200-ДЕН АСА ТҮЛЕК БАС МҮФТИДІҢ ҚОЛЫНАН ДИПЛОМ АЛДЫ (ФОТО)

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы биылғы түлектерді құттықтап, диплом табыстау үшін Нұр-Мүбарак университетіне арнайы ат басын тіреді.  Бакалавриат бағдарламасы бойынша 4 жыл білім алған студенттер үшін бұл күн ерекше есте қалды. Қазақстан Республкиасының әнұранымен ашылған  салтанатты жиында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы шын тебіреніп түлектерге жүрекжарды лебізін білдірді:

– Имамдық жұмыс мансап қуалайтын мамандық емес, каръера емес. Мешіттің үлкен-кішісі жоқ. Түсінген адамға шынайы дінге мұқтаж елді-мекенге барып, халыққа қызмет ету нағыз нығмет. Қаңырап тұрған мешітке жамағатпен жан бітіріп, азанын әуелетіп, имандылыққа сусап отырған елге Алланың кәламын жеткізу — нағыз мұсылмандықтың белгісі. Сондықтан мен сіздерді 4 жыл алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсайды деп сенемін,-деді.

Бас мүфтидің аманатқа толы тілегінің жаны бар. Себебі биыл проректор, профессор Шамшәдин Керім мырза айтқандай, 150-дей түлектің 98 пайызы мемлекеттік білім грантымен оқығандар. Олардың толыққанды білім алуына білікті ұстаздардан бастап, кітапхана, жатақхана сынды бүкіл жағдайлармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, биыл исламтанушылардан өзге дінтану, екі шетел тілі мамандықтары бойынша да түлектер қолдарына диплом алып, барлығы 200-ден аса маман қоғамға бет түзеді.

– Қазір біздің түлектерге мемлекеттік орындардан да жиі сұраныс түседі. Білікті дін маманы ел игілігі үшін аса қажетті мамандыққа айналды. Сондықтан, алған білімдеріңді дұрыс пайдалану арқылы елдегі иманды ұрпақтың қалыптасуына, мемлекетіміздің бірлігіне жұмсасаңыздар — нағыз үміттің ақталғаны,- деді проректор, профессор Шамшәдин Тұрсынұлы.

Ал, “Нұр-Мүбарак” ректоры, профессор Жуда Абдулғани Басюни:

– Алла Тағала әрбір қолға алған істің тиянақты жасалғанын қалайды. Бір істі қолға алғанда оны соңына дейін мұқият, жауапкершілікпен аяқтау мұсылмандық сипаттарыңыз. Сондықтан екі елдің ұстаздарының өздеріңізге жүктеген аманатын  әрдайым сезініп, қайда болсаңыздар да білім алуды тоқтатпаңыздар,-деді.

Түлектердің бітіру салтанатына ата-аналар да келіп, университетке алғыстарын жаудырып, жас мамандарға ақ жол тіледі. Әсіресе, сонау Маңғыстау жерінен келген ақ жаулықты ана Маусымжан Диханбаеваны сөзге тарттық.

– Біздің биыл келініміз Алма Оразбайқызы оқуды бітіріп жатыр. Баламыз соңғы курсқа өтті. Осы келінді алар кезде “Нұр-Мүбарак” университетінің студенті дегенде бүкіл әулетімізбен қуандық. Себебі, бүгінде жақсы, иманды келін кімнің болса да арманы. Әрі Алланың дінін сауатты үйрететін ұстаз болса, нағыз береке ғой. Сондықтан, бүкіл ағайынның лебізін арқалап ең бастысы иманды ұрпақ тірбиелеуде орны бөлек “Нұр-Мүбарак” университетіне де алғысымызды жеткізу үшін бүгінгі шараға арнайы келдім,-деген журналист анамыз Жаңаөзген ауданының әкімінің аманатын да арқалай келіпті. Яғни, айлығы да, шайлығы да, баспанасы да сайланып тұр деп 2 маманқа қолқа салып отыр.

Бұл жағдай түлектерге әдемі әсер етсе де барлығының жұмыс орындары барын айта кету керек. Жыл соңында ҚМДБ-ның бүкіл өкілдіктері мен аймақтық әкімшілік өкілдері келіп, алдын ала мамандарды өздеріне шақырған. Сол бойынша болашақ мамандардың да келісімімен Бас мүфтидің жұмысқа орналасу бұйрығын университеттің “Дін істері  және тәрбие” бөлімінің меңгерушісі Рахымжан Әкімбеков мырза түлектердің қолына ұстатты.

Биылғы түлектер де қимастықпен өз лебіздерін айтып, тіпті ұзын-сонар өлең шығарғандары да бар екен. Тілеужан Даутқанов:

Өміріміздің маңызды бір кезеңі,

Ыстығы мен суығы да бірге еді,

Ақиқатпен ұштастырған шынайы өмір бақытын,

Шексіз алғыс Нұр-Мүбарак білімнің берген қос қанатын,-деп бүкіл түлектердің жүректегі тілектерін жеткізді. Ал түлектерге жетекшілік жасаушы Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының ұстазы Маржан Жолмағанбетова мен докторант Оралхан Сейдманов түлектерге университет аманатын салтанатты түрде табыстады.

Ал кейінгі ізбасарлары ретінде студенттер де осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын жазылса да маңызы арта түскен ақын Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін” атты өлеңін нақышына келтіре оқып, түлектердің жауапкершілігін арттыра түскендей.

Осылайша, Бас мүфтидің ақ батасымен, “Нұр-Мүбарак” университетінің жүктеген жауапкершілігімен  аманат арқалаған жас түлектер еңбек майданына аттанды.

Айша КЕҢЕСБАЙ,

“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі 


Return to Top ▲Return to Top ▲