Облыс имамдары электронды форматта есеп беруде

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтағы өкіл имамдары Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына есеп беріп жатыр.

19 облыс, өңірден келген 19 өкіл имам 2013 жылы атқарған ізгі іс-шаралар мен жүзеге асырған игі жобалар жайлы баяндауда. Дәстүрлі есеп беру рәсімінде қоғамға қауіпті діни ағымдардың идеологиясына тосқауыл қою, шәкірт тәрбиелеу ісі, уағыз-насихат жұмысын жандандыру, қоғамға қажетті кітаптар мен бейне роликтер әзірлеу, діни сайттардың белсенділігін арттыру, елді имандылыққа үгіттеп, бірлік пен ынтымаққа ұйыту сынды бірқатар маңызды мәселелер талқыланып жатыр.

Бас имамдар басқосуының биылғы ерекшелігі – электронды форматта (бейнеролик) өтуі. Кім не істеді? Бәрі бейнебаян және суретпен баяндалады. Бас мүфти бас имамдарды заман талабына сай жұмыс істеуге шақырды. «Біз үнтаспалар мен бейнероликтердің санын көбейтіп, оны барлық өңірге жеткізуіміз керек. Уағыз айтылмаған ауыл, аудан, діни ақпарат жетпеген адам қалмауы қажет. Халықты татулыққа шақыру, олардың діни сауатын жоғары деңгейге көтеруде сіз бен бізге артылған үміт, жүктелген жүк зор», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Жылдық жұмыс қорытылған жиында Астана қаласының бас имамы Наурызбай Өтпенов «Әзірет Сұлтан» мешітінде елімізде тұңғыш рет өткізілген онлайн дәрістің мәні мен маңызына тоқталды. Бір айда республика бойынша 97 мешіт онлайн жүйесіне қосылып, тікелей эфирде ұстаздардың дәрісін тыңдауда. Тікелей эфирде тілдесіп, толғандырған сауалына жауап алуда. Бұл игі жоба жалғаса бермек.

Бас мүфти жұмыс көрсеткіші орташа және төмен деңгейдегі облыс имамдарына қатаң ескерту жасап, бағыт-бағдар мен тиісті нұсқаулар берді. Қайырымдылық шараларды жиі ұйымдастыру қажеттігін қаперге салды.

Ержан қажы Малғажыұлы мешіт жамағатына, Алла үйіне қадам басып келген әрбір отандасымызға жоғары деңгейде көңіл бөлу, қызмет ету керектігін қадап айтты. Мүфти-хазрет осыған дейін түйіні тарқатылмай, күрмеуі шешілмей келе жатқан бір мәселеге қатысты жағымды жаңалық жеткізді. 2014 жылдан бастап «Зекет» қоры есебінен және дін жанашырларының демеушілігімен еліміздің имамдары толықтай жалақымен қамтамасыз етілмек. Діни кадардың әлеуметтік мәселесі шешілсе, жұмыс та қарқын алмақ.

2013 жыл діни салада жемісті жыл болды. Өткен жылға өкпе жоқ. Алда алар асулар мен бағындырар белес көп. Бас мүфти айтқандай, тек табандылық танытуымыз тиіс.

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ баспасөз хатшысы     

Return to Top ▲Return to Top ▲