Ислам сөзінің түп-тамыры «салима», «юслиму», «ислам» яғни, бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден бастау алады ол Аллаһ тағаланың «Салам» деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы толық мойынсыну, Аллаһтың алдында парыздарды орындау, одан басқа құдайларға табынбау. Аллаһ тағала Құран кәрімде:
هو الله الذي لا إله إلا هو الملك القدوس السلام
Ол сондай Алла, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол патша; өте пәк, есендік беруші[1].
Ислам – Алла тағаланың Жəбірейіл періште арқылы сүйікті әрі соңғы пайғамбары Мұхаммед (с.а.у) ға жіберген діні. Ол адам баласына осы дүниеде және ақыретте бахытты өмір сүруге жетелейтін қағидалар жиынтығы.
Кәзіргі уақытта әлемде 1,5 млрд қа жуық мұсылмандар өмір сүреді және жыл өте бұл көрсеткіш өсе түсуде. Еліміздің тарихы мен мәдениеті көптеген ғасырлар бойы Ислам дінімен тығыз байланыста дамып келеді. Ислам қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі болып табылады.
Исламның түбегейлі орнығуына VIIIғ. ортасында, 751 ж. Тараз қаласының маңындағы мұсылман әскербасы Зияд ибн Салих пен Қытай қолбасшысы Гао Сяньчжидің арасында болған Атлах шайқасында мұсылман әскері жеңіске жетіп, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерлері азат етілді. Араб әскерінің бұл жеңісі Орта Азия жерінде ислам діні мен мәдениетінің орнығуының бастауы болды. X ғ. аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғ. басында Қарахнит мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ мұсылмандықты қабылдады, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса 960ж. ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялады.
Оңтүстік Қазақстандағы көшпенді түркі халқының арасында исламды таратуда ұлы ойшыл Қожа Ахмет Яссауи (1166 ж. немесе 1167 ж. қайтыс болған) зор үлес қосты. Әмір Темірдің Яссауиге деген құрметінің белгісі ретінде XIV-XV ғғ. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынды, қазіргі таңда бұл тарихи жәдігер тек Қазақстандағы ірі мұсылмандық сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар, әлемдік озық үлгілердің бірі болып саналады.
Қазақ хандығы құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормалaрынa жүгінді. Бaрлық қaзaқ хaндaры Керей мен Жәнібектен бaстап ең соңғы қaзaқ ханы Кеңесары (1847 ж. қайтыс болды.) өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткен.
Тәуке ханның (шамамен 1718 ж. қайтыс болды) «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам болды. Осы құжатта көрсетілген әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормалары айтарлықтай дәрежеде шариғатқа жүгінген.
1-сурет. Әлемдегі мұсылмандардың шоғырланған аймақтары
Соңғы уақытта әлемдік ғаламторда, БАҚ өкілдері тарапынан исламға қатысты таңылып жатқан қара дақтардың бұл пәк дінге ешбір қатысы жоқ. Исламның терроризм, экстримизммен сондай-ақ күштеп жаулап алумен түбегейлі байланыспайды. Бұл асыл діннің негізгі құндылықтарына мән бермегеннің, діни сауатсыздықтың белгісі. Әу баста ислам әлемге тек бейбітшілік әкелу үшін жіберілген соңғы дін. Кейбір шығыстанушылардың исламның тек қылышпен жайылды деген негізсіз сөздері бұл дінге деген жала жабу, исламның адами құндылықтары жайында хабарсыздығы. Қару алып күш көрсету тек отанға, жеке өмірге қауіп төнген жағдайда ғана қолданылады. Ұлы тәрбиеші Пайғамбарырымыз (с.а.у) өзінің сахабаларына былай деп айтқан:
لاَ تَتَمَنَّوْا لِقَاءَ الْعَدُوِّ، وَسَلُوا اللهَ الْعَافِيَةَ
Жаумен кездесуді игі тұтпаңдар керісінше Аллаһтан аманшық сұраңдар[2]. Шынайы мұсылманның табиғатында озбырлық, біреуге күш көрсету секілді жаман қылықтар болмайды.
Ал егер отанға, елге, отбасыға қауіп төнген жағдайда әрбір мұсылман қасық қаны қалғанша қорғауға міндетті. Аллаһ тағала:
أُذِنَ لِلَّذِينَ يُقَاتَلُونَ بِأَنَّهُمْ ظُلِمُوا وَإِنَّ اللهَ عَلَى نَصْرِهِمْ لَقَدِيرٌ * الَّذِينَ أُخْرِجُوا مِنْ دِيَارِهِمْ بِغَيْرِ حَقٍّ إِلاَّ أَنْ يَقُولُوا رَبُّنَا اللهُ
Шынында шабуыл жасалып, зұлымдыққа ұшырағандарға, соғысу үшін рұқсат берілді. Күдіксіз Алланың, оларға жәрдем етуге, күші толық жетеді.(40) Олар, сондай жазықсыз: «Раббымыз Алла» дегендіктерінен ғана жұрттарынан шығарылғандар.[3]
Бұл жерде соғысқа рұқсат берілу жағдайы аятта келгендей тек зұлымдыққа ұшырағанда, елдерінен күштеп шығарылғанда. Осыған ұқсас басқа аятта:
وَقَاتِلُوا فِي سَبِيلِ اللهِ الَّذِينَ يُقَاتِلُونَكُمْ وَلاَ تَعْتَدُوا إِنَّ اللهَ لاَ يُحِبُّ الْـمُعْتَدِينَ
Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла (Т.) шектен шығушыларды жақсы көрмейді[4].
Бұл жердегі аяттарда өздерімен соғысқандармен ғана соғысу міндетті екенінмеңзейді. Аяттағы шектен шықпаңдар деген әмір сол секілді сендермен соғысқандар деген аяттар соғысты мұсылмандар бастамайтынын көрсетеді. Ислам дінінің бейбіт дін екенінің тағы бір дәлелі ой, сенім бостандығына еркіндік бергендігі. Бейбітшілік аясына мұсылмандарды ғана сидырып қоймай, басқа дін өкілдерін де бауырына басады оларды өз діндеріне кіруге мәжбүрлемейді, басқа секталар секілді үйді-үйге жүріп соңынан қалмай қаламаса да оларға дінді жеткізуге тырыспайды. Аллаһ тағала Құран кәрімде айтады:
لا إكراه في الدين
Дінде зорлау жоқ[5].
Әрбір адам өзінің ықтиярымен, қанағаттана отырып, ол дінге толық сенім артқаннан кейін барып қабылдайды. Ал біреуді күштеп немесе сый-сыяпат жасап оның есесіне дінді қабылдатқызу ол Исламнан емес.
ولكل وجهة هو موليها فتستبقوا الخيرات
Әркімнің бip бет алатын қыбласы бар. Сонда жақсылыққа жарысыңдар[6]
«Әркімнің бір бет алатын қыбыласы бар» деген сөздің мағынасы әркімнің өзінің жолы, ұстанымы бар деген сөз. Аллаһ тағала басқа бір аятта Пайғамбарымызға былай дейді:
فإن أسلموا فقد اهتدوا وإن تولوا فإنما عليك البلاغ
Егер олар исламды қабыл етсе, тура жол табар еді. Ал егер олар бет бұрса, саған жеткізу ғана міндет[7]
Аллаһ тағала тарапынан келген соңғы дін ислам болғандықтан қабылданатын дін де тек ислам болмақ, ол жөнінде Аллаһ тағала:
إن الدين عند الله الإسلام
Алланың қасында шынайы дін Ислам.[8]
Дегенмен исламға шақырғанда адам баласының бойында хикмет, сабырлық тағы басқа мұсылманның бойында сипатталу керек қасиеттер болуы ләзім. Аллаһ таға Құран кәрімде:
ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ ۖ وَجَادِلْهُم بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ ۚ إِنَّ رَبَّكَ هُوَ أَعْلَمُ بِمَن ضَلَّ عَن سَبِيلِهِ ۖ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِينَ
Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың Ол, тура жол тапқандарды да жақсы біледі.[9]
Мұсылмандардың бейбіт сүйгіштігінің бір дәлелі олардың амандасуларында . Әрбір мұсылманнның «Ассаламу алайкум» деуі мен саған аманшылық, бейбітшілік тілеймін дегені. Аллаһ тағала барлық мұсылмандарға амандасуға, сәлем жаюға әмір береді:
فَإِذَا دَخَلْتُم بُيُوتًا فَسَلِّمُوا عَلَىٰ أَنفُسِكُمْ تَحِيَّةً مِّنْ عِندِ اللَّهِ مُبَارَكَةً طَيِّبَةً
Қашан үйлерге кірсеңдер өздеріңе (мұсылмандарға) Алла тарапынан болған берекетті де, көркем амандасумен сәлем беріңдер[10]
Пайғамбарымыздың (с.а.у) бір хадисінде:
أن رجلا سأل رسول الله صلى الله عليه وسلم أي الإسلام خير قال تطعم الطعام وتقرأ السلام على من عرفت ومن لم تعرف
«Бір адам: «Иә, Расулулла (с.а.у)! Исламдағы ең жақсы амал қандай?», – деп сұрағанда Расулулла (с.а.у): «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген»[11] . Демек, күнделікті біз мұсылмандар басқа адамдарға мейлі оларды таниық, танымайық сонда да оларға Аллаһтың аманшылығын, бейбітшілігін тілеудеміз. Бұл біздің мұсылмандық міндетіміз. Осындай адамның бойынан озбырлықты, жаман әрекеттерді байқау ол оның шынайы мұсылман емес екенінің дәлелі. Өйткені мұсылман ол басқа біреуге қолымен де тілімен де зиян келтірмеген адам. Пайғамбарымыздың (с.а.у)хадисінде:
الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ
«Мұсылман басқа бір мұсылманға, тілімен, қолымен зиян келтірмеген»[12]. Ал жазықсыз кісі өлтіру ол өте үлкен күнә. Аллаһ тағала Құран кәрімде:
ومن قتل نفساً بغير نفس أو فساد في الأرض فكأنما قتل الناس جميعاً
Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең.[13]
Ислам дінінің негізгі мақсаты әлемде бейбітшілік орнату деп айтқан болатынбыз осы тұста кейбір дінді, ислам тарихын таяз білетін қаламгерлер ислами жорықтарды алға тартып, ислам дінін бейне қылыштың ұшымен жайылды деген тұжырымды алға тартуда. Ислам жорықтарына келмес бұрын сол уақыттағы әлемнің соның ішінде арабтардың қандай надандық дәуірін басынан кешіруде екенін айтқан жөн болар еді, бұл орайда Эфиопия патшасы Нежашидің алдында сөйлеген Жафар бин Әбу Талибтің сөзі арабтардың сол уақыттағы жағдайына айқын көрініс береді: «Әй елбасы! Біз надан ұлттың ішінде жүрген жан едік. Пұттарға табынатынбыз. Өлекселерді жейтінбіз. Әртүрлі жаманшылықтарға баратынбыз. Туысқандарымызбен қарым-қатынас жасамайтын едік. Көршілерімізге жаманшылық істейтін едік. Қуатты байлар әлсіз кедейлерді аяусыз пайдаланатын. Аллаһ тағалаға шүкір арамызда ата-бабасынан танымал қадірлі де қасиетті, өзі де халық арасында абыройлы, әділетті болып танылған адам Пайғамбар болды. Аллаһ осы пайғамбар арқылы бізді бұл қараңғылықтан құтқарды[14]», деді.
Ислам қанат жайып өз кемеліне келіп, Құранның түсуі тоқтағаннан кейін мұсылмандарға бұл дінді әлемге жаю міндет болды.Өйткені Ислам әлемге жіберілген соңғы дін еді. Отарлау, қанау, елді құлдыққа айдау секілді мақсаттардан аулақ болды. Исламға шейін шөлде надандық дәуірінде өмір сүрген жабайы арабтар жарты ғасыр өтпей әлемнің ұстаздарына айналды. Исламның бір шеті Африкадағы Мысыр, Либияға жетсе енді бір шеті орта Азияда Қытай шекарасына шейін жетті. Ислам дінінен нәр алған халықтар ислам құндылықтарын зерттей келе әртүрлі ғылым-білімнің көзін ашты. Медицина, астрономия, математика, химия ғылымдарының негізін қалап әлемге паш етті. Ислам жайылған бүкіл аймақтар өздерінің ұзақ шырт ұйқысынан оянды. Бұл аймақтарда білім, медицина, зерттеу орталықтары ашылып, әлем жұртшылығы басқа күйде өмір сүре бастады. Міне бұл шынайы жиһад, шынайы Аллаһ жолында күш жұмсау болды. Ал кәзіргі Аллаһ жолында өздерін жиһадттамыз деп санайтындардың соңында тек үйінділер ғана қалуда. Осы заманда исламды керағар түсінетін топтар арасында ислами жанұя құрып исламда өмір сүреміз деушілерінен, ислам үшін өліп жәннатқа кіреміз деушілер көбейіп кетті. Алғашқы дәуір мұсылмандарында басқа елге әскермен кірудегі мақсат – ислам жаю болатын кәзірдегідей әр жерде жарылыстар, оның ішіндегі бейкүнә бала-шаға, қарттар, қарапайым тұрғындар кездеспейтін.
Шынайы ислам орнатқан қағидасы бойынша бір елдің аумағына кірмес бұрын исламға шақырып насихаттайтын, егер ислам қабылдаса ол ел ислам мемлекетінің бір бөлігі болып, жалпыға бірдей ислам шариғаты жүргізілетін. Ислам қабылдамаған жағдайда жизия (тән салығы) төленеді. Бұл салықтан ол мемлекеттің ұтатыны түгел жері мұсылман мемлекетінің аясына кіреді сол себепті шекараларын өзге мемлекеттерден қорғау мұсылман мемлекетінің міндетінде болды. Ал бұған келіспеген жағдайда басқа мемлекеттерге ислам жаю үшін ол мемлкетті басып кіруге мәжбүр болды. Кәзіргі уақытта да осы пікірді ұстанатын диструктивті тұлғалар бар. Олар әлемді екіге бөледі: «дәрул ислам», яғни мұсылман мемлекеттері, «дәрул харб» әрдайым соғыстық жағдайда болу керек мұсылман емес мемлекеттер. Бұл мемлекеттермен соғысу оларға күштеп шариғат заңдарын жүргізуді заңды деп санайды. Біздің заманымызда кез келген мұсылман емес мемлкеттерде мешіттер, ислами орталықтар жұмыс істейді, тіпті мұсылман емес Қытайдың өзінде 40 млн ға жуық мұсылмандар өмір сүреді. Ресейде, Индияда, Францияда да халықтың ауқымды бөлігін мұсылмандар алып жатыр, сол секілді ғаламторда кез-келген мұсылман ешбір шекарасыз дінді насихаттай алады. Сол себепті ислам дағуаты бүкіл ғаламшарға жеткен. Аллаһ тағаланың:
ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ
Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр[15], деген әмірі күшпен, қарумен емес даналықпен, біліммен жаю керектігін меңзейді.
Тарихтан мысал келтірер болсақ, екінші халифа Омардың тұсында ислам әлемі етек жайып, көптеген жерлер халифа билігіне қарайды. Сол жерлерді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүре білді. Ислам әскерлері әһли кітап яғни христиан дін өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын басып алғаннан кейін, ондағы тұрғындар мен Хазіреті Омар 637 жылы былайша келісім шарт жасайды: «Бұл Аллаһтың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы. Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулеріне ешкім тұрғын үй есебінде жасамайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді[16]».
Кәзіргі уақытта дінді жаю тек бейбіт түрде болуы ләзім. Бұған қоса кез-келген соғыс әрекеттерінің басталуын тек елбасы ғана шешуі керек. Бір адамның немесе ғалымның жиһад немесе соғыс деп жариялауы орындалуы ләзім үкімге жүрмейді.
Нағыз жиһад ол адамның өзінің нәпсісімен күресу қызғаншақтық, тәкәппарлық, көре алмаушылық секілді лас сипаттардан бойын арылту сол секілді тілімен, жаман іс-әрекеттерімен күресу. Кәзір замандағы көп ғалымдардың пікірі 21-ғасыр жиһады білімсіздікпен күресу. Статистикаға сүйенсек көптеген мұсылман мемлекеттерінде соның ішінде араб мемлекеттерінде сауатсыздық кең етек жайғаны баршамызға мәлім.
Сөзімді қорыта келе ислам жайлы Махатма Гандидің сөзімен аяқтағым келеді:«Мұсылмандар ең жарқын және жеңісті күндерінде де шектен шықпаған. Ислам діні әлемді Жаратушыға және Оның туындысына таңдануды бұйырады. Батыс әлемі үрейге толы өмір сүріп жатқанда Шығыста жарқыраған Ислам жұлдызы азап шеккен дүниеге жарық, бейбітшілік және еркіндік әкелген еді. Ислам діні алдамшы, жалған дін емес. Үнділер бұл дінді құрметтеп, зерттейтін болса, оларда мен сияқты Исламды жақсы көретін болады. Мен Ислам дінінің пайғамбарларының және оның жанындағылардың қалай өмір сүргенін көрсететін кітаптарды оқыдым. Бұлар мені қызықтырғаны соншалық кітаптардың аз екендігіне қынжылдым. Мен мынадай қорытындыға келдім: Исламның шұғыл дамуы қылышпен жүзеге аспаған. Керісінше, қарапайымдылығы, қисындылығы және пайғамбарларының кішіпейілділігі, әрқашан сөзінде тұратындығы, туыстар мен барлық мұсылмандарға деген мейірімділігі арқылы адамдардың көңілінен шығып, жүректерінен орын алған[17].
«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы
Әділбеков Хамзат Қажымұратұлы
[1] Хашр сүресі, 23-аят
[2] Бұхари хадистер жинағы, 2804
[3] Хадж сүресі, 39-40 аяттар
[4] Бақара сүресі 190-аят
[5] Бақара сүресі 256-аят
[6] Бақара сүресі 148-аят
[7] Али Имран 20-аят
[8] Әли Имран сүресі, 19-аят
[9] Нахл сүресі 125-аят
[10] Нұр сүресі, 61-аят
[11] Сунан Аби Дауд №5194, Бұхари, Муслим хадистер жинағында келген.
[12] Бұхари хадистер жинағында
[13] Мәида сүресі, 32-аят
[14] Фиқһу ас-Сира кітабының қазақша аудармасы, 118-бет
[15] Нахл сүресі 125-аят
[16] Әділетті төрт халифа, Жолдасов Абдолла
[17] http://zhamagat-kyzylorda.kz/kaz/content/atakti-tulgalardin-sozderi