Екінші хадис: Ең бірінші әмір

طَلَبُ الْعِلْمِ فَرِيضَةٌ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ

Оқылуы: «Талабул ъилми фаридатун ъәлә кулли муслимин».

Аудармасы: Ілім іздену әрбір мұсылманға парыз.

(Бұхари хадистер жинағы)

Құрметті мұсылман бауырым! Сен білесің бе? Алла тағала сүйікті пайғамбарына (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ең бірінші нені әмір еткенін? Кейбіреулер ойлауы мүмкін намаз  оқу болар деп, енді біреулер ораза ұстау, әлде зекет беру деуі мүмкін. Алланың қалауы олай болмады. Алланың адам баласына қасиетті Құрандағы алғашқы әмірі – оқу еді.

 Алланың жаратылыстарының ішінде адам баласын ақылмен ерекшелеген. Құран да ақыл иелері адамға түскен. Алла тағала Құранда бірқатар аяттарда адам баласын ойлануға, ой жүгіртуге, пайымдауға шақырады.

          Білім адам үшін көптеген мүмкіндік есіктерінің кілті. Білімді көбірек үйренген сайын адамның өмір сүруі жеңілдеп, Жаратушының алдында дәрежесі өседі. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді, періштелер білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды», делінген.

          Атақты сахаба Абдолла ибн Масғуд: «Арайлап атқан күндердің мен үшін ең қасіреттісі (нашары, жаманы) Аллаға жақындататын амалдар жасай алмай өткен күнім» деген екен. Ал Аллаға жақындататын ең ұлы амалдар қатарында әлбетте білімді айтуға болады.

          Мұсылман күнделікті өзіне мына сұрақтарды қоюға тиіс: Мен бүгін не нәрсе үйрендім? Бүгінгі күнім кешегі күнімнен жақсы ма? Қанша бет кітап оқыдым?

Білімді адамның мәртебесі:

  1. Ғалымдар пайғамбарлардың мирасқорлары[1]: Бұл турасында пайғамбарымыз (c.ғ.с.): «Шынында, ғұламалар – пайғамбарлардың мирасқорлары, пайғамбарлар динарды да, дирхемді де мұра ретінде қалдырмады, олар ілімді мұра етіп қалдырды. Кімде-кім оған қол жеткізсе, үлкен үлеске қол жеткізгені», деген.
  2. Ілім – таусылмайтын қазына: Адамды адам ететін, оны биік дәрежеге көтеретін оның дүние-мүлкі емес, оның артында қалдырған білім қазынасы. Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) мүбарак хадисінде былай деп айтылған: «Адам баласы дүниеден өтсе, оның амалының барлығы үзіледі, тек үш түрлі амалы үзілмейді: жария берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі, оған дұға жасайтын салихалы ұрпағы».
  3. Ілім қарауылға мұқтаж емес:Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алған адам жиған ілімі біреудің қолында кетеді деп еш уайым шекпейді, оған қарауыл қоймайды, құлыптамайды, өйткені ілімнің мекені ол жүрек.
  4.  Алла кімге жақсылық қаласа ғұламалардан етеді: Адамның Алла разылығы үшін ілім жолына түсуі оған деген Жаратушының ерекше ілтипатынының нышаны. Бұл жайында Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) мүбарак хадисінде: «Алла егер кімге қайыр қаласа, дін ілімін үйретеді», – деген.
  5. Ілім жолы – жәннатқа апарар жол:Ілім жолына түскен пенденің Алла Тағала жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді. Оған дәлел пайғамбарымыздың мына хадисі: «Кімде-кім ілім алу мақсатында жолға шығатын болса, оның жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді».
  6. Ілім иелері ақыретте де, дүниеде де дәрежесі жоғары болады: Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман еткендердің, әсіресе, өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар».
  7. Ғалымдар мен қарапайым адамдардың арасы: Алла Тағала қасиетті Құран аятында: «Білгендер мен білмегендер тең бе?» деп айт, – деп бұйырады. Білімділер мен білімсіздердің ара жігін пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) мына хадисі айқын баяндап тұр: «Ғалым мен қарапайым құлдың арасы менімен сендердің ең төмендегілеріңнің арасы секілді».

Білім ұстазға құрметтен басталады

Имам Мәлик (Алла оны мейіріміне бөлесін) бір күні мұсылмандардың басшысы Һарун Рашидке барады. Сонда халифа оған: «Уа, Абдулланың әкесі! Сен «Муатта»[2] кітабынан менің сарайыма келіп, балаларыма сабақ беріп тұруыңды қалаймын» – дейді. Сонда Имам Мәлик халифаға: «Уа, мүминдердің әміршісі! Алла Тағала сізге ұлы мәртебе берсін! Асылында білімнің қадірі сіздерден басталады. Егер сіздер білімді құрметтесеңіздер, білім құрметті болады. Ал, білімді қорласаңыздар білім қадірсіз нәрсеге айналады. Сол себепті білім – барып берілмейді, білім – келіп алынады» – деп, халифаның баласы өз аяғымен келіп, білім үйренгені жөн екендігін өсиет етеді.  Бұны естіген халифа Һарун Рашид: «Сөзіңіз өте орынды», – деп, балаларына өзге балалардай мешітке барып, сабаққа көпшілікпен бірге қатысуларын бұйырады. Тіпті халифаның өзі де балаларымен бірге имам Маликтің дәрісіне қатысып тұратын болған.

Түйіндеме:

Оқы, оқы, оқы деген Жаратқан,

Оқығандар елді аузына қаратқан,

Оқу, білім –түпсіз терең бір мұхит,

Үлгі-өнеге төрт тарапқа таратқан.

Осы білім оң мен солды танытқан,

Құтқарады зұлмат, құлдық қамыттан,

Періштелер қорғайды оны жан-жақтан,

Ілім білім, кәусарынан нәр тартқан.

ТАРСЫРМАЛАР:

1-жаттығу: Хадисті жатта және мағынасын айт.

2- жаттығу: Білімнің адам өмірінда маңыздылығы неде?

3- жаттығу: Білімді адамға берілетін жеті мәртебені ата.

  1. Атақты сахаба Абдолла ибн Масғудтың айтуынша мұсылманның күні қалай өтуі керек?
  2. Әңгімеде Имам Мәлик не себепті халифаның сарайында сабақ бермеді?
  3. Өлең шумақтарын жаттап ал.

[1] Ізбасарлары.

[2] Хадис кітабы.

Return to Top ▲Return to Top ▲