БАС МҮФТИ АҚСАҚАЛДАР ФОРУМЫНДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қариялар – ел қазынасы» І республикалық ақсақалдар форумында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.

ҚМДБ Төрағасы қариялардың қазақ қоғамындағы орны маңызды екенін атап өтіп, адасқанды жөнге салатын ақсақалдар институтының қажеттігін тілге тиек етті.

«Кешегі қаңтар қасіреті кезінде елге тоқтау айтып, жалаң ұранмен көшеге шыққан жастарды жөнге шақыратын үлкеннің пәтуалы сөзі қоғам үшін ауадай қажет болғаны айқын сезілді.

Мен жыл басында еліміздегі барша дін қызметкерлеріне бағдарлық баяндамамды жолдадым. Бағдарлық баяндамамда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ақсақалдар кеңесін құру туралы бастама көтердім.

Аллаға шүкір, игі бастаманың аясында Діни басқарма жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылды. Жуырда осы кеңестің алғашқы басқосуын өткіздік. Кеңеске мүше болған мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ардагер имам-ұстаздар парасатты пікірлерін ортаға салып, ортақ келісімге келдік» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Return to Top ▲Return to Top ▲