12- хадис. Өзіне қатысы жоқ іске кірісудің зардабы

                                               

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ ، قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم:مِنْ حُسْنِ إِسْلاَمِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لاَ يَعْنِيهِ.

Хадистің түсініктемесі:

Әбу Һурайрадан келген хадис бойынша пайғамбарымыз (с.а.у) айтты: «Адамның дінінің кәміл болғаны өзіне қатысы жоқ нәрсені тастағаны»[1]        Хадистің тілдік мағынасы:

Араб тілінде Аудармасы Араб тілінде Аудармасы Араб тілінде Аудармасы
مِنْ حُسْنِ Кәмілдігі, жақсы إِسْلاَمِ діннің الْمَرْءِ адам
تَرْكُهُ тастауы مَا нәрсені لاَ يَعْنِيهِ Өзіне қатысы жоқ

1- Пайдасыз нәрсемен айналысу имандылық кәмілдігіне керағар:

Шынайы тақуа мұсылман өзіне қатысы жоқ сөзді, істі тәрк етеді. Бұл оның имандылығының кәміл екенінің белгісі. Әбу Дәуіт әс-Сажастани деген ғалым адамның өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы  оның иманының үштен бірі деген. Әбу Бәкір ибн Дәсә: «Әбу Дәуіттен мына сөзді естідім: (Пайғамбарымыздан (с.а.у) бес жүз мың хадис жаздым, соның ішінен «Сунан» кітабыма төрт мың хадисті іріктедім. Сол төрт мыңның ішінде сегіз жүзі сахих хадис, соның ішінде адам баласы үшін төрт хадис жеткілікті олар: « Бірінші – «Шын мәнінде амалдар ниетке байланысты», екінші –  «Адамның дінінің кәміл болғаны өзіне қатысы жоқ нәрсені тастағаны», үшінші  –  «Мұсылман толық мұсылман болмайды, егер өзіне қалағанды бауырына қаламайынша», төртінші – «Халал анық, харам анық» хадистері, [2] деген.

Омардан келген риуаят бойынша ол бірде бір адамға насихат ретінде былай деді: «Өзіңе қатысы жоқ әңгімеге араласпа, дұшпаныңнан қашық бол, сенімді деген досыңа абай бол, күнәһар адаммен жүрме, жаманшылыққа үйретуі мүмкін, өзіңнің сырыңды тақуа адамдардан басқаларға ешкімге жайма және күнәһарлармен  кеңес құрма»[3] , деген.

2-Ғайбат айтуға және жасырын сөз тасуға апарады. 

Адамның шамадан тыс өзіне қатысы жоқ әңгімеге араласып кетуі, оның бөгде адамдар көргенін қаламайтын жайттарға көзі түсуі  оны күнәға батуына апарады. Алла тағала Құран кәрімде:

 

» يا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيرًا مِنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ وَلَا تَجَسَّسُوا وَلَا يَغْتَبْ بَعْضُكُمْ بَعْضًا أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَنْ يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَحِيمٌ

          Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер. Расында, Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді.[4]

Ибн Омардан жеткен мүбарак хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деді:  «Ей адамдар араларыңда ислам дінін тілімен қабылдап, жүрегімен бекітпеген адам болса, мұсылмандарға зиян тигізбесін, оларды қызғанып, әуретін ашуға тырыспасын. Кімде-кім мұсылманның әуретін ашуға тырысатын болса, Алла оның әуретін ашады, әлбетте, Алла адамның әуретін үйінен шықпай тығылып жатса да аша алады.» Сөзін жалғастыра келе Ибн Омар бір күні қағбаға қарап тұрып былай деді: Сенің Алла алдында мәртебең қандай жоғары, бірақ мұсылманның мәртебесі Алла алдында сенен де жоғары деді.[5] Яғни осындай мәртебеге ие адам баласын басқа біреудің қолымен тілімен қорлауы – қиянат.

Адамның сыртынан анығына жетпей, тон пішу – оның ол үшін жасаған қиянаты. Мысалы, кешкі уақытта көршінің қызын бір ер адам әкеп тастаса, ол ер адамның кім екенін анықтамай жатып, ол қыз жайында жаман пікірлер айтса, ол нағыз зұлымдық. Өйткені ол ер адам оның ағасы, нағашысы, т.б жақын туыстары болуы мүмкін.
3- Жүректі қатайтады, денені әлсіретеді, ризық жолын қиындатады.

Мәлик ибн Динар: «Егер жүрегіңнің қатайғанын, денеңнің әлсірегенін, ризық жолының тарылғанын байқасаң, өзіңе қатысы жоқ әңгімеге араласқаныңды біліп қой», деген.

Имам әш-Шәфиғи өзінің досы әр-Рабиғқа былай деп айтты: «Өзіңе қатысы жоқ әңгімеге араласпа, өйткені сол сөзің сені иеленеді, сен оны иелене алмайсың».

Абдолла ибн Масғуттан келген хабар бойынша: «Кісен салып, қапасқа қамауға лайықты мүшелердің бірі – тіл. Тіл ол жыртқыш аң секілді, егер оны үйретіп ала алмасаң, саған шабуыл жасайды.

4- Адамның өзі қаламаған затын естуіне мәжбүр болады.

Шығыс халқында мынандай мақал бар: «Өзіне қатысы жоқ затқа аралассаң, өзің ұнамаған затты естуіне душар боласың,» деген. Шынымен егер бір адам екінші бір адамның көкейінде қандай ой ойлап тұрғанын білсе, әлемде қантөгіс көп болар еді. Сол себепті кейбір заттардың құпия сақталуы да қайырлы істерден.

Әл-Мәзидің «Таһзибу әл кәмәл» кітабында былай делінген: Ибн Мүбарактың шәкірттері бірде жиналып, әңгіме құрған. Әңгіме барысында Фадл ибн Муса, Мухлид ибн Хусейн, Мухаммад ибн Надр болған еді. Олар: «кел Ибн Мубарактың жақсы қасиеттерін айтайық» дейді. Ол жайында: Оның бойында ілім, фиқһ, әдеп, наху, тіл, шәйірлік, шешендік, тақуалық, ынсап, түнгі намаз, құлшылық, қажылық, батылдық, жауынгерлік, күш және өзіне қатысы жоқ нәрсеге араласпайтын қасиеттері бар» деді. Демек, бұл қасиет шынайы мұсылмандардың сипаттарынан.
5- Басқа адамдардың оған деген ашу-ызасының өршуіне апарады.

Адам баласы басқа біреудің өзінің ішкі құпияларын сыртқа паш еткенді қаламайды, тіпті үйдің ішінде болып жататын ыдыс аяқ сылдыры да сыртқа жайылмай құпия түрде қалуы керек. Егер бір адам осы шеңберді аттап, оны жалпы халыққа қол жетімді мәлімет қылатын болса, ол кез келген адамның ашу ызасына душар болады.

Имам әш-Шәфиғидан келген риуаят бойынша одан рух (жан) ауыра ма деп сұраған кезде: «ия, ауырады, егер адамдар жұрт құпиясына үңілетін жандардың қасында болса» деді. Осындай адамдардың кесірінен талай жастардың жанұясы ойран болып, талай қыздарды аналары ажыратып алып келді.

6- Уақытты босқа өлтіру.

Ақыреттік, дүниелік пайдасы жоқ нәрсемен айналысу ол мұсылман адамның сипатынан емес. Бұл тек әрекеттерде ғана емес, сонымен қатар сөз барысында да жүзеге асады.

Атақты табиғиндердің бірі Хасан ибн Әби Сәнен біреудің үйінің қасынан өтіп бара жатып, жаңа салынған бөлмесін қашан салғанын сұрады. Кейін ол өзіне келіп, өзіне қатысы жоқ нәрсеге араласқанын түсініп, бір жыл бойы ораза ұстаған деген риуаят бар.

Сахабалардың бірі Әбу Дәжәнә фәниден өтер кезінде адамдар оған көңіл сұрап кірген кезде жүзі жарқырап, нұрланып отырғанын көреді. Келген адамдар одан жүзін нұрланып тұр оның себебі не? Сырыңмен бөлісші, дейді. Ол: «Мен екі нәрсеге қатты бекем болатынмын, біріншісі – өзіме қатысы жоқ нәрсеге араласпайтынмын және адам турасында ойымның дұрыс болуына көңіл бөлетінмін», деген. Атақты сахаба Құрандағы мына аяттың мағынасын терең түсінсе керек:

Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді.(35) Бұл қасиет; сабыр еткендерге ғана нәсіп болады. Сондай-ақ бұл сипатқа зор несібелілер ғана ие бола алады. [6]

Адамдар жайында хабар іздеу, олардың құпияларын әшкере қылу, олардың тыныс-тіршілігіне араласуға шариғат қатаң тыйым салған. Сонымен ол әрбір мұсылманға қастерлі болған уақыттың ысырапшылдығына апарады.

Үлкен ілім иесі Хасан Басри: «Уақыт адам баласына: «Ей, адам баласы! Мені қандай амал жасап өткіздің, мен жақсы істеріңнің куәсімін. Кетсем қайта оралмаймын. Ақыретте пайдалы болып оралуым үшін  қалағаныңша ізгі амалдарды жасап қал!»,-дейді десе, ғұлама Маурық әл-Ижли:«Адамзат ақша-қаражаты таусылса, уайымдайды, ал уақыты босқа кетіп, өмірі қысқарып жатса, оған еш өкінбейді»,-депті.

Сол себепті әр секунд үшін сұралатын уақытты ысырап етпей, өзімізге ақыреттік, дүниелік пайдасы жоқ заттармен араласпай, орынды қолдана білейік.

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

Әділбеков Хамзат

 

 

[1] Тирмизи хадистер жинағында

[2] Әбу Дәуіттің «Сунан» кітабының кіріспесінді

[3] Хаттабидің «Ғазла» кітабы

[4] Тирмизи хадистре жинағы

 

[6] Фуссилат сүресі, 34-35

Return to Top ▲Return to Top ▲