Бидғат сөзінің мағынасы

         Қоғамда мұсылмандар арасында ірткі салушы кейбір топтардың  қолданып жүрген тәсілдері – дін қызметкерлерін бидғатшылар деп айыптаулары. Имамдар, оларға ергендер олардың ойынша  дінде ешбір негіздерге сүйенбей жаңалық ашуда және тура жолдан адасуда. Мешітке келген адамдарға имамдарды жеккөрінішті етіп көрсету үшін осындай кертартпа негізсіз пікірлерді алға тартуда. Осындай әрекеттерімен олар мұсылман қоғамына сызат түсіріп, алауыздық отын тұтатуда. Еліміздің бірлігіне, ынтымағына кері әсерін тигізетін мұндай жағымсыз әрекеттерге қарсы тұру үшін ең алдымен өзіміздің діни ілімімізді арттыруымыз аса қажет.  

         Бидғат сөзінің араб тіліндегі тілдік мағынасына келер болсақ – (بدع)  бадаъа, яғни бұрын болмаған затты ойлап табу, (بدعة)  бидғат, жаңалық, жаңа ойлап табылған нәрсе. Құран Кәрімде:

بَدِيعُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ

           Ол, көктер мен жерді жоқтан бар етуші[1], яғни, оған шейін көк пен жерге ұқсаған нәрсе болған емес, Аллаһтың қалуымен жоқ нәрсе бар болды, яғни көк пен жер жаратылды.

Бидғат –Ислам дінінің кез келген бір құндылығын алып тастау немесе дінге жат нәрселерді енгізу, сол секілді дінде құпталған  заттарды оған киліктіру. Бұл анықтамадан бидғаттың тек қана Исламға бір жаңалық енгізу емес, сондай-ақ оның құрамынан бір нәрсені алып тастау екенін ұқтық. Демек Исламға, оның негіздеріне кереғар жаңалықтар енгізу бидғат болғаны сияқты, оның ішінен бір нәрсені алып тастау да бидғат, әрі бұлай ету үлкен күнә болып табылады, тіпті кейде діннен шығуға алып барады.

Ислам ғұламалары бидғат сөзіне көптеген анықтамалар берген солардың кейбіруіне тоқталсақ:

1-    Абу Хамид әл-Ғазали: «Барлық бидғат шариғатта тыйым салынбаған. Тыйым салынған бидғат бекітілген сүннетке,  шариғаттағы бір үкімге қайшы келу».[2]

2-    Ибн Раджаб әл-Ханбали:  Бидғат дегеніміз дінде негізі жоқ нәрсеге айтады, егер дінде негізі болса ол бидғат шеңберіне кірмейді».[3]

3-    Ибн әл-Асир: Бидғат екіге бөлінеді: тура бидғат және адасқан бидғат. Пайғамбарымыз (с.а.у) әмір еткен нәрсеге қарсы келсе, ол харам шеңберіне кіреді, жақсы амалдар қатарына кірсе, ол мадақталған амалдар қатарына кіреді.[4]

4-    Тафтазани:  Сахабалардың кезінде болмаған барлық нәрсені харамға шығару егер оның харамдығына нақты дәлел болмаса ол дінді дұрыс түсінбегендік.[5]

5-    Ибн Таймия: Мұсылмандарда қайырлы мақсатта, қажеттелікте пайда болған нәрсе болса рұқсат етіледі.[6]

Бидғат турасында келген Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистеріне тоқталсақ:

أحسَنَ الحَديثِ كتابُ الله تعالى وأَحسَنَ الهَدْيِ هَديُ محَمّدٍ صلى الله عليه وسلّم وشَرَّ الأمورِ مُحدَثاتُها وكلّ مُحدثةٍ بِدعةٍ وكلّ بِدعة ضَلالَة«،

         Ең жақсы сөз ол Аллах Тағаланың кітабы, ең жақсы жол ол Мухаммадтың (с.а.у) жолы, ең жаман нәрсе жаңалықтар (жаңадан ойлап табылған нәрселер), барлық жаңалықтыр бидғат, барлық бидғат тозақ. [7]

Басқа бір хадисте:

مَنْ أَحْدَثَ فِي أَمْرِنا هَذَا مَا لَيْسَ مِنْهُ فَهُوَ رَدّ

      Біздің бұл дінімізге жаңа нәрсе енгізілсе ол қабылданбайды.[8]

Жоғарыдағы хадистердегі бидғат сөзінің мағнасын толық түсіну үшін,  хадис ғылымындағы атақты ғұламалардың сөзін аламыз:

1- Ал-Хафиз Ибн Хажар ал- Ғасқалани  «Фатхул Бари ала сахих ал-Бухари» кітабында: «Исламдағы жаман болған бидғат ол шариғатта негізі жоқ нәрсе, ал егер шариғатта негізі болса ол рұқсат етілген нәрселерден болып саналады» деген.

2- Имам Науауи «Тахзибул Асма уа Луғат» кітабында: «Бидғат -Пайғамбарымыз (с.а.у) ның уақытында болмаған нәрсе ол екіге бөлінеді: жақсы және жаман» деген.

Бұл екі ұлы ғалымдардың анықтамаларынан түсінеріміз: Бидғат ол Пайғамбарымыздың (с.а.у) кезінде болмаған жайт, егер Құран мен хадисте оны дәлелдейтін негіз болмаса қабылданбайды, және ол жақсы жаман болып екіге бөлінеді. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.у)  Мүслімде келген басқа бір хадисі дәлел болмақ:

مَنْ سَنَّ فِي الإسْلامِ سُنَّة حَسَنَة فَلَهُ أجْرُها وأجْرُ مَنْ عَمِلَ بِها بَعْدَهُ؛ مِنْ غَيْرِ أنْ يَنْقُصَ مِنْ أجُورِهِمْ شَيءٌ, ومَنْ سَنَّ فِي الإسْلامِ سُنّة سَيئة كانَ عَلَيْه ِ وزْرُها ووزر مَنْ عَمِلَ بِها مِنْ بَعْدِهِ, مِنْ غَيْرِ أنْ يَنْقُصَ مِنْ أوْزارِهِمْ شَيءٌ

Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет бастаса, сол өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді, сол секілді кім Исламда жаман әдет бастаса, сол өзінің амалы үшін жаза тартады және соны істейтіндердің де жазасы еш кеміместен сондай болады[9].

Бұл хадистерден алар тұжырым – діндегі барлық жаңалық ол бидғат болып саналады, алайда ол шариғатқа қайшы келмесе харам шеңберіне кірмейді. Керісінше хадисте келгендей «Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет бастаса, сол өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді» деген Пайғамбарымыздың (с.а.у) сөзі дінде кімде-кім жақсы нәрсеге бастаса ол үшін сауап алатынын меңзеп тұр.

            Ибн Шиһабтан, ол Уруа ибн әз-Зубәйрден, ал ол Абдур-рахман ибн Абдилқаридің былай дегенін риуаят етеді: «Мен Рамазанның бір кешінде Омар ибн әл-Хаттабпен бірге мешітке баруға шықтым. Қарасақ, адамдар бөлініп алған. Бір кісі жеке намаз оқыса, енді бірі көпшілікпен намаз оқуда. Омар (р.а.): «Мен, осыларды бір имамның артына жинасам, өте дұрыс болар еді деп ойлаймын» – деді. Сосын нақты шешім қабылдап, оларды Убай ибн Кағбтың артына (оған ұюлары үшін) жинап берді. Осыдан кейін онымен бірге басқа бір түнде шықтым. Адамдар өз қариларына (имамдарына) ұйып намаз оқып жатты. (Бұны көрген) Омар (р.а.): «Бұл қандай жақсы бидғат?!..» – деді» (Бұхари). Сахаба Омардың (р.а.) «Бұл қандай жақсы бидғат?!» – деуі бидғаттың жақсы-жаманға бөлінетіндігінің дәлелі болып табылады. Пайғамбарымыз (с.а.у) кезінде болмаса да халифа Омардың бұл әрекетіне сол кездегі сахабалардың ешбіреуі қарсы келмеген. Сол секілді Пайғамбарымыздың (с.а.у) мәуліт мерекесін атап өту,  қазіргі кезде дінді дұрыс түсінбейтін кейбір дін бұзушы топтар  харамға шығарып жүргендер бар. Бұл мәселені айшықтау үшін мына бір хадиске тоқталсақ:
عن أبي قَتَادَةَ الْأَنْصَارِيِّ رضي الله عنه أَنَّ رَسُولَ الله صلى الله عليه وسلم سُئِلَ…عن صَوْمِ يَوْمِ الإثنين قال ذَاكَ يَوْمٌ وُلِدْتُ فيه وَيَوْمٌ بُعِثْتُ أو أُنْزِلَ عَلَيَّ فيه

Сахих Муслимде Әбу Қатададан мынандай хадис риуаят етілді. Ол былай деді: Пайғамбарымыздан (с.а.у.) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті»-деп жауап берді.[10]

«Сахихул-Бухар»  хадис кітаптарында Әбу Ләһабтың әр дүйсенбі күні тозақтағы азабының, аз да болса жеңілдейтіндігі жөнінде айтылған. Себебі, Әбу Ләһаб Пайғамбарымыз дүниеге келгенін естіген кезде қуаныштан Суәйба атты күңін азат еткен. Ал енді өмірден кәпір болып өткен әрі Құранда қарғыс алған Әбу Ләһабтың Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келгенін естіп, бір рет қуанғаны үшін тозақта, аз да болса, азабы жеңілдейтін болса, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) дүниеге келгені үшін өмір бойы көкірегін қуаныш билеп, Раббысына сол үшін шексіз шүкір еткен мұсылман баласының ақыретте Ұлы Жаратушысынан алар сауабын пайымдау қиын болмаса керек-ті.[11]

Осы тұрғыда кейбір ғалымдар[12] бидғатты  уәжіп бидғат (міндетті болған), мысалы, Құранды бір кітапқа жинау, Құран аяттарының харакеттерін қою, мустахаб бидғат (шариғатта мақтаулы құптаған), мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.у) мәуліт мерекесін атап өту, мубах бидғат (рұқсат етілген) намаздан соң қол алысып амандасу, сол секілді, макрух бидғат және харам бидғат болып бөлінеді. Жоғарыда келген хадистегі харам сипаттағы бидғат ол дін негіздерінде ақидада жаңалық кіргізу болып табылады. Оған мысалы Аллаһтың қолы, көзі, аяғы, беті бар деп пайымдаулары. Аллаһты аспанда таққа орнықты деген кертартпа ойлары арқылы дінге үлкен қауіпті жаңалықтар еңгізуде, өйткені сәләф ғалымдар Аллаһтың сипаттарына қатысты аяттарды ешуақытта тікелей түсінбеген, басқа тілге тікелей аударуға жол бермеген. Тіпті бұған Құран кәрімде де тыйым салынған:

هُوَ الَّذِي أَنزَلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ آيَاتٌ مُّحْكَمَاتٌ هُنَّ أُمُّ الْكِتَابِ وَأُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ ۖ فَأَمَّا الَّذِينَ فِي قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاءَ الْفِتْنَةِ وَابْتِغَاءَ تَأْوِيلِهِ ۗ وَمَا يَعْلَمُ تَأْوِيلَهُ إِلَّا اللَّهُ ۗ وَالرَّاسِخُونَ فِي الْعِلْمِ يَقُولُونَ آمَنَّا بِهِ كُلٌّ مِّنْ عِندِ رَبِّنَا ۗ وَمَا يَذَّكَّرُ إِلَّا أُولُو الْأَلْبَابِ

Ол Алла, саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар Кітаптың негізгі ірге тасы. Екінші ұқсас ұғымда аяттар бар. Ал жүректеріңде қыңырлық болғандар, бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ ғылымында озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан» дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді.[13]

Сол секілді діндегі харам болған жек көрінішті бидғаттар қатарына мұсылман үмметінің ішінен өз алдына топтар құру және қалған мұсылмандарды адастыға шығару. Оларға мысалы: Ахмадия, Қадияния, Такфиршілер, Уахабшылар, Хизбут тахрир ағымдары. Аталмыш ағымдардың ислам дініне тигізген зиянын саралай келе, нағыз діндегі харам болған бидғатты осы деп айтуға тура негіз бар. Аллаһ тағала оларды былай сипаттаған:

أَفِي قُلُوبِهِم مَّرَضٌ أَمِ ارْتَابُوا أَمْ يَخَافُونَ أَن يَحِيفَ اللَّهُ عَلَيْهِمْ وَرَسُولُهُ ۚ بَلْ أُولَـٰئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ

(Олардың жүректерінде дерті бар ма? Немесе күдіктенуде ме? Не өздеріне Алла, Пайғамбары әділетсіздік істейді деп, қорқа ма? Олай емес. Олардың өздері залым.)[14]

         Ислам бізден мемлекет ішінен мемлекет құруға немесе түрлі ағымға бөлініп,  діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруға емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Аллаһ біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисімен түйіндесек:

اَلْمُؤمِنُ لِلْمُؤمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا

«Мұсылмандар қабырғалары бір-бірін мықтап ұстап тұрған ғимарат тәрізді».

Басқа бір хадисте:

من أرادَ بُحْبُوْحَةَ الجنّةِ فَلْيَلْزمِ الجماعة»

«Кімде-кім жәннаттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін».[15]

         Яғни мұсылмандардың бір мәміледе болуы – ол дініміздің бекіткен бұлжымас қағидасы, ел іргесінің бекем болуының алғышарты. Сол себепті кез келген кертартпа ойлар жетегіне ермей, Исламның қайнар бұлағынан ілім алайық.

Әділбеков Хамзат

«Қызылжар» орталық

 мешітінің   ұстазы


[1] Бақара сүресі, 117-аят

[2] Абу Хамид әл-Ғазалидің «Ихиа улумуддин» кітабының 2-томы, 428-беті

[3] Ибн Раджаб әл-Ханбалидің «Джамиғ улум уәл хикам» кітабынан

[4] Ибн әл-Асирдің «Нихая» кітабының 1-томы, 80-бет хиджра бойынша 1328-жылғы баспа

[5] Тафтазанидің «Шархул мақасид» 5-том, 232-бет

[6] Ибн Таймияның «Иқтисад ассирал мустаким» 258-бет. Дәрул Хадис

[7] Сахих Муслим хадистер жинағы №867

[8] Сахих Бухари хадистер жинағы №1718

[9] Сахих Муслим хадистер жинағы №1017

[10] Сахих Муслим, 2-том, 819-бет, «Дәру Ихиа’ит-турасил-араби баспасы»,

[11] muslim.kz/kk/question/26-maulit-bidgat-pa.html сайтында Қайрат Жолдыбайдың мақаласында кеңірек айтылған.

[12] Юсуф Қардауи «Сунна уал Бидға» 24-бет. Мактабатул Уахба баспасы.

[13] Әли Имран сүресі, 7-аят

[14] Нур сүресі, 50-аят

[15] Тирмизи, Фитән. 7.

Return to Top ▲Return to Top ▲