Сабыр түбі – сары алтын

Алла Тағаланың құлдарына берген нығметтерінің есебі жоқ. Көру, есту, сөйлеу, қорқу. Қорқу демекші қорқыныш сезімінің өзі Алланың нығметі екені сөзсіз. Себебі: қорқыныш сезімі болмаса, адамдар қабаған иттен, жол үстінде көліктерден қорықпастан қарсы ұмтылып, бір қиындықтарға ұшырауы мүмкін.

Міне, осылай санамалай берсе, Алланың сансыз нығметтері таусылмайды. Сондай нығметтердің бірі – сабыр.

Сабыр – кез келген пендені төзімділік пен шүкірге үйретеді. Басына іс түскенде сабыр қылуы арқылы пенде Раббысына шүкірлік етеді. Ауыртпашылық келгенде сабыр ету дәрежесін көтереді.

Алла Тағаланың 99 есім сипаттарының бірі – Сабыр. Жал-жал  толқындар сабыр деуменен тынши түскені тәрізді ашу қысқанда да сабыр арқылы пенде сабасына түседі.

Сабырдың бірнеше түрлері барын ғалымдар алға тартады.

Олар: құлшылық ғибадаттағы сабыр, қиындық-мұсибатқа сабыр, күнәға сабыр.

Құлшылық – пенденің өмірдегі басты міндеті. Ал, ол міндетті атқару әлсіз адамға ауыр тиері сөзсіз. Суық күндері, дәрет алып, жаңбырлы, аязды күндері мешітке бару, жамағатпен намаз  қылу үлкен сабырлықты қажет етеді. Тіпті құлшылық жолында кездесетін түрлі қиындықтар, мәселен, кейбір уақыттарда жұмыс орындарында, көлікте намаз оқу, дәрет алу, жаздың аптабында ораза ұстау үшін, тіпті «әлі де жассың, егде шағында намаз оқысаңда жетпей ме» деген кейбір адамнан шыққан азғырушылардың сөзіне төтеп беру де асқан сабырлылықты қажет етеді. «Білім алу – инемен құдық қазғандай» дейді аталарымыз. Пенденің білім алу жолында да  сабыр керегі айдан анық. Сабырлылықтың арқасында білімнің шыңына қол жеткізген ибн Хажар сынды ғұламалар баршылық.

Қиындық-мұсибатқа сабыр. Өмір болғандықтан қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Алла елшісі (с.ғ.с.) мүміннің сипаты жайлы былай дейді:

عَجَبًا لأمرِ المؤمنِ إِنَّ أمْرَه كُلَّهُ لهُ خَيرٌ وليسَ ذلكَ لأحَدٍ إلا للمُؤْمنِ إِنْ أصَابتهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فكانتْ خَيرًا لهُ وإنْ أصَابتهُ ضَرَّاءُ صَبرَ فكانتْ خَيرًا لهُ

«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа  тап болса, бірден шүкіршілік етеді – бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады, бұл оған қайырлы»[1], деу арқылы біздерді шүкір етуге, қиындықтарға тап болған жағдайда сабыр етуге тәрбиеледі. Әнәс (р.а) ден жеткен хадисте:

أنه رأى امرأة تبكي صبياً فنصحها، فقالت: إليك عني فإنك لم تصب بمثل مصيبتي، فلما أُخبرت أنه الرسول -صلى الله عليه وسلم- ذهبت إليه في بيته، فلم تجد عند بابه بواباً، فاستأذنت عليه، وأخبرت أنها لم تعرفه، فقال لها -صلى الله عليه وسلم-: (إنما الصبر عند الصدمة الأولى

  Бірде Расулалла (с.ғ.с) жолда кетіп бара жатып, баласының қабірі үстінде айқайлап жылап жатқан бір әйелді кездестірді. Оған Алладан қорқып сабыр етіңіз,-деп насихат айтты. Ал әлгі әйел: Ары жүр. Өйткені, менің басыма келген бәлекет саған келмеген,- деді. Ол әйел насихат айтқан кісінің Пайғамбар (с.ғ.с) екенін білмей қалды. Оған «Ол адам Алла Елшісі еді ғой» деген кезде дереу Расулалланың үйіне қарай жүгірді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құзырына келіп: Уа Алланың Елшісі! Сізді танымай қалыппын, кешіріңіз- деді. Сонда Расулуалла (с.ғ.с) «Нағыз сабыр-соққының алғаш тиген сәтінде»[2], деген болатын.

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қапыда сүйіктісінен (перзентінен) айырылса да, сабырлық етіп, сыйын Алла Тағаладан күткен мүмин құлға Алла Тағала ең жоқ дегенде жаннатты тарту етеді, сый-сияпаттың одан төменіне разы болмайды»[3],-деу арқылы тіпті қандай қиындық болса да сабыр сақтау керек екендігін ұқтырды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис құдсиде Алла тағала айтты дейді: «Егер үш нәрсені үш нәрсенің үстіне қоймағанымда дүние бұзылып кетер еді. Біріншісі астық тұқымдастардың ішіне құртты салдым, егер дәнді-дақылдар құрттап кетпегенде адамдар оларды алтын қамбалар секілді сақтап қояр еді. Екінші өліктің үстіне сасық иісті салдым, егер өліктер сасып кетпейтін болса, адамдар өз сүйіктілерін жерлемей қояр еді, Үшінші өлімнің үстіне сабырды салдым, егер адамдар қайғы үстінде сабыр етпесе, жүнжіп кетер еді».

Расымен де, бүгінде кейбір жандардың жүйкелері сыр бере бастаған. Сәл нәрсеге бола сөз көтерместен, ашуға жол беріп жатады. Көшеде де көліктегілер бір-бірінің жолын кесіп жатса, айқайласып, жағаларын жыртуға шақ қалып жатады. Кейбір туысынан, жақынан айрылып қайғы шеккен жандар «Жедел-жәрдем» шақыртып, жүректері, жүйке жүйелері сыр беріп, сал ауруына немесе жүрек қан тамырлары ауруына шалдығып жатады. Мұның бәрі сабырлықтың дер кезінде орын алмауынан туындап жататынын біріміз ескерсек, енді біріміз ескермей жатамыз.

Алла Тағала: «Бақара» сүресінің 155-аятында:

«ولنبلونكم بشيء من الخوف والجوع ونقص ‏من الأموال والأنفس والثمرات وبشر الصابرين»

«Сөзсіз, біз сендерді қорқынышпен, аштықпен және мал-мүліктеріңді, Жақындарыңды әрі өнімдеріңді (яғни табыстарыңды) азайту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды қуанта бер»,-деп сабырдың сыйы жәннат екенін сүйіншілейді. Ендеше осы дүниедегі қиындықтың бәрі сынақ екенін түсініп, сабыр ете білсек, өміріміздің мәні өзгеше болмақ.

Күнә істеудегі сабыр. Мұны қалай түсінуге болады? Адамның тепсе темір үзер жастық шағы албырттыққа толы. Жастықпен күнәлі істерге ұрынып жататын кездері жоқ емес. Міне, осындай сәттерде Раббысын үнемі есіне алып, зина, ішімдік ішу сияқты істерден бойын аулақ ұстап, нәпсісіне құлып сала білсе, күнә істерге сабыр еткен болып табылады. Кейбір сәттерде мектеп оқушыларының өз жандарын өздері қыршындай қиып, оқуға түсе алмай қалғаны үшін күйзеліске түсіп жатқандарын естіп жүрміз. Мұндай да Мұқағалиша айтар болсақ;

Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,

Өмір – өмір, болмайды түңілуге.

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,

Қайта тұрып, хақың бар жүгіруге.

Тіпті кейде, сүйіктісіне, ғашығына қол жеткізе алмай, өз өміріне балта шауып жүргендер де жоқ емес. Бір ғана нәрсені есте ұстауымыз керек. Өмір мұнысымен тоқтамайды. Аталарымыз:

Егер қайғы жараласа жаныңды,

Күт сабырмен туатын шат шағыңды.-дейді. Демек, әр түннен кейін бір таң атқаны секілді әрбір қиындықтан соң оның атар таңы бар.

Баяғы заманда бір жігіт үйлене сала білім алу үшін сапарға шығады. Сол жақта 18 жыл білім алып, еліне қайтып келе жатып, жолай бір ауылға соғады. Тыныққан үйіндегі ақсақал мұның білім жолынан келе жатқанын білгеннен кейін: «Балам, сен бір нәрсені оқымаған екенсің, қаласаң менде екі жыл тұр, мен саған сол 18 жылда алмаған білімді үйретейін» дейді. Сөйтіп, әлгі жігіт екі жыл қарияның жанында болады. Екі жыл өткеннен кейін, жігіт еліне дайындалып жатқан уақытта қария: «Балам, сен үйренбеген білім ол – сабырлық еді. сені сол үшін алып қалып едім, сабырдың не екенін, сен енді жақсы түсіндің»,-депті. Жігіт бұған бұлқан-талқан ашуланып: «18 жыл ішінде алмаған білімім жоқ, мұны ерте айтқаныңызда мен екі жыл уақытымды босқа кетірмес едім» дейді. Сөйтіп, еліне оралады. Кеш бата іңірде баяғы үйінің ауласына кірсе, терезенің түбінде шамның жарығымен шәй ішіп отырған әйелін және жиырма жастар шамасындағы ер азаматтың бірге отырғанын көріп, ашуға булығып, қорадан балтасын әкеле жатып, қарияның «сабыр ете біл, балам» деген сөзі ойына оралып, сабасына түседі. Таң ата мешітке келсе, әлгі түнде өзі көрген жігіт мешітке жиналғандарға уағыз айтып отырғанын көріп, жанындағы адамнан бұл кім деп сұрайды. Сонда әлгі адам: «Ауылымызда жақсы жігіт бар еді үйлене сала, әйелін тастап, өзі осыдан жиырма жыл бұрын оқу оқимын деп шетел асып кетіп еді. Бұл содан қалған тұяқ, бүгін де ер жетіп, бізге уағыз айтып, имам болуда»,-дейді. Сонда ғана бұл жігіт сабырдың мәнісін түсінген екен.  Халқымызда: «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген сөз осыдан қалса керек.

Алла Тағала «Зумар» сүресінің 10-аятында:

 الصَّابِرُونَ أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسَابٍ إِنَّمَا يُوَفَّى

«Сабыр етушілерге сауаптары есепсіз беріледі»,-деп ескерткен. Олай болса, қандай жағдайда болсын қылған сабырымыз бізге сауап болып жазылатынын ұмытпайық.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): 

وَمَنْ يَسْتَعْفِفْ يُعِفَّهُ اللَّهُ ، وَمَنْ يَسْتَغْنِ يُغْنِهِ اللَّهُ ، وَمَنْ يَتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللَّهُ ، وَمَا أُعْطِيَ أَحَدٌ عَطَاءً خَيْرًا وَأَوْسَعَ مِنْ الصَّبْرِ

 

«Кімде-кім тіленуден сақтанса, Алла Тағала оны арлы қылады. Кімде-кім елге зәрулік танытпаса, Алла Тағала оның күнін ешкімге қаратпайды. Кім сабырлы болуға тырысса, Алла Тағала оны сабырлы қылады. Адам баласына сабырдан үлкен әрі қайырлы нәрсе берілмеген» дейді. Мүмин мұсылман әр-бір сынға сабырлық танытқан сайын,оны мен Алла Тағаланың байланысы күшейе түсіп  иманыда артады, иманы артқан  мүминнің құлшылығыда күшейе түседі. Міне, бұл Алланың ризалығын көздеген нағыз сабыр болып табылады[4].

Иә, Алланың көркем есімдерінің бірі «әс-Сабур» екені белгілі. Кімде сабырлылық болса, онда Алланың құдірет сипатынан бір көрініс бар деген сөз. Ал егер де, осындай сабырлы адамдар бір жерге жиналып, жамағат болса, қайткен күнде Алланың жәрдеміне қол жеткізетіні хақ. Алла үнемі олардың жақыны әрі досы болмақ. Аталарымыз:

«Барлық істе сабырлы бол, көшелі,

Сабырлы жан тілегіне жетеді.

Қай істе де бол ұстамды, сабырлы,

Ұстамдылық үйірер мал, бағыңды»,-деп, сабырды жырына ту еткен.

Алла елшісі (с.ғ.с.) досы Әбу Бәкірмен Сәуір тауында үңгірді паналап жатқан уақытта, Әбу Бәкірдің жүрегін мүшіріктер адамзаттың ардақтысына (с.ғ.с.) бірдеңе істеп қояр ма екен деген қорқыныш басып, көзінен жас ыршып түскенде, екі дүние Сардары (с.ғ.с.) оған: «Ей, Әбу Бәкір, қорықпа, Алла шын мәнінде бізбен бірге» деген болатын. Қандай сәтте де біздің қорғанымыз, мұңымыз бен шерімізді тыңдайтын Ұлы Жаратушымыз бізді тастамайтындығына кәміл сенімде болайық!

 

Әбілхан БАЛТАҰЛЫ

Петропавл қалалық «Нұр» мешітінің

 Бас имамы

 

 

 

 

 

 

[1] Бұхари, зекет, 50.

[2] Кемелдік кілті, А.Әділбаев 157

[3] Нәсәи, жанаиз. 23, (4,23)

[4] А.Әділбаев, Кемелдік кілті, 163

Return to Top ▲Return to Top ▲