«Егер бір адамның қыздары болып, олардың қиыншылықтарына шыдап, жақсылап өсірсе және теңіне қосса, бұл қыздары ол үшін тозаққа перде болады» (Табарани риуаят еткен). «Қызылжар» орталық мешітінің «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен мешіт асханасында өткізілген «Бүгінгі қыз бала – болашақ ана» атты іс-шара осы хадиспен ашылды. Аталмыш шараға университет, колледж шәкірттері, мектеп ұстаздары арнайы шақырылды. Ол «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Мұхаммад Файзиевтің Құран оқуымен басталды.
Діни-рухани кеш барысында «Дәстүр мен діннің тірегі – орамал», «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген тақырыптарда сахналық қойылымдар көрсетілді. Шынайы көріністер жиналғандарға ой салды. Діни шаралардың ажарын аша түсетін викторинаға бұл күні де орын берілді. Ол діни сауаты мол адамдардың көп екендігін көрсеткендей болды.
Дін мен дәстүрді ұштастыратын кеш соңында оны ұйымдастырушылар Алланың 99 есімін айтты.
Шара соңында жиналғандарға дастархан жайылды.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі