Бірақ жаннат пен оның арасында қолдың қарындай қалғанда ғана, яғни өлімі жақындаған кезде, «тағдырда жазылған нәрсе алдынан шығады да, тозақтықтардың амалын істеп тозаққа кіреді», яғни алдын жасап жүрген істерін қояды да, жүрегінде болған бұзық ниеті себепті ол тозаққа тасталады.
Пайғамбарымызбен (с.а.у) бірге әскери жорықтарының бірінде болған кісінің қиссасын еске алыңыз. Ол адам жауға құтылып қашатын ешқандай мұрша бермеген. Жолында тұрған жауларын жойып жіберетін. Сонда бұған куә болған сахабалар қатты таңқалып: «Соғыста жеңіс әкелген осы!», – дейді. Бірақ пайғамбарымыз (с.а.у): «Ол тозақылардан!», – деп айтады. Сахабаларға бұл хабар ауыр тиеді, оларды «бұл адам қалайша тозақылардан болады?», – деген сұрақ мазалап қоймайды. Сол кезде бір кісі: «Мен әлгі адамның артынан еріп, оны аңдимын», – дейді де, соңынан қалмай жүреді. Қараса, әлгі батыр, ержүректі жігіт қарсыласынан қатты соққы алады да, оған шыдамы жетпей, қылышының ұшын кеудесіне қойып, ал тұтқасын жерге тіреп үстіне жата қалады. Қылышы арқасынан шығып, әлгі кісі өзін осылай өлтіреді. Аңдыған адам пайғамбарға (с.а.у) келіп: “Сен – Алланың елшісі екеніңе куәлік беремін”, – деп айтады. Оған пайғамбарымыз (с.а.у): «Не болды?», – деп сұрайды. Сонда ол тозақылардан болатыны айтылған кісінің оқиғасын баяндап берді. Бұдан кейін пайғамбарымыз (с.а.у) былай деді: «Расында, сендерден біреу адамдарға жаннаттықтардың амалы болып көрінген амалдарды істейді, бірақ негізінде ол тозақылардан»[15] .
وَإِنَّ أَحَدَكُمْ لَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ النَّارِ حَتَّى مَايَكُونُ بَيْنَهُ وَبَيْنَهَا إلا ذِرَاعٌ فَيَسْبِقُ عَلَيْهِ الكِتَابُ فَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ الجَنَّةِ فَيَدْخُلُهَا
Сондай-ақ, , шын мәнінде, сендердің біреуің тозаққа қолдың қарындай қалғанша тозақтықтардың амалын істеп барады, содан кейін (тағдырда) жазылған нәрсе алдынан шығады да, жаннаттықтардың амалын істеп (жаннатқа) кіреді».
Әрбір пенде Алланың рақымынан үмітін үзбеуі қажет, өйткені Алланың мейірімі шексіз Аллаға шынайы түрде кім тәубе қылатын болса Алла оны тәубесін қабыл етеді. Алла тағала Құран кәрімде:
قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ
«Мұхаммед, оларға былай де: «Әй, күнә жасауда шектен шығып, өздеріне зиян еткен құлдарым! Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер. Ол күнәлардың барлығын кешіруші. Өйткені, Ол тым жарылқаушы, өте мейірімді[16]
Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде:
لو يعلم المؤمن ما عند الله من العقوبة ما طمع بجنته احد ولو يعلم الكافر ما عند الله من الرحمة ما قنط من جنته احد
«Егерде мүмин Алланың азабының қандай екендігін білгенде жәннаттан үміті үзілер еді. Кәпір де Алланың мейірімділігін толығымен білгенде, оның жәннатынан дәмелі болар еді.[17]
Пенденің жасаған құлшылығына сеніп арқа сүйеп, Алланың рақымдылығынан үміттену қаншалықты дұрыс емес болса, «Алла кешірмейді» деп Алланың рақымынан үмітін үзу де дұрыс емес. Пайғамбарымыз: (с.а.у) «Рақымы мол Алла Өзінің ұлылығы мен рақымдылығы себепті тозақты бір қамшы ретінде жаратқан, соның көмегімен Алла құлдарын жәннатқа жетелейді»[18], – деуі арқылы Алланың бұл ісі Оның рақымдылығынан туындағанын көрсетеді. Қорқу мен үміттің тепе-теңдігін сақтай білу аса маңызды. Егер жүректе Алланың азабын елемейтін сезім басым болса, оны қорқынышпен, егер Алланың рақымы мен мейіріміне деген үмітсіздік басым тұрса, оны Аллаға деген үмітпен емдеу керек. Әйгілі сахаба Омар (р.а.): «Қиямет күні жәннатқа тек қана бір адам кіреді делінетін болса, ол адам мен шығармын. Ал, егерде тозаққа тек қана бір адам кіреді делінетін болса, ол адам мен шығармын деген үмітпен өмір сүріп келемін», – деп бізге үлгі көрсеткен екен. Жәннат пен тозақтың қай-қайсысы да бізге жақын тұрады. Осыны біле тұра адамда үрей мен үміт сезімі болмаса, өмірін бостан босқа өткізгені. Ал, мүмін дегеніміз – осы екі сезіммен өмір сүретін адам. Міне, осы ұстаным адамзат баласын әрдайым дұрыс ғұмыр кешуге бағыттайды.
Осыған орай бір қиссаны мысалға келтіргенді жөн көрдім. Ертеде бір хан ел билеген екен. Бір күні түсінен қатты шошып оянып кетеді. Таңертең уәзірін шақырып:
-Дайындал. Сарайдан сыртқа шығамыз, – депті.
Екеуі қарапайым киiм киіп, ел аралай бастайды. Бір Ауылға жеткенде, түсінде көрген жерін танып, тоқтайды. Адамдар көп, бәрі өз тіршілігін жасап жүр. Жерде бір адам өліп жатыр. Бiрақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сонда Хан жергілікті адамдардан:
– Ей Адамдар! Бұл кім? Неге бұлай тапталып қор болып жатыр? – деп сұрапты.
– Бұл адам араққұмар біреу. Ол ешкіммен араласқан емес. Онымен 40 жылдан бері көрші тұрамын. Бірақ көрші болып бас қосқан емеспіз. Өзі – нағыз ағаш шебері. Таң атқаннан кешке дейін жұмыс жасайды. Бірақ тапқанына қай жерде арақ болса сатып алады. Тіпті үйіне жөзекшелерді ертіп барa жатқанын көретінмін. Ешбір адамға жақсылығы тимеген. Сондықтан да осылай жатыр.
Адамдар жан-жаққа тарап кетті.
-Жүріңіз, Хан ием, біз де кетейік.
-Жоқ. Менің түсіме бұл адам неге кіргенін түсінбедім. Алла маған оны жерле деп аян етті. Мен Алланың қалауын орындаймын. Тек оны жуындыратын жер керек. Жүр, оны мешітке алып барайық.
Мешітке алып барса, мешіттің имамы:
– Бұл адамды кіргізе алмаймын. Ол Аллаға қарсы шықты. Алла оның жазасын берді, – деп жолатпайды.
Хан оны көрші ауылдағы мешітке алып барады. Ол мешіттің имамы оны көргенде жылай бастайды. Сонда хан:
– Сіз оны танисыз ба?
– Иә. Ол өте жақсы адам еді. Намазын уақытында оқып, Алланың жолында жүрген адам болатын, – дейді. Үшеуі оның жаназасын шығарып жерлейді.
Хан «Неге адамдар ол жайында әртүрлі пікір айтады? Шын мәнінде қандай адам болды екен?»деп қызыға бастайды. Сұрастырып жүріп, үйіне барады. Есікті бір әйел ашады. Хан оған күйеуiн жерлеп келгенін, барлық мән-жайды баяндайды. Әйел көзіне жас алады.
– Сіздің жолдасыңыз қандай адам еді?
– Мен онымен мақтанамын! Ол өз жанын Алланың жолында құрбан етті.
– Бірақ көршілеріңз теріс пікірде ғой. Олардың айтуы бойынша араққұмар, қатынқұмар болған екен. Ешбір адамға көмегі тимеген деп наразы.
– Мырза, олар жолдасым қандай жақсылық жасағанын қайдан білсін?! Иә, ол арақ бар десе жанын беріп болса да сатып алатын. Бiрақ өзі ішкен емес. Өзгелер ішпесін деп ауылдағы бүкіл арақты сатып алып, дәретханаға төгетін.
– Иә, ол жөзекшелерді үйге әкелетін. Бірақ олармен бірге болған емес. Өзгелер олармен бірге болып, күнәға батпасын деп, оларды үйге әкелетін. Мен сендердің уақыттарыңды сатып алдым. Ол уақытты қалай өткізсем де өз еркім дейтін. Түніменен оларға Алланы насихаттап, имандылыққа шақыратынбыз. Соның арқасында жеңіл жүрісті әйелдер біршама азайып қалған еді.
– Бірақ неге көршілерге ештеңе айтпаған?
– Мен оған қаншама рет айттым. Елге шыныңды айт. Олар теріс пікірде. Ертең біз дүние салсақ, кім жерлейді? – деп.
Бірақ ол тыңдамады «Менің жақсылығымды Алла көріп тұр. Маған сол жеткілікті. Адамдар қалай ойлатынында шаруам жоқ. Ең бастысы Алланың алдында арым таза. Адамдарға айтып олардың қошеметіне ие болу мен үшін қажет емес. Ақыретте Алланың қошеметі қажет. Сені кім жерлейді деп қорықпа. Алла сүйген құлын ешқашан ит-құсқа жем етпейді. Мен Аллаға сенем. Егер Алладан Әмір келіп жатса, тіпті ханның өзі жерлеуі мүмкін», – деп күлетін. Ол намазын көрші ауылдағы мешітке барып оқитын. «Неге өзіміздің ауылдағы Мешітте оқымайсың?»-десем, «Бар жан-тәніммен Аллаға берілген имамның артында тұрып намаз оқып жатып, көзімді жұмғанда Қағба көрінгендей болады» дейтін.[19]
Хадистен алынатын пайдалар:
1- Пайғамбарымызға (с.а.у) деген сахабалардың ерекше құрметі оны хадисте «шындық айтқан, әрі шынайы хабар қабылдаған» деп келтірген.
2- Адам жаратылысы бірнеше кезеңдерден тұрады: тамшы, ұйыған қан, тістелген ет.
3- Әр кезеңнің уақыты хадисте қырық күн деп бекітілген.
4- Бір кезеңнен кейін екінші кезеңді жүйелілікпен баяндалуы мұсылман адамның әр іске ұқыптылықпен кірісу керектігін көрсетеді.
5-Адамның рухы берілмей тұрып бірінші денесі жаратылады.
6-Адамның ризқы, ажалы, амалы, бақытты, бақытсыз болуы анасының ішінде жазылады.
7- Періште жазатын тағдыр лаухул махфузда жазылатын тағдырдың көшірмесі.
8-Адам тағдыры оның жәннаттық, тозақтың болуы өзінің ықтиярындағы әрекет.
9- Адам ажалының қай кезде болаты беймәлім, оған адамның денсаулығы, жасы, байлығы, шыққан ортасының әсері жоқ.
10-Адам ризығын бекітуші Алла және ол жолда адам аянбай тер төгуі қажет.
11- Шынайы бақыт ол Алланың разылығына бөлену.
12-Бақытсыздық ол Алланың қаһарына ұшырау
13- Өмірінің соңының қалай болатынына адамның алаңдауы, оған ерекше мән беруі қажет.
14- Адам амалдарымен жәннәтқа кірмейді, тек Алланың рақымымен кіреді.
15- Адам қанша күнә жасаса да шынайы тәуба қылса, Алланың мейірімділігі кең.
16- Бір тамшыдан жаратылған адамның Аллаға бой ұсынбауы өзіне жасалған қиянат.
[1] Бұхари хадистер жинағы
[2] Имам Ахмад хадистер жинағы
[3] Ахмад хадистер жинағында келген
[4] Нәжім сүресі, 3-4 аяттар
[5] Нұр сүресі, 14-аят
[6] Муминун сүресі, 12-14-аяттар
[7] Муслим хадистер жинағы
[8] Рағыд сүресі 38-аят.
[9] Нахыл сүресі, 72-аят.
[10] Лұқман сүресі, 34-аят.
[11] Мунафиқун сүресі, 11-аят
[12] Ибн Мәжаһ 2144.
[13] Һуд сүресі, 105-106-аят
[14] (Бухари 2898, Муслим 112)
[15] (Бухари 2898, Муслим 112).
[16] Зүмәр сүресі, 53-аят
[17] Муслим хадистер жинағы
[18] Ибн Мәжә хадистер жинағы
[19] http://marfugashapian.islam.kz/ru/post/tamasha-tamsil-5179/#gsc.tab=0