Намаз және уақыт

        Құлшылықтарда уақыттың қадірі ерекше орынға қойылған.  Қажылық, ораза белгілі айларда, мың айдан да қайырлы болған қадір түні  белгілі түнде, күндердің сұлтаны да жұма күнінде, тіпті адамның ауыз ашып, ауыз бекітуі де де белгілі сағаттар мен минуттарда.

         Құлшылықтардың  қабыл болуы тікелей уақытқа байланысты.

Сол ұлы құлшылықтардың бірі намаз жайында және оның адам уақытын жүйелеуге тигізер септігі турасында сөз етпекшіміз.

Намаз  – діннің ең басты белгісі, ең басты рәмізі. Ислам дінінде пенде мен Раббының арасындағы тұрақты байланыс көпірі. Намаздың адам баласына берер рухани пайдалары өте көп, алайда соның ішінде адамның уақытын жүйелеуге қатысты пайдалары сирек айтылады. Алла Тағала намаздың уақыты жайында былай деді:

 فَأَقِيمُوا الصَّلاةَ إِنَّ الصَّلاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَوْقُوتًا

«Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар. Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда парыз етілді» .

       Қысқаша түсіндірмесі: Намазды барлық шарттарын ескере отырып, әр қимылын ерекше құлшыныспен орындаңдар. Мұсылман үшін әр намаздың өзіне тән уақыты бар. Сол себепті уақытында оқылған намаздың Алла үшін ең сүйкімді амалдардан екенін естен шығармаңдар.

Жоғарыдағы аяттағы «белгілі уақыттарда» деген сөздің мағынасы әр парыз намаздың өзінің уақыты бар екенін білдіреді. Қандай жағдай болса да оның парыздығы сол уақыттардан шықпайды. Уақыты өтіп кеткен намаз қаза саналады. Толыққанды сүннеттерін қосып оқыған қаза намаздан  уақытында тек парыздары ғана өтелген намаз әлдеқайда абзалырақ.

Басқа бір аятта Алла Тағала намазға және оның уақыттарына мұқият болу керектігі жайында былай дейді:

حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلاةِ الْوُسْطَى وَقُومُوا لِلَّهِ قَانِتِينَ

«Бес уақыт намазға, әсіресе ортаңғы намазға өте мұқият болыңдар. Алла үшін намазға тұрып, алдында барынша кішірейіп, құлдық ұрып тұрыңдар» .

Қысқаша түсіндірмесі:  Уа иман келтіргендер намаздарыңа әсіресе уақыттарына ерекше мұқият болыңдар! Әсіресе екінті намазының орны ерекше, ол намазды оқығандығы жайында қияметте періштелер куәлік етеді. Намазда жүректің Алламен байлануы, әр қимылына ерекше мән бере отырып орындауың – кәміл намаздың көрінісі. 

Басқа бір аятта:

وَأَقِمْ الصَّلاةَ طَرَفِي النَّهَارِ وَزُلَفًا مِنْ اللَّيْلِ إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّيِّئَاتِ ذَلِكَ ذِكْرَى لِلذَّاكِرِينَ

«Күндіздің екі уақытында сондай-ақ түннің күндізге таяу уақыттарында намаз оқы. Шынында жақсылықтар жамандықтарды жояды. Бұл ойланып ғибрат алатындар үшін айтылған бірер насихат» .

       Қысқаша түсіндірмесі: Намазды кемеліне келтіріп өз уақыттында орында. Күндіздің екі уақытында бұл жерде бесін, екінті  намаздары айтылған. Түннің күндізге таяу уақыттары деп таңсәрі, ақшам, құптан намаздарын айтқан. Ізгі амалдар соның ішінде бес уақыт намазды үзбей, кемеліне келтіріп оқу,  намаз арасындағы кіші күнәларді өшіретіні жайында пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жеткен. 

 Намаздардың белгілі бір уақыттарда қайталануында қандай хикметтер бар? Ең маңыздысына тоқталсақ:

-Адамның жүрегін үздіксіз жасалатын күнәлардан  тазалап тұрады. Бұл сөздің мағынасы – адам өзін әрдайым жетілдіріп отырады. Әр намаз сайын өзінің кеткен қателерін саралап, болдырмау үшін әрекет қылады. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бес уақыт намаздың мысалын былай сипаттаған:

أَرَأَيْتُمْ لَوْ أَنَّ نَهْرًا بِبَابِ أَحَدِكُمْ يَغْتَسِلُ مِنْهُ كُلَّ يَوْمٍ خَمْسَ مَرَّاتٍ هَلْ يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيْءٌ؟ قَالُوا: لَا يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيْءٌ. قَالَ: فَذَلِكَ مَثَلُ الصَّلَوَاتِ الْخَمْسِ يَمْحُو اللَّهُ بِهِنَّ الْخَطَايَا

«Сендердің араларыңнан бір адамның есігінің алдында өзен ағып, ол сол өзенге күніне бес рет шомылса, ол адамда кір қала ма?» – деп сұрағанда, сахабалар: «Жоқ қалмайды», – деп жауап қайырады. Сонда Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Судың кірді тазалайтынындай бес уақыт намаз да күнәларды тазалайды» , –деп мұсылмандарды сүйіншілеген.

Басқа бір хадисте:

الصَّلَوَاتُ الْخَمْسُ وَالْجُمْعَةُ إِلَى الْجُمْعَةِ وَرَمَضَانُ إِلَى رَمَضَانَ مُكَفِّرَاتٌ مَا بَيْنَهُنَّ إِذَا اجْتَنَبَ الْكَبَائِرَ

«Бес уақыт намаз, жұмадан жұмаға дейін, рамазаннан рамазанға дейін үлкен күнә жасамаған адамның  кіші күнәлары кешіріледі» .

Яғни, намаз оқу арқылы адам өзін күнәлардан алшақ ұстайды қателігін азайтып, шынайы мұсылманға тән сипатқа қадам басады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ ۗ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ ۗ وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا تَصْنَعُونَ

          «Намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан тыяды. Ал Алланы үнемі еске алу болса, құлшылықтың ең үлкені, ең зоры. Алла сендердің не істеп жүргендеріңді толық біледі» , – деген.

          Қысқаша түсіндірмесі: Егер мұсылман жамағат намазына ерекше мән беріп жүрегі намазға байланған күйде қорқынышпен әрбір әрекетіне зер салып Раббысының алдында тұрғандай толық орындайтын болса,  оның бойында күнә амалдарға қарсы тұратын қалқан пайда болады. Ол әрбір сөзіне, әрекеттеріне мән беріп Алланың бекіткен шеңберінен аспауға тырысады.

         – Қателіктер жасаса, дұрыстауға асығады. Қателеспейтін адам болмайды, адам табиғаты қателік жасауға биім тұрады. Бір қателік екінші қателікке ұлысып кетпеудің бірден-бір жолы – намаз. Бес уақыт намаз адамды әрдайым оятып, тәубесіне келтіріп, қателіктің үстіне қателік жамамауына тосқауыл болады.

                  -Бір күнде бес уақыт намаздың осылайша үлестірілуі адам үшін Жаратушысымен әрдайым байланыс. Адам өзіне деген бақылаудың азайғанын сезсе, еркінсіп кетуі мүмкін. Қарапайым мысал жұмыс орнында камера болса, адамдардың жұмыс өнімділігі артады, жұмыстан тыс оғаш қылықтар жасамауға тырысады. Бес уақыт намаз оқыған адамның да жағдайы осылай Алланың әрдайым бақылауында екенін шынайы сезінеді.

        -Намаз адамды тәртіпке, жүйеге үйретеді. Бес уақыт намазына берік, әрі намазды өз уақытында оқитын адам, басқа да істерінде осы тәртіпті ұстанады. Намаздың уақыттарына немқұрайлы қараған адам күнделікті өмірдегі уақытына да немқұрайлық танытуы әбден мүмкін.

        -Намаз белгілі уақыттармен бекітілген. Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِنَّ الصَّلَاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَّوْقُوتًا

          «Шүбәсіз, намаз мүміндерген белгілі уақыттарда (яғни, әр намаз өз уақытында өтелсін деп) парыз етілді» .

          Қысқаша түсіндірмесі: Намазды барлық шарттарын ескере отырып, әр қимылын ерекше құлшыныспен орындаңдар және мұсылман үшін әр намаздың өзіне тән уақыты бар екенін және уақытында оқылған намаздың Алла үшін ең сүйкімді амалдардан екенін естен шығармаңдар.

          Кез келген маңызды іс жүзеге асуы үшін нақты уақыт белгіленуі тиіс егер уақыт белгіленбесе ол іске немқұрайлық танытуы мүмкін. Амалдың орындалуына нақты уақыт белгіленгенде ғана оның маңыздылығы артады. Бұл кез келген іске байланысты егер уақыт белгіленбесе, адам кейінге қалдырып, немесе мүлдем орындамауы мүмкін. Бесін намазын екінті намазының кезінде орындай алмағаны секілді ақшамды құптанның уақытында орындай алмайсыз. Намаз уақыты 6.03 кіре  ме сол кезден бастап қана оқи аласыз оған дейін оқи алмайсыз. Намазды уақытынан кешіктірмей оқыған сайын оның сауабы да артады. Сол секілді адамдардың күнделікті істерін де уақытында орындағаны абзал. Яғни, бүгінгі істейтін істі ертеңге қалдырмаңыз. Жастайынан намазын уақытында оқуға дағдыланған адам істеріне де ұқыпты болары ақиқат. Намаз оқыған адам әрдайым сергек жүреді. Бесін намазын оқыған адам келесі екінті намазын орындау керек екенін есінен шығармайды. Оның кіретін уақытын дәл сағатына, минутына дейін біледі. Бұл адамның өзін тәртіпке үйретуі.

          Уақыттың келмеске кетіп жылжуы, түннен кейін күннің келуі, таңның алғашқы шапағынан кеңістікті қақ жарған азан үнінің естілуі, бұны естіген адам сол сәтте бойындағы нәпсісін жеңе отырып, намазға тұруы ерік-жігері жоғары адам екенін көрсетеді. Жалпы ерте тұру адам үшін кез келген жағынан да берекелі. Бабаларымыздың нақылында «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» делінеді. Бұл мәтелдің мәні төмендегі хадистен алынғандай.

                            عَنْ صَخْرٍ الْغَامِدِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «اللَّهُمَّ بَارِكْ لأُمَّتِي فِي بُكُورِهَا».

Сахр әл-Ғамиди (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Үмбетімнің ерте тұрғанына береке бер!» – деп дұға қылған .

         Күн аспан төрінен ауған кезде адамдардың  дүние қызығына батқан шақтарында тағы бір мәрте азан айтылып, бесін намазына адамдарды шақырады. Бұл адамның таң бозара атқаннан бергі әрекеттерінен кейін сәл тынығуы. Тынығу тек дене тынығуы емес сонымен қатар рухани азықтану. Асықпай дәрет алғаннан кейін адам қайта серпін алып, бойына күш біткендей болады.

         Әр заттың көлеңкесі өзінен асып, күн батысқа қарай бет алған кезде үшінші мәрте азан айтылып, екінті намазына шақырылады. Көп адамдардың белсенділігі күн ауа дәл таңертеңгі уақыттағы секілді болмайды. Сол себепті үзіліс уақыты да жақынырақ. Күн ұясына батып көкжиектен ғайып болып, күндізгі уақыттың аяқталып, түннің алғашқы уақыты басталған сәтін білдіру үшін төртінші мәрте азан айтылады.  Ең соңында күн сәулесі мүлдем жойылып, түн шапанын киген кезде ең соңғы рет азан айтылып намаз оқиды. Күні бойы жасаған істерін бір мәрте көз алдынан өткізіп, өзінше қорытынды жасайды.  Қарап отырсақ адам күнін азанмен атырып, азанмен батырады. Адамның шыр етіп өмірге келуі азанмен басталып ақтық сапарға кетуі намазбен аяқаталады. Бұл адам өмірінің тым қысқалығын көрсетеді.

         Намазды уақытында оқу Алла құзырында ең сүйікті амал. Ибн Аббастан жеткен хадисте:

سَأَلْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّ العَمَلِ أَحَبُّ إِلَى اللَّهِ؟ قَالَ: «الصَّلاَةُ عَلَى وَقْتِهَا

                    Пайғамбарымыздан (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұрадым: «Алла құзырында ең сүйікті амал қайсы?» деп. Ол (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уақытында оқылған намаз» , – деді. Бұл тек намазға ған қатысты емес кез келген істі өз уақытында істеген абзал.

Төмендегі сұрақтарға шынайы түрде жауап берші!

–         Намаздарыңа мұқиятсың ба?

–         Намазыңа он балдық мөлшерде қанша баға берер едің?

–         Бес уақыт намазыңның нешеуін мешітте жамағатпен оқисың?

–         Бес уақыт намаздың уақыттарын жатқа білесің бе?

–         Намазыңда рухани ләззат аласың ба?

–         Уақытыңды үнемдеуде намаздың қаншалықты пайдасы бар?

Return to Top ▲Return to Top ▲