Көпшілік халықтың арасында қолданыстағы күнтізбе бойынша ескі жылдың аяқталып, жаңа жылдың басталуына орай тойланатын Жаңа жыл мерекесіне қатысты талас-тартыстар мен түрлі пікірлер өрбуде. Тіпті, аталмыш күнге діни сипат беріп, тойлайтындар мен тойламайтындар болып бөлініп, халықты жік-жік етіп, бірлігімізге сызат түсіруде. Ел ішіндегі орын алып отырған осы жайттардан кейін қолыма қалам алып, Жаңа жылға қатысты өз ой орамдарымды қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Олай болса, біз бұл күнге ешкімнің ойына келе бермейтін пікірлермен талдама жасап көрелік.
Айналаңызға көз жүгіртсеңіз ескі жылдың аяқталар тұсында қоғамның әрбір бұрышында қарбалас тірлік күшейеді. Неге? Себебі, олар бір жыл бойы атқарған істерін қағаз бетіне түсіріп, оны жұртшылыққа паш етуге дайындалады. Тіпті, әрбір мекеме басшылары мен жоба жетекшілері қолдарына баяндамаларын ұстап, қайта-қайта сызғыштап есеп беріп жатады. Әрдайым осы құбылысқа қарасам ақырет махшарындағы ұлы есеп күніне дайындалып жүрген момынның халі есіме түседі. Иә, шындығында біздер әрбір жыл сайын осы сәт жақындағанда өтіп бара жатқан жылы мен Алланың разылығын табатындай қандай амал жасадым екен деп бұрылып қарамастан, пайдасыз талас-тартыстарға алтын уақыттарымызды сарып етіп, ғайбат пен өсекке де тізгін беріп қоятынымыз тағы бар. Өкінішті. Әлгіндей ойлармен басын қатырып жүрген бауырларыма айтарым, кішкене тоқтап, жүріп келе жатқан ізіңе назар сал! Өз нәпсіңді өзің сауалдың астына ал. Себебі, бүгін амал бар, есеп жоқ. Ал, ертең есеп бар да, амал жоқ. Сен үшін Жалғыз Жаратушы Жаббар Хақ Алла Тағаланың нығмет етіп берген 362 күнін қай жолға сарып еттің? Қанша жетімнің басын сипап, қанша көзі жасқа шыланған жанның жасын құрғатып, арқау бола алдың? Ата-анаңның ақ батасын алып, елің үшін не атқардың? Міне, біздер әрбір жыл соңында осындай сұрақтармен өзімізді өзіміз қатаң сынар болсақ, алдағы келер жылыңда не атқаратының мәлім болмақ емес пе?! Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Хашр» сүресінің 18-ші аятында:
يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَلْتَنْظُرْ نَفْسٌ مَا قَدَّمَتْ لِغَدٍ
«Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын», – деп ескертеді.
Сонымен қатар, өткен жылыңда жасай алмаған жақсылықтарыңды қағаз бетіне түсіріп, келер жаңа жылыңа жоспар жаса. Алдағы күндеріңді қандай ізгі амалдарың арқылы нұрландырғың келеді? Міне, сол ойларыңды бір жылдық күнтізбеңе кіргіз. Алла мен ақырет күніне иман келтірген мүміннің бір күні, екінші күніне ұқсамауы қажет. Адамзаттың асыл тәжі, қос дүниенің сәруары Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде ниет етілген бір жақсылыққа жүзеге асырылмаса да Алла Тағаланың бір сауап жазатыны, ал игілік іске асырылса ол он есеге артатыны туралы баян еткен болатын.
Алғы күнге жоспар құру ақыретіңді ғана емес, дүниелік істеріңнің де оңға басып, жемісті нәтижелеріңнің ілгерілеп көбеюіне зор ықпал ететіні ақиқат.
Міне, ойланған жандар үшін Жаңа жылды мереке немесе мереке емес деп бос тартысқа түскенге қарағанда жоғарыда айтып өткендей игі істермен шұғылдануға болатындығына дәлел келтірдік. Шындығында осы Жаңа жыл тақырыбы аясындағы таластар бір шаңырақ астында бейбітшілікте ұйып отырған 130-дан астам ұлт пен ұлыстың арасын ажыратып, түрлі діндерді ұстанып жүрген Алланың құлдарын жік-жік ететіні жасырын емес. Ақиқат әрі соңғы Ислам діні барша адамзатты бақытқа жетектеп, ауызбіршілікке шақыратыны мәлім. Олай болса, өз дініміздің ұстындарын берік ұстанып, өзге ұлттар мен діндердің рәсімдері мен мерекелеріне құрметпен қарауымыз қажет. Бұл өз кезегінде бір-бірімізге деген кішіпейілділік пен мейірімді арттырып, тіпті осы арқылы өзгенің Ислам шариғатының кеңдігіне қызығушылығын туғызып, маңдайын сәждеге қоюына себеп те болуы бек мүмкін. Алла Тағала қасиетті Құранның «Фурқан» сүресінің 20-шы аятында:
وَجَعَلْنَا بَعْضَكُمْ لِبَعْضٍ فِتْنَةً أَتَصْبِرُونَ وَكَانَ رَبُّكَ بَصِيراً
«Негізінде біріңді-біріңе сынау қылдық. Сабыр етесіңдер ме? Раббың әр нәрсені көруші», – деп ескертеді.
Қазақтың көк Туының астына біріккен барша қоғам мүшелерімен ымырасы жарасқан, ауызбіршілігі мықты күйде тірлік етуіміз қажет. Әрине, сонда ғана күні кеше егемендігін алған бұғанасы қатып үлгермеген Тәуелсіз еліміздің керегесі сөгілмей, тұтастығы сақталмақ. Ал, біріміз оңға, біріміз солға тартсақ, аққу, шортан һәм шаянның кейпін киюіміз әбден мүмкін емес пе?!
Мен осы сөздерім арқылы шариғатымыз міндет еткен бірлігімізді сақтасақ деген ойды алға тарттым. Егер талайдың тақымына іліккен осы тақырыптың жібін басқаша тарқатып, бұл күнге діни сипат беріп талдағанымда баршамызға пайда бермейтін шеті мен шегі көрінбес тартысқа ұласары сөзсіз еді. Сондықтан, жоғарыда айтқан ұсыныстарым әрбір адамға қажетті екені анық. Ең бастысы игі ой амалға асса нұр үстіне нұр болмақ емес пе?!
Күллі әлемді жоқтан бар еткен Алла Тағала баршаларымыздың Жаңа 2015 жылғы атқарар істерімізге берекетін жаудырып, шаңырақтарыңызға ауызбіршілік нәсіп етсін!
Нұрбек Есмағанбет
ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы