Биылғы отыз күн – ораза қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі үндеу жариялап, қасиетті айда азық-түлік пен қоғамдық қызмет бағасын кемі 10 пайызға арзандатуға шақырғаны мәлім.
Мұндай сауапты істен батысқазақстандықтар шет қалмауда. Мысалы, Орал мен Ақсай қалаларына жолаушы тасумен айналысатын «Батыс Дилижанс» ЖШС-ның басшылығы жолақыны 600 теңгеден 500-ге түсірді. Бұл – 10 пайыздан аса көрсеткіш. Қос қаланың арасына 15 кісілік 20 «ГАЗель» автокөлігімен күніне 300 кісі қатынайды.
– Жасыратыны жоқ, жолақыны 100 теңге арзандатқаннан біз едәуір ұтыламыз. Бірақ соған қарамастан, біз бас мүфтидің «Жарылқаушы айда жеңілдік жасайық» деген бастамасына нақты іспен жауап бергенді жөн санадық, – дейді «Батыс Дилижанс» ЖШС-ның қызметкері Равиль Шамсутдинов.
Бір қуанарлығы, үшбу жеңілдік біздің өлкеге қатысты жалғыз-жарым мысал емес. Батыс Қазақстан облыстық мешітінің баспасөз хатшысы Нұрлан Қабыкештің мәліметіне қарағанда, «Ғибадат», «БатысТрансСтрой», «Экипаж-Батыс» және «Каризма» ЖШС-лары да өз қызметтерінің бағасын 10 пайызға шегерген. Сондай-ақ Орал қаласының түбіндегі Селекционный кентіндегі «Трио» дүкені де өз тауарларын әдеттегіден 10% төмен қақпен ұсынуда. Сонымен қатар облыстың шалғай аудандарының бірі – Жаңақала ауданындағы қос кәсіпкер Қабдығали Текебаев пен Сансызбай Мырзашев та өздері сататын азық-түлік тауарларын 10 пайызға арзандатты.
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ
Батыс Қазақстан облысы
www.aikyn.kz