Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздің имам-молдалары мен дінтанушы-ғалымдары үшін 2014 жыл – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялағаны белгілі. Осы орайда, ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы мен мешіттің наиб имамы Алыпқашев Аян қалалық
№ 20 орта мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Бүгінгі күні жастардың дінге деген кызығушылықтарын ескере отырып, облыс имамы теріс пікірде жазылған интернет сайттарынан, кітапшалардан, т.б. сенімсіз дереккөздерден оқып-үйрену – олардың діни ілімдеріне, психикалық ой-өрісіне, сана-сезіміне әсер етіп, ұлттық рухани бағытта өсіп-өркендеуіне кедергі келтіретінін баса айтты.
Рухани сауаты жоғары, білімді жастарымызды көбейту үшін ұлттық рухымыздың мәйегі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сынды ғұламалардың жазған еңбектерін кеңінен пайдалануымыз керек. Осылайша, жас ұрпаққа үлгі-өнеге, тура жол көрсетіп, ел тізгінін қолына алар жастарымыздың көздері ашық, көкірегі ояу болуын қамтамасыз ете аламыз.
Асыл дініміздің құндылықтары мен қазақы салт-дәстүрлеріміз кеңінен сөз болған кездесуге жиналған мектеп оқушылары көп мағлұмат алды деп есептейміз. Себебі, кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын имамға жолдап, тұшымды жауап алды.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі