ЖАСТАРҒА ЖОЛ СІЛТЕР өсиетті ой айтылды

Өткен аптада Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров «Хабар» телеарнасындағы «Көзқарас» бағдарламасында «Дін және діл» тақырыбында сұхбат берді. Қазақта «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», деген аталы сөз бар.  Шынымен де, студиядағы байыпты әңгіме кім-кімге болсын ой салары сөзсіз.

«Адам баласын бір әке, бір шешеден жаратып, бір-бірін танып, қиындықта көмектесулері үшін әрбір ұлттар мен ұлыстарға бөлдік», делінген Құранда. Сондықтан жер бетіндегі әрбір адамның дініне, салт-дәстүріне, тіліне құрметпен қарау мұсылман дінінің бұлжымас қағидасы, деді Ержан қажы Маямеров. Өте орынды айтылған ой. Көпұлтты елімізді Бас мүфтидің татулыққа, бірлікке шақыруы құптарлық іс. Сондай-ақ, Ержан қажы Маямеров «Бағаламасаң бақ кетеді», «Бақыт қайда барасың, ырыс бар жерге барамын», деп өз ойын нығырлай түскені студиядағы әңгімеге әр берді. Дінбасы орақ тілді, от ауызды шешен-билердің ақыл-пайымдары өскелең ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуде мықты қару екенін айтты. Бұл ой  ұстаздарға ой салса екен.

Бас мүфти көрші елдерге көз салып-ақ Отанымыздағы татулықтың, береке-бірліктің қадіріне жетейік, деді. «Сабыр түбі – сары алтын», кейде тұрғындар арасынан алауыздық тудырып, өзге ұлтқа осқырына қарап, не болмаса елдегі жағдайларға көңіл толмаушылық білдіріп жататындар бар. Осы сөз оларды сабасына түсірсе екен. Шынымен де, «Ораза, намаз тоқтытқта», деді емес пе, Бас мүфти.

Ержан Малғажыұлы діни басқарма тарапынан  атқарылып жатқан жұмыстардың аз еместігін де алға тартты. Яғни, білікті басшы мешіттердің абыройын көтеруді көздейді. Сондықтан өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөліп отырғаны қуантты. Имамның Құранды жатқа білуі аз, ол сонымен бірге заңды, психологияны, тағы басқаларды да меңгеруі шарт, деген пікіріне мен де қосыламын. Яғни, дін саласында жолдан қосылған адамға орын жоқ. Осы күнге дейін сауатсыз молдалар халыққа дұрыс жол сілтей алмай келді емес пе, енді олқылықтың орны толып жатыр. Студиядағы кездесуде Бас мүфти басқармас тарапынан «Жаназа кітабы» дайындалып жатқанын айтты. Бұл еңбек тезірек көпшіліктің қолына тисе, шариғат ережелеріндегі өзгешеліктер бір ізге түсер еді.

«Қазақ жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған, қариясын бағусыз қалдырмаған», деді Бас мүфти. Иә, қоғамдағы келеңсіздіктерді жою уақыт еншісінде. Мешіттер тарапынан жастарды имандылыққа баулуға бағытталған шаралардың нәтиже береріне менің де сенімім мол.

Айгүл ЫСҚАҚОВА

журналист.

Return to Top ▲Return to Top ▲