Солтүстік Қазақстан облысында жаңа мешіт бой көтерді

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл селосында жаңа мешіт салынды. Мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан діни істер бөлімінің меңгерушісі Тұрдыбаев Камалжан Бекбосынұлы арнайы келді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі, СҚО Уәлиханов ауданының «Қожахмет Хазірет» аудандық мешітінің бас имамы Өсербай Шакеновтың ұйымдастыруымен Жолдасбаевтар отбасы, Жантілеуов Сүйіндік қатарлы азаматтардың, ауыл тұрғындарының демеушілігімен жергілікті халықтың, мұсылман бауырларымыздың көптен күткен мешіті салынды.

Рухани шараға облыстық «Қызылжар» орталық мешіті бас имамының уақытша міндетін атқарушысы А.Б. Алыпқашев, аудан әкімі А.Ж. Төрегелдин, алыс-жақыннан ат терлетіп келген бірқатар аудан имамдары, құрметті азаматтар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ашылу салтанаты  қасиетті Құран оқумен басталды. ҚМДБ-нің өкілі Тұрдыбаев Камалжан Бекбосынұлы  жиналған қауымды өткен ұлық Құрбан айт мерекесімен құттықтап, солтүстік өңірінде бой көтерген жаңа мешітке келген барша жамағатты айтулы қуанышпен құттықтады. «Бүгінде Елбасымыздың жоспарлаған бағдарламасы бойынша мешіттер саны көбеюде. Солтүстік өңірінде жаңа мешіттің бой көтеруі қуантарлық жайт. Асыл дініміз  Исламды ардақтап, мешіт салған немесе оған қамқор болып демеушілік еткен азаматтарымызға Алла разы болсын! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріпінде:«Кімде-кім Алланың разылығын үміт етіп мешіт тұрғызса, Жаратушы Ие ол адамға жұмақтан сарай салдырып дайындайды» деген болатын. Қамқор қол азаматтарымызға Аллаһ Тағала мол нығмет нәсіп еткей!» – деген игі тілегін жеткізіп, мешіттің имамына ана тілімізде аударылған қасиетті «Құран Кәрімді» тарту етті.

Рухани шара соңынан барша жиналған қауым мешітке кіріп, имамның салиқалы уағызын тыңдап, имамдық етіп бесін намазын өтеді.

Жаңа мешітке бір мезетте бес жүз намазхан сыяды. Дәретханасы, асханасы бар, әйелдерге арнайы бөлме жасақталған. Ауласы да кең, таза. Жалпы айтқанда жамағатқа барлық жағдайлар жасалынған.

Жаңа мешіттің бой көтеруіне кішкенекөлдіктердің қуаныштарында шек болмады. «Жаңа мешітте имамға ұйып, жамағатпен намаз оқуды көптен күткен едік. Енді міне, Аллаға мың да бір шүкір, тілегіміз қабыл болды »,- деп, ауыл тұрғындары қуаныштарымен бөлісті.

 

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲