﴿ ٱلۡحَمۡدُ لِلَّهِ رَبِّ ٱلۡعَـٰلَمِينَ﴾
Бар мадақ, шүкіршілік атаулы күллі әлемнің Раббысы – бір Аллаға арналады.
(Фатиха сүресі 1-аят)
Кіріспе:
Егер біреу саған жақсылық қылса, не бір қиындықтан құтқарса, өмірбақи оған қарыздар болып өтесің. Көрген сайын жылы шырай танытып, тиісінше алғысыңды айтасың, қайтсем оның жақсылығын қайтарамын деген сенімен әр кез бірге болады. Алғыс айту кезінде бар ықыласыңмен, шынайы түрде ең керемет сөздеріңді арнап сөздің ақиқаты керек өнерпаздық танытасың. Бұны сен адами парызым деп санайсың.
Бірақ сені жаратқан, күнделікті ризық несібе берген, бойыңа күш дарытқан, бүкіл жаратылыстардан үстем етіп ақыл иесі қылған Аллаға алғыс айтуға асықпайсың!. Бұл аятта Алла тағала құлына қалай мадақ айту керектігін үйретеді.
Тәпсірі:
«Бисмиллә» сүрелерді бөлу үшін, жалпы әр істі бастаған кезде берекесін келтілу үшін Алланың көрсеткен әдебі деп білсек, Құранның алғашқы аяты болған бұл аятта «Әлемдердің Раббысы Аллаға мақтау» сөзі келген. Бұл аят әрбір мұсылманның ауздында табылуы тиіс сөздерден. у арқылы Алла біздерге әрбір сөзімізде Раббыларымызбен байланыста болу үшін осы сөздермен бастауды үндеу етеді.
Аяттың тәпсіріне көшетін болсақ, «Хамд айту» дегеніміз саналы түрде өз ықтиярымен жасалған жақсылыққа мақтау айтуды білдіреді.
Раббы сөзі тілдік тұрғыдан алғанда тәрбие сөзінен шығады, Алла құлдарын тура жолға салушы, ақ пен қараны ажыратушы кемелдікке нұсқаушы тәрбиеші іспеттес. Бұл аятта иелік мағынасында қолданылған. Раб сөзі адамға қатысты қолданылғанда бір сөзбен байланысып келеді. Мысалы «Раббуд дәәр» үйдің иесі.
Әләмиин әлем сөзінің көпше түрі, Алладан басқаның барлығы әлемге жатады.
Мағынасы: Санап түбіне жету мүмкін болмаған Алланың сансыз нығметтеріне шынайы түрде шүкір айту ұлықтап мадақтау және бұған ешкімді ортақтастырмау.
Әлхамду лиллә кез келген жағдайда айтылады негізгілерге тоқталатын болсақ:
Тамақ ішу кезінде:
Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде: «Алла тағала құлының екі амалына риза болады: тамақ ішу кезінде және сусын ішу барысында Аллаға мақтау айтқанды»[1].
Тамақ ішіп аяқтаған кезде мына дұға оқылады:
الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي أَطْعَمَنَا وَسَقَانَا وَجَعَلَنَا مُسْلِمِينَ
Барша мақтау бізді тамақтандырған, сусындандырған және мұсылман еткен Алла Тағалаға мақтау болсын[2]!
Ұйықтар алдында және оянған кезде:
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Пайғамбар (с.ғ.с) төсекке жантаяр кезде былай деп айтатын «Аллаһым сенің атыңмен жан тапсырамын және сенің атыңмен тірілемін» ал оянған кезде «Өлгеннен кейін қайта тірілткен Аллаһқа мадақ болғай! Өлгеннен кейін қайта тірілуіміз тек Оған ғана тән»[3] деп дұға жасайтын.
Түшкірген кезде:
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: “Егер сендерден біреуің түшкірсе: “Әлхәмду-лилләһ” Барлық мақтаулар Аллаға лайық»,- десін. Сонда жанындағы бауыры немесе жолдасы: “Йәрхамукәллаһ” — Алланың саған рахымы болсын»- деп айтсын. Егер оған “Йәрхамукәллаһ”- деп айтылса, ол: “Йәһдикумул-лаһу уә йуслиху бәләкум”»Алла сіздерді тура жолға бастап, көңіл-күйлеріңізді түзесін»[4], – деп жауап қайтарсын.
Жаңа киім кигенде:
«Уа, Алла тағалам, бұл судай жаңа киімді маған Сен кигіздің. Саған мадақ пен шүкіршілік айтамын! Бір Өзіңнен мұның игілігін және игі жолда қолданылуын сұраймын. Сондай-ақ, оның жамандығынан және жаман жолда қолданылуынан бір Өзің сақтағайсың», – деп дұға жасайтын еді»[5], – деген.
Көлікке мінгенде:
Алла тағала Құран кәрімде: «Бұны бізге бағындырған Алла пәк. Өйткені біз бұған жақындаса алмайтын едік. Күдіксіз Раббымызға қайтарыламыз»[6], деп дұға жасауды біздерге әмір еткен.
Хадистер:
لَا يَشْكُرُ اللهَ مَنْ لَا يَشْكُرُ النَّاسَ
«Кім адамдарға (жақсылықтарына) алғыс білдірмесе, Аллаға шүкірлік етпегені»[7].
إِنَّ أَشْكَرَ النَّاسِ لِلَّهِ عَزَّ وَجَلَّ أَشْكَرُهُمْ لِلنَّاسِ
«Ақиқатында адамдардың Аллаға ең шүкір ететіні, адамдарға алғыс айтып жүретіні»[8].
Үшінші хадис:
مَنْ لَمْ يَشْكُرْ الْقَلِيلَ لَمْ يَشْكُرْ الْكَثيرَ، وَ مَنْ لَمْ يَشْكُرْ النَّاسَ لَمْ يَشْكُرْ اللهَ، التَّحَدُّثُ بِنِعْمَةِ اللهِ شُكْرٌ، وَ تَرْكُها كُفْرٌ، وَ الْجَمَاعَةُ رَحْمَةٌ، وَ الْفِرْقَةُ عَذَابٌ.
«Кімде-кім азға шүкір етпесе, көпке де шүкірсіз болады. Ал, кім адамдардың (жақсылықтарына) алғыс айтпаса, Аллаға да шүкірсіз болғаны. Алланың нығметтерін айтып жүру шүкірліктің (белгісі), оны жасыру (яғни Алланың нығметтерін жоққа шығару) – күпірлік. Ауызбіршілікте болу – мейірім, ал бөліну – азап»[9].
Төртінші хадис:
مَنْ صَنَعَ إِلَيْكُمْ مَعْرُوفاً فَكَافِئُوهُ، فَإِنْ لَمْ تَجِدُوا مَا تُكَافِئُونَهُ فَادْعُوا لَهُ…
«Кім сендерге жақсылық жасаса, оған сыйлық беріңдер. Егер берер сыйлық таппасаңдар, ол үшін дұға жасаңдар»[10].
Бесінші хадис:
مَنْ صُنِعَ إِلَيْهِ مَعْرُوفٌ فَقَالَ لِفَاعِلِهِ: جَزَاكَ اللهُ خَيْراً، فَقَدْ بَالَغَ فِي الثَّنَاءِ
«Егер кімге болмасын жақсылық жасалса, оны істеушіге: «Алла сені жақсылықпен жарылқасын», – деп айтса, оны дәріптеген болды әрі шүкірлік еткен болды»[11].
Қиссалар:
Бірінші қисса:Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін Хадиша анамыздың орны мүлдем бөлек болды. Хадиша анамыз көз жұмса да, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған деген махаббаты бір мысқал да кемімеген. Хадиша анамыздың туыстарына қолдан келген көмегін аямайтын. Оның көрсеткен жанқиярлықтарын әрқашан аузынан тастамайтын. Адал жары Хадиша (р.а.) жайлы жиі айтатыны соншалықты, Айша анамыз Пайғамбарымызды одан қызғанатын. Бір күні Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хадиша анамыздың жақсылықтарын тағы есіне алады. Айша анамыз шыдай алмай: «Үнемі Хадишаны айтасыз. Алла Тағала сізге одан да жас әрі әдемі әйелдер берді емес пе?», – дейді. Тозаңдай жақсылықты ұмытпайтын Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Хадиша сынды қайырлы жар сыйлады. Ел мені мойындамай күпірліктің күнсіген қоқсығын ақтарып жүргенде, ол иман келтірді. Жұрт мені өтірікке шығарғанда, ол растап, қолдады. Халық менен не нәрсесін болса да аяп, итіне жегізгенде, ол дәулетіне ортақ етті. Алла Тағала одан маған перзенттер нәсіп етті», – деді. Хадиша анамыз жайлы бұл сөздерді естіген Айша анамыз өзінің айтқанына ұялып: «Уа, Алланың Елшісі! Сені пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант етейін, бұдан кейін Хадиша жайлы естеліктеріңді айта жүруіңді өтінемін», – деп Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көңілін аулаған еді.
Екінші қисса:Ертеде Бәни Исраил қауымында Алла Тағала мол ризық беріп байытқан ағайынды екі жігіт болады. Оларға әкелерінен мұраға мол байлық қалған болатын. Ағайындылардың біріншісі кедей-кепшіктерге қарасып, оларға көп жақсылық жасайтын. Жұрт сондай жомарт байдың үйіне келіп, садақа сұраушылардың сабы үзілмейтін. Ол әрдайым ризық-несібесін молайтып, тоқшылық берген Аллаға мақтау-мадақ айтатын, асып-таспай қанағатпен күн кешетін. Жаратушыға шүкірлік ететін.
Ал, екіншісі Қатрус есімді бауыры сараң болады. Ол байлығының бір бөлігін жақсылыққа жұмсаудан, Алла жолында қайырлы іс істеуден мүлде бас тартатын.
Қатрус көз тоймайтын бақшалардың иесі болатын. Сондай-ақ, үйінде өрімдей ұл-қыздары да бар. Ол әркімге беріле бермейтін осындай нығметтер үшін Аллаға шүкір етудің орнына тәкаппарланып, менменсініп жүретін.
Бірде оған бауыры келеді. Екеуі оның құлпырған жүзім бағының ішінде жүріп әңгімелеседі. Ол бауырымен әңгімелесіп келе жатып, айналадағы бағының көркемдігімен масаттанып, астамшылық жасайды. Бауырынан мұндай астамшылықты күтпеген оның көңілі түссе де сабырлылық сақтап, жанашырлықпен: «Уа, Қатрус! Мұның не астамшылық? Бұл нығмет Алланың саған берген сыйы, әрі сынағы екендігін есіңнен шығардың ба? Алланың берген артықшылығына асып-тасып, тәкаппарланғанша бақшаңа кіргенде шүкірлік ет дейді.
Бірақ, Қатрус бауырының сөзін түсінгісі де келмейді. Ол: «Менің ойымша, бұл бақша ешқашан да құрымайды. Мұның бәрі менің иелігім! Мен үшін Қиямет те болмайтын сияқты. Қайдан білесің, тіпті, о дүниелік болып, Раббыма қайтқан соң бұдан да үлкен ырысқа кенеліп, пейіштік болармын?» – деп тәкәппарлық танытады.
Сол күні кеш түсіп, қараңғылық басып, бүкіл ауыл ұйқыға кеткен уақытта Қатрустың бақшасына Құдайдың зауалы төнеді. Аяқ астынан ауылдың шетінен құйын көтеріліп, Қатрустың бақшасына бағыт алады. Ақырында кең алқапты қамтыған құтты бақша әп-сәтте қираған үйінділерге айналып шыға келеді.
Ертесіне Қатрус күнделікті әдетінше үйінен шығып, жан-жағына қарағанда гүл жайнаған бағын көре алмайды. Оның орнындағы ойранды көріп есінен тана жаздайды. Содан кейін барып бір апаттың болғанын түсінеді. Өзінің кеше асыра сөйлегеніне қатты өкінеді.
Раббысының нығметін мойындамай, асып-тасқан надан бай Қатрус өзінің кемшілігін осылайша кеш түсінеді.
Міне, Құранда «Кәһф» сүресінде баян етілген бұл оқиға шүкірсіздіктің соңы сор екенін ескертуде.
Бөлтірік шешеннің Раббысын шүкірі
Бөлтірік Әлменұлы — үш жүзге аты мәлім шешен, би болған. Бірде оның жалғыз ұлы қайтыс болып, ел-жұрт аза тұтып, үш жүздің игі жақсылары көңіл айтуға келеді.
Келген жұрт көп күткенмен, Бөлтірік сыртқа шықпай, үйінде жатып алады.
Сонда жұрт:
— Шешеннің күйі кетіп, сабыры шайқалған екен, – деп аяушылық білдіреді.
Біраз уақыттан кейін ғана Бөлтірік сыртқа шығып:
— Уа, ағайын! Сендер мені баламның өліміне сабырсыз болды деп ойлапсыңдар ғой. Жоқ, мен сабырымды жоғалтқан жоқпын. Мен үйде жатып, өзіме өзім сұрақ қойдым: «Бұл баланы мен жараттым ба? Мен берген едім бе өмірін?» — жоқ. Олай болса, менің ренжуге, күңіренуге хақым жоқ. Баламды берген Алла еді, алған да Алла. Енді сабыр еттім, — деп жұрттың алдында тәубесін айтып, сабырлы мінез көрсеткен екен.
Сонда отырғандар:
— Бөлтірік би, сөзіңіз иманнан туған екен, — деп риза болған деседі.
Қазақ нақылдары:
Қазақ халқының рухани дүниесінде алғыс айту, шүкір ету ұғымдары ерекше орынға ие. Бұл қасиеттер адам мен қоғам арасындағы рухани байланысты нығайтып, ізгілік пен мейірімділікті насихаттайды. Қазақ ауыз әдебиетінде бұл ұғымдар мақал-мәтелдер, жыр-дастандар, шешендік сөздер арқылы терең көрініс тапқан. Рахмет, Алла разы болсын, Жақсылығың Алладан қайтсын секілді сөз тіркестері дұға тілек ретінде қолданылады. Әдептілік пен мәдениеттіліктің көрінісі.
Осы тақырыпқа орай мақал-мәтелдерді келтіретін болсақ:
«Шүкір еткеннің несібесі көбейер.»
Жақсылық еккен алғыс орады
Жаңбырмен жер көгереді,
Алғыспен ел көгереді.
«Көп бергенге – шүкір, аз бергенге – сабыр.»
Алғыс алған арымас,
Қарғыс алған жарымас.
Алтын алма, алғыс ал:
алтын деген жер сыйы,
алғыс деген ел сыйы.
Қағынған қарғыс алар,
Қарасқан алғыс алар.
«Аллаға шүкір, адамға рахмет.»
[1] Муслим хадистер жинағы
[2] Әбу Дауіт хадистер жинағы
[3] Муслим хадистер жинағы
[4] Бұхари хадистер жинағы
[5] Әбу Дауіт хадистер жинағы
[6] Зухруф сүресі 13-14 аяттар.
[7] Әбу Дәуіт хадистер жинағы
[8] Имам Ахмад хадистер жинағы
[9] Ахмад ибн Ханбал хадистер жинағы
[10] Әбу Дәуіт хадистер жинағы
[11] Тирмизи хадистер жинағы