МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ АҚСАҚАЛДАР ФОРУМЫНА ИГІ ТІЛЕГІН ЖОЛДАДЫ

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қариялар – ел қазынасы» І республикалық ақсақалдар форумына ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин арнайы хат жолдады. Хатты ҚР Мемлекеттік хатшысы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ержан Байтілес оқып берді.

«Бүгінгі жиынға қатысып отырған ақсақалдарымыздың барлығы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына зор үлес қосты. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен көрген-білгендеріңіз жастардың ұлтжанды, мемлекетшіл болып өсуіне ықпал етеді.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан елдің алдында, көштің басында жүрген өздеріңіздей ақсақалдардан кеңес құрылғаны құптарлық бастама. Енді осы үрдіс елдің орталығымен ғана шектеліп қалмай, облыс, аудан, ауылдарда да жалғасын табуы керек. Бұл елдің бірлігін арттырып, ынтымағын еселей түседі деп сенемін.

Бүгінгі форум жұмысына сәттілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» делінген Мемлекеттік хатшының хатында.

Return to Top ▲Return to Top ▲