РАМАЗАН САБЫРЛЫҚ АЙЫ

Адамзат баласы пенде болып жаратылғаннан соң бұл жалғанда түрлі қиындықтарға тап болуы немесе басына ауыр жағдай туғанда әл-дәрмені таусылуы әбден мүмкін. Осындай жағдайларда адам баласының жұбанышы – сабыр болары да сөзсіз. Өйткені, сабыр сақтай білу өмірдің тауқыметін жеңе отырып, жаңа ғұмырға жол ашады.

Алла Тағала Құран Кәрімде сабырлық жайында:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفْ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ

«Біз сөзсіз сендерді аздап қорқытып та, ашықтырып та, мал-жандарыңды, шаруаларыңды кемітіп те сынаймыз. Сабыр еткендерді қуантып (сүйіншілеп) қой»[1]  Бұл аятта қорқыту, аштық, мал-жан, шаруашылықты кеміту секілді мұсылман баласының басына тиер сынақтар сөз етіледі. Алайда, мұның баршасына сабырмен жауап берген және Аллаға деген сеніміне берік болған мұсылман ғана табысқа қол жеткізеді. Ал мұны мына аяттан көруге болады:

إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ

«Сабыр етушілерге берілетін сыйлық есепсіз»[2] .

Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисінде:

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِي اللَّهُ عَنْهُ قَالَ : مَرَّ النَّبِيُّ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم بِامْرَأَةٍ تَبْكِي عِنْدَ قَبْرٍ فَقَال : اتَّقِي الله وَاصْبِرِي  فَقَالَتْ : إِلَيْكَ عَنِّي ، فَإِنِّكَ لَمْ تُصَبْ بمُصِيبتى، وَلَمْ تعْرفْهُ ، فَقيلَ لَها : إِنَّه النَّبِيُّ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم ، فَأَتتْ بَابَ النَّبِّي صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم ، فلَمْ تَجِد عِنْدَهُ بَوَّابينَ ، فَقالتْ : لَمْ أَعْرِفْكَ ، فقالَ :  إِنَّمَا الصَّبْرُ عِنْدَ الصَّدْمَةِ الأُولَى . أَوْ  عِنْدَ أَوَّلِ صَدْمَةٍ 

Әнас (р.а.) былай дейді: «Бірде Пайғамбар (ﷺ) қабірдің басында жылап тұрған бір әйелді көріп: «Алладан қорық және шыдамды бол!», – деді. Ол әйел Пайғамбардың (ﷺ) түрін білмейтін, сондықтан: «Мені жайыма қалдыр, саған мұндай қайғы келген жоқ!», – деп дауыстады. Содан кейін оған: «Бұл Пайғамбар ғой! Танымадың ба?», – дейді. Сонда ол Пайғамбардың (ﷺ) есігінің алдына келіп, қызметшісінің жоқ екендігіне таң қалды. Сосын әйел оған: «Мен сені танымай қалдым!», – дегенде Пайғамбарымыз (ﷺ): «Шындығында, сабырды күйзелістің басында сақтау керек»[3], – деді.

Қиындықтарға сабырлылық таныту

Мына жалған дүниеде кез келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні хақ. Өйткені, өмірде қуаныш пен қайғы егіз қозыдай қатар жүреді. Бұл – өмірдің өзіндік заңдылығы. Себебі, өмір атты қиын жол сындарлы сынақтардан тұрады.

Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ ٱلْخَوْفِ وَٱلْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ ٱلأَمَوَالِ وَٱلأَنفُسِ وَٱلثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ ٱلصَّابِرِينَ

«Сөзсіз сендерді қорқынышпен, аштықпен және де малды, жанды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда сабыр етушілерді сүйіншіле!»[4] – дей келе адам баласын әртүрлі қиындықтармен сынайтындығын баяндайды.

Демек, бұл жалғанда кез келген пенде қауіп-қатер, жоқшылық, таршылық, адам және мал шығыны сынды қиын да қайғылы жағдайлармен сыналады. Дегенмен, Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында қиындықтар алдында ұстамды болып, сабыр еткен жандарды зор сауап күтіп тұрғандығын ескертеді. Бұл жайында «Әли Имран» сүресінің 146-аятында:

وَٱللَّهُ يُحِبُّ ٱلصَّابِرِينَ

«Алла сабыр етушілерді сүйеді» делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында:

وَلَنَجْزِيَنَّ ٱلَّذِينَ صَبَرُوۤاْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз» деп айтылған. «Сабыр түбі сары алтын» демекші сабырлы мүминдер сабырлылықтарының арқасында асыл арман, мәңгілік мекен – жәннатқа кіруге қол жеткізеді.

Тәрбие жұмысында сабыр ету

Сабырлылық адамға өмірдегі түйгендерімен келетін дағды. Ата-ана бала тәрбиесінде сабыр ету, шүкірлік қылу туралы да үнемі айтып отыру қажет. Сабыр – Алланың бізге берген ең бір тығырықтан шығуға көрсеткен жолы. Хадисте:

ومَن يتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللهُ ، وما أُعطيَ أحدٌ عطاءً خيرًا وأوسعَ مِنَ الصَّبرِ

«Кімде-кім сабырлы болуға тырысса, Алла оған сабыр береді. Адам баласына сабырдан артық қайырлы әрі үлкен сыйлық берілмеген», – деп айтылған[5].

 Бірде сахабалар Алла Елшісіне ﷺ «Иман дегеніміз не?» деп сұрағанда, Ол ﷺ: «Сабыр» деп жауап қатқан болатын.

Сабырлылық адамға сенім ұялататын, болашаққа бағыт сілтейтін, қажыр мен қайрат сыйлайтын ең бір ізгі қасиет болғандықтан, әр кез сабырға ұмтылайық. 

Көркем мінез көрсетуде сабырлы болу

Ғұлама Абдулла ибн Мүбәрак көркем мінезділікті сипаттап: «Көркем мінез дегеніміз – жайдары болу, игілік істеу мен зиян келтірмеу», – деген екен.

Тағы бір топ ғұламалар: «Ислам үш нәрседен құралады. Ол: иман, шариғат және көркем мінез. Бойында осы үш қасиет болмаған адам кәміл мұсылман бола алмайды», – деген болатын.  

Имам Хасанның айтуынша, «көркем мінез дегеніміз – кеңпейілдік, жомарттық пен сабырлылық».

Ал имам Ахмад: «Көркем мінез дегеніміз – ашуды баса білуің және кек сақтамауың, адамдардың қылықтарына сабыр етуің», – деген екен.     

Ауруға сабыр ету туралы

Бұл хақында Имам әл-Бұхари мен Мүслімде Ата бин Рабахтан жеткен сахих хадисте былай делінген: «Маған Ибн Аббас радиаллаһу анһу:

– Саған жәннаттық бір әйелді көрсетейін бе? – деді. Мен:

– Иә, көрсетші, – дедім. Сонда ол: 

– Мына қара әйел Алланың елшісіне ﷺ келіп: «Мен талма ауруымен ауырамын. Талып қалған кезімде үсті-басым ашылып қалады. Алла Тағалаға мен үшін дұға етіңіз», – деп өтінді. Сол кезде Пайғамбарымыз ﷺ:

 – Егер, қаласаң сабыр ет, жәннатқа кіресің. Қаласаң ауруыңа шипа берсін деп Алла Тағалаға дұға етейін», – деді. Сонда, әлгі әйел:

 – Сабыр етемін, – деді. Сосын ол: «Үстім ашылып қалады. Ашылып қалмауым үшін Аллаға дұға етіңіз», – деді. Пайғамбарымыз ﷺ оған дұға жасады».

Дұға ету де сабырлылықтың белгісі іспеттес

Дұға қиыншылықты жеңілдетіп, мұңды сейілтеді. Дұғаны үнемі әрі тұрақты түрде жасауды әдетке айналдыруымыз керек. Пайғамбарымыз ﷺ:

اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ الهَمِّ وَ الحَزَنِ وَ أَعُوذُ بِكَ مِنْ العَجْزِ وَ الكَسَلِ وَ أَعُوذُ بِكَ مِنْ الجُبْنِ وَ البُخْلِ وَ أَعُوذُ بِكَ مِنْ غَلَبَةِ الدَّيْنِ وَ قَهْرِ الرِّجَالِ

«Уа, Алла! Уайым мен қайғыдан, дәрменсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқақтықтан, қарызға бату мен адамдардың басынуынан Сенен ғана пана сұраймын», – деп дұға жасайды екен. Бұл уайым-қайғыдан сақтану дұғасы. Ал, енді уайым-қайғымен бетпе-бет келгенде, жағдайды түзететін дұға бар. Сондай дұғалардың ішінде көпшілікке белгілі мына түрін айта кету керек: «Пайғамбарымыз ﷺ:

اللَّهُمَّ إِنِّي عَبْدُكَ، ابْنُ عَبْدِكَ، ابْنُ أَمَتِكَ، نَاصِيَتِي بِيَدِكَ، مَاضٍ فِيَّ حُكْمُكَ، عَدْلٌ فِيَّ قَضَاؤُكَ، أَسْأَلُكَ بِكُلِّ اسْمٍ هُوَ لَكَ سَمَّيْتَ بِهِ نَفْسَكَ، أَوْ أَنْزَلْتَهُ فِي كِتَابِكَ، أَوْ عَلَّمْتَهُ أَحَدًا مِنْ خَلْقِكَ، أَوِ اسْتَأْثَرْتَ بِهِ فِي عِلْمِ الْغَيْبِ عِنْدَكَ، أَنْ تَجْعَلَ الْقُرْآنَ رَبِيعَ قَلْبِي، وَنُورَ صَدْرِي، وَجَلَاءَ حُزْنِي، وَذَهَابَ هَمِّي

«Уайым-қайғы еңсесін басқан адам: «Уа, Алла! Ақиқатында, мен Сенің құлыңмын, құлың мен күңіңнің (әкем де, анам да Сенің құлың) баласымын. Менің кекілім Сенің әміріңде. Сенің үкіміңе бойұсынамын. Сенің әрбір үкімің әділдік. Сен Өзің атаған әрбір Есіміңмен, пенделеріңе үйреткен Есіміңмен, Кітабыңда түсірген Есіміңмен һәм құпия боп қалған Есіміңмен жалбарынып, Құранды маған жүрегімнің шуағы, көкірегімнің нұры, қайғымды сейілтуші, уайымымды кетіруші етуіңді сұраймын», десе Алла Тағала ол адамның уайым-қайғысын кетіріп, орнына қуаныш береді, – деді[6].

Ашуды жеңе білу – ол да сабырлық

Шындығында қас дұшпанмен күрестен гөрі, өз нәпсіңді жеңіп, оны дегеніңе көндіре білу онан да қиын іс. Сол үшін өзге біреудің нәпсіңе тигізер ауыр әрекеттерінде өз-өзіңді ұстап сабырға шақыру, ашуланбау нағыз мұсылмандық. Мына хадиске қарайық:

وعنْ أَبِي هُريْرَةَ رَضيَ اللَّهُ عنهُ أَنَّ رَجُلاً قَالَ للنَّبِيِّ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم : أوْصِني ، قَالَ : « لا تَغضَبْ » فَردَّدَ مِراراً قَالَ ، « لا تَغْضَبْ » رواه البخاريُّ

Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді: «Бір адам Алла Алшісіне (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Маған кеңес бер», – деді. Ол: «Ашуланба», – деді. Осыдан кейін ол адам өзінің өтінішін үш рет қайталады. Алланың Елшісі оның әрбір қайталағанына: «Ашуланба», – деп кеңес беріп отырды»[7].

Ашулану, ашуға булығу шайтанның айласы. Ашуға бой алдырған адам ақылын жоғалтып, нәпсі деген дұшпанға жол беріп қояды. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығарлықтай жаман сөздер мен дініміз ұнатпайтын жат әрекеттер жасап қоюы әбден мүмкін. Ақырында аузынан шыққан былапыт сөздерді құлағы естімес халге жетеді. Мұндай жағдайда пенде иманын әлсіретіп алады алады.

Алла Тағала былай дейді:

 وَاصْبِرْ فَإِنَّ اللهَ لا يُضِيعُ أَجْرَ المُحْسِنِينَ

(Мұхаммед ғ.с.) сабыр ет. Расында, Алла жақсылық істеушілердің еңбегін (сауабын) жоймайды[8]. Жаратқан Алла пайғамбарына сабыр етуді бұйырған болса, ізін басқан күллі үмметі де Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінен үлгі алуы тиіс. Өйткені мұсылман сабырды Аллаға жақындай түсудің бір жолы деген ниетпен жасайды. Ал сабыр тәуекел ете білуге үйретеді.

Келесі хадисте:

وعنْ أَبِي هُريرةَ رضي اللَّه عنه أَن رسول اللَّه صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم قال :  لَيْسَ الشديدُ بالصُّرَعةِ إِنمَّا الشديدُ الَّذي يمْلِكُ نَفسَهُ عِنْد الْغَضَبِ  متفقٌ عليه

Әбу Һұрайра (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізеді: «Көпті жығып жеңген мықты емес, ашуланғанда өзін ұстаған (сабыр сақтай білген) мықты»[9] деген.

Ғұламалардың көбі сабырдың мынадай үш түріне тоқталады:

1. Басқа түскен бәлекетке сабыр. Әрине, дүниеде қиындық көрмейтін пенде жоқ. Дегенмен, мұсылман баласы басына түскен бәлекетке сабыр етеді. Өйткені, бір қиыншылықтың артынан жақсылықтың келеріне де сенеді. Мұны Алла Тағала «Шарх» сүресінің 5,6-аяттарында:

فَإِنَّ مَعَ العسر يُسْراً . إِنَّ مَعَ العسر يُسْراً

«Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар», – деп растай түседі.

2. Құлшылықта сабыр. Құлшылық ету мұсылман үшін өте маңызды. Алайда, адам нәпсі иесі болғандықтан, иманы күшейгенде, құлшылығына ықылас танытқаны секілді, иманы әлсірегенде де ғибадатына немқұрайлы қарай бастайды. Осындай сәтте құлшылығымыздың құлықсыз қалмауы әрі үнемі жалғасымды болуы үшін сабыр ауадай қажет.

3. Күнә жасамауға сабыр. Күнәнің жақсы нәрсе емес екенін ақылы бар адам біледі. Дегенмен, бойындағы нәпсі қалауына орай үлкенді-кішілі күнәларға жол беріп, артынан опық жеп жатады. Ал мұсылман күнәнің соңы жаза екенін және оның сұрауы бар екенін біліп, онан барынша сақтанады. Тіпті, құдайдан шын қорқумен ұялып, ешбір күнәға бармай, сабыр ете түседі.

Құлшылық – пенденің өмірдегі басты міндеті. Ал, ол міндетті атқару әлсіз адамға ауыр тиері сөзсіз. Суық күндері, дәрет алып, жаңбырлы, аязды күндері мешітке бару, жамағатпен намаз  қылу үлкен сабырлықты қажет етеді. Тіпті құлшылық жолында кездесетін түрлі қиындықтар, мәселен, кейбір уақыттарда жұмыс орындарында, көлікте намаз оқу, дәрет алу, жаздың аптабында ораза ұстау үшін, тіпті «әлі де жассың, егде шағында намаз оқысаңда жетпей ме» деген кейбір адамдардың сөзіне төтеп беру де асқан сабырлылықты қажет етеді. «Білім алу – инемен құдық қазғандай» дейді аталарымыз. Пенденің білім алу жолында да  сабыр керегі айдан анық.


[1] «Бақара» сүресі, 155-аят.

[2] «Зумар» сүресі, 10-аят.

[3] Бұхари, Муслим хадистер жинағы.

[4] «Бақара» сүресі, 155-аят.

[5] Мүслім хадистер жинағы

[6] Ахмад хадистер жинағы

[7] Бұхари хадистер жинағы

[8] «Худ» сүресі, 115-аят.

[9] Муслим хадистер жинағы.

Return to Top ▲Return to Top ▲