МӘУЛІТ АЙЫ МҮБӘРӘК БОЛСЫН!

Барша мақтаулар менен мадақтар біздерді жоқтан бар еткен, әлемдердің Раббысы Алла тағалаға және де оның пайғамбары адамзаттың асыл тәжі болған Мұхаммед с.ғ.с – ға Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Қадірлі мұсылман қауым! 16 қыркүйек күні мұсылмандық хиджри жыл санауына сай ұлы болған айлардың бірі – Рабиға әууәл айы кіріп келді. Бұл ай біз үшін, яғни мұсылман қауымға несімен ұлы болған деген сұраққа жауап – ол біздің ардақты да қадірлі, Алланың сүйіктісі «хотәмуль әнбиә», яғни барша пайғамбарлардың мөрі Мұхаммед с.ғ.с – ның жарық дүниеге келіп, бүкіл ғаламатты нұрға толтырған күн. Өйткені Мұхаммед с.ғ.с пайғамбарымыз біздерге Алланың ұлық болған шариғатын, асыл дініміздегі барша ұлық мейрамдарын, Алланың рахымы менен бұл өмірдегі бүкіл берекеттерді алып келген болатын. Асыл пайғамбарымыз бұл дүниеге келмеген болса, мың айдан хайырлы болған Қадір түні, мұсылмандық мерекелер, Исра мен Миғраж окиғалары,  Меккенің алынуы, Бәдрдегі шайқас, тіпті мұсылман қауымының қалыптасуы болмас еді. Осы күніміздегі біздерге тиесілі болған барша жақсылықтар тікелей осы ұлы адаммен байланысты. Өйткені пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с бүкіл хайыр менен берекеттің бастауы болып табылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с осы Рабиға әууәл айының 12 – ші жұлдызында, қазіргі әлемдердің барша мұсылмандарының отауы болған қасиетті Мекке қаласында дүниеге келген. Пайғамбарымыздың уақытынан бастап біздің  заманымызға дейін адам баласы өмір бойы қандай қиыншылық пен ауыртпашылықты көретін болса, Мұхаммед с.ғ.с пайғамбарымыздың өткен сынақтарының қасында шаңның тозаңындай ғана кішірейіп қалады. Алланың сүйген құлының өмірбаянын білмейтін, бірақ та санасы менен көкірек көзі ояу әр адамның бойында, алдыңғы айтылған сөзге, яғни пайғамбарымыз с.ғ.с қаншалықты ауыр деңгейдегі сынақтарға жолықты деген сұрақ міндетті  түрде туу керек деп ойлаймыз. Міне сондықтанда сол мәселенің түйінін қысқаша түрде айтып көрейік.

Пайғамбарымыз с.ғ.с бұл анасының құрсағында болған кезде, яғни бұл дүниенің есігін ашпай тұрып,  әкесі Абдоллахтан, ал балалық пен шаттықтың ең тәтті шағы 6 жасында Әмина анасынан айырылды. Анасы дүниеден өткеннен кейін атасы Әбдүлмүтәліп, және немере ағасы Әбу Тәліптердің қолдарында өсіп өнген. Жастайынан бойында шыншылдық пен әділдік орнаған Пайғамбарымыз өз елінің арасында үлкен сыйластыққа ие болды. 40 жасында оған Алладан алғашқы уахи, яғни Жаратқан Алламыздың Жәбірейіл періште арқылы жер бетіне Құранның ең бірінші аяты түсіп, пайғамбарымыздың мойынына пайғамбарлық мәртебесі жеткізілген болатын. Міне сол уақыттан бастап, Мұхаммед с.ғ.с пайғамбарымыз арқылы асыл дініміз Исламменен және оның шариғаты болған Құран, барша адамзатқа жол бастады. Алланың құзырындағы хақ, яғни ақиқат Ислам дініне щақыра бастаған пайғамбарымыз алғашқы күндерінен көптеген қиындықтарға жолыққан болатын. Себебі Ислам діні келместен бұрын, араб жазирасындағы халықтар, соның ішінде пайғамбарымыздың жақын бүкіл туыстары, және оның айналасы көптеген пұттарға, яғни өз қолдарынан жасап алып, өздері ойлап тапқан «құдайларға» сиынатын болатын.  Сондықтан пайғамбарымыз с.ғ.с жалғыз Аллаға мойынсұнуға шақырған кезде, Мекке халқы оның айтып жатқан нәрсесін жат санап, ата-бабаларының ұстанымынан кері айналды деп, оған қарсы шыққан болатын. Тіпті жақын ағайын – туыстарының өзі оны қатты сөгуге баратын. Сөйтсе де, қаншама қиыншылық көріп, жақын туыстары одан бет бұрып қарсы шықсада, пайғамбарымыз тура жолдан ауытқымай ақиқатты жеткізуін тоқтатпады.  Мұсылмандықты ең алғаш қабылдап, пайғамбарымызға өте үлкен тірекпен демеу болғандардың бірі – ол оның жары, Хадиша анамыз.Уақыт өте келе айналасындағы біршама адамдар да мұсылмандықты қабылдап, хақ жолға түскен болатын. Бірақ Меккедегі мұсылмандар қуғынға ұшырап, 622 жылы Мәдинаға көшуге мәжбүр болды. Мәдина тұрғындары жаңа дінді жақсырақ қабылдап, олардың көпшілігі исламды қабылдады. Сол жерде олар алғашқы ислам қауымын құрады.

Ардақты пайғамбар с.ғ.с – ның 3 ұлы менен 4 қызы болатын. Солардың ішіндегі алты баласын пайғамбарымыз көзі тірі кезінде өзі жерге тапсырған болатын. Біздерге жеткен асыл дінді жеткізу барысындағы пайғамбарымыздың көрген қиындықтарының жоғарыда біз айтып кеткен әңгіме тек аз ғана қысқаша мағлұмат. Соның барлығына төзіп, бір Алладан ғана медет сұраған пайғамбарымыз с.ғ.с біздер, яғни өз үмметі үшін көп дұға тілейтін. Ұзақ түндердің ішінде намазда аяқтары ісіп қалғанға дейін тұрған пайғамбарымыз с.ғ.с – ның жылап тұрып Жаратқаннан бір ғана сұраған нәрсесі – «үммәтии, үммәтии, үммәтии», яғни үмметім, үмметім, үмметім… Біздің осы күнде бейбіт өмір сүріп жатқанымыз, адал дастарқан нан адал нәрсе ішіп жеуіміз, бейбіт заманда өмір сүруіміз сияқты көптеген нығметтердің барлығы пайғамбарымыздың біз үшін дұғасының себебінен деп білуіміз қажет.

Біз үшін бұл өмірде бір жақынымыз көптеген жақсылықтарменен демеу жасап жүрсе қаншалықты дәрежеде оған құрмет көрсетеміз? Ол адам үшін біз бәріне дайын болып, оның алдында өтелмейтін борыш бар екенін біліп, ол адамды жадымызда сақтап жүріп, жүрген жерімізде жақсылықтарын айтып жүреміз.

Ал біздер үшін бар өмірін арнап, бұл жалған дүниенің бүкіл байлық пенен атақтарды тәрк етіп, біздер үшін күні – түні жылап жүрген асыл пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с үшін біз не жасадық?

 Осы сұрақты әрқайсыларымыз өзімізге қойып, Жаратқан Алламыз бен, Пайғамбарымыз бен арамыздағы қарым – қатынасымыз осы күнде қандай деңгейде екенін ойланып, түйін шығаруымыз қажет.Міне осы қасиетті айда, Аллаға деген шүкіршіліктерімізді арттырып,  иманымызды күшейтіп, барша құлшылықтарымызды тиянақтап, ардақты Пайгамбарымызға көптеген салауаттарды айтып, жақсылыққа бет бұрайық.

Әлхамду лилләәһи роббиль ғәәләмиин

Әллахумма солли уә сәллим уә бәәрик ғаләйһи.

Көкен Ержан Оралұлы

Ақжар ауданы «Үлкен – Қарой»

мешітінің наиб имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲