Дұға әдебі

Қазіргі уақытта ислам үмбеті ілімдік, мәдени, техникалық және т.б. салада дамуға, жоғары дәрежеге көтерілуі қажетті. Алайда, осылардың бәрінен де бұрын имани тұрғыдан кемелденуге мұқтаж. Ал рухани кемелдікке жеткізетін негізгі іс-әрекеттер Аллаға шынайы құлшылық қылып, өзіміздің Оған деген мұқаждығымызды сезіне білу және қиындықта да, жаймашуақ, молшылық уақыттарда да Алладан ықыласпен дұға тілеу болып табылады. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде «Ғафир» сүресінің 60-аятында «Раббыларың: «Менен дұға тілеңдер, Мен сендерге жауап беремін. Маған құлшылық жасауда тәкаппарлық қылғандар қор болып жәһаннамға кіреді«,- деді», – деп ескертті. Келесі бір аятта «Құлдарым сенен Мен жайлы сұраса, Мен оларға өте жақынмын. Қашан Менен дұға тілесе, жауап беремін. Олай болса Менен дұға тілесін және Маған иман келтірсін, сонда тура жол табады»,- деді «Бақара» сүресі, 186-аят. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде «Дұға – құлшылықтың негізі» деген. Ал, Алла тағала. «Құлшылық қылмасаңдар Алланың құзырында қандай қадірлерің болады («Фурқан» сүресі, 77-аят)»,- деп, адамдарды Өзіне ғибадат жасап, дұға тілеуге шақырады.

Дұға – мүміндердің қаруы, яғни, жақсы амалдар жасап, арам нәрселерден аулақ болуға себепші. Алланы таныған пенделердің негізгі талабы. Ізгі пенделердің екі дүние бақытына жеткізетін құралы.

Ал енді дұғамыздың қабыл болуына себеп болатын дұғаның әдептеріне тоқталсақ:

  1. Еш серігі жоқ, жалғыз болған Алладан ғана сұрау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Абдулла ибн Аббасқа (р.а.) «Сұрасаң Алладан сұра, жәрдем тілесең, Алладан жәрдем тіле»,- деген.
  2. Дұға тілеместен бұрын Аллаға мадақ және Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айту. Фудаләһ ибн Ғабид (р.а.)-дан мынадай хадис риуаят етілді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мешітте отырған кезде бір кісі кіріп намаз оқыды да, «Раббым мені кешір! Маған рахым ет!»- деп дұға жасады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған «Сен асығыстық жасадың, алдымен мақтауға лайықты болған Аллаға мақтау айт, сосын маған салауат айт,содан кейін барып дұға тіле»,- деді. Сосын басқа бір кісі келіп намаз оқыды да, Аллаға мадақ, Алла Елшісіне (с.ғ.с) салауат айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Әй, намаз оқушы кісі, дұға ет, дұғаң қабыл болады»,- деді».
  3. Дұғасының алдында өзінің күнә-қателіктерін мойындап, Алладан кешірім тілеу. Осы себепті де Юнус (а.с.)-нің дұғасы ең ұлы дұғалардың бәрі болып табылады. Өйткені бұл дұғада Алланың Жалғыз екендігін, Оның кемшіліктен пәк екендігін, сондай-ақ, өзінің қателігін және өзіне зұлымдық жасағанын мойындау бар. Юнус (а.с.) дұғасын Алла Тағала:

فنادى في الظلمات أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ سُبْحَانَكَ إِنِّي كُنْتُ مِنَ الظَّالِمِينَ

«Сонда ол (Юнус а.с.) қараңғылықтар ішінде (балықтың қарнында): “Сенен басқа ешбір тәңір жоқ. Сен пәксің. Шын мәнінде мен қателесушілерден болдым” деп, жалбарынды», – деп келтірді. («Әнбиә» сүресі 87-88 аяттар).

  1. Шынайы ықыласпен, жалбарынып, үміт пен қорқыныш арасында сұрау. Алла Тағала Пайғамбарлар (а.с.) жайлы былай деді: «Олар жасқсылыққа ұмтылатын және үміт пен үрейдің арасында маған дұға қылатын. Сондай-ақ өте кішіпейіл болатын (яғни, Аллаға құлшылық қылып, дұға тілеуде тәкаппарлық жасамайды)». («Әнбия» сүресі, 90-аят).
  2. Дұға қылғанда, Алладан қажетітілігін сұрағанда нақты айту. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «»Йа, Алла Тағала қаласаң мені кешір, қаласаң маған рахым қыл«,- деуші болмаңдар, нақты сұраңдар, өйткені ешкім Оны мәжбүрлей алмайды»,- деп айтқан.
  3. Дұға тілеуде табандылық таныту. Өйткені бұл нәрсе адамның Алладан шынайы үміттенгендігіне дәлел болады. Мүміндердің анасы Айша (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла Тағала дұға тілегенде табандылық танытқандарды жақсы көреді», – дегенін жеткізді.
  4. Қиындықта да, кеңшілікте де, көңілді уақыттарда да, қайғылы кездерде де Алладан үнемі дұға тілеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім қиын жағдайларда Алла өзінің дұғасын қабыл етуді қаласа, кеңшілікте дұға етсін»,- деген.
  5. Өзіне, отбасына, дүние-мүлкіне қарсы дұға жасаудан, яғни, теріс бата беруден сақтану. Пайғамбарымыз бұл нәрседен қайтарып, «Өздеріңе, бала-шағаларыңа, дүние-мүлік, малдарыңа теріс дұға тілемеңдер, дұға қабыл етілетін сәтке сәкес келіп Алла Тағала дұғаларыңды қабыл қылуы мүмкін»,- деген.
  6. Дұғаны үш реттен қайталау. Абдулла ибн Масғұд (р.а.) былай жеткізді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазын оқып болған соң дауысын көтеріп құрайыштықтарға қарсы дұға жасады: «Йа, Алла құрайышты Өзіңе тапсырдым, құрайышты Өзіңе тапсырдым, құрайышты Өзіңе тапсырдым»,- деді. Расулулла (с.ғ.с.) дұға тілегенде бір дұғасын үш рет айтатын».
  7. Дұға жасағанда құбылаға қарау. Абдулла ибн Зәйд (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намаз оқитын алаңға шықты да Алладан жаңбыр тілеп дұға жасады, сосын құбылаға бағытталып қарады да, шапанын теріс айналдырып киді»,- деді.
  8. Қолдарын көтеріп дұға тілеу және дұға тілеп болған соң бетін сипау. «Расында Раббыларың ұлы ұят иесі және асқан жомарт, құлы қолын көтеріп дұға қылғанда оның көңілін қалдырып, қолын бас қайтаруға ұялады». (Хадис, Салман Фариси (р.а.) жеткізді).
  9. Дұға тілеуден бұрын садақа беру, міскіндерге жақсылық жасау, намаз оқу, ораза ұстау, Алланың көркем есім-сипаттарын айту, Құран оқу және т.б. сияқты дұғаның қабылдығына себепкер болатын ізгі амалдар жасау. Бұған үңгірдің ішінде қамалып қалған үш адамның оқиғасы дәлел болады. Сол кезде бұл үш адам бір Алланың разылығы үшін істеген ізгі амалдарының құрметіне деп Алладан дұға тілегенде, Алла Тағала олардың дұғасын қабыл етіп, үңгірдің аузындағы тас жылжып, үшеуі аман-есен құтылып шыққан.
  10. Дұға тілегенде дәретті халде болу. Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) «Хунәйн соғысы аяқталғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) су алдырды да, дәрет алды, сосын қолын көтеріп, «Йа, Раббым, Убайд ибн Амирді кешіре гөр!»,- деп дұға тіледі»,- деп жеткізді.
  11. Дұға жасағанда қысқа, алайда мазмұны кең сөздерді таңдау. Көп сөзділіктен, қажеттілік болмаған артық сөздерден сақтану. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл нәрсені жақсы көрмейтін еді.
  12. Бәсең дауыспен дұға тілеу. Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) былай деді: «Бір күні Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге сапарда келе жатыр едік. Адамдар жоғары көтеріліп, төмен түскен кезде тәһлил (Лә иләһә иллаллаһ), тәкбир (Аллаһу әкбәр) айтып еді, дауыстары жоғары көтеріліп кетті. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер ғайб, естімейтін саңырауға дұға етіп жатқан жоқсыңдар. Алла Тағала сендерге өте жақын, қайда болсаңдар да естіп, көріп, біліп тұр»,- деді.
  13. Ішіп-жем және киімнің адалдығына мән беру. Сағд ибн Әбу Уәққас (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Йа, Алланың елшісі, Аллаға мені дұғасы қабыл болатын адамдардың қатарынан қылсын деп дұға етіңізші», – дегенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Әй, Сағд, тағамың адал болсын, сонда дұғаң қабыл болады«, – деп жауап берген.
  14. Дұғам қашан қабыл болады деп асығыстық танытудан сақтану. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «»Дұға жасадым, бірақ дұғам әлі қабыл болмады», – деп асығыстық танытпайынша Алла Тағала дұғаларыңды қабыл етеді», – деген.
  15. Алла Тағала дұғамды жауапсыз қалдырмайды деген жақсы ойда болу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде «Дұғаларыңның қабыл болатындығына айқын сене отырып дұға қылыңдар», – деп айтқан.
  16. Жүрекпен сезіне отырып дұға жасау, немқұрайлылықтан сақтану. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Біліңдер! Алла Тағала немқұрайлы жүректен шыққан дұғаны қабыл етпейді», – деп ескертті.
  17. Дұғамызды Алланы ұлықтап, Аллаға мадақ айтып, Алланы кемшіліктен пәктеп және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып аяқтау.

Құранның «Ғафыр» сүресіндегі «Маған дұға етіңдер (тілектеріңе) жауап беремін» деген 60-аят жайлы адамдар: «Біз дұға етеміз, алайда дұғамыз қабыл болмай жатыр» дегенде Ибраһим ибн Әдһам былай депті: «Алланы біліп, оның бұйырғанын өтемеген, Алланың кітабын оқып оған амал етпеген, Алланың несібесін жеп отырып, Оған шүкіршілік етпеген, Ібілісті дұшпан тұттық деп қойып, іс жүзінде онымен сыбайлас болған, Пайғамбарды жақсы көремін дегенмен, оның сүннетін орындамаған, жаннатты біле тұрып оған кіруге құлшынбаған, тозақты біле тұрып, күнәдан тыйылмаған, өлімді біле тұрып, оған дайындалмаған, мәйітті жерге көміп, алайда одан ғибрат алмаған, басқаның кемшілігін түзеп, өзінің мініне мән бермеген адамның дұғасы қабыл болуы қиын» депті.

Біз Аллаға шынайы ықыласымызбен дұға жасаумен еш нәрсе жоғалтпаймыз. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қандай да бір  мұсылман пенде ішінде күнә немесе туыстық қатынасты үзу болмаған бір дұға жасайтын болса Алла Тағала оған үш нәрсенің бірін береді: Бірінші, дұғасын қабыл етіп, сұрағанын береді. Екінші, дұға жасағаны үшін ақыретте сауап дайындап қояды. Үшінші, соған ұқсас бір жамандықтың бетін қайтарады», – деген.

Сондай-ақ, бір ескеретін нәрсе дұға қабыл болатын уақыттар болады, соларға мән беруіміз тиіс. Ол уақыттар: «Түннің соңғы үштен бір бөлігі, азан мен қаматтың арасы, бес уақыт намазддардың соңы, жұма күні, қасиетті түндер және т.б.».

Міне, осындай дұғаның әдептерін сақтай отырып, Алладан жалбарынып қажетімізді сұрайтын болсақ дұғамыз жауапсыз қалмайды. Сол үшін не тілесек те Алладан тілеп, әрдайым өзімізге, ата-ана, туған-туыстарымызға, отандастарымыз бен барша адам баласына екі дүние бақытын сұраудан жалықпайық. Алла баршамыздың ізгі дұғаларымызды қабыл етсін.

 

Return to Top ▲Return to Top ▲