ЛАҢКЕСТІК-ТЕРРОРДЫ КІМ ЖАСАУДА?


Соңғы кездері әлемнің түкпір-түкпірінде лаңкестік-террорлық деген оқиғалар қаптап кетті. Бұрындары естіп көрмеген «изм»-дер жиі БАҚ-да тілге ілінетін болды. Әрі осындай оқиғалар орын алған кезде «Ислам», «Мұсылмандар», «Сақалдылар» деген сияқты мұсылмандарға тиесілі сөздер айтылып жатты. Мұның себептері неде? Не үшін айып мұсылмандарға тағылуда? Әлде расында шахид болуды қалап, жұмақтың төрінен орын алғысы келген мұсылмандардың қылықтары ма? Міне осындай сауалдарға жауап іздеу арқылы лаңкестікке жақын жүргендерге тұшымды ой тастап, істерінің жемісі ойларындағыдай жәннат емес екендігін түсіндіріп, айыпты исламнан іздегендерге сөздерінің қаншалықты шындыққа жанасатындығын қарастырып көру мақсатында қолға қалам алып отырмыз. Әрине мұндай тақырыптар қысқа да нұсқа жазыла салмайды. Кеңінен дәлелдеп көрсету үшін ұзағырақ жазуға тура келеді.

Шындығында, қай елде болмасын лаңкестік әрекеттермен халықты дүрліктіретін келеңсіз оқиғалар халықтың бейбіт және тыныш өмірлерінің шырқын бұзары хақ. Мұндай оқыс жағдайлар әртүрлі себептермен орын алуы мүмкін.

  • Бір елдің немесе діннің жаулары опасыздық ниетімен елдің, қажет болса діннің ішінен іріткі салып, ақша, атақ немесе уәде беру арқылы ел мен дінді шірітетін «құмалақ» адам дайындау;
  • Өзінің білімсізігенен біреудің үгіттеуі арқылы, айталық өзін мұсылманмын деп санаған біреу Құран мен хадистерде айтылған өсиеттерді дұрыс түсінбей ісін жихад санап, тікелей Жұмаққа кіретін шахидтерден болуды қалау;
  • Мафия, рекет деген сияқты бұзақылардың біреуді қорқытуы немесе біреуден кек алуы;
  • Теледидардан рұқсат беріліп, көрсетіліп жүрген опасыздықты насихаттайтын кейбір фильмдерді көрген жастардың арасынан ойланбай істеген істері немесе басқада себептермен мұндай оқыс оқиғалар орын алып жатқан болуы мүмкін.

Иә, қандай жағдаймен болсын іс істелді. Ел дүрлікті. Халық шошынып жатыр. Істердің барлығы тергеліп, соңы ашылып та жатыр. Алыстан арбаламай жақыннан дорбалайтын болсақ, көршілес Ресейді айтқанда, метродағы оқиғаны жасағандар лаңкестікке қатысы болған хиждапты әйелдің ісі екені айтылды. Өз елімізде орын алған бірнеше оқиғаларды жасағандар сақалды мұсылмандар екен деп бей ресми әңгімелер де таралып жатты. Тергеу барысында мұсылман емес екендіктерін анықтап жатса, басқа да жарылыстарды «Халифат сарбаздарымыз» деп өздерін мұсылмандарға жатқызатын лаңкестік ұйымдар мойындап жатты. Бұлардың мақсаты не? Расында мұсылманшылықта Құран мен хадис соған үгіттей ме? Енді осыған тоқталып көрейік.

Олардың әрине түпкі мақсаты өркейіп, бірнеше елдің алды болып, дамып, әлемде саясат әрі дін жағынан да, беделді ұйымдарға басшылық етіп, өзін биік шыңдардан көрсетіп келе жатқан еңсесі биік Қазақ елінің беделін түсіру ғана. Ал енді бергі мақсаты Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінде ұрпақтарын көбейтуге насихаттап және «Отанды сүю – Иманнан» екендігіне шақырылған мұсылмандарды Ислам дінін жамылып мұсылмандардың қадірін кетірумен елдің қамын көбірек ойлайтын мұсылмандарға күйе жағып, тыйым салдыру арқылы олардың санын азайту деп білемін. Себебі алғашында мойындай қоймаған, жарылысты жасағандар мұсылмандар еместігін ресми түрде жариялағанда, артынан «Біз халифат сарбаздарымыз» деп мойындарына ала бастады. Бірақ кім мойындады? Өліп кеткендер ме? Әлде өздерінінің айыптары ашылмас үшін мұсылманшылыққа бұра салған айлакерлер ме? Кешегі Құрбандыққа шалынады деген жас балалардың жасаған істері мен таратылған қағаздар бірнеше облыста кездейсоқтықпен орын алған жоқ. Тергеу барысында барлығыда анықталып жатты. Оларды соған итермелееп, көндірудің жолын тапқан кімдір? Әрине іріткі салушылар. Бұл қарапайым халықты шошытып, Құрбан айтты қуанышпен емес, сол күнді не болар екен деп қорқынышпен қарсы алуға үгіттеген ақылға қонғысыз ақымақтардың ісі еді.

Қысқасы, шахид болуға ұмтылған, біреулердің арнайы бұрыс тәрбиесімен тәрбиеленген жихадшысымақтар мен өтірік дінді жамылғандардың кесірінен мұсылманшылықтан шошына бастадық дегендерге ақиқат діннің не айтарына тоқталайық.

Бүгінде шахид сөзінің мағынасын білмейтін жан жоқ шығар. Иә, олар тек қарызы болмаса еш сұраусыз жәннатқа кіретін, соғыс кезінде ғана қаза тапқан кездегі үстіндегі қан жуылмай, ақыретте тірілгенде ол қан жұпарланған иіс болып, ең бақыттылар қатарындағы – шахидтер деген Аллаһтың сүйікті құлдары. Құран аяттарында және хадистерде бірнеше жерде шахидтердің дәрежесін асқақтатып келтірген. Бірақ олар соғыс кезінде өз отанын, өз дінін қорғау барысында жан тапсырғандар туралы айтылған. Бірақ өз-өзіне қол жұмсау, бейбіт халықты өлтіру туралы қатаң тыйыммен келген хадистердің де көп екендігін ескерсек, өзін жарғандарды шахид деуге келмейді. Тіпті өзіне қол жұмсағандарға мұсылмандық міндеті орындалмай, шариғатта оларға жаназа намазы да оқылмайды.

Шахид болуға өтірік үндеген, дінді жамылған жалған насихатшылардың шырмауына ілінгендер білімсіздер ғана. Оларды пайғамбарымыз (с.а.с) айтты деп келесідей өтірік хадистерді келтіреді: «Аспаннан жаңбыр тамшылап тұрғанша жихад тәтті және жасыл болып қала беруін тоқтатпайды. Алайда адамдар үшін сондай уақыттар келіп жетеді: сол кезде олардың арасындағы ғалымдар: «Бұл жихадтың уақыты емес», – деп айтады. Ендеше кімде-кім осындай уақытты көріп үлгерсе, ол –жихад жүргізу үшін ең қолайлы уақыт екенін білсін». Сахабалар: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Шынымен де, осыны біреулер айтады ма?» – деп сұрағанда. Ол: «Ия, мұны Аллаһтың, Оның періштелерінің және барша адамдардың лағнеті болған адам айтады», – делінген сахих та, әлсіз де емес Ибн Нухастың «Машариъул ашуақ»та келтірген иснадсыз[1] жалған хадиске сүйенеді. Бұл хадистің мағыналық жағынан да, иснады жағынан да ешбір маңыздылығы жоқ болып табылып, осындай жалған хадистерді қолданып үгіттейді. Әрине білімі жоқтар ақиқатын қайдан білсін?!

Негізінде Ислам діні тек бейбітшілікке шақырып, кісі өлтіру үлкен күнәға саналады. Аллаһ тағала Құранда Кәрімде: «…кімде-кім бір жанды (өлтірмеген) және жерде бұзақылық істемеген адамды өлтірсе, демек, ол барлық адамдарды өлтіргендей және кімде-кім оны тірілтсе (яғни, өлтіруен бас тартса яки өлімнен құтқарса), демек, ол барлық адамдарға өмір бергендей. Оларға (Бани Ысраилға) пайғамбарларымыз, міне осындай дәлелдер келтірді. Содан кейін де, олардан көпшілігі жер бетінде (қан төгу арқылы) шектен шығушылар (болды)»[2] деген.

Қасиетті Құран аяттарында кісі өлтірудің жер бетіндегі адамдардың барлығын өлтіргенмен тең күнә екендігін және пайғамбарлар адам өлтірудің күнәсі осындай екендігін ескертсе де, кейіннен көпшілігі қан төгу арқылы адасқандарын Аллаһ тағала шектен шығу деп аятта келтіріп отыр. Дінде шектен шығу тозақы екендігін білдіреді. Олай болса қалайша кісі өлтіру жихадқа саналмақ? Бұл кісі өлтірушінің шектен шығуы, ал неше түрлі жарылғыш заттармен жарғандарға мына хадистер мысал бола алады:

Ибн Аббастан (р.а) риуаят етілген хадисте: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «(Ешкімді) Аллаһ тағала жазалайтын тәсілмен жазаламаңдар»[3], – десе, Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а) былай дейді: «(Бір күні) Пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге, бір өртелген құмырсқа илеуінің қасынан өттік, Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.) қатты ашуланып: «Шындығында, адамдар ешкімге аса Құдіретті де Ұлы Аллаһтың жазасын қолданбауы тиіс», – деді»[4].

Аллаһ тағала әрбір шектен шыққан, өзінің әмірлеріне мойынсұнбаған, шайтанға ілескен пенделерін тозақта отпен жазалайтындығын білеміз. Олай болса адамдарға бағытталып жарылған жарылғыштан парша-паршасы шыққан адамдардың денесін көргенде қапқара болып, отқа күйетінін білеміз, жан-жағындағы нәрселер отқа оранатынын көз көріп, құлақ естіп жүр. Ол жарылыс орнаған жерде құмырсқа болмаса да басқа жәндіктердің болмауына кім кепіл? Шариғатта құмырсқа сияқты жәндікті отпен қинауға болмайтынын қатаң ескерткен болса, «Тин» сүресінде: «Расында, Біз адамзатты ең сұлу көрініс-бейнеде жараттық» – делінгендей көркем түрдегі адамзатты өлімге солай қию қандай қатыгездік? Онда ақыреттегі қатыгездіктің жазасы қандай болмақ? Әрине шахидтік жол – ол емес. Өз-өзін жарып өлтіру Исламда тек тозақпен ғана жазаланатын үлкен күнә. Сабит ибн Даххактан жеткен хадисте: Аллаһтың Елшісі (с.а.с): «Кім қандайда бір нәрсемен өзін өлтірсе, Қиямет Күні сол нәрсесімен азапталады»[5], – деген. Демек жарылғыш затпен өзін өлтіргендерді соған тән бір жалындаған отпен азаптайды деген сөз.

Сондай-ақ, Әбу Хурайрадан (р.а) жеткен хадисте: Аллаһтың Елшісі (с.а.с): «Кім өзін таудан құлатып опат етсе, өзі мәнгілікке тозақтың (отына) үздіксіз төмен қарай құлай береді; кім у ішіп өзін опат етсе, мәңгілікке тозақтың (отында) оны өз қолымен үздіксіз ішеді; кім өзін темірмен өлтірсе, мәңгілікке Тозақтың (отында) өз қолымен сол темірмен өзінің қарнына үздіксіз тыға береді»[6], – десе, осы сахаба риуаят еткен тағы бір хадисте: Аллаһтың Елшісі (с.а.с): «Кім өзін-өзі тұншықтырса, өзін-өзі тұншықтыруын отта жалғастырады, ал кім өзін-өзі сойып өлтірсе, мұны отта да істейді» , –[7] деген.

Міне осы сияқты келтіре берсек Құран аяттары мен сахих болған хадистер көптеп кездеседі. Ендеше Ислам ешкімді лаңкестік-террорлық істерге итермелемейді. Керісінше одан тыйып тіпті жәндіктерге қайырымдылықпен қарауға үндейді. Олай болса қалай шахидтік жолды осындай тозаққа түсіретін алдамшы жолмен таңдамақпыз? Не үшін бейбіт халықты өлімге құштырамыз? Олар тіпті мұсылман болмаса да, мүшрик болса да өлімге итермелеу шариғатта үлкен күнә болып саналады.

Пайғамбарымыздың (с.а.с) жүрер жолына күнде қоқыс тастайтын мүшрик көршісі бір күні сырқаттанып қалғанда, әлемге рахым болып келген Пайғамбарымыз (с.а.с) үйіне барып оның халын сұраған жоқ па еді? Пайғамбарымыз бір хадисінде, бір-біріне қылыш сермеп тұрған екі кісі бірін өлтірген болса, өлгені де тозақтық болады. Себебі оныңда ниеті қарсыласын өлтіру ниетінде еді», – деген болатын. Бұл жерден қандай жақсы жақта болсаң да, кісі өлтіру жақсы тарапта бол, жаман тарапта болу күнә екендігін аңғарамыз.

Бауырлар! Ислам – бейбітшілік деген мағынаны білдіреді. Ислам діні «Бейбітшілік діні» деген сөз. Дінімізде мұсылмандардың сипатын сабырлы, иманды, кішіпейіл, кешірімді, жалған сөйлемейтін, ашық мінезді, жамандықтан тосып, жақсылыққа шақыратын, тағы басқа көптеген сипаттары Құранда да, хадисте де көптеп айтылған. Асыл дінімізде шектен шығу жоқ! «Жәбір көрушінің дұғасы қайтарылмайды» деген Пайғамбарымыз (с.а.с). Олай болса қаншама адамның өліміне себепкер болу, олардың жәбір көрген бірінің бала-шағалары, бірінің әке-шешелері, бірінің туыстары тіпті «оңбағандар» деуінің өзі тозақтың түбіне бағыттайтын қабыл болған дұға болып табылады. Демек, жазықсыз кісі өлтіруге орын жоқ.

Ендеше не үшін жарылыстар жиі орын алуда. Әлде мемлекетке, басшыға деген алауыздық па? Жоқ , шариғат бұған да жол бермейді. Басшылыққа тіпті зұлымдық жасап жатса да бағынуға шықырған. Себебін әлемдегі басшыларына қарсы шыққан елдердің бүгінгі бұрынғыданда әлсіреген, жағдайлары бұрынғыданда нашарлаған кейіптерінен-ақ басшыға қарсы келудің зардабын түсінуге болады. Ислам нақақтан-нақақ бұған тыйым салмаған.

Хузайфадан (р.а) жеткен хадисте, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Менен кейін менің жолыммен жүрмейтін, әрі менің сүннетіме сай өмір сүрмейтін басшылар шығады. Сондай-ақ, сендердің араларыңнан жүрегі адам кейіпіндегі шайтанның жүрегіне ұқсайтын адамдар шығады»,-деген. Сонда Хузайфа (р.а): «Егер олардың кезінде өмір сүрсек, біз не істейік?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с): «Билік иесін тыңдаңдар да, бағыныңдар, тіпті егер ол сені арқаңнан ұрып, мал-мүлкіңді тартып алып жатса да!»[8] – деп жауап берген.

Бірде Ъади ибн Хатим: «Иә Аллаһтың елшісі, біз Сізден тақуа басшыға бағыну туралы сұрамаймыз, бірақ егер олар мынадай-мынадай іс-әрекеттер жасаған кезде не істейміз?» – деп әділетсіздік туралы сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с) былай деді: «Аллаһтан қорқыңдар, билік иесін тыңдаңдар да, бағыныңдар!»[9], – деп жауап қатқан.

Міне, дінімізде шариғат осылай үн қатады. Исламда лаңкестік-террорлыққа ешқандай жол жоқ. Мұсылмандар мұндай қылықтарға бармайды да, құптамайды. Жақында қабылданған дініміз үшін де, еліміз үшінде тиімді заңда жарылыстарға себеп болып отырмағандығын көрдік. Жоғарыда айтқанымыздай бұл жерде мұсылмандар емес еліміздің шырқын бұзуға ниеттенгендердің ісі екендігі айдан анық көрініп тұрғандай.

Аллаһ тағала имансыздарға иман, білімсіздердің ілімін арттырып, елімізді тыныш, бейбітшілік пен амандықта қылсын! Әмин.

 

Жеңіс Әбибуллаұлы,

дінтанушы

 


[1] Иснад – хадисті Пайғамбарымыздан (с.а.с) бастап жеткізгендердің тізбегі.

[2] «Мәида» сүресі, 32 аят.

[3] Әл-Бұхари.

[4] Әбу Дауд, ән-Нәсәи және Ахмад.

[5] Әл-Бұхари, Мүслим.

[6] Әл-Бұхари, Мүслим.

[7] Әл-Бұхари

[8] Мүслим

[9] Ибн Әбу Ъасим, сахих хадис.

 

Return to Top ▲Return to Top ▲