عن عمرَ قال: بَيْنَمَا نَحْنُ جُلُوسٌ عِـندَ رسـولِ اللهِ ذاتَ يومٍ إِذْ طَلَعَ علينا رَجُلٌ شَدِيدُ بياضِ الثيابِ، شَدِيدُ سوادِ الشعرِ، لا يُرَى عَلَيْهِ أَثَـرُ السَّفَرِ، ولا يَعْـرِفُهُ مِنَّا أَحـَدٌ، حتى جـَلـَسَ إلى النبيِّ فـأسند رُكْبَـتَيْهِ إلى رُكْبَـتَيْهِ ووضعَ كَفَّيْهِ على فَخِذَيْهِ، وقـال: ( يا محمَّدُ أَخْبِرْنِي عَنْ الإِسْلامِ ).
فقـالَ رَسُـولُ الله : { الإسـلامُ أن تـَشْـهَـدَ أن لاَ إلَـه إلا اللهُ وأَنَّ محـمـداً رسـولُ الله، وتـقـيـمَ الصَّلاةَ، وتـُؤْتِي الـزَّكَاةَ، وتَـصُومَ رَمَضَانَ، وتـَحـُجَّ البَيْتَ إنِ اسْـتـَطَـعْتَ إليه سَبيلاً }.
قالَ: ( صَدَقْتَ )، فَعَجِبْنَا لهُ، يَسألُهُ ويُصَدِّقُهُ؟ قالَ: ( فَأَخْبِرْنِي عنِ الإيمانِ ).
قالَ: { أنْ تُؤْمِنَ بالله ومَلَائِكَتِهِ وكُتُبِهِ ورُسُلِهِ واليَوْمِ الآخِرِ وتُؤمِنَ بالقَدَرِ خَيْرِهِ وشَرِّهِ }.
قال: ( صَدَقْتَ ). قال: ( فَأَخْبِرْنِي عَنِ الإِحْسَانِ ).
قال: { أنْ تَعْبُدَ اللهَ كأَنَّكَ تَرَاهُ، فإنْ لَمْ تَكُنْ تَرَاهُ فإِنَّهُ يَرَاَكَ }.
قال: ( فأخْبِرْنِي عنِ السَّاعةِ ).
قال: { ما المَسْؤُولُ عنها بأَعْلَمَ مِنَ السَّائِل }.
قال: ( فَأخْبِرْنِي عنْ أَمَارَاَتِها ).
قال: { أنْ تَلِدَ الأَمَةُ رَبَّتَهَا، وأن تَرَى الحُفَاةَ العُرَاةَ العَالَةَ رِعَاءَ الشَّاءِ يَتَطَاوَلُونَ في البُنْيَانِ }.
ثُمَّ انْطَلَقَ، فَلَبِثْتُ مَلِيّاً، ثمَّ قَال: { يا عُمَرُ أَتَدْري مَن السَّائِلُ ؟ }.
قُلْتُ: اللهُ ورسولُهُ أعلَمُ.
قال: { فإنَّهُ جبرِيلُ ، أتَاكُمْ يُعَلِّمُكُمْ دِينَكُمْ }.
Омар ибн әл-Хаттабтан риуаят етіледі: “Бір күні біз Алла елшісінің (с.а.у) қасында отырғанымызда аппақ киімді, қою қара шашты, бойында сапар ізі көрінбейтін және арамыздан оны ешқайсымыз танымайтын бір адам келді. Ол пайғамбарымыздың (с.а.у) тізелеріне тізелерін тиістіріп (қарсы) отырды да, екі қолын сандарына қойып: “Әй, Мұхаммед! Маған Ислам туралы хабар берші”,-деді. Алла елшісі (с.а.у): “Ислам дегеніміз-Алладан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ екеніне әрі Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік етуің, намазды толық орындауың, зекет беруің, Рамазанда ораза ұстауың және жолын шамаң келсе үйге (Қағбаға) қажылық жасауың”,-деп жауап қайтарды. (Әлгі адам): “Сен рас айттың”,-деді. Ал біз оның сұрақ қойып, кейін растағанына таңқалыстық. Сонан соң ол: “Енді маған иман жайынан хабар берші”,-деді. Алла елшісі (с.а.с): “Иман дегеніміз-Аллаға, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің”,-деді. Ол тағы да: “Сен рас айттың”-деді. Сонан соң: “Енді ихсан жайында хабар берші”,-деді. Ол кісі (с.а.с): “Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Егер сен оны көріп тұрмасаң да ол сені көріп тұр”,-деді. Әлгі адам: “Енді маған (Қиямет) сағаты жайында хабар берші”,-деді. Сонда (пайғамбар с.а.с): “Сұралушы сұраушыдан артық білмейді ол жайын”,-деді. Әлгі адам: “Онда маған оның белгілерінен хабар берші”,-деп еді, ол кісі: “Күң өзінің ханшайымын туады және жалаңаяқ-жалаңбас қой соңындағы кедейлер биік үйлер салуда жарысатынын көресің”,-деді. Содан соң әлгі адам кетіп қалды. Мен біраз уақыт өткіздім. Сосын ол кісі маған: “Әй, Омар, сұраушының кім екенін білемісің”?-деді. Мен: “Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі”,-деп едім, ол кісі: “Ақиқатында, бұл-Жәбірейіл. Ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келді”,-деді.
Хадистегі сөздердің мағынасы
Біз отырған кезде | بَيْنَمَا نَحْنُ جُلُوسٌ | айтты | قال | Омардан | عن عمرَ |
Бізге беттеді | إِذْ طَلَعَ علينا | Бір күні | ذاتَ يومٍ | Пайғамба-рымыздың жанында | عِـندَ رسـولِ اللهِ |
Қап қара шашты | شَدِيدُ سوادِ الشعرِ | Аппақ киімді | شَدِيدُ بياضِ الثيابِ | адам | رَجُلٌ |
Сапардың белгісі | أَثَـرُ السَّفَرِ | одан | عَلَيْهِ | көрінбейді | لا يُرَى |
ешкім | أَحـَدٌ | бізден | مِنَّا | Және оны білмейді | ولا يَعْـرِفُهُ |
Пайғамбары-мыздың тізесімен | إلى رُكْبَـتَيْهِ | тізелерін тиістіріп (қарсы) отырды | فـأسند رُكْبَـتَيْهِ | Пайғамбадың қасына барып отырды | حتى جـَلـَسَ إلى النبيِّ |
Ей Мухаммед | يا محمَّدُ | Пайғамбары-мыздың санына | على فَخِذَيْهِ | Екі алақанын қойды | ووضعَ كَفَّيْهِ |
Алладан басқа тәңір жоқ | أن لاَ إلَـه إلا اللهُ | Куәлік ету | أن تـَشْـهَـدَ | Ислам жайлы хабар бер | أَخْبِرْنِي عَنْ الإِسْلامِ |
Зекет беру | وتـُؤْتِي الـزَّكَاةَ | Намаз оқу | وتـقـيـمَ الصَّلاةَ | Мухаммед Алланың елшісі екеніне | وأَنَّ محـمـداً رسـولُ الله |
Егер оның жолына шамасы келсе | إنِ اسْـتـَطَـعْتَ إليه سَبيلاً | Қажылыққа бару | وتـَحـُجَّ البَيْتَ | Ораза ұстау | وتَـصُومَ رَمَضَانَ |
сұрайды | يَسألُهُ | Оған таң қалдық | فَعَجِبْنَا لهُ | Шын айттың | صَدَقْتَ |
Аллаға иман келтіру | أنْ تُؤْمِنَ بالله | Иман жайлы хабар бер | فَأَخْبِرْنِي عنِ الإيمانِ | растайды | ويُصَدِّقُهُ |
Пайғамбар-ларына | ورُسُلِهِ | кітаптарына | وكُتُبِهِ | періштелеріне | ومَلَائِكَتِهِ |
Жақсылық пен жамандыққа | خَيْرِهِ وشَرِّهِ | тағдырға | بالقَدَرِ | Ақырет күніне | واليَوْمِ الآخِرِ |
Көріп тұрғаныңдай | كأَنَّكَ تَرَاهُ | Аллаға құлшылық қылу | أنْ تَعْبُدَ اللهَ | Ихсан жайлы хабар бер | فَأَخْبِرْنِي عَنِ الإِحْسَانِ |
Қиямет жайында хабар бер | فأخْبِرْنِي عنِ السَّاعةِ | Ол сені көріп тұр | فإِنَّهُ يَرَاَكَ | Сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұр | فإنْ لَمْ تَكُنْ تَرَاهُ |
Сұраушыдан білімдірек | بأَعْلَمَ مِنَ السَّائِل | Ол жайында | عنها | Сұралушы (емес ما) | ما المَسْؤُولُ |
қожайынын | رَبَّتَهَا | Күң туады | أنْ تَلِدَ الأَمَةُ | Оның белгілері жайында хабар бер | فَأخْبِرْنِي عنْ أَمَارَاَتِها |
қойшыларды | رِعَاءَ الشَّاءِ | Жалаңаяқ, жалаңаш, кедей | الحُفَاةَ العُرَاةَ العَالَةَ | көресің | وأن تَرَى |
Біраз уақыт өтті | فَلَبِثْتُ مَلِيّاً | Сосын кетті | ثُمَّ انْطَلَقَ | Биік үй салып жарысу | يَتَطَاوَلُونَ في البُنْيَانِ |
Ол Жебрейіл | فإنَّهُ جبرِيلُ | Сұрақ қойған адамның кім екенін білесің бе? | أَتَدْري مَن السَّائِلُ | Ей Омар | يا عُمَرُ |
жіндеріңді | دِينَكُمْ | Үйрету үшін | يُعَلِّمُكُمْ | Сендерге келді | أتَاكُمْ |
Бұл хадис Муслим хадистер жинағында келесі тізбектермен жеткен: Каһмас, Абдолла ибн Бурайда, Яхия ибн Яғмур. Ибн Хиббанның хадистер жинағында басқа жолдар арқылы келген. Бұған мағыналас хадистер Бұхари хадистер жинағында, Имам Ахмадтың муснадында бар.
Хадисте ислам, иман, ихсан мәселелері қамтылған. Сол секілді қияметтің кіші белгілері турасында баян етіледі.
Ислам ол көп жағдайда адамның сыртқы дене мүшелерімен жасалатын құлшылық амалдар болса, иман ол адамның ішкі дүниесіндегі исламнан біткен жемісі. Иманның да, исламның да тоғысатын тұстары көп. Исламның, адамның сыртқы құлшылықтарына қатысты айтылатынына мына хадистер дәлел:
الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ
«Мұсылман басқа бір мұсылманға, тілімен, қолымен зиян келтірмеген»[1]
Басқа бір хадисте:
عن عبدالله بن عمرو رضي الله عنهما أن رجلًا سأل النبي صلى الله عليه وسلم أي الإسلام خير قال أن تطعم الطعام وتقرأ السلام على من عرفت ومن لم تعرف
Абдолла ибн Амру (Алла одан разы болсын) жеткен хадис бойынша пайғамбарымыздан (с.а.у) бір адам: «Қандай ислам қайырлы» деп, сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у) басқаны тамақтандыруың, танитын және танымайтын адамға сәлем жаю» деп жауап берді.[2]
Иман турасында пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде:
عن أبي هريرة رضي الله عنه عن النبي صلى الله عليه وسلم قال الإيمان بضع وسبعون أو بضع وستون شعبه فأفضلها قول لا إله إلا الله وأدناها إماطة الأذى عن الطريق والحياء شعبة من الإيمان ولفظه لمسلم
Абу Һурайрадан жеткен хадис бойынша пайғамбарымыз (с.а.у) айтты: Иман ол жетпіске тарта тармақтан құралған ең абзалы «Лә иләһә илла Алла» сөзі болса, ең төменгісі жолдан кедергі болып тұрған нәрсені алып тастау және ұят ол иманның бір тармағы.[3]
Басқа бір хадисте:
عن أبي هريرة رضي الله عنه عن النبي صلى الله عليه وسلم قال لا يزني الزاني حين يزني وهو مؤمن ولا يشرب الخمر حين يشربها وهو مؤمن ولا يسرق السارق حين يسرق وهو مؤمن
Әбу Һурайрадан жеткен хадис бойынша пайғамбарымыз (с.а.у) айтты: (Зинақор зина жасау сәтінде, араққұмар арақ ішкен кезінде, ұры ұрлық жасап жатқан сәтінде мүмин болмайды»[4].
Иман, ислам сөздері көп жағдайда сабақтас мағынада келеді. Атақты ғалым Хаттаби өзінің «Мағалим сунан» кітабында имам мен ислам ұғымдарының кей уақыттарда бірінің орнын бірі басатынын айтқан. Пайғамбарымыздың (с.а.у) Амру ибн Ғанбасадан жеткен хадисінде: Пайғамбарымызға (с.а.у) бір адам келіп, «ислам деген не» деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у) : «Жүрегіңді Аллаға тапсыру және басқа мұсылмандарға тіліңмен қолыңмен зиян келтірмеу», деді. Ал исламның ішінде не қайырлы деді. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Иман» деді. Анау адам: «Иман деген не» деді. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ол Аллаға, оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, өлімнен кейін қайтіп тірілуге иман келтіру»деді. Одан кейін: «Амалдардың қайсы абзал» деді. Ол (с.а.у): «Хижрет (мекен ауыстыру) ету», деді. Және: «Хижрет дегеніміз не»?, деді. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жаманшылықтан қашықтау» деп жауап берді. Ең соңында: «Хижреттің ішінде қайсы жақсы», деді. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жиһад» деді[5].
Бұл мәселеде көріп отырғанымыздай кейбір ғалымдар соның ішінде Суфян Саури бұл екі ұғымның бір екенін бекітіп кеткен. Енді бір ғалымдар Ибн Сирин, Ахмад ибн Ханбал иман мен исламның арасында айырмашылық бар екеніне тоқталады. Бұған дәлел пайғамбарымыз (с.а.у) мәйітке намаз оқығанда былай деп айтқан:
اللهم من أحييته منا فأحيه على الإسلام ومن توفيته منا فتوفه على الإيمان
Аллаһым кімді тірілтсең исламда тірілт, ал кімнің жанын алсаң иманды күйде ал.[6]
Өйткені мына денеміздің амалдары тірі кезімізде атқарылады, өлген кезімізде тек жүрекпен иман келтіргеніміз ғана қалады. Осыған орай ғалымдар: «барлық мүмін мұсылман бірақ барлық мұсылмандар мүмін емес», деген. Иман егер адамның жүрегінде бекіген болса, ол құлшылыққа міндетті түрде апарады. Қазіргі кездегі кейбір бауырларымыздың жүрегім таза, ешкімнің ала жібін аттамаймын, намазымызды кейін оқимын дейтін уәждары бекершілік, өйткені олар айтқандай жүректері таза болатын болса, ол таза жүрек адамды құлшылыққа итермелер еді.
قال صلى الله عليه وسلم ألا وإن في الجسد مضغة إذا صلحت صلح الجسد كله وإذا فسدت فسد الجسد كله ألا وهي القلب
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар. Ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады, ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Шын мәнінде, ол – жүрек»[7],– деген.
Бүкіл мұсылман мүмін емес дегені иманның әлсіздігіне мысал. Бұл турасында Алла тағала Құран кәрімде былай деген:
قَالَتِ الأَعْرَابُ آمَنَّا قُل لَّمْ تُؤْمِنُوا وَلَكِن قُولُوا أَسْلَمْنَا
Бәдәуилер: «Иман келтірдік» деді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: «Мұсылман болдық» деңдер. [8]
Бұл аятта келген бедуиндер Ибн Аббастың пікірі бойынша, мұнафиқтардан болмаған, иманы әлсіз құлдардан болған, аяттың жалғасы бұған дәлел.
وَإِن تُطِيعُوا اللَّهَ وَرَسُولَهُ لا يَلِتْكُم مِّنْ أَعْمَالِكُمْ شَيْئًا
Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан еш нәрсе кемітпейді. Шүбәсыз Алла, аса жарылқаушы, тым мейірімді» [9]де.
Яғни амалдары кемімейді дегені, олардың мұнафиқтардан емес екеніне дәлел.
Исламның бірінші шарты – шәһадат айту.
Шаһада (араб.: شهادة) — Исламда иман келтіру. Бұл Исламның бес парыздарының бірі болып, ал шаһаданы мойындайтын адам мұсылман болып саналады.
Шаһада сөзі: «Ла иллаһа ил аллаһ, Мұхаммад расулулла», (араб.: لا إله إلا الله محمد رسول الله) немесе «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі». Мұсылмандар Алланың бар екеніне сеніп, оның жалғыздығын мойындайды. Одан басқа құдай жоқ және оның серіктері жоқ деп мойындайды. Мұхаммед пайғамбар — оның соңғы пайғамбары деп санайды.
Исламның екінші шарты – намаз[10].
Ислам дінінің бес тірегінің бірі – намаз. Мұсылманның намаз барысында әрбір дене мүшесі тағат құлшылықта болады. Бұл тағаттылықты намаздан тыс кезінде жалғастыруды көздейді. Ол сөйлеу барысында, мінезінде, адамдармен араласуында тамақ ішуінде өмірінің барлық жағдайында осы тағаттылықтан шықпауға тырысады. Намаз мұсылман адамның қараңғы қапас нәпсісін жарық қылушы нұр іспеттес. Шын мәнінде намаз адам баласын жаманшылықтан, күнә атаулыдан тыйяды. Алла тағала Құран кәрімде:
وَأَقِمِ الصَّلَاةَ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا تَصْنَعُونَ
Намазды орында, күдіксіз намаз арсыздықтан, жаманшылықтан тыйяды, Әрине Алланы еске алу аса ірі нәрсе, сондай–ақ Алла не жасырғаныңды біледі.[11]
Намаз оқу адамды күнә жасаудан қашықтатады. Пенденің жүрегі тыныш тауып, көкірегі ашылып, өмірге деген құлшынысы артады.
Намаздың мәртебесі:
1-Адамның жәннәтқа кіруіне себеп болады
عَنْ رَبِيعَة بْن كَعْبٍ الأسْلَمِيّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قالَ: كُنْتُ أبِيتُ مَعَ رَسُولِ، فَأتَيْتُهُ بِوَضُوئِهِ وَحَاجَتِهِ. فَقَالَ لِي: «سَلْ». فَقُلْتُ: أسْألُكَ مُرَافَقَتَكَ فِي الجَنَّةِ. قال: «أوْ غَيْرَ ذَلِكَ؟». قُلْتُ: هُوَ ذَاكَ. قال: «فَأعِنِّي عَلَى نَفْسِكَ بِكَثْرَةِ السُّجُودِ». أخرجه مسلم.
Хазіреті пайғамбарымыздың қызметшісі Рабиға бин Кағбтан: «әр түні Алла Елшісімен (с.ғ.с.) бірге тұрып, ол кісінің дәрет суын дайындап, барлық істерін мұқият орындайтынмын.
Бір күні Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз оған:
-Менен не қалайсың? – деді. Ол кісі барлық мұсылмандардың ортақ тілегі болған мына сөзді айтты:
-Иә, Алланың Елшісі! Жәннатта сізбен бірге болуды қалаймын.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған:
-Басқа қалайтын еш нәрсең жоқ па? – деп сұрады.
-Жоқ. Тек қана сізбен бірге жәннатта болуды қалаймын, – деп нақ жауабын қайырды.
Сонда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) қызметшісіне:
– Олай болса, көп-көп сәжде етіп, өз есебіңе берік болу арқылы маған жәрдемші бол!, – деді.[12]
2- Намаз құлшылықтардың ішінде ең ұлығы
عَنْ أبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صلى الله عليه وسلم قالَ: «قال اللهُ تَعَالَى: قَسَمْتُ الصَّلاةَ بَيْنِي وَبَيْنَ عَبْدِي نِصْفَيْنِ، وَلِعَبْدِي مَا سَألَ. فَإِذَا قال العَبْدُ: {الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ (2)} قالَ اللهُ تَعَالَى: حَمِدَنِي عَبْدِي، وَإِذَا قال: {الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ (3)} قال اللهُ تَعَالَى: أثْنَى عَلَيَّ عَبْدِي. وَإِذَا قال: {مَالِكِ يَوْمِ الدِّينِ (4)}… قال مَجَّدَنِي عَبْدِي. (وَقَالَ مَرَّةً: فَوَّضَ إِلَيَّ عَبْدِي) فَإِذَا قال: {إِيَّاكَ نَعْبُدُ وَإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ (5)} قال: هَذَا بَيْنِي وَبَيْنَ عَبْدِي وَلِعَبْدِي مَا سَألَ. فَإِذَا قال: {اهْدِنَا الصِّرَاطَ الْمُسْتَقِيمَ (6) صِرَاطَ الَّذِينَ أَنْعَمْتَ عَلَيْهِمْ غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ (7)} قال: هَذَا لِعَبْدِي وَلِعَبْدِي مَا سَألَ». أخرجه مسلم.
Алла елшісі (с.а.у) былай айтқан: «Ұлы Алла Тағала айтты: «Мен намазды құлым мен Өзімнің арамда қаққа бөлдім, және құлыма оның сұрағаны беріледі. Егер құл: «Мақтау бүкіл әлемнің Раббына…» («Фатиха»,2), десе – Алла: «Құлым Маған мақтау айтты», дейді. Және құл: «Қамқор, Мейірімді» («Фатиха»,3), десе – «Құлым мені мадақтады», дейді. Және ол: «Қиямет күнінің Иесіне» («Фатиха»,4) – Алла: «Құлым Мені жоғары көтеріп мақтады», дейді. Және ол: «Саған ғана құлшылық етеміз және Сенен ғана жәрдем сұраймыз», («Фатиха»,5) десе – Алла: «Бұл Менің құлым мен Менің арамда (қаққа бөлінеді), және Менің құлыма сұрағаны беріледі», дейді. Егер және де ол:«Бізді тура жолға сала көр! Нығметке бөленгендіргендеріңнің жолына, Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес» («Фатиха»,6-7), десе – Алла: «Бұл – Менің құлыма, және Менің құлымның сұрағаны болады», дейді.[13]
3- Намаздың исламдағы орны:
Бес уақыт намаз шаһадат айтқаннан кейінгі негізгі құлшылық. Намаздың ұлықтығының бірден-бір мысалы – Алла тағаланың Исра түні пайғамбарымызға (с.а.у) және үмметіне тікелей парыз қылуында, өйткені Алла тарапынан келген әмірлер Жебрейіл періште арқылы жеткізілетін. Бес уақыт намаз әрбір мұсылман еркекке және мұсылман әйелген сапарда, үйде, ауру халде сау болсын, аманшылық жағдайда, қауіп-қатерде өмірдің барлық жағдайында парыз етілді. Әуелбаста намаздың бір күнде елу мәрте болуы оның ерекше маңыздылығын аңғартады. Қияметте құлдың ең алғаш сұралатыны да осы намаз.
4- Намаз дене мен рухтың құлшылығы
Намаздағы денемен жасалатын құлшылық ол: қиям, рукуғ, сәжде, қираат.
Рухпен жасалатын құлшылық: Алланың азабынан қорқу, Оған мадақ айту, Одан сұрау, Оны ұлықтау, пайғамбарымызға (с.а.у) салауат айту.
Құлшылық ләззаты:
Адам баласының бұл өмірде аңсаған арманы нәпсісі қалаған заттарға жеткенша адам дамылсыз сол жолда барын салады. Бірақ өкінішке орай сол мақсатқа жеткеннен кейін көп ұзамай адам одан да біртіндеп жалығады. Адамның жүрегі тек иман келтіріп, намаз оқумен ғана жай табады. Оның үш ләззәті бар: Оны толық орындаушылардан болсаң, орындағаннан кейін, сауабын көрген кезде.
Намаздың бес мәрте қайталануындағы хикмет:
Ас дене азығы секілді, намаз жүрек азығы. Адам азықтанғаннан кейін дене белсенділігі жеміс берсе, рухани азықтанған адамның иманы жеміс береді. Адам дене азығын бір сәт үзе алмағаны секілді рухани азығын да бір сәт үзе алмайды. Дүние қызығы, жердегі адамдардан болған сыбырлаушы азғырушылар егер адам Алламен байланысын үзсе, лезде оны өз ырқына көндіруі мүмкін. Намаздың бір күнде бес уақытқа бөлінуіндегі сыры осында. Алла тағала Құран кәрімде :
الَّذِينَ آمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُم بِذِكْرِ اللَّهِ ۗ أَلَا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ
Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады.[14]
Исламның үшінші шарты – Зекет және оның қоғамдағы маңыздылығы
Зекет мұсылмандарға һижра жыл санауының екінші жылында оразадан бұрын парыз болған. Араб тіліндегі зекет «зәкә» сөзінің негізгі түпкілікті мағыналары өсу, тазару, берекет деген сөздерден құралған. Зекеттің шариғаттағы терминдік мағынасы: «Нисап (зекетті парыз ететін байлықтың мөлшері) байлыққа ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Аллаһ Тағаланың ризалығы үшін шариғатта белгіленген адамдарға беруі»
Алла Тағала Құран кәрімде:
(خذ من أموالكم صدقة تطهرهم و تزكيهم بها)
«Оларды (күнәлардан) тазартып, (сауаптарын) көбейту үшін олардың мал-мүліктерінен садақа (зекет)ал»
Пайғамбарымыздың хадисінде:
(حصنوا أموالكم بالزكاة، و داووا مرضاكم بالصدقة)
(Зекетпен мал-мүліктеріңе қорғаңдар, садақамен ауруларыңды емдеңдер)[15]
Құран Кәрімнің көптеген жерінде намаз бен зекет құлшылықтары бір-бірімен қатар жүріп отырады:
(وأقيموا الصلاة و آتوا الزكاة)
«Намазды (шарттарына сай етіп) оқыңдар, зекетті (толық) беріңдер»[16]
Басқа бір аятта:
(و ما أمروا إلا ليعبدوا الله مخلصين له الدين حنفاء و يقيموا الصلاة و يؤتوا الزكاة و ذلك دين القيمة)
«Оларға (яғни Кітап иелеріне) да мінсіз әрі саф сенімді ұстана отырып, шынайы ықыласпен тек қана Аллаһқа құлшылық ету, намазды шарттарына сай етіп толық оқу, зекетті толық беру бұйырылған. Міне осы нағыз дін» [17]
Зекетін беріп, намазын оқыған адамдарға Алла Тағала да қиямет күні шексіз нығметтер нәсіп етеді. Керісінше Алланың берген нығметтерін тиісінше жұмсауға сараңдық танытып қарсы келгендер жайында Құран кәрімде :
(و لا يحسبن الذين يبخلون بما ءاتاهم الله من فضله هو خيرًا لهم بل هو شر لهم سيطوقون ما بخلوا به يوم القيامة و لله ميراث السموات و الأرض و الله بما تعملون خبير)
«Аллаһтың кеңшілігінен өздеріне берген нәрселеріне сараңдық істегендер, олардың сараңдық қылған нәрселері, қиямет күні өздерінің мойындарына оралады. Сондай-ақ көктер мен жердің мирасы Аллаһтікі. Әрі олардың не істегендерін толық білуші»[18]
Зекеттің адам өміріндегі маңыздылығы шексіз. Оны діни, қоғамдық, жеке тұлғалық маңыздықтар деп бөлуге болады.
Діни тұрғыда:
1- Ислам негіздерінің бірі болып саналатын зекет құлшылығын орындау мұсылманды екі дүниеде де бахытқа жетелейді.
2- Барлық құлшылықтарға тән зекет те, адамды Раббысына жақындатып, иманын күшейтеді.
3- Бұны орындаушы құлға Аллаһ Тағала орасан зор сыйлықтарды нәсіп етеді: «Сендердің, адамдардың малына берген өсімдердің Алланың қасында өспейді де, Алланың ризалығын тілеп берген зекеттерің өседі. Ал сонда міне солар; артықша сауапқа бөленушілер»[19]
4- Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисіне сәйкес зекет беру арқылы, Алла Тағала өз құлының күнәларын кешіреді: (Судың отты өшіргені секілді, садақа (зекет) да күнәларды өшіреді.
Жеке тұлғаға берері:
1- Зекет берушінің бойында жомарттылық, мейірімділік сипаттарын қалыптастырады.
2- Адамдар алдында мерейін өсіреді.
3- Зекет беру арқылы, адам барлық нығметтің тек Аллаһтан ғана екенін сезіп, түйсігіне жетеді. Бай адам өзінің байлығынан, кедейлердің де үлесі бар екенін түсінеді.
Қоғамдағы маңыздылығы:
1- Қоғамның бір бөлігі болған пақырлардың қажеттіліктерін өтеу, осылайша олардың санын азайту.
2- Байлар мен кедейлердің арасында зекет берілу арқылы, өзара түсіністік көпірі орнайды. Кедейлер өз кезегінде байлардың мүлкіне сұқтанбайды. Керісінше егер бай адам сараң, зекет бермесе, оның жаулары да көп болады.
3- Зекет беруші адамның бұл құлшылықты орындау арқылы өз мал-мүлкіне қауіптенуі азаяды, тіпті кедейлердің өзі аталмыш байдың мүлкінің ұры-қарының қолында құрдымға кетуіне жол бермейді, оның өсіп дамуына өз септіктерін тигізеді.
4- Әлеуметтік тепе-теңдікке бір қадам болсын жақындайды. Омар ибн ал Хаттабтың кезінде халифтықтың өркендеп тұрған шағында зекет беретін кедейлер табылмағандай жағдайға жеткен.
Әр зекет беруші адамның түйсігіндегі болуы керек нәрсе – осы жолда жұмсалған байлығының бір бөлігі қиямет күні еселеніп, қайтатынына толық сену. Өйткені ол сансыз нығметтердің барлығы Аллаһқа тиесілі, осылайша ол қиямет күні, жаны рахатта болып, шексіз нығметтерге бөленеді. Фәнилік өмірде қоғам алдында бауырмалшылық, мейірімділікке бөленіп, рухани тыныштыққа ие болады.
Исламның төртінші шарты – ораза және оның ішкі сырлары
Ораза – адам үшін рухани дауа іспетті. Адам ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, қартаймай тұрып жастықтың қадірін түсінбегендей ораза ұстамайынша Алланың беріп жатқан сансыз нығметтерінің қадірін жете түсінбейді. Ораза арқылы адам рухани өсіп, тақуалығы арта түседі, Жаратқанның бұйырған әмірлеріне бас июді үйренеді. Басқа құлшылықтарға намаз, зекет, қажылықта рия араласуы мүмкін болса оразада адам олай жасай алмайды, ол тек шынайы Алла үшін ғана болады. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде ораза ұстаудың сауабы жайында:
إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسَابٍ
«Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады деп айт»[20], деген.
Алла тағала өзінің құдси хадисінде былай дейді:
كُلُّ حَسَنَةٍ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا إِلَى سَبْعِ مِائَةِ ضِعْفٍ، وَالصَّوْمُ لِي، وَأَنَا أَجْزِي بِه
«Әрбір жақсылыққа 10 еседен 700 есеге дейін сауап беріледі. Бірақ, ораза маған тән ғибадат, оның сияпатын мен беремін»[21].
Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбәрак хадисінде:
إِنَّ فِي الْجَنَّةِ بَابًا يُقَالُ لَهُ الرَّيَّانُ يَدْخُلُ مِنْهُ الصَّائِمُونَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ لَا يَدْخُلُ مِنْهُ أَحَدٌ غَيْرُهُمْ يُقَالُ أَيْنَ الصَّائِمُونَ فَيَقُومُونَ لَا يَدْخُلُ مِنْهُ أَحَدٌ غَيْرُهُمْ فَإِذَا دَخَلُوا أُغْلِقَ فَلَمْ يَدْخُلْ مِنْهُ أَحَدٌ
«Шынында, Жәннатта «Райян» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза тұтушылар ғана кіреді және олардан басқа ол қақпадан ешкім кірмейді. «Ораза тұтушылар қайда?» — деп айтылады, сонда олар алдыға шығады және олардан басқа ол қақпадан ешкім өтпейді. Олар кіргеннен соң, ол қақпа жабылады да, одан басқа ешкім кірмейді»[22].
Дегенмен, ораза ұстаушы адамның оразаны қалай ұстағанына байланысты деңгейлері үш түрлі болады. Бірінші деңгейдегі адамдар таңның атысы күннің батысы тек ішіп-жеумен, төсек қатынасынан тыйылумен шектелсе, екінші деңгейдегі адамдар дене мүшелерімен жасайтын күнәлардан шектеледі: олар өсек-өтірік тыңдамайды, харам нәрселерге қарамайды, ешкімді балағаттамайды, қолымен тек Алланың бұйырған несібесін теріп, аяғымен тек бұйырған жеріне барады. Үшінші деңгейдегі адамдар ол жүрегімен ораза ұстайтын адамдар, мұндай адамдар дүниелік ойлардан арылған барлық құлшылығын тек бір Алланың разылығына арнаған жандар. Ондай адамдар қиямет күні пайғамбарлармен, сыншылдармен, Алланың жақын пенделердің қатарында болады.
Осы деңгейлерді жеке-жеке саралайтын болсақ, бірінші деңгейдегі адамдарға Алла тағала олардың ниеттеріне байланысты еселерін береді. Аллаһ елшісінің (с.а.у): “Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі[23]», деген хадисі бар. Демек, кімде-кім бір мақсатта ораза ұстаса, Алла тағала сол ниетіне қарай мақсатына жеткізеді. Бұндай мақсатты ұстаған адамдар Алланың сауабына кенелмейді, өйткені оның ниеті Алланың разылығы болмады. Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде:
من لم يدع قول الزور والعمل به فليس لله حاجة في أن يدع طعامه وشرابه
«Кімде-кім ораза кезінде жалған сөйлеуін доғармаса, Алла тағалаға оның тамақтан, сусыннан тыйылғанының қажеті жоқ».[24]
Екінші деңгейіне келер болсақ, олар сыртқы дене мүшелерін харамнан тыйғандар. Алла тағала Құранда:
وَاللَّهُ أَخْرَجَكُم مِّن بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ لَا تَعْلَمُونَ شَيْئًا وَجَعَلَ لَكُمُ السَّمْعَ وَالْأَبْصَارَ وَالْأَفْئِدَةَ ۙ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ
«Алла тағала сендерді аналарыңның ішінен еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине шүкірлік етерсіңдер!»[25] деген. Енді оларға жеке-жеке тоқталар болсақ:
1- Көз. Адам баласы көзінің көру қабілеті жақсы кезінде көбінесе бұл өзіне берілген ұлы сыйдың қадірі туралы ойланып та жатпайды. Көру қабілетінің арқасында адам әлемді көріп, нәпақасын тауып, білім алады. Бірақ, көбіне бұл сыйды басқа бір нәрселерге, тыйым салынған істерге, нәпсіқұмарлыққа пайдаланады. Ораза ұстаушылардың бұл деңгейі жанарларын ораза кезінде харам суреттерден, арсыз кинолардан, біреудің харам жеріне көз салудан сақтанғандар. Алла тағала Құран кәрімде:
قُلْ لِلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ ۚ ذَٰلِكَ أَزْكَىٰ لَهُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا يَصْنَعُونَ
«(Мұхаммед Ғ.С.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы[26]» деп айтты. Бұл Құран аятының мағынаса туыстық қатынасы жоқ бөгде әйел мен бөгде еркек бір бөлмеде жеке қалуға шарғатта тыйым салынған, сол секілді әурет жерлеріне де қарауға болмайды.
2- Тіл. Алла тағаланың адам баласына берген шексіз сыйының бірі – cөйлеу қабілеті, яғни тіл. Тіл – адам көкейіндегісін, ой тұнығында жатқан сезімдерін жеткізуші құралы. Оны ұштай білген адам, еркіне бағындыра алған адам асқақ мұратына жетеді. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Жаңды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз», «Жақсы сөз жан азығы», «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» – деген сияқты мақалдар сөздің бұзушы және түзеуші зор күші екенін, сөйлей білудің орасан зор маңызын танытады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: «Адам Алла разы болатын бір сөзді әншейін айта салады да, сол себепті Алла оның дәрежесін көтереді. Ал, басқа бір адам Алла разы болмаған (кәріне ұшырататын) бір сөзді айта салады да, сол себепті Алла оны тозақтың түбіне лақтырады»[27] деген. Адамның тілімен жасайтын күнәларының басым бөлігі мыналар: ғайбат, өсек айту, келемеждеу, жағымпаздық, өтірік айту т.б… Сол себепті ораза кезінде мұсылман тіліне қақпақ қою керек.
3- Есту. Ораза кезінде мұсылман құл барлық Алланың бұйырмаған естілуі харам болған өсек, өтіріктен бойын аулақ ұстауы ләзім. Алла тағала Құран кәрімде :
سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ
«Олар, өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер»[28] деп айтқан.
4– Қалған дене мүшелері. Аяғы тек қайырлы нәрселерге ғана бастауы тиіс, арақ, шарап, ойын-сауық сияқты күмәнді жерлердің барлығынан аулақ болады. Қолы болса, тек халәл ризықты ғана тереді, харам ризықпен тамақтанбайды, оны кәдеге жаратпайды. Сол секілді ауыз ашар уақытында да шамасынан тыс ысырапқа беріліп жемейді. Өйткені тоқшылық адамды неше түрлі ауруларға апарады, оның тарауық оқып, ғибадат жасауына кедергі болады.
Исламның бесінші парызы – қажылық және оның хикметтері
Қажылық Алла тағаланың басқа үмметтерден ерекшелеген құлшылықтардың бірі. Алла тағала Құран кәрімде:
إِنَّ أَوَّلَ بَيْتٍ وُضِعَ لِلنَّاسِ لَلَّذِي بِبَكَّةَ مُبَارَكًا وَهُدًى لِّلْعَالَمِينَ ﴿٩٦﴾ فِيهِ آيَاتٌ بَيِّنَاتٌ مَّقَامُ إِبْرَاهِيمَ ۖ وَمَن دَخَلَهُ كَانَ آمِنًا ۗ وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا ۚ وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ
Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол.(97) Онда ашық белгілер, Ыбырайым (Ғ.С.) ның орны бар. Сондай-ақ кім оған кірсе, аман болады. Оның жолына шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зират ету (хаж қылу) керек. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай.[29]
Қажылық жасау – Исламның басты тіректерінің бірі, шамасы келген кісі Алланың үйіне қажылық жасамайынша кәміл мұсылман бола алмайды. Бірақ мұсылманға өмірінде бір рет қана қажылық жасау парыз, бұл да болса – Алла Тағаланың кеңшілігі. Пайғамбарымыздың мүбарак хадисінде:
وعن أبي هريرة رضي الله تعالى عنه عن النبي صلى الله عليه وسلم أنه قال » من حج فلم يرفث ولم يفسق رجع من ذنوبه كيوم ولدته أمه».
«Кімде-кім Алланың үйіне қажылық ғибадатын орындап, онда ешбір күнә немесе жат қылық жасамаса, ол пенде еліне қайтқанда анасынан туылғандай күнәдан пәк болады»[30]
- Ислам дінінің алғашқы дәні егілген қасиетті жерлерде болу, пайғамбарымыздың (с.а.у) жүрген жерімен жүру адамның рухани дамып өрлеуіне үлкен серпін береді. 2. Қажылық кезінде мұсылмандардың әр құрлықтан ағылып келуі адамнның иманын, оның дінге деген сүйіспеншілігін бір көтеріп тастайды. Дүниенің әр бұрышынан келген әр түрлі ұлттың өкілі бір сәтте бір ихрам киген күйде теңесіп, бір сапта құлшылық қылады.
3. Қажылық – мұсылман арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Қажылық кезінде, бай-кедей, білімді-білімсіз, ұстаз-шәкірт, шен-шекпен жағынан кім болса о болсын барлық дүниелік атақ-лауазымдарын бір жаққа ысырып қояды. Бұл сәт адамға еріксіз мақшар күнін елестетеді. Алла Тағала: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата, Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Шындығында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Күмәнсіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы»[31], – деп бұйырады. Яғни, сендерді ұлттар мен ұлыстарға, қауымдар мен тайпаларға бөлуімнің астары бір-бірлеріңді тануда жатыр.
4. Қажылық парыз орындау арқылы адам сабырлыққа, шыдамдылыққа үйренеді Қажылық сапары барысында ешбір қайтарымсыз мал жұмсау, Алла үшін не нәрсені болса да шығындау парасаты өседі.
Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ
«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы
[1] Бұхари хадистер жинағы, № 10
[2] Бұхари, Муслим хадистер жинағы
[3] Бұхари, Муслим хадистер жинағы
[4] Бұхари, Муслим хадистер жинағы
[5] Имам Ахмад хадистер жинағы
[6] Байһақи хадистер жинағы
[7] Бұхари хадистер жинағы
[8] Хужурат сүресі, 14-аят
[9] Хужурат сүресі, 14-аят
[10] Намазға байланысты үкімдер 3-хадисте баян етіледі
[11] Ғанкабут сүресі, 45-аят.
[12] Муслим хадистер жинағы
[13] Муслим хадистер жинағы
[14] Рағд сүресі 28-аят
[15] Табрани хадистер жинағы
[16] Бақара сүресі, 43-аят
[17] Баиина сүресі, 5-аят
[18] Ал Имран сүресі, 180-аят
[19] Рум сүресі, 39-аят
[20] Зумар сүресі, 10-аят
[21] Бұхари хадис жинағында келген
[22] Бухари , Муслим хадистер жинағында
[23] Муслим хадистер жинағынан
[24] Бухари хадистер жинағы
[25] Нахл сүресі 78-аят
[26] Нұр сүресі, 30-аят.
[27] Бұхари хадистер жинағынан
[28] Майда сүресі 42-аят
[29] Әл-Имран сүресі 96-97 аяттар
[30] Бұхари, Муслим хадистер жинағында
[31] Хужурат сүресі 13-аят