Сөз таластыру

Кез келген құбылыс немесе оқиғаға қатысты әр тұлғаның жеке пікірі болатыны заңдылық.Ол да сен секілді адам, оның да сенікі секілді танымы бар, көзқарасы бар. Адамға жылдам сөз қайтару, сөз таластыру оны әдетке айналдыру мұсылман үшін лайық емес қасиеттерден. Бұл басқаның ойымен санаспау, тек өзінің пікірін алға тарту.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

 وَلَقَدْ صَرَّفْنَا فِي هَذَا الْقُرْآنِ لِلنَّاسِ مِنْ كُلِّ مَثَلٍ وَكَانَ الْإِنْسَانُ أَكْثَرَ شَيْءٍ جَدَلًا  

«Расында, Біз бұл кітапта адамдарға (ақиқатты түсіндіру үшін) әр алуан тәмсілдер, мысалдар һәм дәлелдер келтірдік. Алайда, адам баласы       (ақиқаттың ашылуына бөгет жасайтын) талас-тартысқа тым әуес»[, —  деген.

Біздің әуестігіміздің жеткен шегі – белгілі бір мәселенің байыбына жетпей тұрып, соған қатысты үн қосып, жауапсыз қалдырмауымыз. Біздің өрескел қателігіміз осы.

Әнас ибн Мәлік: «Сөз таластыруға дінде орын жоқ. Сөз тартысу жүректі қатайтады, кек және жек көрушілік тудырады»,- деген. Кейбір ғалымдар тіпті: «Ең жақсы көретін жан досыңмен сөз тартысып ашуландыр да, артынша басыңа келетін пәлекетті көр», деген екен. Яғни, оның шынайы достығы сенімен пікірталасқа түскенде тез тоқтауында байқалады. 

Әнас ибн Мәліктен жеткен хадисінте: «Бір күні біз діни мәселеде сөз тартысып жатқанымызда Алла Елшісі  (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  жанымызға келді. Бізге ашуланғаны соншалық, ол кісінің дәл осындай ашулы халін бұрын-соңды көрмеген едік. Жанымызға келген әз Елші(Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Сөз тартысуды доғарыңдар! Сендерден бұрын келгендер осының кесірінен құрып кеткен еді. Сөз тартысудың пайдасы жоқ, мүмін адам сөз тартыспайды» [, — деген екен.

Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  басқа  хадисінде:

«لَا يَسْتَكْمِلُ عَبْدٌ حَقِيقَةَ اْلِإيمَانِ حَتَّى يَدَعَ الْمَراءَ وَإِنْ كَانَ مُحِقاً»

«Мұсылман құл өзінікі дұрыс бола тұра, сөз таластыруын тоқтатпайынша иманы толық болмайды»[– деп, қатаң ескерткен.

Ілімсіз сөз таластыру жайында:

مَنْ جَادَلَ فِي خُصُومَةٍ بِغَيْرِ عِلْمٍ لَمْ يَزَلْ فِي سَخَطِ اللهِ حَتَّى يَنْزَع

«Кімде-кім ілімсіз сөз таластырса, ол таласын аяқтағанға дейін Алланың ашуында болады»[ делінген.

Сөз таластыру егер ақиқатты тану мақсатында, өзара сыйластық атмосферасында, ғылым-білімге сүйене отырып, жүзеге асса, еш айыбы жоқ. Алла Тағала Құран Кәрімде:

ادْعُ إِلَى سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ وَجَادِلْهُمْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَنْ ضَلَّ عَنْ سَبِيلِهِ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ 

«(Уа, Мұхаммед!) Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр! Сондай-ақ (Алла жолында) күресу (немесе сөз таластыру) керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда. Шүбәсіз, Раббың өзінің тура жолынан кімнің тайып кеткенін жақсы білетіні секілді тура жолына түскендерді (һәм түсетіндерді) де өте жақсы біледі»[5].

Егер сөз тартысу мұсылмандар арасында дұшпандық тууына, араздасуына себеп болса, ондай жағдайда сөз тартысуды тоқтату қажет.

Дін мәселесінде тартысудың әдептері:

  1. Алланың дінін жаюға, ақиқатты паш етуге деген шынайы ниет. Бұл жағдайда тәкәппарлыққа, өзін көрсетуге, атаққұмарлыққа орын жоқ.
  2. Құран, хадис, салихалылардың ұстанымына қайшы келмеу. Ақыл  нақылды[ жеңіп кетпеуі тиіс.
  3. Белгілі бір ұстанымды, ғалымның атақ-абыройын асқақтатуға жол берілмейді.
  4. Пікірталас кезінде ислами мінез-құлық қағидаттарына ерекше мән беру. Оны жамандауға, келеке етуге тіліне ерік бермеу.
  5. Негізсіз пікірлерді, жалған мәліметтеді негізге алмау.
  6. Пікірталас, сөз таластыру кезінде жалпыға танымал негіздерге қайту, дәлел ретінде келтірілген кезде тоқтамға келу.

Қазақта «Аталы сөзге арсыз да тоқтайды» — деген мақал бар. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», — дейтін қазақ халқы қай заманда да, қашанда жүйелі сөзге тоқтаған. Сөз асылын, орынды сөзді «аталы сөз» деп, жоғары бағалаған. Бір ауыз сөзбен ердің құнын кешірген. Әр қазақ айта да, тыңдай да білген, оған тоқтай да білген. Соған сәйкес хан, би, бай, төрелер де шешендер мен ақындарды төбесіне көтеріп сыйлаған.

Төле би  — Тəуке ханның бас биінің бірі. Əз Тəуке тұсында қазақ хандығының ішкі жəне сыртқы жағдайы нығайа түседі.

Ізгілердің өмірінен бір мысал:

Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылымына ертеректе үйсін мен арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бəтуаласа алмай отырғанда, топқа еріп келген он бес жасар Төле билік айтушылардың бірде-біріне көңілі толмай:

            Ақты ақ деп бағалар,

О, игі жақсы ағалар!

Өзегі талса ел біткен

Өзен бойын жағалар, — деп сөз бастай бергенінде: «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без», – деуші еді. Мына бала кім өзі?», – дейді төрдегі би. Төле қасқая қарап тұрып:

            – О, би аға, он үште отау иесі демес пе,

Кінəлімін бе келіп қалсам он беске!

Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа,

Ала көз болу ағайын адамға лайық па?

О, игі асқар тауымыз,

Əділ ме осы дауымыз?

Жар астында тұрғанда

Жасырынып жауымыз? — дейді. Сонда төрдегі би:

            – Қой асығы демеңдер,

Қолыңа жақса, сақа қой.

Жасы кіші демеңдер,

Ақылы асса, аға ғой, — деген екен.

Балам, ағалық билікті саған бердім, дейді. Бала Төле жұлып алғандай:

Сары табақтан сарқыт қайтады деген. Билікті маған берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын, деп, билік айтады. Бұл шешімге екі жақ та риза болып, бітімге келеді. Сонда төрдегі би:

Үй баласы ма деп едім,

Ел баласы екенсің.

Ай маңдайлы арысым,

Талабың алдан өтелсін.

Ауылыңның таңы бол,

Маңдайдағы бағы бол!

деп, бала Төлеге бата берген екен. Осыдан бастап Төленің аты шығып, ел арасындағы дау-жанжал келіссөзге араласып, билік айта бастапты.


Return to Top ▲Return to Top ▲